Біз бала күнімізде ізгі армандарды қуалаймыз. Ешқайсымыз ой-өрісіміз қалыптаспаған кезеңде «Мен біреуге қастандық жасасам, болашағына балта шапсам не жолына кедергі болсам» деп армандамайтынымыз анық. Бірақ, бүгінгі ұрпақтың дәл сондай мейірімнен мақұрым болып өспесіне кім кепіл? Бала тағдырына мына біз – үлкендер жауаптымыз. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрынан жерлес ақын Әлия Дәулетбаеваның «Толқындар жағада өледі» атты қойылымын көріп, көз жасқа ерік беріп шыға бергендегі ойымыз осындай еді…

Үш-ақ кейіпкер. Бірақ, қаншама тағдыр, қанша мөлтілдеген көздер, айтылмаған сөздер. Қалай айтсын? Олар әлі бала ғой. Дегенмен, дәл бүгін олар сөйледі. Көздері қарауытып, өзінен өзге түк те көрмейтін әлем алдында олар сөйледі. Оларды бейбіт заман сөйлетті. Көз ашқалы көргені бомба жарылысы мен оқ ұшқыны болған сириялық босқындардың баласы Айлан Курдидің кейпіндегі Әзиз. Дүние есігін ашқан-ашпағандығы белгісіз шарана Айша. Ауқатты отбасынан шыққан канадалық бозбала Кристофер. Үшеуі бір уақытта беймәлім аралға қалай тап болды? Оларды байланыстыратын не нәрсе? БҰҰ сынды дүниежүзілік беделді ұйымдардың бұл балалардың тағдырына қандай қатысы бар? Балалар ата-анасының жанына қалай жетпекші? Ол үшін қандай құрбандыққа барады?

Әзиз. Тыныштық іздеп Еуропаға бет алған сириялық отбасының мүшесі. Жолай кемелері аударылып, ата-анасынан да, сүйікті қарындасынан да айырылады. Белгісіз аралға тап болады. Ал, атасы бұл кемеге мінбей қалған. Ол атасының сөздерін үнемі еске алады. Алайда, Әзиз аталмыш жауыз аралда жалғыз емес-тін.

Оған Айша қосылды. Айша демекші, оның Әзизді жолықтырғанда тіпті аты да қойылмаған болатын. Айша деп есім берген – жарық дүниені көргелі алғаш көрген адамы осы Әзиз. Олардың бірден тіл табысқандығы сол – туған күндеріне дейін бір күнге белгілеп алды. Әлі еш нәрсені танып-білмегендіктен, Айша сұрауға үйір. Сонысымен күлкілі. «Анау не, мынау не…». Анау дөңгеленген доп. Жер шарындай. Онымен ересектер қалай ойнаса, біз де солай қалағанымызша ойнасақ болады. Мынау би. Денемізді қалай қозғасақ та өз еркіміз. Ал, мына жағаға соғып жатқан ынсапсыз су – тұңғиық теңіз. Әзиз болса, теңізге шомылудан қорқады. Оны жақын жандарынан айырып, жұтып алған да осы мейірімсіз теңіз болатын. Әзизге ең түсініксіз көрінгені – Айшаның «Ана» сөзінің де мағынасын білмеуі. Айша бұл сөздің астарын, өмірдің өзі ана құрсағынан басталарын қайдан білсін… Жаңа ғана тар болса да жып-жылы, қараңғы жерде жатқан. Енді міне, кеңдігіне қарамастан мұздай жерден бір-ақ шықты.

Тағы да бомба дүрсілі. Жоғары жақтан әлдебір кісілер, не тілге де келмейді, не ештемені көргісі де жоқ, бірақ бұлардың тыныштығын бұзуға әуес. Әзизге бұл көрініс тіптен жақын. Оның жылт еткен қысқа өмірі де осындай жарылыстармен өткен еді…

Бір мезетте екеуінің қасына дүниеге қолындағы түсініксіз құрылғы көзімен қарайтын Кристофер келіп қосылды. Байқаса, әлгі қолындағысы ол үшін тіптен қымбат секілді. Соған үңіледі де отырады. Екеуін жақтыра да қоймады. Әйтсе де кейін достасып үлгерді. Соның өзінде қанша түрпідей естілсе де, Крис – Әзизбен салыстырғанда, соғыс зардабын көрмеген бала. Оның әлемі бөлек. Ол әлгі планшеттің ішінде. Өзі бейбіт заманда ғұмыр кешсе де, ойнайтыны – соғыс ойындары. Кристің айтуына қарағанда, оның әке-шешесі бай-дәулетті, жұмысбасты үлкен кісілер. Өзі сияқты кішкентай адамдарға көңіл бөлуге олардың уақыты да жоқ.

Біраз уақыт өткен соң, бұлар «Біз өліп қалған жоқпыз ба» деген сұраққа келді. Сәлден кейін бұның бәрі көрген түстей елестейді. Сөйтіп, «Бір ұйықтап тұрсақ, бәрі орнына келер, ата-анамызбен қайта қауышармыз» деген тоқтамға келді. Әзиз түс көрді. Түсінде өзі жиі айтатын атасы бұған тағы да ақылын айтты. Ымдады. Әзиз бірден түсіне қойды. Ояна салысымен «Біз өзімізге бәрінен де қымбат дүниемізбен қоштасып, құрбандыққа беруіміз керек» деген шешімге тоқтады.

