Ішкі туризм

 

Қазба байлыққа ғана емес, рухани мұраға да бай Атырау облысы – еліміз үшін туристік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі екендігі даусыз. Мәселен, қазақ елінің тұңғыш астанасы саналатын хан ордалы Сарайшық қалашығының өзінде жылдан жылға тарих қойнауында жасырулы қалған көне жәдігерлер табылып, бұндағы біз білмейтін сыр мен ақиқаттың әлі бірнеше есесі барына көзімізді жеткізе түсуде. Осы ретте жуырда «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы аумағынан арнайы сапар орталығы ашылып, дүйім жұрттың сүйінші жаңалығына айналды. Ал «бұл орталықтың негізгі мақсат-міндеттері қандай, жұмысы қалай жүргізіледі» деген сұрақтарға аталмыш музей-қорықтың директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Қапизұлы Мұқтармен сұхбат барысында тұщымды жауап алдық.

 

    – «Сарайшық» сапар орталығының құрылыс жұмыстары кезінде ғимараттың сыртқы пішінінің эскиздік жобасы өзгеріске ұшырағанын білеміз. Бұның негізгі себебі не? Алдымен құрылыс жұмыстарына қатысты толық тоқталып өтсеңіз.

– «Сарайшық» сапар орталығының өзге орталықтардан өзіндік ерекшелігі бар.  Құрылыс барысында ол ортағасырлық стильге сай келетіндей, ХІV-ХV ғасырдағы шығыстық қала сәулетіне тән етіп салынды. Шығыс үлгіде салынуына қолдау көрсеткен Махамбет ауданының бұрынғы әкімі марқұм Ринат Жанғылыш еді. Аудан басшысының қолдауымен алғашқы қалалық дәстүрге лайықтап, ғимараттың сызбасы жасалып, нәтижесінде ортағасырлық қала келбетіндегі Сапар орталығы бой көтерді.

Ғимараттың ішіне келсек, бастапқыда «Сапар орталығына» келген туристер үшін сол қанатында үлкен зал мен оң қанатында конференц-зал қарастырылған болатын. Қазіргі музейімізде де көрермендер үшін тек бір ғана зал жұмыс жасап тұр. Бұлай бір залдан тұрса, ешқандай өзгеріс әкелмейтіндігін түсініп, біздер бір үлкен экспозициялық залды және қасындағы шағын бөлмелерді ұтымды пайдаланып, Сарайшықтың кезеңдерімен байланыстырып, алты залға бөлдік. Кіреберіс ақпараттық стендтен, кіру карта-схемасынан, музей тарихынан басталады. Ресепшн, гардероб, күту аймағы орналасқан. Негізгі көрме залдарына келер болсақ, 1-зал Палеонтология және сақ сармат заманы, 2-зал Алтын орда кезеңі, 3-зал Қазақ хандығы кезеңі, 4-зал Ноғай Ордасы кезеңі, 5-зал Медиа-зал және соңғы 6-зал Сарайшықтың күйреуі мен қайта жаңғыруына арналған. Оң қанатында орналасқан конференц-зал келген көрермендерге арнап уақытша көрмелер өткізуге болатындай етіп жасалды.

Биыл 5 мамырда нысанның ашылу салтанаты өтіп, оған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов арнайы келіп, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, облыстық және жергілікті басқару органдары, республикалық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, зиялы қауым, туристік агенттік өкілдері, республикалық және облыстық музей қызметкерлері, БАҚ өкілдері,  ұлттық-мәдени орталықтар мен орта білім беру мекемелерінің қызметкерлері қатысты.

– Кешенде экспозициялық көрме залдары, қор қоймасы, конференц-зал, сондай-ақ зертханалық және реставрациялық бөлмелер, электронды деректер базасы бар кітапхана, тіпті туристерге арналған қонақ үй де бар екен. Бұл құрылымдардың әрқайсысының қызметі қалай жүзеге асырылады?

