Тарих ақтаңдақтары

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған-ды. Содан бері 25 мыңнан аса мұрағаттық қылмыстық іс зерттелінген. 1937-1938 жылдардағы қанды оқиға жаңғырығы мәңгі ел жадында. Нақақтан-нақақ ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары «ұлтым» деймін деп – «ұлы қылмыс» жасап, «халқым» деймін деп – «халық жауы» деген жала жабылып атылып кетті. Талай бейбіт отбасыларының оты өшіп, ана жесір, бала жетім қалды. Түптеп келгенде, саяси қуғын-сүргін, аштық, өзге ұлттардың депортациясы барлығы тоталитарлық жүйенің орыстандыру-шоқындыру, бүтіндей бір ұлтты жою саясатының нәтижесі.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Руханият» патриоттық-танымдық клубының жетекшісі, өлкетанушы Жібек Абдуллинаның редакциямызға жолдаған бұл мақаласында Ақтөбе өңіріндегі саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы тың деректер баяндалады.

 

«Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тегі бекзат болғандар,

Тұғырында өмірдің,

Әрқашан биік тұрады»

(ел аузынан)

 

ҚАДЫРБЕРДІ АХУН ЕСЕТҰЛЫ (1850-1932) – белгілі дінбасы, қоғам қайраткері. Діни сауаттылығымен қатар араб, парсы тілдерін меңгерген ғұлама ахун. Бұхарада сегіз жыл оқып діни білім алып, шатырхат алған ахун дін жолында 17 жыл өмірін имандылыққа арнап, мал-мүлкін, қолындағы бар мүмкіндігін мұсылман балаларын діни сауаттандыруға, елді Алланың ақ жолынан адаспай, адами тұрғыда қалыптасуына жұмылдырған тұлға.

Ішкі ордадағы Кіші жүз қазақтары туралы ғалым Я.В.Ханыков Кердері руының қыстаулары үлкенді-кішілі арасындағы Сарықамыс көлі маңына орналасқан деп пайымдаса, ғалым П.Небольсин 1852 жылы Волганың сағасы туралы очеркінде Кердері тайпасының географиялық орналасуы мен шаруашылығына қатысты мәліметтер берген. Осы аймақта ғұмыр кешкен, ата-баба қонысында ізгілікті ағартушылық ісімен із қалдырған Жетірудың Кердері руының Дербіс ұрпақтары Қадырберді ахун Есетұлы.

Кәдірберді ахунның немересі Жәдігер Жамаладинұлы

1875 жылдары Үстірттің ойға құлайтын Қаражар Босаға (1-ші мешіт) тұсына бір беті құм, бір беті жыңғыл тоғай болып келетін аймаққа алғаш рет екі бөлмелі мешіт үйін тұрғызып, ересектер мен жас балаларды дін жолына тәрбиелеп, діни сауаттандырған. Ахун Қаражарда 15 жылдай тұрақтап, ХХ ғасырдың басында жаңа өкіметтің заңынан жасқанып, Арқаға қоныс аударады. Ойдағы мешіт үйі 1950 жылдарға дейін сақталып келген. Байғанин еліне танымал Үркімбай хазірет, Сүймембет ишан, Шейхы ахун, Аққұл ишандармен замандас болған. Қадырберді ахун оқу-ағарту ісіне аса тиянақты қарап, елге сыйлы, сөзі өтімді, шәкірттеріне берген дәрістері иланымды болғандықтан мұсылмандық жолындағы тәрбие тәлімі жаққандықтан алыстан іздеп келіп, балаларын сауаттандыруға берген. 1900 жылдары Байғанин аймағындағы Қарақоға жеріне қоныс аударып, патша жарлығымен жер реформасына сәйкес, Жиделі-Сағыз болысынан жер бөлуін сұрайды. Сол маңның Сағыз болысына қарасты Ожырай мекенінің болысы Жаспан «Сағыз бойында орын жоқ.Терісаққан өзені бойы Дөңгелексорға жақын жерден ал!» деп рұхсат берген. Қадырберді сол жерден халықтың көмегімен мешіт ашып, Терісаққан өзені бойы  Дөңгелексор жеріне (2-ші мешіт) бала оқыта бастайды.

