АЛМА ТҮСІПБЕКОВА

1978 жылы 17 қыркүйекте Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында дүниеге келген.

1999 жылы Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін үздік тәмамдаған.

2004 жылы Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Заңгер» факультетін бітірген.

2003 жылы Жезқазған қаласының №22 орта мектебінде қызмет жасаған.

2005 жылы Қарағанды облыстық сотының бас маманы, 2013 жылы ҚР Жоғарғы Сотының бас консультанты.

Бүгінгі таңда Жоғарғы Соттың «ҚР Жоғарғы Сотының Бюллетенінің» жауапты редакторы.

«Фариза Оңғарсынова» атындағы және «Ынтымақ түбі игілік» атты республикалық мүшәйраның жеңімпазы.

2015 жылы «Жанарымдағы жазулар» және «Ақ қанатты періштем» атты кітаптарының авторы.

Бүгінде отбасында екі бала тәрбиелеген ана. 
 
 
Алаш көгі күрсініп…
(Фариза Оңғарсынованың рухына)
 
Өлең, мен сені аялап өтем…
Ф.Оңғарсынова
 
Асқақ еді тұлғаңыз, асқақ еді,
Қиялымды қияға бастап еді.
Мың шық тұнып сезімнің сеңгіріне,
Тұншықтырып кеттіңіз жасқа мені.

Жаным күйіп жауапсыз сұрақтардан,
Оңашада өксігем, жылап та алғам.
Қыздан көріп (сізді айтам) қайсарлықты,
Қайтадан қуаттанғам.

Шындық-осы, сен-жалғыз, мен де-жалғыз,
(Табылмайды дертіме емге жалбыз).
…Қара өлеңнің бел асты қара нары,
Артында-біз, парықсыз пенде бармыз…

Толып тұрар жүрегі сырға керім,
Тірлігінде өтетін жырлап елін.
Көк аспаннан құлайтын қия тасқа,
Қазақ қызы…осындай тұлға ма едің?!

Серік емес мұң менен нала кімге,
Ұмсынамын көктегі дара күнге.
…Қаламымнан төгіліп қаралы жыр,
Мен отырмын қадалып қара түнге.

Тексіздердің бұрылмай таласына,
Жүректердің емдедің жарасын,ә…
Найзағай боп тілгілеп қара бұлтты,
Ақ жауын боп төгілдің Алашыңа.

Кепіл болшы, кер-тірлік тозбасына.
Ит ұлыды.
Көрінсін өз басына!
Әй…түбі мен өлермін, сірә-дағы,
Қара өлеңнің тұншығып көз жасына.
 

ЕСІМДЕ
 
Тұралаған тірліктің,
Тараймын кеп тұлымын.
Шейіт болған шындықтың,
Жемдеп жүрмін құлынын.

Жертөледе – мейірім,
Маңдайынан сипадым.
Пәтері жоқ – пейілім,
Дәмі ұмыт боп құйқаның.

Талабым ба?
Тұр әне,
Тасқа ұрылып тағасы.
Ұлықтардың ұраны,
Болыпты оған табашы.

Алдан самал есе ме?
Өң мен түсті айыршы.
Қанағатым – көшеде,
Атаныпты қайыршы.

Жол болмайды кіл неге?
Сайтан, білем, жолықты.
Адалдығым түрмеге,
Отыратын болыпты.

Бақыт кеткен қаңғырып,
Келімсекпен.
Есімде.
… Әлі отырмын мәңгіріп,
Ойдың көлеңкесінде…