«Қазақтың кім білмейді музыкасын,

Фараби тоғыз шекті домбырасын»

Мағжан ЖҰМАБАЕВ.

ІЗДЕНУ САПАРЛАРЫ

«Су түбінен асыл тас су толқыса шығады, ой түбінен асыл сөз ой толқыса шығады» дейді халықтың даналық мақалы. Сол шындық әл-Фарабидің ізіне түсуге себеп болды. Ел басына күн туған кезде өткен заманның ерлері еріксіз еске түседі екен.

Біздің ұлттық, халықтық бір мықты тірегіміз тіл мәселесі екені белгілі. Қазақтың тілін зерттеуші мамандар бар екені мәлім. Ал, біздің мақсат өз саламыздағы ғылымда тиісті сөздік жасау, оқу кітаптарын жасау болды. Жер ғылымдары жөнінде жүктелген міндетті атқардық та. Осы жолда жоғарыда аты аталған ірі ғалымдарға ұшырастық.

Жер бетін өлшеу, оның картасын жасау, кен қазу, металл қорыту – осылардың барлығына негіз салған тағы сол жоғарыда айтылған әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Беруни, тағы басқалары. Әр ғалымды жақсы түсіну үшін алдымен оның тарихын жете білуі керек.

Ол үшін алдымен өзімізден шыққан ірі ғалымдарды білу міндет.

Осы мақсатпен аталған ірі адамдардың мирастарын қарастырғанда бір көзге түскен нәрсе – әл-Фараби мұрасы біздің қолымызда атымен жоқ болып шықты.

Екінші ұстаз, Шығыстың Аристотелі атанған әл-Фарабиді туған елінің білмеуі қалай, зерттемеуі қалай? Расында біз кемғабыл болғанымыз ба? Осы ой, халық намысы маған маза бермеді… Осындайда менің жан дүниемде бір адам отырған сияқты… Ол маған:

– «Несіне босқа намыстанасың, несіне ашуланасың, несіне өткендерге, басқаларға кінә қоясың. Өзің отырсың емес пе? Сен бастамасаң сенен кейінгілер де сен сияқты өте береді.

Баста. Адамдық міндет сонда. Бірақ ойыңда болсын, әл-Фараби барлық өмірін шындық жолына, халықтың ісіне жұмсаған, ол әулие. Онымен айналысамын деген адам соның өзіне ұқсап бағу керек. Олай болмаған күнде ісінің ешбір қайыры болмайды.

Осыны қабылдай аласың ба?» — дейді.

– Аламын.

Әл-Фарабидің өмір жолын мен осылай зерттеуге кірістім.

«Ғылыми мирас қалдырмаған ғалым нажағай ойнатып күрілдеп жаумай өткен бұлтпен тең», — деген араб халқының мақалы бар. Жерге жаумай өткен бұлт болса оның жердегі ізі де жоқ қой.

Әл-Фараби ондай бос думанның адамы емес. Ол кісі ғылым мен өнердің барлық саласында өшпес із қалдырған. Әл-Фарабидің қайырлы жаңбырынан нәр алмаған бау-бақша жоқ. Қалың орман да, кең дала да, тау-тас та, аспандағы жұлдыз да, жердегі құндыз да нәр алған. Солардың бәрі әл-Фараби музыкасына қосылып ғаламның гармония мақамын жырлайды.

Қазақстан жерінен әл-Фарабидің ешбір ізін таба алмаған соң біз басқа қалалардан, одан кейін шет елдерден оның еңбектерін іздеуге кірістік.

Москва мен Ленинградтың кітапханаларының шығыс бөлімдерінен аздаған еңбектер табылды. Сонымен қатар, сол кітапхпанадағы библографияны пайдаландық. Әл-Фараби сияқты белгілі ірі ғалымдарға арналған библографиялық көрсеткіштер болды.

