Жүзі күлімдеп тұрған жандармен сөйлессең жаның рахаттанып, бір жасап қаласың. Өмір жолы қаншама қиын болғанымен алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын, қиындыққа қажымайтын, өз таңдаған кәсібіне адал, еңбексүйгіш адамдар болады. Осындай жандардың бірі, ұстаздардың ұстазы, белгілі тарихшы-ғалым Хисмет Бозанұлы Табылдиев 80 жасқа шығып отыр.

Қазақ ғылым-білімінің қара шаңырағы саналатын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің 1962 жылғы түлегі Хисақаң тек қана тарихшы ғана емес, журналист, әдебиетші, желаяқ спортшы ретінде де танылды. Оның көптеген мақалалары республикалық, облыстық баспасөз беттерінен жарық көрді.

Хисақаң Гурьев педагогикалық институтының ректоры қызметінде өзін жауапкершілігі аса мол, ұйымдастыру қабілеті шыңдалған білікті басшы ретінде көрсете білді. Әріптестерінің қолдауына ие болды.

Заманына қарай амалы дегендей, тоқсаныншы жылдары КСРО ыдырап, еліміз тәуелсіз ел атанды. Әрбір ұрпақтың егеменді елінің дамуына өз үлесі бар екендігі белгілі. Хисақаң бастаған ұрпаққа осындай қиын да қызықты кезеңде тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаушылардың қатарынан табылу бұйырды. Бұл істе ол өзінің алғырлығын, іскерлігін танытып болашақты ойлады. Оған жеткізер жолды таңдауда көрегендік көрсетіп, 1994 жылы Атырау педагогикалық университеті негізінде Батыс Қазақстан өңірінде тұңғыш рет Атырау аймақтық университетін ашу ісіне бас болып, осы оқу орнының алғаш ректор-үйлестірушісі атанды.

hismet-tabyldiev-005

Тарихи шындық жанданып, қазақы жер-су атаулары қалпына келтіріле бастаған кезеңде өлкедегі игі жақсылармен бірге Гурьев атауын Атырау деп өзгертуге еңбектенген ол аномастикалық комиссия құрамында болып, осы игі іске әлі күнге дейін атсалысуда. Осы жылдары коммунистік идеология бәсеңсіп, ұмыт қалған есімдер жаңартылып, халқына адал қызмет еткен ұл-қыздарымыздың, аялы азаматтарымыздың есімдері жаңғыртыла бастады. Туған өлкесінің патриоты ретінде Хисмет Бозанұлы сол жылдары университетке ғұлама ғалым, қазақтың тұңғыш профессор ұстазы, айтулы дәрігер, Алаш қозғалысының басшыларының бірі, жерлесіміз Халел Досмұхамедовтың есімін беруге өз үлесін қосты.

Ұстаздық қызмет пен ғылыми жұмыстарды тығыз байланыстырған Хисмет Табылдиев жастарды ғылымға баулу ісін де назардан тыс қалдырмады. Алғаш Хисақаңның жетекшілігімен Атырау университетінің оқытушылары арасынан осы мақала авторы 2003 жылы Алматы қаласында «XIX ғасырдың бас кезіндеті қазақ-қалмақ қатынастары», 2004 жылы Алматы қаласында Жеңісбек Мұстафин «Сарайшық қаласының тарихы» тақырыптарында Орал қаласындағы диссертациялық кеңесте кандидаттық диссертацияларын сәтті қорғады. Күні бүгінге дейін Х.Табылдиев бұл істі жалғастырып, жастарға ғылыми жетекшілік жасап, үйретуден жалығар емес.

Қазақта «Көп жасаған емес, көп көрген біледі» деген сөз бар. Шынында да, оның көргені көп, білімі зор ұстаз. Өзінің қызмет барысында ол республикаға әйгілі жазушы Әбіш Кекілбаев, домбырашылар Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров, ақын Фариза Оңғарсынова, тарихшылар марқұм Манаш Қозыбаев, Тәуелсіз еліміздің Ата Заңының авторларының бірі, ұлы заңгеріміз, Хисақаңның ұстазы, кандидаттық жұмысының жетекшісі болған Салық Зиманов, тарихшы Кеңес Нұрпейісов, Жанұзақ Қасымбаев, атақты желаяқ спортшы А.Тұяқов, қоғам қайраткерлері Равиль Шырдабаев, Өмірзақ Озғанбаев, Жандарбек Кәкішов, тағы басқа да игі жақсылармен дәмдес болып, жақын жолдас ретінде араласып, білісті.

hismet-tabyldiev-002

Ректорлық жұмысын тапсырғаннан кейін облыс әкімі И.Тасмағамбетовтің ұсынысымен облыстық мәслихат хатшысы болып сайланып, төрт жыл қызмет етті, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді.

Әрине, оның еңбегі еленбей қалған жоқ. Хисекең – «Парасат» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халқы ардақ тұтып «Атырау қаласының Құрметті азаматы» деп атады. Оқу ағарту ісінің үздігі, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері», басқа да марапаттарға ие болды.

Жан-жақтылығымен танылған Хисмет Бозанұлы қазір Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректорының кеңесшісі жұмысын атқарып жүр.

«Кіші жүз руларының тарихы мен шежіресі» еңбегі жергілікті халықтың, ата-баба тарихын білуге ұмтылған дүйім жұрттың қол кітабына айналды. Жалпы Атырау өлкесі туралы 250-ден аса мақала жазып, республика және облыс көлемінде газеттер мен журналдарда жариялады. Сонымен бірге, аға ұрпаққа тағзым ретінде 40 баспа табақ көлемінде екі томдық «Боздақтар» жинағын құрастырып, Мәскеу, Алматы және басқа қалалардың мұрағаттарына хабар салып, талай ұмыт қалған есімдерді тірілтті.

hismet-tabyldiev-003

Атырау өлкесінен 2000 жылы алғаш жарық көрген «Атырау» энциклопедиясын шығаруға атсалысты. Оның қаламынан туған «Отты жылдар», «Жеңісті жақындатқан жандар», «Адамдар. Тағдырлар. Люди. Судьбы», Атырау қаласынан «Атырау өлкесі – Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты және басқа да кітаптар баспадан шықты.

Көрер көзге, білген адамға сүйсінер іс, жанқиярлық еңбек. Мерейлі жас өткенге салауат айтып, келешекке үміт білдіретін 80-жылдық тойыңыз құтты болсын, еңбегіңіз жана берсін! Әлі де Сіз жөнінде талай өлең оқылып, талай әңгімелер айтылар. Сол әңгімелерді өз құлағыңызбен естіп, ортамызда әдемі бір күлкіңізбен табыла беріңіз.

Әділбек ТҰРДАЛИЕВ,
Халел Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің азаматтық- құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., профессор.