Атыраудың Қызылқоға ауданы, Тайсойған ауылының тумасымын. Оқу іздеп Алматыға кетіп, соңынан Атырау қаласының іргесіндегі Томарлы ауылына табан тіредім. Мұны жазуымның екі себебі болды. Көпшілік «Томарлы» елді мекенінің атауын ағаштың томарымен шатастырады. Содан бірқатар материалдарымды жиыстырып, саралай қарастырып, осы шағын зерттеуімді жариялауды жөн көрдім. Қазақ тарихы дегенде, осындай өлке тарихынан жинақталады. Әлі де мұнда кірмеген біраз материалдар бар. Бұйырса, эссе, мақала, әңгіме түрінде бастыра жатармыз. Бұл жерге де бауыр басып қалдық, бір перзенттік парызымыз өтеле берсін деген оймен ұсындық.
Көпшілік бұл атауды кесілген ағаш, теректің түбірімен, яғни «ағаштың томары» деп түсінеді. Бірнеше қарттардан сұрағанымызда жауаптары солай болды. Шындығында, сөздің бірінші мағынасы – кесілген ағаштың кепкен түбірі. Тағы бір атауы «Отқа жағу үшін жарылған бөрененің кесіндісі». Солай кете береді. Тек екінші мағынасында ғана «Түп-түп боп, үсті-үстіне шөп өскен шалшықты, қопалы жер екендігін білеміз. Оның мысалдары: «Таласа біткен, жыныстай қайың мен қарағайлы ағаштың алаңқысында, қыстаудан шақырым жарымдай жерде, ортасында жалтыраған суы бар т о м а р д ы ң жағасында, қоңырлау бес қанат үй тігулі тұр». (С.Көбеев, Қалың мал) деп нақты мағынасына жақындаған. Үшінші, жергілікті мағынасында «Өркеш-өркеш, ойдым-ойдым жер» делінген. Қазақ тілінің аймақтық сөздігіндегі мысалында «Мына жер т о м а р л ы жер екен, ат жарысына қолайлы бола қоймайды» деген.
Томардың тағы бір мағынасы жергілікті қолданыстағы «Ыза, кішкене тайыз көлшіктер» екені белгілі болды. бұл мағынасы да айтқанымызды қуаттайды, яғни, өзен, көл маңайындағы құнарлы жерлер екендігін білдіреді. Оның мысалы, «Бақтыбай көші күн қайта маңында шоқ ағашы көп, суы мол томарға кеп аялдады». (С.Жүнісов, Ақан сері). Ауыл сыртындағы бір қойтасқа шыға келсем, сондай көз ұшында дөңгелек тоғай көрінеді, бұл жақта тоғай маңы көлсіз, томарсыз болмайды, ендеше құстар да сонда (Ж.Саин, Жол үсті.).
Ғылыми ортада ең бір беделді деген Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефронның «Энциклопедиялық сөздігінде» «Томар – ұшы жоқ, доғал жебе» деген де қойған. Ал, «Томарлы» сөзі қазақ тіл білімінің заңына сәйкес, есім сөздерден сын есім тудыратын өнімді жұрнақтар қатарына жататын (-ды, -ді, -лы, -лі, -ты, -ті) жұрнақтарының – лы жұрнағы жалғануы арқылы жасалып, томарлы = томар+лы; томары көп, яғни, бірнеше томарлары бар жер деген ұғымды білдіреді. Көпшілікке түсінікті, қарапайым тілде айтсақ, басқа да жер атауларының арасында Қараған+ды, Терек+ті, Мия+лы, Балта+лы, Жалау+лы, Жиде+лі, Шие+лі т.б. жүздеген атаулар осындай сөзтудырушы жұрнақтар жалғану жолымен жасалған.
Елді мекендердің жиынтық атауы ғылыми терминмен ойконимия деп, жеке атау болса ойконим деп аталады. Елді мекен атаулары ішінара: қала аттары (астионим), ауыл, село аттары (комоним), қала ішіндегі нысандар (урбаноним) болып бөлінеді. «Томарлы» сөзінің төркініне бойлағанымызда, тарих қойнауында тұнып қалып, тарих мұрағаты арқылы жеткен топонимдермен таныса отырып, өлкеміздің бір-екі ғасырлық тарихынан қаншама танымдық мағлұмат алуға болатынын байқадық. Енді соларды өрбітсек: Томар – көне түркі сөзі. Түбірі том; одан том+ар, том+па+қ, том+пи т. б. сөздер жасалған.
