Бұл мақала автордың «Бейбарыс: дәуір және тұлға» кітабының (Алматы, «Өлке» баспасы, 2001) негізінде жазылды және осы кітап кейіпкерінің өмірінің негізгі кезеңдерін, ең көрнекті іс-әрекеттерін, оның құлдан батырға, жауынгерден қолбасшыға және сұлтан-сарай патшасына дейінгі жолын бейнелейді.

«БЕЙБАРЫСНАМАНЫҢ» ДЕРЕККӨЗДЕРІ ЖАЙЫНДА

Аталған кітаптың жарыққа шығуынан кейін автор оқырмандардың түрлі ойлары мен көптеген сын пікірлеріне тап болды. Олардың кейбіреулерінде Бейбарыс жайлы биографиялық мағлұматтардың шынайылығына, оның қыпшақтарға, беріштерге қатыстылығына неше түрлі күмәнді сөздер айтылды. Сол себепті оның өмірбаяндық дереккөздері (әдеби және тарихи), мінез сипаттары, сырт келбеті, іс-әрекеттері туралы мәселенің маңызы зор.

ҚҰЛДЫҚ ЖӘНЕ ҚҰЛДЫҚ БАУЫРЛАСТЫҚ

Бейбарыстың тұтқындалу фактісі, оның осы сәттегі жасы туралы Бейбарыстың жерлесі, құрдасы, кейіннен әмір дәрежесіне дейін жеткен серігі Байсарының аузынан ибн-Шаддат жазып алған.

Байсарының сөзі бойынша, Бейбарыс пен оның өзі 1225 жылы Қыпшақияда туған. Моңғол шапқыншылығынан қашқан Бейбарыстың руластары болгар ханы Анардан пана сұраған. Бұл хан, жалған уәде беріп, оларға опасыздықпен шабуыл жасады, біреулерін өлтірді, басқаларын тұтқынға алып, құлдыққа сатты. Олардың арасында Бейбарыс пен Байсары да болды. Олар сол кезде 14 жаста еді. Нақ осы ибн-Шаддат, бәлки, Бейбарыстың өз сөзі, әлде, сол Байсарының айтуы бойынша, Бейбарыстың Беріш тайпасынан шыққан түркі – қыпшақ болғанын мәлімдейді. Бұл тайпаның өкілдерін арабтар Бурж-оғлы (Беріштің ұлы) деп атады, ал Х, ХІ, ХІІ ғғ. орыс жылнамалары БУРЧевичтер деп, «Пурыштың ұлдары» және т.с.с. атаған.

«Мен, Беріш руынан шыққан Бейбарыс, ат-түрк, әл қыпшақ», — Бейбарыстың өзі осылай деді. Бұл түсінік, шамасы, бір дереккөзден келесіге көшіп жүріп, әл-Айнидің «Тарихи дәуір тұрғындары жайлы маржан моншақтар» атты трактатында мәңгілікке тіркеліп қалды.

Ру, ал кейіннен тайпа болған Беріш, Кіші Жүздің көптеген құрылымдары (Шеркеш, Кете, Алтын, Шөмекей және т.б.) тәрізді бір кездері Алтайда өмір сүрген, кейіннен батысқа қоныс аударды және қыпшақтар күшейген соң жетекші қыпшақ тайпасының атауы бойынша осынау қуатты коалицияның қатарына қосылды, ол тарағаннан кейін Алтын Орданың, және ақыр соңында, қазақ халқының құрамына кірді.

Ал, Мысырда қыпшақтар өздерінің «құлдық жағынан бауырларының» бәрін кескілеп қана қоймай, сонымен бірге халифтердің өздерін де өлтірді. Қыпшақтар Мысыр сұлтандығында өздерінің «арыстан текті қасиеттері», «тәкаппарлығы», «командалық лауазымдарға ұмтылысы», «жаратылысқа қарсы кеселдерден азаттығы», «әзәзілдікті жек көруі», «батылдығы, адалдығы, төзімділігі, жағымпаздыққа жаны қастығы» (Л.Н. Гумилев тұжырымдары) арқасында жетекші позицияларға деген айрықша құқықтарға ие болды. Олар, биікке көтеріле отырып, өздері де феодқа айналды, өздеріне арналған құлдарды, көбінесе өз тайпаластарын  сатып алды. Дәл солайша Бейбарыс та, тұтқынға түсіп, сатылды және оны қыпшақ Айтегін Бундуктари сатып алды, ал кейіннен сұлтан ас-Салихтің меншігіне өтті.