Әзиз үшін ең қымбаты – теңіздің арғы бетіне, анасы мен әкесіне, қарындасына, бұларды аударып түскен кемемен емес, әуе жолымен жеткізер деген үмітпен сақтап жүрген, өз қолымен ағаштан жасаған ұшағы. Ол сол үшін де ұшқыш болуды армандап еді-ау… Крис үшін ең қымбаты белгілі – планшет. Екеуі осы дүниелерін құрбандыққа бермекке, солай жақындарына жетуге ниеттенді. Алайда, қымбат заты тұрмақ, анасының кім екенін білмейтін, аты-жөні мен жасынан да бейхабар Айша не істемек? Әзизді соңғы сәтте осы толғандырды. Ол өз арманын Айшаға берді. Осылайша, Әзиз кішкентай жүрегімен үлкен ерлік жасады.

Расында, «Үлкен адам болу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға…». Кішкентай балалардың болашағына үлкендер жауапты. Үлкендердің қадамына кішкентайлар жауапты емес… Ақиқат біреу – Сіз бен біз мейлі үлкен, мейлі кішкентай, әйтеуір арнасымен ағылған толқынбыз. Ал, толқындар қайткен күнде де жағада өледі. Толқындар жағада өледі…

 

Өмірбек САЛАУАТҰЛЫ,

фототілші Ерлан АЛТЫБАЕВ,  

Атырау қаласы

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының режиссері Жанат ТЕЛТАЕВ

 

РЕЖИССЕРМЕН ӘҢГІМЕ

– «Үлкендерге арналған ертегі» форматында көрсетілген бұл спектакльдің негізгі тұжырымы қандай?

– Шығармаға басты түрткі болған жәй – Жерорта теңізін басып өтпек кезде қайтыс болған сириялық босқын отбасының Айлан Курди есімді 3 жасар баласының суреті еді. 2015 жылдан бастап желіде тарай бастаған бұл сурет маған қатты әсер етті. Идея, тақырып осы картинкадан басталды. Сол картинка миымнан кетпей қойды. Өйткені, тап осы суретті қарап отқанымда өзімнің 4 жасар баламның да дәл сол қалыпта жатқанын байқадым. Бұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сасқанымнан баламды басқаша жатқызып, үстін жаба бастадым…

Пьеса авторы Әлия Дәулетбаева екеуіміз ақылдаса келе философиядағы «эффект бабочки» деген ұғымды басшылыққа алдық. Яғни, түйірдей нәрсе үлкен трагедияға әкеледі. Осының негізінде, балалардың болашағына, тағдырына жауапты үлкендер екендігін тағы бір мәрте еске салып, әлемдегі соғыс, катаклизм, аборт секілді мәселелерді көрерменге жеткізуді ойладық.

Одан кейін тағы бір қатты әсер еткен сурет – кішкентай ғана қыз өзін суретке түсіргісі келген обьективті көре салысымен екі қолын жоғары көтеріп, қару көргендей шошынады. Бүгінгі бейбіт заманда «Соғыс балалары» деген түсінік қалыптасуының өзі жан түршіктіреді. Жалпы, дүние жүзінің осы уақытқа дейінгі хронологиясын алып қарайтын болса, жер бетінде соғыс болмаған кезең бір жылға да жетпейтін көрінеді.

– Материалды сахна тілінде сөйлетуде, соның ішінде алғаш рет қолданылып отырған ЛЭД экранмен байланыстыруда қиындықтар кездесті ме? Басты рөлдерді сомдап шыққан жас актерлер жөнінде не айтасыз?

– Графикалық дизайн – бұл өте қиын жұмыс. Себебі, актер мен бейнекөрсетілім екеуі үйлесімде болуы керек. Бұл біз үшін эксперимент болғандықтан, сахналық шындық пен өмірлік шындықтың ортасын айырып көрсетуде қиындықтар кездескені рас. Спектакльдің графикалық дизайнері, Caspian News телеарнасының режиссері Эльдар Қатаповпен бірлескен жұмысымыз – театр мен БАҚ арасындағы ынтымақтастықтың дәлелі.

Театр өнерінде «Автор умирает в режиссере. Режиссер умирает в актере» деген түсінік бар. Режиссердың миындағы картина ақырында ешқашан сол күйінде шықпайды. Жаңадан келген театр жастарымен жұмыс істеу үлкен тәуекел болғаны жасырын емес. Әзиз рөліндегі Ұлжан Ғимранова, Кристоферді сомдаған Райымбек Қаденов, Айшаны ойнаған Шакизада Күзембай, үшеуі де – Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлектері. Олардың дебюті бүкіл ұжыммен бірге халықтың да үмітін ақтағанына сенім мол.

– Сіздің ойыңызша, қойылымның шарықтау шегі қай тұста?

– Мен үшін кульминация – Леонард Коэнның «Hallelujah» (Аллилуйя) әні. Жоғарыда үнсіз, төменде болып жатқан жағдайлардың бәріне немқұрайлы отырған мемдардың жерге түсіп, Айшаның мінберден «Ей, әлем, тоқтатыңдар! Мені тыңдаңдар!» деуі. «Бір уақыт баланы да тыңдайық. Оның да айтатыны бар. Бала да ашуланады» деген философия. Сайып келгенде, әрқайсысы өз тіліндегі, өз сеніміндегі жанайқайын естіртті. Есту-естімеу, тыңдау-тыңдамау біздің ұйғарымымызда.