Біз, шағын зерттеуімізде әуелі қазақтың төл классиктерінің еңбектеріне жүгіндік. Қазақ әдебиетінің алыптарының бірі – Б. Майлин «Т о м а р д ы ң ортасы құрақты көл, біздің ауыл ылғи күншығыс жағында отырады» (Б.Майлин, Шығ.) деген. Бұл сөйлем: «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі» «Түп-түп боп, үсті-үстіне шөп өскен шалшықты, қопалы (қалың нулы, отты жер. Ғ.С.) жер» деген түсініктемеге мысал. Алғашқы ұлт жазушысының бірі, тұңғыш қазақ педагогтарының бірі С.Көбеевтің «Таласа біткен, жыныстай қайың мен қарағайлы ағаштың алаңқысында, қыстаудан шақырым жарымдай жерде, ортасында жалтыраған суы бар т о м а р д ы ң жағасында қоңырлау бес қанат үй тігулі тұр» деген сөйлемін алдық. (С.Көбеев, «Қалың мал» романы). Келтірілген мысалдарда «Түп-түп боп, үсті-үстіне шөп өскен шалшықты, қопалы жер» деген мағынаны білдіріп тұр. Бұл мысал да аталған түсініктемеге жауап береді. Енді кейінгі бір классигіміз, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері С.Жүнісов «Бақтыбай көші күн қайта маңында шоқ ағашы көп, суы мол т о м а р ғ а кеп аялдады» деген. Тағы да сол жазушы «…Бұл араға әлі ешкім шықпапты, кімнің жайлауы екені де белгісіз. Шөбі шүйгінді, суы тұщы жайқалған т о м а р ғ а түнеуді ойлап, жалшыларына бай бұйрық берді». (С.Жүнісов, «Ақан сері»). Қазақтың тағы бір көрнекті ақыны Ж.Саиннан «Ауыл сыртындағы бір қойтасқа шыға келсем, сонадай көз ұшында дөңгелек тоғай көрінеді, бұл жақта тоғай маңы көлсіз, т о м а р с ы з болмайды, ендеше құстар да сонда» (Ж.Саин, Жол үстінде.) деген сөйлем алдық. Көрнекті ақынның бұл үзінді мысалы да тоғайлы, көлді, шүйгінді жердің атауы «Томар» болатынын, ондай жерлер тек малға ғана емес, аң-құстарының молдығымен адам тірлігіне де ерекше қолайлы екендігін көрсетеді. Бұл келтірілген сөйлемдер де сондай, «ыза сулы, кішкене тайыз көлшіктер» деген ұғымды білдіретін мағынаға ие. Демек, бұл анықтамаларды мағыналық жағынан біріктірсек, «Тым терең емес, тайыз көлшіктер мен ыза суы бетіне шығып жататын кішкене тайыз сулы, шалшықты, соларда қопаланып өскен қалың шөпті, тоғайлы, аң-құсы мол жер» деген ұғым шығады.
Жалғастыра берсек, мұндай көрнекті ақын-жазушыларымыздың, әр саладағы ғалымдар мен нттеллектуалды тұлғалардың келтірген мысалдары көптеп кездеседі. Мысалға, «Томарлы» сөзінің сөйлемде жеке қолданылуының нұсқалары сөз зергері атанған академик жазушы Ғабеңнің: «Т о м а р л ы көлдің жағасына ұйлыға қонған ауыл көрінді (Ғ.Мүсірепов, Кездеспей кеткен бір бейне.); Көрнекті жазушы «Көктемдегі қар суынан жиналған көлшімектер мен т о м а р л ы, қамысақтылы қара сулардан үйректің жұмыртқасын іздейміз (С.Омаров, Дала қызы). «Т о ғ а й л ы — т о м а р л ы өңір, Қызылшаның жел соқпайтын түйетайлы беткейі – қысқы жайылымы (“Мәдениет және тұрмыс”). Жоғарыда айтылғандай, томарлы, шүйгінді алқаптағы әр жерде ойдым-ойдым болып қалған сулар да «томар су» аталған. Оны жырлаған зар заман ақыны Құлтума Сармұратұлы (1840-1915) «Бір ақынға» деген толғауында:
Аптығыңды баспасам жөн болмайды,
Тәңірі бақберген жан кем болмайды.
Томар су тасығанмен көл болмайды,
Шіркінде иманы жоқ өң болмайды» деп томарлы жердің томар суларының да өр суымен таситынын, бірақ үлкен көлге айналмай, жиналған жеріне жартылай сіңіп, жердің құнарлануына ықпал етіп, мүлдем жоғалып та кетпей, көлшіктерге айналып жататынын айтқан.