САРДАР, КӨСЕМ, ҚОЛБАСШЫ

Өзінің құлдық қияметті бастан кешкен кезінде тәні де, рухы да шыңдалған Бейбарыс 20-25 жасында-ақ өзін ерекше жауынгер ретінде көрсетті. Дамиетта (Думият) жерінде кресшілер жасағымен болған шайқаста Бейбарыс өзінің ержүректігімен және әскери өнерімен көзге түскен болатын, осы соғыстан кейін-ақ ол қатардағы мамлюктен әмір дәрежесіне көтерілді, Салих сұлтанның жеке гвардиясына енгізілді, ал содан кейін оның жеке күзетін басқаратын болды.

Мансура түбіндегі шайқаста (тағы да сол кресшілермен) Бейбарыс енді әмір-қолбасшы ретінде шығады, оның басты еңбегі және ерлігі кресшілерді талқандау және Францияның королі ІХ Людовик пен оның екі ханзада бауырларын тұтқындауға қатысуы болатын.

Осы жеңістердің нәтижесінде кресшілер өз авантюраларының табысқа жетуіне деген бар сенімі мен үміттерін жоғалтты, ал тынымсыз ІХ Людовик исламдық Шығысты тізе бүктірудің тағы бір талпынысын (сегізінші жорық) жасап, өз өлімін Тунисте обадан тапты (1270 ж.). Осымен кресшілердің идеясы мен практикасы жеңіс кресінің орнына… өлімнен кейінгі креске ие болды…

Бейбарыс өзінің жауынгерлік ерліктерінің нәтижесінде ірі саяси бедел де жинады, айналасына өзіне адал басбұзар, өжет қылышкерлер мен  көзсіз батырлардың тобын ұйыстыра да білді. Міне, сол себепті ол 1250 ж. 2 мамырда ас-Салих сұлтанның ұлы және мұрагері Иса Тұран-шахқа қарсы бүлік көтерген кезде және оны өлтіргенде, полктастары бірден оның соңынан ерді. Бейбарыстың осыншама қатыгез қылығы түсінікті әрі орынды болатын: жас Тұран-шах елдің басына өлім қаупі төнген кезде, өзінің уақытын қызықшылықпен,  ырду-дырдумен, ойынмен, ішумен және көңіл көтерумен өткізді,  және де державаны, әскерді басқаруға шамасы келмеді. Оған қоса, Тұран-шах кемақыл науқас еді…

Алайда, өжет қылығының жемісін Бейбарыстың өзі емес, керісінше саясат пен сарай интригасында тісқаққан адамдар (ас-Салихтың жесірі Шеджерет, оның жаңа күйеуі, мамлюк Айбек) пайдаланып кетті, ал таққа үміткер қуғын-сүргінге түсті, яғни Бейбарыс өзінің достарымен Мысырдағы билікке Құтыз келгенге дейін Сирияда жасырынып жүрді.

Мысырға төнген моңғол шапқыншылығының қауіп-қатері Құтызды батыр әрі қолбасшы, кресшілермен шайқастарда ерекше  көзге түскен Бейбарысты өз жағына тартуға мәжбүр етті, Құтыз Бейбарыстың беделіне, оның достары мен жақтастарына мұқтаж болды. Құтыздың есебі дұрыс шықты: Құтыз сұлтан мен қолбасшы Бейбарыс моңғолдарды күтпей-ақ, Сириядағы оларға өздері барды. Кет-Бұға басшылық еткен Құлағу армиясының тылынан шықты және 3.ІХ. 1260 ж. 20 мыңдық найман корпусын талқандады. Кет-Бұғаны Құтыз тұтқынға алды және өлтірді, ол қан-қасаптан ақылы азып, жол-жөнекей Дамаскінің христиан тұрғындарын сойып салды. Абзалы, Құтыздың осы ессіз қылықтары Бейбарыстың Құтызды өлтіруіне итермелеген болса керек…

Құлағу, Кет-Бұғаның түмендерімен бірге талқандалған өзінің одақтас армяндарына көмектесуге және сонымен қатар өзін есеңгіретіп кеткен бірінші жеңілісі үшін кек алуға ниеттеніп, мамлюктерге қарсы жаңа армия қосты, бірақ оны енді жаңа сұлтанның, Бейбарыс сұлтанның әскері сол жылдың 10 желтоқсанында қайтадан талқандады.