– Музейлендіру жұмыстарын «Қазақ материалдық мәдениетті ғылыми зерттеу және жобалау институты» ЖШС жүргізді. Атқарылған жұмыстар барысында сапалы қызмет көрсетуге арналған күту аймағы жасақталды. Ол жерде ресепшн, жәдігерлермен таныстырушылар бөлмесі, гардероб, кәдесыйлар сататын орын орналасқан. Меймандарға арналған жұмсақ орындар мен қолтаңба қалдыруға ыңғайлы үстелмен жабдықталған. Сапар орталығы алты экспозициялық – Алтын Ордаға дейінгі кезең, Алтын Орда, Қазақ Хандығы, Ноғай Ордасы, мультимедиялық зал, Сарайшықтың қиратылуы мен қайта өрлеуі залдарынан  тұрады. Сонымен қатар, биылдан бастап жұмысын бастаған қолөнершілер үйірмесінің жұмысына жетекшілік ететін музейдің суретші-реставраторы О.Кендірдің зертханасы орналасқан. Музей-қорықтың жәдігерлерін қайта қалпына келтіру жұмыстары да осы жерде жүзеге асады. Бұнда үйірме мүшелеріне қышпен жұмыс жасауды үйретеді. Жалпы, қолөнерге бейімі бар, үйренуге-үйретуге ниет білдірген әрбір адамның осы шеберханада қалауымен шеберлік сағаттарын өткізуіне мүмкіндігі бар.

Сапар орталығында «Археологтар залы» ашылды. Сарайшық қаласының зерттелуіне сүбелі үлес қосқан, қаланың тарихына көпшіліктің назарын аударуға, кешенді археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуінің алғышарттарын жасаған Н.Арзютов, Ә.Марғұлан, З.Самашевқа арналған деректер, құжаттар, жәдігерлерден тұратын залда Сарайшық музей-қорығының археологиялық барлау экспедициялары мен қазба жұмыстарымен де танысуға болады. Конференц зал тікелей өз мақсатынан өзге уақытша көшпелі көрмелер өтетін орын болмақ. Биыл алғашқы болып суретші О.Кендірдің «Алтын орда мұрасы» атты көркем сурет көрмесінен басталды. Сарайшық сапар орталығында жәдігерлер қорының бір бөлмесі орналасқан. Екінші қабатта жыл сайын жаңа кітаптармен толығып келе жатқан кітапхана бөлмесі бар.

Сапар орталығының құрамына  қонақ үй және асхана  кіреді. Әлеуметтік форматта жасақталған бұл қызмет көрсету орындарын іске қосуға әзірге мүмкіндік жоқ. Бұл мәселені тиімді  шешудің баламалы жолдарын іздестіріп жатырмыз.

– Экспозициялық аймақтағы ел назарына ұсынылатын, ортағасырлық Сарайшық қалашығының тарихынан сыр шертетін жәдігерлер жөнінде кеңінен әңгімелеп берсеңіз. Мәселен, Қасым хан мен Бату ханның бейнелері алғаш осында қойылған көрінеді…

– Экспозициялық залдарды жасақтау музей қорындағы жәдігерлермен жүзеге асты. Қазіргі таңда музей қорында бес мыңнан астам жәдігер бар. Айта кететіні, 2019 жылдан бастап Сарайшықтан табылып, еліміздің өзге музейлерінде тұрған жәдігерлерді іздестіру жұмыстары жүргізіліп келеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен биыл Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінен төрт дана жәдігер қайтарылған. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанынан үзінді келтірілген ортағасырлық хұм Сарайшықтан 1909 жылы табылған. Ғасырдан астам уақыттан кейін Сарайшықтың хұмы Сапар орталығынан өз орнын тапты. Одан өзге ауылдан кесе (музейде фрагменттері бар), трапезунд амфорасы, альбарелло ыдысы да Алтын Орда залына орналасты. Алтын ордаға дейінгі кезең залында адамзат дамуымен тұстас палеонтологиялық, тас, қола, ерте темір және ерте орта ғасырлар дәуіріне тиесілі Сарайшықтан табылған, сыйға тартылған жәдігерлер қойылса, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Ноғай Ордасы залдарына сол заманға тиесілі археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер орналасты.

Жалпы, жәдігерлер сол кезеңдегі қала мәдениетінің, қыш бұйымдар жасауда дамуға Ұлы Жібек жолының әсерінің зор болғанын көрсетеді. Оған дәлел керуен жолымен келген бұйымдарға ұқсас көшірмелердің көптеп табылуы. Сапар орталығын музейлендіру барысында заманауи «Ақылды музей» жүйесі іске қосылды. Бұл экспозициялық залдарда жарық, аудио, бейне контенттердің белгілі бір уақытта автоматты түрде іске қосылып, өшірілуі. Жоғарыда атап өткен Алтын орда, Қазақ Хандығы, Ноғай Ордасы залдарында мульти-тач арқылы қажетті дерекпен танысуға болады. Сарайшық аңыздарын баян ететін мультимедиялық залда Сарайшыққа Ибн-Батутаның сапары, Алтын қайық, Сүйімбикеге арналған Қыз мұнара аңыздары баян етіледі. Ал дәлізде заманауи 3D-mapping технологияларын қолдана отырып, «Секер көл» көрнекі диорамасын тамашалауға мүмкіндік бар.