Ендігі жерде, мұндай сулы-нулы, шөбі қопалы, шүйгінді жердің аң-құссыз болмайтынын да ескере отырып, іздестіре жүріп, профессор Б. Қалиевтан мынадай дерекке кезіктік: Томартауық — томарлы, қопалы жерлерде тіршілік ететін тауық пішіндес ірірек құс деген анықтама беріпті. Қазақ сөзінің жинақтаушысы, Қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігінің редакциясын басқарған ғалым ағамыз оған мынадай мысал да келтіріпті. Ит мұрыны өтпейтін шілікте т о м а р т а у ы қ т а р ы, қамысшы, торғай тұқымдастардан сарышымшық, шырылдауық торғайлар тіршілік етеді (Қорғалжың, 23).
«Томар» атауы Қазақстанның Атырау облысынан басқа жерлерінде де кездесіп отырады. Томар – Абай облысы Ақсуат ауданындағы ауыл; Томар – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы ауыл; Томар — Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданының ауылы. Томар – Солтүстік Қазақстан облысы М. Жұмабаев ауданының Сарытомар ауылы: осылай жалғаса береді. Кейде жеке кісі есімдері жалғанып «Жаңабай томары», «Сұлтанның томары» т. с. атаулар да ұшырасып отырады.
Бір қызығы, «Томар» деген жер атауы Ресей жері мен сонау Еуропаға да таралған. Тек бір-екеуін ғана келтірдік, ол жерлерге де ата-бабамыз апарған сөздер болуы бек мүмкін; бұл – болашақ зерттеулерде айтылар. Бізге керектісі: ол жерлердің де атауы біздің «Томарлымен» аттас, мағыналас және жер бедері мен табиғаты да ұқсас, тіпті аумайтын, яғни «батпақты және шалғынды жерлерде тығыз шымды дақылды өсімдіктер мен қияқ шөптерден тұратын, жиі орналасқан ұсақ төмпешіктер» деген анықтамасы.
Сонымен, «Томар» есімді аймақтар шұрайлы, құнарлы, өзен-сулы мекен екендігі белгілі болды. Шетел баспасөздерінен сөзбе-сөз келтірсек, «Томар» расположен в самом плодородном регионе Португалии и одном из самых плодородных на всем Пиренейском полуострове: на лугах Рибатехо («у реки Тежу»). Міне, аралдағы ең бір құнарлы, Тежу өзенінің аңғарындағы Рибатехо атты көк майсалы, шалғынды даласында орналасқан» деген. Бұлардан біздің «Томарлымыздың» бір басымдылығы – біздің жеріміз көпшілік түрде, кең мағынасында «Б і р н е ш е т о м а р л ы (шұрайлы!) ж е р» деген мәнде ерекше аталып тұр! Мұның өзі шаруаға да тұрмысқа да қолайлы, қалың қопалы, отты, сулы-нулы, құнарлы топырақты, қонысқа қолайлы – құтты мекен екендігін білдіреді.
Осы жерде өз тарпымыздан қосар бір ойымыз, ол – томарлы жерлердің, негізінен, өзен, көл жағалауларында, сол маңдарда болатыны. Сондықтан да, біздің топшылауымызда, сол кездегі Үйшік (қазіргі Атырау) қаласынан алысырақта орналасқан, шартты түрде, Жайық өзенінің Махамбет ауданынан қарай созылған аумағын да қоса айтса керек. Себебі, мен пікірлескен адамдар біздің Томарлы ауылы тұрған жердің керемет шұрайлы, қалың қопалы (шөпті), табиғаты жайқалған жер болғанын айтады.
Сөз соңында айтарымыз: өзіміз ізденіп тапқан шағын мақалада келтірілген деректер – толық қамтылған тізім емес, себебі, «Томар» түбірінен басталатын сөздер және мал-жанға қолайлы, ұсақ төбешікті, өзен-көлді, сулы-нулы жер деген мағынасындағы жер атулары Қазақстанда, елімізден тыс жерлерде де жетіп-артылады. Ол жөнінде тұшымды деректерді керек қылғандар осы зерттеу мақаланың авторына жолығуларына болады.
Ата-бабаларымыз аманатқа қалдырған, малға да, жанға да қолайлы, осындай құнарлы да шұрайлы туған өлкемізді, туған ауылымызды, құт қонған – жер жаннатымыз – «Томарлымызды» көзіміздің қарашығындай аялай сақтап, көп болып көркейтейік!
Ғазиз САЙФУЛЛА,
Атырау қаласы, Томарлы ауылы