Осындай жойқын жеңілістерінен кейін моңғолдар, бейбарыстық мамлюктердің күшін мойындап, Мысырды ұзақ уақыт мазаламады. Бірақ 17 жылдан соң олар Мысырды бағындырудың жаңа әрекетін бастады. Шайқас Альбистан түбінде болды және, тағы да, сұлтан әрі қолбасшы Бейбарыстың тамаша жеңісімен аяқталды. Ұрыс даласында 7000 моңғол және олардың одақтасы, 3000 грузин қаза тапты. 1300 моңғол тұтқынға алынды, бірақ Бейбарыс оларды Құтыз сияқты өлтірген жоқ, мұсылман етті.

Кресшілермен және моңғолдармен болған осы ірі жеңістерден басқа, Бейбарыс әскерін Кавказды және Шығыстың өзге елдерін жаулап алу жорықтарына алып барды. Ол бір де бір рет жеңілген жоқ, тек қарулы қарсыласпен ғана соғысты, қылмыскерлерден басқа бейбіт адамдарға тиіспеді.

Бейбарыстың бүкіл әскери табыстарын және мамлюктердің жеңістерін нақтылау негізінде мынадай сұрақ тууы заңды: Бейбарыстың жеңімпаздығының сыры неде, ол өзінің «әскери академияларынан» қай жерде және қашан өтті? Негізгі себеп түркі-қыпшақ әскери өнерінің тарихи дәстүрлерінде, бұл дәстүрлердің мысырлық армияға тұтастай көшірілуінде, енгізілуінде жатыр.

Құлдардың билік шыңдарына жету жолының  осы және өзге де объективті себептері сұлтан мен оның әмірлерінің жеке қадір-қасиеттерімен толықты. Сұлтанның өзі Саладин заманынан-ақ қатардағы мамлюктер үшін үлгі болды. Ол, үйірдің көсемі тәрізді, әскерді жорықтарға, шайқастарға, ұрыстарға бастап барды. Бейбарыстың өзі және оның ізбасарлары (Қалауын, ән-Насир және басқалар) бұл дәстүрді қатаң сақтады, жауынгерлік істің бүкіл ауыртпалығын  басқалармен тең бөлісті. Ешқандай да сарай салтанаты мен той-думандар оларды босаңсуға және нәуетектікке жеткізе алмады. Осы қатаңдықтың, жауапкершілік пен айбарлылықтың бір көрінісі Бейбарыстың ішімдікке, жезөкшелікке, наша тартуға тыйым салуды енгізуі болды. Ол ұрыларды, қазынаны тонаушыларды, диверсанттарды аяусыз жазалады. Бұл шаралар мен тыйымдардың барлығы, әлбетте, тәртіпті, соғысқа қабылеттілікті, армия мен мемлекеттің ұйымшылдығын сақтауға бағытталды.

Бейбарыстың өзі батырлықтың, аскетизмнің, табандылықтың нағыз үлгісі болатын. Орта ғасырлық тарихшылар мен биографтар оны осы тұрғыдан сипаттайтын көп жазбалар қалдырды. Айталық, ән-Нуайри атап көрсеткендей, Бейбарыс «киім мен тамақта азға қанағат етті, үнемшіл болды». Әл-Айни оның ержүректігі, тапқырлық, тәсілқойлық, ептілік, қажырлылық, аскетизм, жауына рақымсыздық, қайрат, гүрілдеген дауыс, айбындылық сияқты қасиеттерін, адамдарды әскерге тікелей өзі іріктеп, тағайындағанын атап өткен. «Дәуір уақиғаларының тамаша түстері» атты трактатында ибн-Ийас  Бейбарыс жайлы былай деп жазды: «Ол тынымсыз еді, жорықтарға жиі аттанатын, өз есімін ерлігімен әйгіледі, соғыста батыл болды. Қысы-жазы аттан түспеді. Оның ерлігі мен батылдығының белгісі іспетті, оның гербінде арыстанның суреті салынған. Жасақтың ықыласын арттыру үшін ол әскери олжаны бөлісті. Жорық алдында ол ауқатты адамдардан экспоприацияланған көп қаражат жинады. Ол ұзын бойлы, тұлғалы, сымбатты, аққұба, айбынды, қаһарлы болды, бір де бір ақ шалмаған дөңгелек сақалы бар еді».

Бейбарыс, жауынгер және даңқты әрі жеңілмес қолбасшы ретінде, Македонский және Ишпакай, Цезарь және Атилла, Ганнибал мен Шыңғысхан, Саладин және Темірмен бір қатарда тұруға әбден лайық.

БИЛЕУШІ-СҰЛТАН ЖӘНЕ МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ҚАМҚОРЫ

Кез-келген тарихи тұлға, Бейбарыс сияқты, бір өзінің бойында қолбасшының дарынын, саясаткердің көрегендігін, ойшылдың даналығын үйлесіммен және тиімді қолдана алмас еді. Жағдайдың сәтті тоғысуы арқасында немесе құдыретті күштің қалауымен Бейбарыстың тұлғасынан біз осының үшеуін де көреміз.

Сол дәуірдегі Мысыр тауар қозғалысын Азиядан Еуропаға өткізуші бірден бір пункт болды, бұл негізінен Бейбарыстың саясаты орасан зор кедендік баж салығын, жүктерді алып жүргені үшін салық алуға ғана емес, сонымен бірге ол жүктердің сақталуына салмақты кепілдік беруге, саяси мақсатта неше түрлі эмбарголарды қолданбауға бағытталуынан еді. Бұл саясаттың негізінде экономикалық пайдамен бірге, идеологиялық көзқарас та жатыр: исламның таралуына және жеңімпаз шеруіне қылыш пен уағыздардан гөрі, мәдени тартылыс көп ықпал етеді, яғни Шығыстан Батысқа баратын тауарларда исламның идеялары мен мәдени құндылықтары заттанады, жинақталады.

Тарихта Бейбарыстың Венеция мен Генуя, Сицилия мен Арагон және т.б. христиан елдерімен және корольдіктерімен келісім-шарттар жасағаны мәлім. Мысалы, Византиямен келісім-шарт кемелердің Босфор мен Дарданелла арқылы кедергісіз өтуін қамтамасыз етті, сол арқылы Бейбарыс Мысырға құлдарды Қара теңіз, Азов және Каспий маңынан үздіксіз жеткізу мүмкіндігіне ие болды, сөйтіп – түркі диаспорасының ұлғаюына және мамелюктер қатарын жаңа қыпшақ жауынгерлерімен толықтыруға қол жеткізді. Бұл істерде Венеция мен Генуя делдал болды, олар бейбарыстық көпестерге кемелер берді, өздері де саудаға араласты.

Мамелюк мемлекетінің Алтын Ордамен одақ құруы Бейбарыстың саяси-дипломатиялық ойының биік жетістігі. Бұл одақ моңғолдық өрістің шайқалуына, ислам әлемінің кеңеюіне және күшеюіне, оның саяси басымдық алуына көп ықпал еткен орта ғасырдың айрықша құрылымы болды.

Бірақ, Бейбарыстың қызметіне тән бір ерекшелік, саудадан, кедендік баж салығынан, салықтардан түскен осы байлықтың бәрі қор ретінде жинақталып қалып қоймады, яғни,  Бейбарыс оларды сараң байға ұқсап, мемлекеттік қазынаға да, жеке қоймаға да тыға бермей, керісінше, заманауи терминмен айтқанда, әртүрлі инвестицияларға, капитал салымдарына және т.б. пайдаланды. Қаражат жол құрылысына, әскери бекіністер, жер суарғыш және кеме жүзетін каналдар салуға, қала-кеме құрылысына, халық, мемлекет, армия үшін қажетті салаларды дамытуға жұмсалды.

Осылайша, Бейбарыс, ортағасырлық Мысырдың түркілік мемлекетінің негізін қалаушы және билеушісі, орасан зор империяны құрушы, ислам әлемін біріктіруші, көрнекті дипломат әрі саясаткер, мәдениеттің, ғылымның, өнердің, білімнің қамқоршысы ретінде, өз замандастары алдында ғаламат беделге ие болған, халықтың, тіпті қазіргі заманғы египеттіктердің жадында қалған әйгілі тарихи тұлға болды.

…Әлі күнге дейін Мысырдың ауызша халық аңыздарында егер де жауыздық күштері белең алатын болса, онда  Бейбарыс қайта оралады да әділеттілік орнатады дейді…

ДАҢҚ ПЕН ЗАҺАР

Қатыгез заманның қатыгез ғұрыптары кісі өлімімен, уландырумен, қан-қасаппен қабаттаса жүріп билік үшін күресті күшейте түсті. Тіпті сондай сақ, қырағы Бейбарыс сұлтанның өзі (Макризидің жазуынша, ол жиі бой тасалап жүретін, өзіне ұқсас адам ұстады, алдын-ала дайындалған қозғалыс маршруттарын ауыстырып отырды) өзінің қауіпсіздігіне сенімді бола алмады… Азғырудың көптігі мен қастандық талпыныстары Бейбарыстың болмай қоймайтын өліміне алып келді және, ақырында, қатал жазмыш салтанат құрды: Мысырды 17 жыл, 2 ай және 12 күн билеген, әлемдегі ұлы адамдардың бірі, 52 жасында у беріп өлтірілді. Сол заманның тарихшылары (әл-Мухасин, әл-Макризи,  Бейбарыс ад-Дауадар және т.б.) бірауыздан сұлтанның қымызға қосылған удан уланған фактісін растайды. Тіпті оның қайтыс боларының алдында қиналып ауырған мерзімі (13 күн) де тіркелген. Бейбарыс Дамаскіде қайтыс болды және оның өтініші бойынша Дария қалашығында жерленді.

