Атырау ардақтылары
Тәжібай ТЕКЕЕВ – ардагер журналист, Атырау облысы, Мақат ауданының баспасөзін қалыптастырып, дамытуда айрықша үлесі бар қаламгерлердің бірі.
1923 жылы қазіргі Атырау облысы, Доссор кентінде туған. Еңбек жолын 1941 жылы «Социалистік Ембі» газетінде әдеби қызметкер ретінде бастаған. Көп ұзамай Ұлы Отан соғысы басталған шақта неміс фашистерімен шайқасуға аттанады. Қанды қырғында Қызыл әскердің 183-інші барлаушылар дивизиясы құрамында болады. 1943 жылы ауыр жарақаттануына байланысты елге оралады.
Елге келісімен сол тұстағы Мақат аудандық «Социалистік Ембі» газетінің редакторы басылымның жауапты хатшысы қызметіне кіріседі. Бұл қызметті ол 1943-1947 жылдары абыроймен атқарып, 1947 жылдан бастап редакторлыққа тағайындалады.
Т.Текеев редакторлық еткен кезеңдерде мұнайлы ауданның газеті бірнеше мәрте одақтық, республикалық байқаулардың жүлдесіне ие болған. Елге ақын, айтыскер ретінде танылып, публицистикалық шығармалары, әңгіме, очерктері мерзімді баспасөз беттерінде тұрақты түрде жарияланып тұрған.
Қырық жылға жуық газет редакциясын басқарған аға ұрпақ өкілі ретінде ол бірнеше буын журналистерді тәрбиелеп шығарды. Олардың арасында Қаржаубай Сұлтанғалиев, Аманкелді Жылқышиев, Серік Мұқамбетов, Сайлаубай Тәжбентаев, Сабыр Өтепбергенов, Мақсұт Неталиев, Өтеген Нәукиев және т.б. атауға болады.
Ол 1959 жылы КСРО Журналистер одағының І съезіне делегат болған. Мақат аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық кеңестің депутаттығына бірнеше рет сайланады. Отан алдындағы абыройлы еңбегі жоғары бағаланып, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, басқа да мерекелік медальдармен марапатталған. Мақат ауданының Құрметті азаматы. 1994 жылы өмірден өтті. Доссор кентіндегі үлкен көшелердің біріне есімі берілген.
ОТАН
Айдар ғып өзіңе таққан есімді,
Жүрдім бе төріңде, әлде есігіңде.
Бәрібір аяңдамын асыл ана,
Тербеліп өмір құты – бесігіңде.
Күндеп бір көре алмайтын сыпсың-жаршы,
Десе де арланбас ем саған жалшы.
Сіңсе егер, бақыттымын, топырағыңа,
Тәнімді тесіп шыққан жалғыз тамшы.
ТУҒАН ЖЕР
Сонда өтті өмірімнің ерке шағы,
Сонда өсті өмірімнің нәзік талы.
Анамдай әлпештеген, аялаған,
Бар ма екен сенен артық жер жұмағы.
Сүйемін белес-белес белдеріңді,
Қатпайтын қасиетті көлдеріңді.
Көзеген тұңғиықтан қара алтынды,
Білемін Толағайдай ерлеріңді.
Ұнатам түтініңді көлбей ұшқан,
Мұнараң қандай әсем бұлтты құшқан,
Моторы гүрілдеген зор жүректің,
Дабылы естіледі әрбір тұстан.
Жаратам ылғи қатты желіңді ескен,
Мен соған кеудемді кең кере өскем.
Тағы да мақтанышым – качалкалар,
Иіліп көрген сайын сәлемдескен.
Қараймын әр белгіңе зейін салып,
Ыстықсың, өскен жерім, сүйем анық.
Қуанам тетігі боп тұрғаныңа,
Отандай мәшиненің заңғар алып.
Туған жер, сүйіктісің, алтын аймақ,
Тілеймін өркендей бер, жылда жайнап.
Арманым – ақ сүтіңді ақтай алсам,
Отырмын бір төбеңде осыны ойлап.
МҰНАЙ ИІСІ
– Таста, — деп жалынса да, – «Құдай үшін»,
Доссордан кете алмаспын мұнай үшін.
Сау жер жоқ өн бойымда май сіңбеген,
Жұтпасам жүре алам ба мұнай иісін?!
Көкпеңбек қара-қошқыл түсін көрсем,
Бас шайқап, таңданарсың күшін көрсең,
Кен қазып, жер жыртады, суда жүзіп,
Жұлдызбен тілдеседі… – айта берсем.
Мұнайды барлық істің нәрі дер ем,
Елімнің жүрек тамыр қаны дер ем.
Осындай асыл қазына ақтарғасын,
Доссорды өзге жерден артық көрем.
ДОССОРЫМ
Доссорым, сенен ұзап кетсем біраз,
Қайтуға асығамын таппай ылаж.
Таяу кеп бір төбеңнен шыға келсем,
Жайнайсың қарсы алдымда жайып құлаш.
Жайнайсың күндіз қимыл-дабылыңмен,
Суырған жер өзегін алыбыңмен.
Шымыр жел, өткір ауа, ашық күнді,
Байырғы өзіңе тән қалыбыңмен.
Жайнайсың түнде де сен жымың қағып,
Аспанның жұлдызынан моншақ тағып.
Ардақтап атқарарсың ел борышын,
Білмейсің дамылдауды тыным алып.
Жүрегің бірдей соғып бүкіл елмен,
Арқауын ұлы еңбектің тынбай өрген.
Тірлікте ұмытпаймын сені, Доссор,
Па, шіркін, артық не бар туған жерден!
ГУРЬЕВ
Кезсем де талай қаланы,
Көрмедім сірә шын сүйіп.
Мен үшін шамың жанады,
Өзгеден бетер тым биік.
Үйшік едің баста сен,
Ақ қала болдың ұлғайып.
Жарыса түсті жас көшің,
Ағынымен Ақжайық.
Қаланған жаңа тасыңмен,
Сәулесін көрем заманның.
Қуанып соған тасыған,
Мен де бір кіндік балаңмын.
МЕЗГІЛІМ
Мезгілім мені қайда жетелейсің,
Әлде бір зор бақытқа төпелейсің!
Әйтеуір адамшылық жолға бастап,
Қарызды мойныңдағы өте дейсің.
Мезгілім, жетегіңе жүрмін еріп,
Дәуірдің аманатын алып беріп.
Атқарып міндетіңді алдамай,
Жарайды бір өзіңе болсам берік.
КӨҢІЛ
Көңіл деген қызық-ақ,
Қалт-құлт еткен қайықтай.
Ескекті толқын жұлып ап,
Жүресің кейде айықпай.
Көңіл деген қызық-ақ,
Кей кезде күндей жайнайды.
Содан бір сәуле үзіп ап,
Өзіңмен тіпті ойнайды.