Әл-Фарабидің библиографиясының төрт түрін таптық, екеуі неміс тілінде, біреуі ағылшын тілінде, біреуі түрік тілінде. Соларды пайдалана отырып, бірнеше шет ел кітапханаларынан әл-Фараби еңбектеріннің көшірмесін алдық. Сонымен екі жыл ішінде біздің қолымызға әл-Фарабидің он шақты шығармасын және оның еңбегін зерттеген адамдардың дүниелері түсті. Енді соларды аудару қажет болды және онан әрі қарай іздену керек. Ол үшін академия тарапынан көмек керек. Осы жөнінде президент Қаныш Имантайұлының атына анықтама-өтініш жаздық. Оған мен және академия кітапханасының директоры Нұрхан Ахмедова екеуміз қол қойдық. Қаныш біздің арызымызға «Орындалсын» деп қол қойды. Академияда алғаш рет әл-Фараби есімі соғыс кезінде бір аталса, енді оның мирасы зерттелсін деген пікір айтылды. Осы жөнінде академияның «Хабаршы» журналында 1961 жылы мақала жарияланды.

Екінші қиындық, араб тілін білетін адамдардың жоқтығы көп кедергі жасады. Жас кезде ауылда арабша әріп үйреніп, Құранды оқи бастаған ғана сауат болған еді. Сонан кейін қырық жыл шамасы арабшадан қол үзіп қалдық. Енді жас елуге келгенде арабша тілді үйренуге кірістім.

Екі жылдың ішінде арабша тілді едәуір меңгеріп, сөздікпен қолдануға қол жетті. Сол арқылы керек мәселені аудара алатын болдым, аударғанды тексере алатын болдым. Аздап сөйлесуге жарап қалдық. Әрине, арабша еркін сөйлеп кету дәрежесіне жете алмадым.

Садуақас қажымен бірге ақылдаса отырып, арабшадан қазақшаға мақала аударуға қол жетті. Сонымен бірге, әл-Фараби мирасын зерттеуге есік ашылды деуге болады.

Мақалалар ішінен әл-Фарабидің: «Философияны үйрену үшін оның алдында не білу керек» деген мақаласын біз «Білім және еңбек» журналына жарияладық (№1, 1962). Мұның өзі әл-Фараби еңбегінің өзінің туған елінде – Қазақстанда қазақ тілінде ең алғаш рет жарық көруі еді.

Қазан қаласында атақты ғалым Шахабуддин Маржанидің мешіт-медресесі бар. Оның кітапханасында өз еңбектері сақталған. Маржани еңбегінде Шоқан Уәлихановпен таныс екенін жазды. Әл-Фараби еңбектерін зерттеген, оған басқалардың қойған кінәсін бекерге шығарған, қорғаған. Осы Маржанидің шәкіртінен Семейде Абай оқыса керек. Сонымен айналып келгенде Ахат ақсақалдың: «Абай мен Шәкәрім әл-Фарабиді оқыған, сонан тағылым алған» дегені түсінікті болды.

Әл-Фараби дүние жүзіне әйгілі философ екені мәлім. Ал, ол кісінің өзінің негізгі қағидасы және сол кездегі жалпы ереже бойынша философ деген атақ барлық ғылымдар негізін білген және соған үлес қосқан адам, соған сүйеніп философ болу үшін басқасынан бұрын тәрбиелік ғылымның төрт тарауын  бірдей жақсы білу керек. Ол төрт ғылым мынау: астрономия, арифметика, геометрия, музыка.

Бұл төртеуін әл-Фараби бірдей меңгергеніне дау жоқ. Бірақ солардың ішінен біздің қолымызда біреуі ғана бар еді. Ол музыка. Бұл кітаптың Лейденнен келген қолжазбасын қарағанда онда әл-Фарабидің математика (арифметика мен геометряны бірдей) толық қолданғаны көрініп тұр. Мысалы, ол музыкалық ноталар арасын арифметикамен есептейді де, олардың өрнегін геометриялық сызықтармен белгілейді.

Тәжікстанның Душанбе қаласында 1967 жылы әл-Фарабидің еңбектері жайлы  конференция өтті. Онда Абу Ли Ибн Синаға (Авиценнаға) арналған конференцияда мен «Әл-Фараби және Авиценна» деген баяндама жасадым. Бұл екеуін бірінен бірін айыруға болмайтынын түсіндірдік, бұл күнде араб ғылымдары «Екі Фараби» («Фарабиан») деп жүргізеді, оның біреуі әл-Фарабидің өзі, екіншісі Авиценне дегенді баяндадық. Бұл конференцияның мағынасы зор болды, өйткені Ибн Сина бүкіл шығыстану ғалымдарына әйгілі. Сол арқылы әл-Фарабиді тану болды.