Сапар орталығының басты жаңалығы – Алтын Орда, Қазақ хандығы және Ноғай Ордасы билеушілерінің шынайы бейнелерін жасау болды. Бату ханның бейнесін жасақтауда тарих ғылымының докторы, профессор М.Қожаның кеңесіне сүйеніп, қытай миниатюралары мен Түркиядағы Топкапыда сақталған Бату ханның суреті негізінде жүзеге асты. Сол сияқты, Қасым ханның бейнесі, жалпы образын жасақтау барысында Қазақ хандығын зерттеуші, тарих ғылымының кандидаты Н.Атығаевтың  кеңесіне жүгіндік. Қазақтың Ұлы ханы Қасымның ордасында болған Шибанидтер елшісі Жәнібек сұлтанның (XVI ғ.) дерегінде Қасым ханның Шыңғыс ханның алтын тағында отырғаны суреттеледі. Осы деректі негізге алып, бұрыштары арыстанның, барыстың, жолбарыстың, айдаһардың басымен әрленген тақтың макеті жасалды. Қасым ханның бейнесі сақталмаған, сондықтан Ирандағы Реза Аббаси музейіндегі Сефевидтер дәуіріндегі қолжазбалардағы миниатюралар пайдаланылды. Едіге бидің бейнесі мен келбеті туралы бір ғана сипаттаманың авторы ХІV ғасырдағы араб тарихшысы ибн Арабшах: «Едіге қоңырқай өңді, орта бойлы, шымыр денелі, ержүрек, түрі қорқынышты, ақылды, жомарт, күлкісі тартымды, сұңғыла әрі зерек адам болған»,- деп жазады. Едіге бидің киімін жасауға этнограф-тарихшы Михаил Викторович Гореликтің реконструкциялық суреттері негіз болды. Ноғай Ордасының билеушісі Едіге бидің бейнесін жасау барысында реконструкциялық жұмыстар белгілі ноғайтанушы, тарих ғылымының кандидаты А.Исиннің қатысуымен, кеңесімен жүзеге асты. «Хандарды қойған Сарайшық, хан сүйегі кие деп» дегендей, тарихи тұлғалардың шынайы бейнесі музей экспозициясына, Сарайшық тарихына қызығушылықты арттырады деп сенеміз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

– Алтын Орда кезеңіндегі Сарайшықтың бірегей макеті қайта жасақталғаны мәлім. Макет нендей өзгерістерге ұшырады? Оған кімдер атсалысты?

– Ортағасырлық қала макеті нақты деректерге, дәлірек айтқанда Сарайшықтың 1741 жылғы және 1861 жылғы топографиялық түсірілімдері, карта-сызбалар негізінде көлемді етіп жасалды. Ол барлық қазбалардан алынған деректермен толықтырылды. Алтын Орда дәуіріндегі қаланың сәулеті, мәдениеті мен тұрмысы ғылыми деректер негізінде қайта жаңғыртулардан өтті. Діни, қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлердің көшірмелері барынша шынайы көрсетілді. Макетте жарықтандыру жүйесі арқылы қаланың ымырт кезі де көз алдыңа көрсетіледі. Ішінара автоматтандыру арқылы кейіпкерлердің «жандануы» қарастырылған. Артқы фонды қабырғаға сурет салумен толықтырған.

Макет дизайнын жасауға Қазақстан суретшілер Академиясының Құрметті академигі, сәулет философия докторы Алмас Ордабаев қатысқан.

– Ішкі туризмді дамыту мақсатында облысымызда Сарайшықтан бөлек тағы қандай тарихи орындар мен ескерткіштерді баса назарға алуымыз қажет деп есептейсіз? Аталмыш саланың білгірі ретінде жеке ұсыныс-пікірлеріңізді ортаға салсаңыз.

– Зерттеулер көрсеткендей, ерте кездегі әр ірі қаланың айналасына көптеген шағын елді мекендер топтасады. Олар өзіндік бір-бірімен байланысты агломерация құрайтын болған. Бізде әлі күнге дейін Сарайшықтың өз шекарасынан асып зерттеу болмаған. 2015 жылы шыққан Махамбет ауданының тарих және мәдениет ескерткіштері жинағында тек Сарайшық қаласынан басқа алтынордалық кезең ескерткіші жоқ екен. Біздің соңғы 2 жылдағы зерттеуіміз аудан аумағынан Сарайшықпен байланысты ондаған елді мекендердің орнын ашты. Олар Сарайшықтан батысқа, оңтүстікке, шығысқа бағытталған керуен жолдары бойында орналасқан. Қарағайлы, Ащысай мекендері материалдары өте бай келген. Жаңа анықталған керуен-сарай әзірге тек ғалымдардың қызығушылығын тудырары сөзсіз. Болашақта осы алтынордалық мекендер арқылы турлар ұйымдастыруға болады.

