Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл

 

Ақан сері – сұлулықтың символы. Ол сарқылмайтын жыр-аңыз, ән-махаббат. Ақанға деген халық сүйіспеншілігінде шек жоқ. Ол хақындағы әр хиқая бір-бір аңыз, бір- бір дастан.

Көкшетау еліне келін алуға келген ақмолалық құда-күйеулер «Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан» деп шырқайтын Ғазиз әншіні алып келген екен. Сол үлкен тойға Көкшетау елі Ақанды алғызыпты.

Тойда Ғазиз «Құлагерді» күңіренте шырқайды. Әншінің дауысы әуеге өрлеп, көлді шайқап, тоғайды тербеткендей екен.

Әсіресе әннің:

Ай, Бөрібай!

Ай, Бөрібай!

Беу, Құлагерім-ай!

Қайран серігім-ай, – деген қайырмасы Ақанды толқытып, елжіретіп жібереді.

Сонда Ақан сері:

Басасыз шаттандырып «Құлагерді»,

Ашасыз айтқан сайын ішкі шерді.

Атақты Қараөткелдің өнерпазы-

Разымын көргеніме Ғазиз ерді.

Жігіттің дүри-гауһар түрі екенсіз,

Дүние жаннатының гүлі екенсіз.

Елдегі өнерпаздар екеу болса,

Дәл соның қатардағы бірі екенсіз.

Қайтейін «Құлагерім» қолдан кетті,

Дұшпанның қастығымен қаза жетті.

Асына Сағынайдың апарғанда.

Жүсібі Батыраштың қағып өтті, – деп жырлап қоя беріпті.

Ғазиз ақын:

– Құлагерден де жүйрік бір ат тауып берсем, қайғыңыз сейіле ме еді? – деп тіл қатады.

Серінің сондағы айтқаны:

Биеден енді тумас ондай құлын,

Табылмас жинасаң да дүние-пұлың.

Шерімді іште жатқан қозғаған соң,

Әншейін айтқаным ғой көңіл мұңын.

Ақан серінің серіктері

Арқаның ардагер ақыны, әрі әншісі Ақан сері қасында бір топ әнші, күйші, шешен жігіттері бар Атбасар базарына келе жатады. Ойын баққан өңшең от ауыз, орақ тілді, айтқыш жігіттер жол-жөнекей бір ауылға келіп, ат шалдыру үшін байдың отауына түсе қалады. Отауда байдың қызы мен келіні отыр екен. Екеуі де қонақ келді екен демей, мыңқиып отыра берген. Ақандар үйге сәлем бере кіріп төрге жайғасады. Тым-тырыс. Келіншек пен қызда үн де, қимыл да болмайды. Ерсіге ауысып бара жатқан үнсіздікті Ақан бұзып:

– Келіннің сараңдығы түрінде тұр, – дегенде, босағада отырған жас жігіт іліп әкетеді:

– Менің көңілім екеуінің бірінде тұр.

Ендігі кезекті төрде отырған, осы жігіттердің ішіндегі ең мосқалдауы алады:

– Ат соғып алыс жолдан шаршап келдім,

Есі-дертім шаңырақтағы сүрінде тұр.

Келіншек пен қыз бұл сөздерді елең де қылмайды. Сонда тағы бір жігіт:

– Әр нәрсенің өзінің жүйесі бар, – дегенде оның қасында отырған жігіт іліп әкетіп:

– Бұл қыздың бақырауық түйесі бар, – дейді. Сонда сөзге араласпай отырған тағы бір жігіт:

– Сен екеуің бұл қызға соқтықпаңдар,

Жаман-жақсы болса да иесі бар, – дейді.

Осы сәтте келіншек пен қыз орындарынан тұрады да үйден шыға жөнеледі.

Аттанғалы жатқан қонақтарға бай бір жігітін жіберіп, үлкен үйге шақырады. Дастарқанына құрт, ірімшік төгіп, сары май қойып, қонақтарға шай береді. Шай қайнатқан суы ылай екен. Осындай дастарқанның басында отырған Ақан алдына алғашқы шыны аяқ шай келгенде:

– Бұлтты түнде тумайтын ай антұрған,

Бірінші жігіт:

– Көктемде өткел бермейтін сай антұрған,

Екінші жігіт:

– Ірімшік пен сықпа құрт кімге дәрі,

– Қанты жоқ, кәмпиті жоқ шай антұрған.

Үшінші жігіт:

– Қылшық түскен мұрты бар бай антұрған.

Төртінші жігіт:

– Қонақасы бермейтін бай антұрған,

Бесінші жігіт:

– Мал кешкен томарлыдан алып келіп,

Ылай судан шай қойған қай антұрған? – депті. Сол кезде төрде отырған мосқал жігіт ең соңында сөз алып:

– Қой алыста, қонақтар келіп қалды,

Шаңырақтағы сүрін асар — даяр тұрған, – дейді.

Осы сөз сүйегінен өтіп кеткен сараң бай жылқыдан қысыр емген тай алдырып сойғызып, қонақтарға сый-сияпат жасауға мәжбүр болыпты.

Ұлыларды ұлықтап, мұраларын жинап, насихаттап жүрейік!                  

 

Гүлзайра САБИОВА, 

Әдебиет және өнер музейінің 

ғылыми қызметкері,

Ақмола облысы