Жуырда Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен ҚР Ұлттық музейі мен Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі кәсіби іс-әрекетінде жоғары нәтижелерге жеткен шығармашыл музей мамандарының кәсіби шеберліктерін анықтау мақсатында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Үлкенбайұлы атындағы І Республикалық байқау өтті.

Шараның мақсаты – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай алдыңғы қатарлы музей қызметкерлерінің тәжірибелерін тарату, кәсіби дағдыларын арттыруға қолдау көрсету. Сала мамандары мен көрермен арасындағы талғамдық құндылықтарға жету, музейге келушілермен жұмыс істеуде жаңа әдістерді енгізу.

Нариман Үлкенбайұлы – 1939 жылы 1 қаңтарда Атырау облысы, Исатай ауданындағы Манаш ауылында дүниеге келген. Жастайынан өнерге бейім боп өскен жас бала күйшілік, әншілік қырларын дамытып, Аққыстау, Махамбет аудандарының мәдениет ошақтарында актер, режиссер, содан соң басшылық қызметтерді абыроймен атқарады. Сонымен қатар, 1957 жылы 500 адамдық оркестр құрамында үздік күйшілердің қатарынан көрініп, тарихқа енсе, одан кейінгі жылдарда Аққыстауда Ғатау Рамазановтың бастауымен ашылған драма үйірмесінің қойылымдарына қатынасып, ауыл халқының мәдениетін көтеруде белсенділік танытты. Ол дала дауысындай жаңғырық үннің иесі Ғарифолла Құрманғалиевті пір тұтып, ақын Кәкімбек Салықовтың «Жезкиігін» жез таңдайына салып, барша халықты таң-қалдырған әнші, Құрманғазы, Дина, Ерғалидай күй саңлақтарының дарынын бойына жинаған күйші, Зейнолладай ғажап ұстаздың шешендік өнерін жалғастырған сөз зергері, ұйымдастыру шеберлігі шыңдалған көркемдік жетекші атанды. Қазіргі таңда Атырау облысы, Тұщықұдық ауылындағы мәдениет үйі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Үлкенбайұлының есімімен аталып отыр.

Жоғарыда аталған байқау келесідей кезеңдер бойынша жүзеге асты:

«Келіңіз біздің музейге!» атты бірінші кезең музейді таныстыруға арналды. Музей экспозицияларының DVD, 3-Д форматындағы ұзақтығы 5 минуттық бейнеролик арқылы таныстырылымы болды.

Екінші «Менің өмірімдегі музей» атты кезеңде музейдің мәдени-көпшілік немесе ғылыми-ағарту салалары бойынша енгізген жобалар қорғалды.

«Ұлы даланың ұлы есімдері» атты үшінші кезеңде өз өлкесіндегі ұлы есімдерді ұлықтау тапсырмасы жүктелді.

Соңғы төртінші кезең Нариман Үлкенбайұлының өмірі мен шығармашылығы, тұлғалық қасиеттері жөнінде сұрақ-жауап түрінде жүргізілді.

Сайыстың бағалау негіздері қатысушының ақпаратты берудегі анықтығы, дәлдігі, логикалық түйіні, сөйлеу мәдениеті, жауапкершілігі, жаңашылдығы (ақпаратты берудегі өзіндік тәсілі) сынды критерийлер бойынша анықталды.

Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев, ҚР Ұлттық музейінің экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Айгүл Айбосынова, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Тамара Жұмалиева, тарих ғылымдарының кандидаттары Ғалия Файзуллина және Әния Ермағамбетова, Ш.Сариев атындағы көркем сурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасаров және тарихи-өлкетану музейінің қорларды есепке алу секторының жетекшісі Күміс Аймуканова қатысушылардың білігі мен біліміне баға берді.

Байқау қорытындысы бойынша Нариман Үлкенбайұлы атындағы Бас жүлдені Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Л.Салихова иеленді. ІІ-дәрежелі дипломмен Махамбет аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері А.Мурсалимова мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музей қызметкері Н.Жақсылықова марапатталды. Ал, ІІІ орын Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінен А.Беккулиева, Сырым Датұлы аудандық тарихи-өлкетану музейінен А.Ойшыбаева мен Түркістан тарихи-өлкетану музейінің қызметкері М.Кенжекуловаға бұйырды.

Жастар жылына орай ерекше көзге түскен жастар «Үкілі үміт», «Үміт сәулесі», «Озық ойлы маман», «Тұлға танушы» атты номинациялармен марапатталып, жүлделі сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

А.Ш.АЙБУСЫНОВА,

ҚР Ұлттық музейінің

экскурсиялық қызмет

көрсету бөлімінің жетекшісі