Бұл бағытта  белді қазақстандық ғалымдар – әлемге белгілі археолог профессор З. Самашев, профессор М. Елеуов, профессор М. Қожа, профессор Н. Атығаевтар біздің басты кеңесшілеріміз. Жұмысымызда ресейлік ғалымдар археолог В. Плахов, нумизмат П. Петров т.б. байланыстамыз. Атырау университетінен профессор Ұ. Ахметова екі бірдей ғылыми жобамен жұмыс жасауда. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырған «ГУЛАГ жүйесіндегі Прорва-Астрахан лагері тарихы»  жобасын сәтті аяқтадық. Жаңалығымыз – алғаш рет лагер туралы мол құжаттарды ғылыми айналымға жарияладық. Жақында ғана лагер басына белгі орнаттық.

Ал облыстағы Тоқтар, Ұшқан, Ақтөбе қалаларының орнына да туристер тартатын нысандар жасалса, реставрация жүргізілсе тамаша болар еді. Қазір тарихшылар Ақтөбе қаласын Атыраудың бастауы деп санайды. Атырау қаласының тарихын 1640 жылдардан есептеуді қайта қарастыру керек.

Тағы бір насихаттайтын ескерткіш деп Исатай-Махамбет қолының Жайықтан өткен жеріне қойылған ескерткішті атар едім. Халық өзі сүйген сарбаздарды патша жазалаушыларының торуылдауына қарамастан, жасырын, түн жамылып мұз құрсанған өзеннің арғы бетіне өткізіп жібергені әйгілі тарихи оқиға. Халықтың ерлігін, бірлігін насихаттайтын осы оқиғамен де мақтануымыз керек.

– Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ресми ашылуы кезінде орталықтың бес жылдық даму жоспары бекітілгенін, жоспарға сәйкес Жайық жағасынан басқа да ғимараттар бой көтеретінін жеткізді. Келешекте бес жылдық жоспар бойынша қарастырылған мақсат-міндеттерді журнал оқырмандарымен бөліссеңіз.

– Бес жылдық даму тұжырымдамасын біздің «Сарайшық» музей-қорығы қызметкерлері дайындап, министрлікке ұсынды. Қазіргі кезде Үкіметте қаралып жатыр, ол жақта әрі қарай толықтырылады. Сарайшықтың қазбасы жалғасады, ғылыми-зерттеу ізденіс жұмыстарын жүргізу, қалпына келтіру, тарихи нысандарды моделдеу және құрастыру, т.б. жұмыстар жүргізіледі. Ескерткіш орны қоршалады, абаттандырылады. Тарихи-этнографиялық саябақ, шаруашылық-қолөнер мәдени ауданы, зиярат ететін киелі орындар, «Секер көлі» мен жүзбелі көпір сынды нысандарды қалпына келтіру жоспарланып отыр. Одан өзге, туристерге жайлы жағдай қамтамасыз ету мақсатында демалыс орындары, дүкендер, әжетханалар, көлік тұрағы, т.б. қарастырылған.

«Сарайшық» сапар орталығы тарихи-мәдени ақпараттар мен шығармашылық инновациялардың ортасы болмақ. Музей-қорықтың шектеулі функцияларынан бөлек ғылым мен мәдениеттің, археологияның, этнографияның, өнертанудың, қайта қалпына келтірудің мәдени-білім беру және имидж орталығына айналады деп ойлаймын.

Жоба іcкe асқан жағдайда: ортағасырлық Сарайшық ашық аспан астындағы музейге айналады, тарихи ескерткіштің сақталуына, қорғалуына толық жағдай жасалады және Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын насихаттауға жол ашылады, халқымыздың өркениетке қосқан үлесі айқындалады. Бір жағынан, жаңа жұмыс орындары ашылады, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады деп ойлаймын. Қорыта келгенде, мыңжылдықтарға жалғасқан, тұла бойы тұнған тарих көне Сарайшықтың сан сыры әлі талай ғасыр ашылған үстіне ашыла беретіні сөзсіз.

 

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТ,

Атырау облысы