Ортағасырлық Мысырдағы қыпшақ мамлюк мемлекетінің негізін қалаушы, оған Сирияны біріктіріп, өз үстемдігін Хиджаз (Мекке, Медина), Йемен, Нуба, Византия, Армения, Кавказға дейін таратқан, мұсылман әлемін кресшілерден және моңғол түмендерінен құтқарған, оның қауіпсіздігін, тәртібін, гүлденуін қамтамасыз еткен, түркі әскери өнерінің қуаты мен рухын әлемге әйгілеген, өз есімін дүние жүзілік тарихтың анналдарында мәңгілікке қалдырған ұлы жауынгер, қолбасшы, билеуші және әмірші болған тұлғаның өмірі осылай аяқталды. Зәрлі у оның өмірін алса да, атақ-даңқын алған жоқ, тәнін жалмаса да, рухын жоя алмады, тағын тартып алса да, мұрасына қол сұға алмады.

 

МҰРА

Көпшілікті толғандыратын бірнеше сұрақ қалғаны анық. Бейбарыстың есімі мен қызметі патшалық немесе кеңестік кезеңде неліктен беймәлім болды? Неге біз бұл есімді өзіміз танып қана қоймай, сонымен бірге көкке көтере дәріптеп, ұрпақтарға жеткізуге тиіспіз? Біздің шекарамыздан аулақта,  алты қырдың ар жағында өмір сүрген, біздің тарихымызға тікелей қатысы жоқ адамның тарихының бізге қандай қатысы бар?

Біз мақаланың мән-мәтінінен көріп тұрғандай, ортағасырлық түркілер, олардың ежелгі ата-бабалары тәрізді (киммерліктер, сақ-скифтер, сарматтар, ғұндар, қағанаттық түркілер, хазарлар), көптеген ғасырлар бойы Азия мен Еуропада билік құрып тұрды, олардың жорықтары тіпті өздері де жаулаушылық саясат жүргізіп отырған елдердің өзіне қорқыныш пен үрей туғызды. Олар көп миллиондық Қытайды, аса қуатты Римді, Византия, Иран тәрізді супердержаваларды жеңіп, оларға алым-салық салды, халифаттардағы билікті басып алды. Сол дәуірдің өзінде-ақ осы елдерде «түркофобия» іспетті психологиялық феномен қалыптасты. Дегенмен, түркілер тек үрей ғана туғызып қойған жоқ, сонымен бірге, әсіресе қытайлықтар мен арабтар арасында құрметке ие болды. Қытайлық тарихшылар көршілерінің таңғажайып ақыл-ой және физикалық қабілеттерін үнемі атап көрсеткен, ал қытайлық шенеуніктер түркілердің көптеген мәдени жетістіктерін өздеріне қабылдап алды: баспана, поэтикалық дәстүрлері, қару-жарақ, ат әбзелдері, әскери өнері. Әсіресе, соғысқа байланысты нәрсенің бәрі жоғары бағаланды. Түркілердің жауынгерлік шеберлігі, рух күші мен қабілеттері жайлы араб жазушылары бізге ыстық ықыласқа толы жазбалар қалдырды. Пайғамбар Мұхаммедтің өзі: «Түркілер өздеріңе тиіспесе, сендер де тиіспеңдер!» дейді.

Мамелюктердің, олардың көсемдерінің тарихы бүкіләлемдік тарихтан, түркі суперэтносының тарихынан бөлек емес. Олардың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Олар біздің Атамекеніміздің жерін тікелей қорғамаса да, өз ата-бабасының абырой-атағын биікке көтеріп кеткені анық. Оларға тек түркі халықтары ғана емес, сонымен бірге қазіргі заманғы әлем халықтарының баршасы алғыс айтуы тиіс, өйткені олар Еуропаны моңғол шапқыншылығынан, ал ислам әлемін кресшілерден қорғап қалды. Олар сол дәуірдегі қоғамды ұйытып, ұйыстырды, жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтап қалды, бүкіл әлемдік бейбітшілікке қол жеткізуге ықпал етті.

Бекет ҚАРАШИН,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, ақын-аудармашы