 

Ұлы ұстаздың өмірбаяны

Әл-Фарабидің туған жылы 870 жыл, өлген жылы 950 жыл деген мәлімет ресми түрде халықтар арасында, баспа жүзінде тараған. Ұлы ғалымның туған жері Отырар (Фараб), өлген жері Дамаск (Сирия). Әл-Фараби қайтыс болғанда Әмір оны өз қолымен Баб ас-Сағир зиратына жерлеген 339 һижра жылы, режеб айында деген сол кездегі жазылған тарихи мәлімет бар.

Әл-Фарабидің әкесі Отырардың атақты ауқатты, қолында билігі бар адамдарының қатарынан болған. Әл-Фараби бала шағында алғашқы сауатын осы өзінің елінде өз тілінде ашқан. Ол 16 жасында керуенге ілесіп Бағдадқа оқуға келген. Алғашқы кезде Әл-Фараби өзін-өзі ақын, әнші, күйші музыкант ретінде танытқан. Онан кейін ол ірі ғалымдардан дәріс алуға, сабақ үйренуге кіріскен. Оның алғашқы ұстаздары ертедегі Александриядан, Византиядан ығысып келген ғалымдар болған.

Бағдадта оның дастары, шәкірттері көп болады. Оның музыкалық мектебі бүкіл араб еліне әйгілі болды. Бағдадта атақты ғалым-астораном әл-Баттаниға еріп астрономия ғылымына обсерваториясында көп істеген. Сол астрономия ғылымына байланысты және соны қолдану үшін әл-Фараби тағы бірнеше ғылымдар саласына атсалысады.

Алдымен ол астрономиялық аспаптар жасауға кіріседі: астролябияны қайта жасайды. Екінші жағынан ол оптикалық аспаптар жасайды, – ойыс – парабола айна жасайды. Көптеген бақылаулар жүргізеді; уақыт өлшеу үшін күн сағатын жасайды. Осылардың теориясын беру үшін ол математикалық әдіске көшіп, сфералық-тригонометрия негізін жазды.

Оптика заңдарын геометриялық әдіспен дәлелдеудің шебер әдістерін ойлап шығарады, яғни геометриялық оптика негіздерін береді. Сонымен байланысты архитектуралық құрылыстарға негіз салады. Астрономия – архитектура – музыка – осы үш саланы бірдей, бір әдіспен зерттеу негізін қалайды…

Осыдан кейін ірі ғылыми дәрежеге көтерілген кезінде ол өзінің туған еліне қайта бір оралды. Ол кезде Орта Азиямен Қазақстанда Самани нәсілдері билеген. Бұхара әмірі Нұх Самани әл-Фарабиді шақыртып алып, жалпы ғылымдардың негіздері жөнінде кітап жазып бер деп өтінеді. Оның себебі сол кезде шын ғылым мен жалған ғылымдар арасын айыру қиын болып, елді алдаушы, азғырушылар, жалған әулие сәуегейлер, өтірік балгер, жұлдызшылар, алхимиктер көбейіп кеткен-ді. Әл-Фараби сонда «Екінші оқулық» («Тағылым әл-Сани») атты еңбек жазып, Нұхқа сыйлайды. Сол кітап кейінде талай ғалымдардың көзін ашса керек. Атақты ғалым ибн Сина содан тағылым алған.

Әл-Фараби өзінің жеке өмірінде дүние жинамаған, семья құрмаған адам деп саналады. Оның жас жігіт кезінде өзінің Отырар елінде сүйгені болуы да мүмкін. Бәлки оның баласы да болған шығар деген ой келеді. Өйткені оның есімі Абу Наср. Арабшадан аударғанда ол Насрдың әкесі деген сөз. Демек оның Наср атты баласы болған шығар деген жорамал ойға оралады. Бұл зерттеуді қажет етеді. Ал, әл-Фараби араб елдеріне барып, ғалымдар қатарына кіргенде ол кісінің жамағаты болмаған. Ұлы ұстаз қол еңбегімен де шұғылданған ғой: кетпен шауып, арық аршып, бақша күзетіп, күнделік харекетін жасаған. Бос уақытының барлығын ғылым жолына жұмсаған. Ол өмірдің шындығын іздеген. Адамды шындыққа жеткізетін жол ғылым жолы деп білген де, барлық өмірін сол жолға жұмсаған. Сол себепті халық оны әулие санаған.

Ақжан МАШАНОВ

(1906-1997),

геология-минералогия

ғылымдарының докторы,

профессор