Оның шәкірттері арасынан Шегем Шоқпар Шолақ, Қараш Өтесін, Шегем Демесінов Тауасар, Шахабаев Әнут, Әбішев Ермұрат сынды білімге ынталы, ақылды, іскер азаматтар шыққан. Кейін олар замана талабына сай елге белгілі оқу-ағарту саласының ардагерлері, ауыл шаруашылығы саласының майталмандары болды. Діни сауаты жоғары Қадырберді ахун айналасына нұрын шашып жүретін аса инабатты, елді имандылық, мейірімділік жолына, адамдардың бір-біріне деген құрметін, ауызбіршілігін уағыздап, тыныштығын ойлаған.

Қазан төңкерісінен кейін діни бағыттағы халықтық дәстүрлер бұзылып, мешіттер мен медреселер жабылып, ондағы имам ишандар, хазіреттер, ахундар қуғынға ұшырағаны баршаға аян. 1930 жылы сол кезеңдердің лебі келе жатқанын сезген ахун, бой тасалап, Қарақалпақ жері, Шомалай қаласын паналайды. Әлдекімдердің көрсетуімен, соңына түскен жансыздардың ісімен 1932 жылы Шоманайдан ұсталып, түрмеге жабылады. Кейін атылғаны туралы деректер бар. Сол маңдағы Үркімбай және Досжан хазіреттер де қуғын көреді. Ахунның балалары Жамаладин 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталады. Ал, бір ұлы Сражадин жас кездерінен діни сауаттанып, Уфадан мухтасиба діни атағына ие болған. Аймақтағы мектеп-медреселердің инспекторы болып тағайындалады. Қолында атқарған қызметіне байланысты мөр соғылған жүзігі болған. Ұзақ уақыт соңына түскен өкімет адамдары тұтқындап, 1940 жылы ату жазасына ұшыраған. Жамаладин мен Сражадин мақсымдар Ақтөбеде атылған. Ахунның ұлы Бердімұрат түрлі қиыншылықтардан өтіп, ата-тегін жасырып, өзге фамилиямен шетелде жүріп, тек 1969 жылы елге оралады. Ұлы Нәжмаддин істі болса да кейін Ұлы Отан соғысына қатысып, аман оралады. Туған жеріне абыройлы еңбек етіп, елге сыйлы азамат болды.

Қай кезеңде болмасын, қай жерлерде жүрмесін, ел аузында, халық жадында зиялы иманды бейне – Қадірберді ахун. Оның жұбайы Табын Аққұлұлы ишанның қызы Көрпе көреген, ақылды жан болған. Ауыл арасындағы дау-дамайды шешіп, елдің бірлігін, татулығын сақтап, төреші бола білген. Қадырберді ахун мен Көрпеден бес бала өрбіген. Олар – Камаладин, Сржадин, Жамаладин, Тәжімұрат, Бердімұрат.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ахунның бір ұрпағы Жәдігер Қадырбердиев ағасы Бердімұраттан, анасы Маңдайдан, Қараш Әубәкірдің әкесі Досшыдан бала кезінен естіп-білгендерін жинақтап хаттап қойған. Бастарынан өткен қиын тағдырлары туралы әр жылдары баспасөз беттеріне жариялатып, архивтерден іздестіріп, мәліметтермен ел аузында қалған әңгімелерін жинақтаудан жалыққан емес. «Ебелектің елу аңғары» аталатын кең алқаптың бойында Маңғыстаудың Оғландысына дейін атаулы үш мешіт болғанын аңғарсақ, солардың бірі – Қадырберді мешіті.

Қадірберді ахунның үш мешітінің орны: ҚАРАЖАР-БОСАҒА (Маңғыстау жері), ДӨҢГЕЛЕКСОР (Сағыз болысы) және БАРШАҚҰМ (Сағыз өзені бойы, Байғанин ауданы). 2003 жылы бабаларының құлаған мешітінің орнына жерленген туысқандарына кезінде құлпытас та қойылмағанын ескеріп, әрі киелі мешіт орнына ұрпақтары белгітас орнатып, баба рухына дұға бағыштатып, ас берді.

