Арқаға барып әншімін деме, Батысқа барып күйшімін деме. Талайдан қалыптасқан қасаң қағида. Біздің батыс өлкесі күйшілік мектептің негізгі орталығы саналатыны жасырын емес. Кешегі дәулескер күйші Махамбеттен, күйдің қос алыбы Құрманғазы мен Динадан, бергідегі Рыспай, Қаршыға, Әзидолла сынды корифейлерден жалғасқан қара домбыраның шанағынан төгілген күмбір күйдің қасиет-кепиеті бабадан балаға дейінгі ұрпаққа бүтін күйінде жетіп отыр. Сол игі дәстүрді ананың жүрегі, әкенің тілегімен, туған жердің түтінімен бойына сіңіріп өскен, бүгінде күй көгінде күн болып жарқырап жүрген жалынды өнерпаздардың бірі – жуырда ғана «Асқақ күйдің Ақбөкені!» деген «айқайлаған» атаумен концертін беріп, елді бір дүрліктірген Ақбөкен Темір атты ұлдарыңыз. Бұл ретте замандаспен бір-екі ауыз сөз өрбіттік.

 

– Қолыңа алғаш домбыра ұстауға әсер еткен не нәрсе? Әлдебір оқиғасы бар ма?

– Бала кезімнен өнерге қызығушылығым болды. Әсіресе әнге. «Музарттың» хит болып тұрған кезі. Үшінші сыныпта, сегіз жасымда Қайыршақты балалар саз мектебіне анам алып барды. Вокалға түсем деген ниет болған. Қапелімде, бара сала «Әппақ келін, ақ келін…» деп басталатын «Фарида» әнін шырқап бердім. Есімде, мұғалімдер «қырылып» қалды! (күлді). Мен дұрыс емес айтып жатқан болармын деп ойладым. Сөйтсем, қылығыма күліп жатыр екен. Содан мұғалімдер «Музыканы есту қабілетің жақсы. Бірақ бізде вокал жоқ, одан да сен домбыраға түс» деп кеңес берді. Ұзақ ойланбастан келісе кеттім. Шыны керек, басында үлгерімім ойдағыдай болса да мойынсұнбай жүрдім. Себебі менің бала арманым әнші болу еді. Есіл дертім сол.

Ол уақытта қазіргідей жеке меншік конкурстар болмады. Домбыраның үшінші сыныбында оқып жүріп «Жас музыканттар» сайысының қалалық кезеңінен 1 орын, облыстық кезеңінен 2 орын алып, осылайша көңілімдегі домбыраға деген іңкәрлік кәдімгідей өзіме де сезіле бастады. Дегенмен, 9 сынып бітіріп, тағы да әлгі әншілік арманымнан үміт үзбей, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында вокал бөлімі бар дегенді естіп, бардым. Олар «Вокалға біздер төменгі сыныптардан бастап аламыз. Сенің жасың асып кеткен. Ал домбыраға икемің бар көрінеді» деп, тағы да әлгіндей жағдайға тап болдым. Сол жерден Темірбек Қайдаров деген ұстазыма домбырадан қағысымды, қарымымды көрсетіп, академияға емтихансыз қабылдандым.

– Жыл басынан бері өңірлерде Құрманғазының 200 жылдығына байланысты лекция-концерттер өткізіп жүр екенсің. Осы жайында естісек.

– Бұндағы мақсат – өзімді көрсету емес. Бабамыздың мерейтойына қосқан қандай да бір үлесіміз болсын, күйлердің шығу тарихын өзімізше ізденейік, оны студент жастарға жеткізейік деп қолға алған бастамамыз. Және мен оқып жүргенде бұндай тәжірибе алмасу бағытындағы лекция-концерттер тіпті консерватория қабырғасының өзінде аз болатын. Бұл да бір себеп. Негізі өз басым қандай іс-шарада да күйлерді орындамас бұрын күйші немесе жүргізуші сол күйдің тарихы жөнінде аз-кем айтып өткенін құп көремін.

Осы бағытта жыл басынан бері ең бірінші Атырау қаласының Құрманғазы атындағы балалар саз мектебінде, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы «Атырау музыка колледжінде», Атырау университетінің Музыка факультетінде, одан кейін Маңғыстау өнер колледжінде, Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледжде, Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы университетте, Қазанғап атындағы колледжде лекция-концерттерімізді өткіздік. Сәтін салса, ендігі жоспарда Орал, Ақтөбе, Семей сынды қалалар бар.

– Білуімше, сенің шығармашылығыңда «Sarmad» этнофольклорлық ансамблінің алатын орны ерекше…

– 2014 жылы Атырау музыка колледжі қабырғасында II курс оқып жүрген мезгілім. Сол кезеңде облыстық халық шығармашылығы орталығы басшысы Алма Әзидоллақызы Алматыдан Бауыржан Ақтаев ағамызды елге алдыртып, аталмыш ұжымның құрылуына бастамашы болған еді. Ансамбль әуелі «Ақерке Жайық» аталды. Бастапқыда жәй қызығушылықпен барғаным рас. Бір жылдай уақыт өткен соң, яғни 2015 жылдан бастап ұжым құрамына қабылдандым. 2016-2020 жылдары консерватория оқып келген соң ансамбльге қайта орналасып, бүгінге дейін еңбек етіп келемін. Өздеріңіз білетіндей, қазір «Sarmad» Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсетеді. Ансамбльдің азғантай мерзім ішінде жеткен жетістіктері де аз емес. Ең бастысы, төл музыкасына деген көрермендердің ықыласы шексіз. Бізге бұдан асқан баға да керек емес.

– Байқауымша, ізденімпаздығың бар сияқты. Бұл өзіңді алға қарай өнертану бағытында көретіндігіміздің бір белгісі емес пе?!

– Дөп бастыңыз. Үш жыл бұрын, консерватория бітірген жылы отбасылық жағдайларға байланысты оқу орнының магистратурасына тапсыра алмадым. Келесі жылы бағымды сынап көріп, ағылшыннан екі балл ғана жетпей елге қайттым. Алла жазса, күйлердің тарихына терең бойлай бергім келеді. Әр шығарманың ғылыми негізіне, пайда болу фактілеріне шамам жеткенше талдау жүргізіп, біртіндеп өнертану ғылымына қарай бет бұрсам деймін.

 

Сұхбаттасқан: Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТