Суреттерді түсірген Амангелді Мутигүллин

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Болашақ – аграрлық секторда, әсіресе, шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруда» деп атап көрсеткені белгілі. Бұның өзі сала еңбеккерлеріне, ауылдағы дихан мен малшыға да жаңа міндеттер жүктейтіні сөзсіз.

Аймақта еліміздің индустриалдық-инновациялық даму жоспарын жүзеге асыруға бағытталған бірқатар шаралар қолға алынуда. Өңірдің индустрияландыру картасына енген жобалардың бірі – көкөністі өңдеу және құтылау цехы.

Қазақстан мұнайының астанасына баланған Атырау қаласының 375 жылдық тойы қарсаңында тұсауы кесілген жаңа өндіріс орнының салыну жобасына Махамбет ауданындағы «Феникс» шаруа қожалығы мен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қатысып, біріккен кәсіпорын — «АтырауАгроФеникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Жобалау-сметалық құны 825 млн. теңге болатын аталмыш кәсіпорынның 51 пайыздық үлесі «Феникс» шаруа қожалығына, қалған 49 пайызы «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі болып белгіленген.

Суреттерді түсірген Амангелді Мутигүллин
Суреттерді түсірген Амангелді Мутигүллин

Кәсіпорын басшысы Е.Юнның айтуынша, жаңа цехта жылына 75 мың дана құтыдағы қияр, қызанақ және осы екеуінің өнімінен консервіленген көкөніс ассортиін дайындайды. Шыны банкілерге жабылған өнімдер тұтынушылардан оң бағасын алып та үлгерді. Сонымен қатар, көкөніс салатын дайындайтын цех жылына 370 тоннаға дейін он түрлі салат өнімдерін дайындауға мүмкіндік береді. Заманауи үлгідегі шетелден әкелінген жабдықтар мен құрылғыларда қырыққабат, қызынақ, қияр, сәбіз, қызылша, баклажан дақылдары тазартылып, аршылып, өңделіп, бір және екі келілік пластмассалық ыдыстарға жабылады. Әрқайсысына «Қазақстанда жасалған» деп белгісі соғылады. Тиісті стандартқа сай әзірленген құтыдағы өнімдердің бағасы да қымбат емес. Мәселен, салаттың кез келген түрінің бір келісі – 300, екі келісі 600 теңге шамасында. Қазір қаланың сауда орындары сөрелерінен осы цехтың өнімдерін көруге болады.

Бүгінде кәсіпорын цехтарында жиырмадан астам адам еңбек етеді. Олардың оны тұрақты жұмысын тапқандар.

Райгүл Ғұмарова – Орал өңірінің тумасы. Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің тамақ өнеркәсібінің технологі мамандығы бойынша мамандық алған Райгүл өңделіп, құтыға салынатын көкөніс өнімдерінің дайындалу технологиясын жіті қадағалайды. Ол цехтағы жұмысшыларға барлығын түсіндіріп, мігір таппайды.

— Дайын өнімдерімізді +2, +4 градус температурада жеті күнге дейін сақтауға болады. Адам ағзасы үшін дәрумені мол көкөніс салаттары сіздің дастархан мәзіріңіздің сәнін келтіріп, жақсы көңіл-күй сыйлайтындығына сенімдіміз, — дейді технолог. Айтпақшы, Райгүлдің жолдасы Мұратбек те осындағы есеп-қисап жұмыстарына жауап беретін белді маманның бірі екен.

Биыл шаруа қожалығының дихандары 230 гектар жерді жыртып, оны арготехникалық талаптарға сай күтіп-баптады. Егіншілер картопты – 40, жуаны – 80, сәбізді – 45, қырыққабатты – 10, қызылшаны – 10 және көкөніс пен бақша дақылдарын 35 гектар жерге екті. Сөйтіп, тамшылатып суару әдісімен егілген дақылдардан сапалы әрі экологиялық таза өнім жинауды қамтамасыз етті. Егіс танаптарынан алынған көкөніс өнімдері қазір серіктестік қоймаларда сақталуда.

— Біздің аталарымыз сонау 30-шы жылдары Сталиннің солақай саясатының ызғарымен Қиыр Шығыстан Орта Азияға жер аударылыпты. Олар Өзбекстанның Хорезм облысына келіп, тіршілік еткен. Әке-шешеміздің негізгі кәсібі егіншілік болғасын шығар, кейінгі ұрпақтары, біз де Жер-ананы баптап, күтуге машықтандық. Қазір сол жерден ырысымызды теріп, адал еңбегімізбен тер төгіп жүргенімізді мақтан етеміз. Менің Қазақстанға келгеніме он тоғыз жыл болды. Елдегі тыныштық пен тұрақтылық, ұлттар арасындағы достық пен тату-тәтті тірліктің арқасында кәсібімізді дөңгелентіп, шаруамызды шалқытып тұрмыз, — дейді серіктестік директоры Енисей Юн бізбен әңгімесінде.

Алматыдағы Ұлттық аграрлық университеттің агрономия фаукультетін бітірген кәріс жігіті әу баста Ресейдің Кострома жерінде өз отандастары ашқан фирмада еңбек етті. Сол жақта жүріп, орыстың Светлана атты бойжеткенімен танысып, шаңырақ құрады.

Жайық бойына келген олар өз бақыттарын тапты десе де болады. Жан жары Светлана Владимировна екеуі өмірге Владислав, Юрий, Денис атты үш ұл әкелді. Енисейдің інісі Вячеслав пен ұлы Владислав – қазір оның сенімді көмекшілері. Ұсақ-түйек шаруаларды соларға тапсырып, өзі күрделі істерді тындыруға кетеді. Кәріс, орыс, өзбек және қазақ тілдерін жақсы меңгерген кейіпкеріміз «Енді ағылшын тілін үйренуім керек» дейді, әзіл-шынын араластыра бізге жымиып.

Иә, елімізге келген алғашқы жылдары ұсақ-түйек саудамен айналысқан Енисей кейін Махамбет ауданының «Мойнақ» учаскесінен жер алып, егін шаруашылығымен шұғылдануды жөн деп тапты. «Феникс» шаруа қожалығы егіншілерінің өсірген көкөніс өнімдері – аудан мен қала тұрғындарының жоғары сұранысына ие. Өйткені, Енисейдің егін өнімдері сапалы әрі қолжетімді.

— Қазақстанда шағын және орта бизнеспен айналысуға ниетті адамдарға барлық мүмкіндік жасалып жатқанына қайран қаламын. Елбасының саясатын мақұлдай отырып, мемлекетіміздің кәсіпкерлерге көрсетіп жатқан қолдаулары мен қаржылай көмектеріне ризамыз. Біздің «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен жылдық алты пайыздық үстемемен индустрияландыру картасы негізінде қажетті қаражатқа қол жеткізуіміз, егін шаруашылығында тамшылатып суару әдісін пайдаланғанымыз үшін мемлекеттік субсидияның бөлінуі, «КазАгроФинанс» АҚ-ның берген лизингісі арқылы егін шаруашылығына қажетті заманауи техникаларды сатып алуымыз — Үкіметтің зор қамқорлығы емес пе? – дейді Енисей бізбен әңгімесінде.

Кәріс жігітінің өз қаражаты мен техникасын Махамбет ауданындағы егініне су жеткізу жұмысына салып, жеті шақырымдық каналды қазып, тіршілік нәрі — суды жеткізуі, оны ел кәдесіне жаратуы нағыз еңбекқор жігіттің қолынан келетін шаруа деп түсінген дұрыс. Қазір сол каналды көпшілік «Енисей каналы» деп атайды екен.

Осы орайда «Барлығы еңбекпенен жасалады. Бақыт басыңа еңбекпенен келеді. Өз еңбегімен тапқан бір түйір нан тәтті болады» деген Елбасының сөзі еріксіз ойға оралады. Шынында да, Енисей Юн да өз бақытын адал еңбегімен тауып жүрген жандардың бірі. 2013 жылы оған «Жыл кәсіпкері» атағының беріулуі, облыс әкімінің Алғыс хатымен әлденеше рет марапатталуы бұл айқандандарымыздың айқын дәлелі.

Ендеше, еңбегің еселенсін, Енисей!

 

Б.НАУРЫЗӘЛІ