Кердері Кәдірберді ахун мешітіне белгітас қойылған орны – Байғанин ауданының Баршақұм аулынан бес шақырым жерде. Сағыз өзені бойында.

 

Түйетөбе – қасірет мекені

«Түйетөбе» ескерткіші

Әр жыл сайын 31 мамырда Түйетөбедегі ескерткіш-белгі басына елмен бірге атасы Кәдірберді ахунды, әке-ағалары Жамаладин мен Сражаддинді еске алмаққа ата-әке, ағаларының жазықсыз жаламен әуелі түрмеге жабылып, кейін әр жылдары атылғанын, кейін ақталғаны туралы қамыға еске алады.

ҚАДІРБЕРДИЕВ СРАЖАДИН (1885-1940) Уфадағы медресені 1922-1924 жылдар аралығында бітіріп, Мұхтасиба атағын алады. Елге діни біліммен оралып, сол кезеңдегі мешіттердің діни оқу жүргізу тәртібін тексеру жұмыстарын жүргізеді. Қолға салған жүзігінде мөр бейнеленген. Өткен ғасырдың 28-30 жылдары өкіметтің жаңа қаулысына сәйкес діни мектептер жабылып, мешіттер құлыпталып, дін өкілдерін қуғындау саясатына ұшырағаны белгілі.

1937 жылдың күз айында Ленинград қаласына иттерді күтіп-баптап өсіру шаруашылығы оқуына аттанып, келер жылдың жазында оралады. Алайда, осы шаруашылықты мінсіз жүргізіп, өзгелерге де үйретіп жүрген есіл ер Кадірбердиев Сражадин 1940 жылы қараша айында жазықсыз жаламен тұтқындалып, Ақтөбе түрмесіне жабылады. Сол жылдың күзінде оған «Халық жауы» деген жала тағылып, атылып кеткен. хабары келеді. Ал, жазықсыз жаламен ату жазасына бұйрылған әке тағдырын ағайын- туыстары нақты не үшін атылғаны,  қайда жерленгені туралы мәлімет ала алмайды. Араға 60 жылға жуық уақыт өткенде Ақтөбе облыстық ҰҚК мұрағатынан алынған анықтама бойынша Ақтөбе маңындағы «Түйетөбе» қорымында 1940 жылы атылғаны, Сражадин Қадірбердіұлы 1989 ж. ақталғаны туралы Түйетөбедегі биік шоқыға ескерткіш белгі қойған кезде ғана білген екен.

Ескерткіш Ақтөбе қаласы Пригородный ауылынан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Тас белгіде «Жазықсыз жазаланғандар рухына тағзым», «Жертвам репрессии 30-50-х годов от благодарных потомков. Смерть Ваша безвинна, память о Вас вечна» деп жазылған.

Тарихшылардың есептері бойынша, репрессия кезінде Ақтөбе өңірінде сегіз мыңдай адам жазықсыз жапа шексе, олардың екі мыңға жуығы ату жазасына кесілген. Олардың атылып, көмілгені, кейбіреуінің тіпті Түйетөбенің айналасындағы сайларға лақтырыла салынғаны туралы 1987 жылы ғана белгілі болды. Оны археологиялық отряд Жаман Қарғалы өзені бойындағы мазарларда қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген кезде анықтаған. Көктемгі су тасқыны кезінде адам сүйектері шұңқырдың бетіне шығып қалған еді. Мүрделердің барлығында бас сүйектің желке тұсынан атылған оқ ізі табылған. Жыл сайын осы ескерткіш-белгі Түйетөбенің басында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға жиналып, олардың рухына Құран бағышталып тұрады. Бұл ескерткіштің тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін алатын орны ерекше.

 

Жібек АБДУЛЛИНА,

өлкетанушы, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану

музейі жанындағы «Руханият» патриоттық-танымдық клубының жетекшісі