Атырау облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіп ашып, бизнесін табыс көзіне айналдырғысы келетін  жастарға «Basta» форумын ұйымдастырған еді. Айта кетейік, аталмыш шара алғаш болып Нұр-Сұлтан қаласында 150 адамның қатысуымен өткен болатын. Мұнайлы шаһарымызда жалғасын тапқан жас кәсіпкерлерге арналған форумға облыс бойынша барлығы 450 болашақ кәсіпкер қатысты.

Шілде айынан бастап елімізде «Жас кәсіпкер» жобасы аясында жастар мен жас отбасыларға 200 оқу сыныбы ашылды. Жоба аясында мемлекет жастарға оқыту, қаржыландыру және микрокредит, грант сынды барлық жеңілдіктерді қарастырған.

Бұл жұмыстар бірінші кезекте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау-бизнес» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Үш жыл ішінде «Бастау-бизнестің» арқасында ауылдық жерлерден 11 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкер атанды. Биыл жоба аясында 20 мың адам оқытылып, оның 5 мыңы кәсібін ашып, мемлекет тарапынан әрі қарай аяққа тұруына барлық жағдай жасалуда.

Ал, «Basta» форумы жастарды ортақ пікір алаңына жинап, өзара тәжірибе алмасуына жұмыстанады. Осындай жиындар апта сайын еліміздің барлық аудандарында өтетін болады. Форумның мақсаты – бизнесте табысқа жеткен білікті кәсіпкерлердің жетістікке жету жолын айту арқылы жоба қатысушыларын жігерлендіру.

Жиында алғашқы сөз кезегі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау облысы бойынша директоры Абдолла Хамиұлына берілді.

– Биыл Елбасы Н.Назарбаевтың шешімімен «Жастар жылы» болып жарияланғанын білеміз. Осы мақсатта елімізде жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Жас кәсіпкер» жобасын бастаған болатын. Қазіргі таңда Атырау облысында 7 аудан бойынша 8 оқу сыныбы ашылып, 279 түлек бизнес бойынша тәлім алды. Ендігі мақсатымыз – бұл көрсеткішті 600-ге жеткізіп, 120 түлекке 500 мың теңге көлемінде грант бөлу. «Basta» форумын өткізудегі себеп – кездесуге жиналғандарға бизнес бастаудың тиімді жолдарымен қоса ескеруге тиісті қателіктердің алдын алу жайлы жан-жақты мәлімет беріп, қолдау көрсету, – дейді Абдолла Идресов.

«Жас кәсіпкер» 18-29 жас аралығындағы Neet категориясындағы жастарды, фрилансерлер, мектеп, колледж бен жоғары оқу орындарының түлектері мен жас кәсіпкерлерді қамтиды. Атырау облысы бойынша 1800 адамды оқыту жоспарланса, оның 600-ге жуығы жастар. Оқуды толық меңгеріп, тәмамдаған жас кәсіпкер мемлекет тарапынан грант немесе кәсібінің бастапқы салымы үшін жеңілдікпен несиеге ие болады.

Сондай-ақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 700 грант бөлінді. Күні-бүгін «Жас кәсіпкер» басталғанына бір ай болғанына қарамастан 200 сыныпты және 10 мың жастардың басын біріктірген бірегей жобаға айналып үлгерді. Күн сайын бизнес жоспарлар жасақталып, мыңдаған тренинг сағаттар, белгілі бір нәтижеге қол жеткізген кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырылуда.

Ағымдағы жылы Болгарияда өткен кәсіпкерлік бойынша әлем чемпионатында Лилиана Хегай жетекшілік ететін атыраулық «MiniBoss» бизнес мектебінің 12-13 жас аралығындағы оқушылары алғаш рет қатысып, елімізге жүлделі 3 орынды сыйға тартты.

Спикерлер сөз сөйледі

Әр кәсіпкер өміріндегі алғашқы кәсіби жолын дамыту жолында қоғамның, елдің дамуына қызмет істеуі керек. Осы бағытта форумға білікті кәсіпкер-спикерлер шақырылды. Олар өздерінің табысты тәжірибелерімен бөлісіп, жиналғандармен диалог құрды.

Алғашқы кәсіпкер-спикер өз жолын білім саласынан тапқан, Атырау облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің мүшесі, Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры, ҚР минералды ресурстар академиясының академигі, профессор Айтиева Нұрлы. Ол кәсіпкерлік арқылы қалай білім саласына келіп, колледж ашқаны жөнінде баяндады. «Білім беру сапалы білімді ғана емес, кәсіпкерлікті тиімді жүргізуді талап етеді» — дейді Н.Тельманқызы.

Спикерлердің қатарында кәсіби спортшы, «Alem fighters» спорт клубы желісінің иесі – Ардақ Назаров та болды. Танымал спортшы негізінен мотивациялық әңгімелер қозғап, кәсіп түбі – нәсіп болса, сол несібені адал жолмен табудың артықшылығын айтуға тырысты. Ол үшін бүгін қолдан келмеген істі ертеңгі күні жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.

Бұдан бөлек, «Rocket Study» және «Atameken Academy» білім беру платформаларының негізін қалаушы Арслан Дәрімов пен кәсіпкерлер палатасының тәжірибелі бизнес-тренері Арман Азаматов жас та болса бас болып жүргендерін дәлелдеп, кәсіп ашудың бірінші баспалдақтарынан нендей әдістермен жүріп өтудің қыр-сырын ашып айтты.

Әрмен қарай аудитория спикерлерге кәсіпкерлікті бастапқы капиталсыз қалай бастаған жөн, еңбек нарығында аты аталмай жүрген сұранысқа ие қандай қызмет түрлері бар деген сынды сұрақтардың жауабын алды. Қызықты сұрақ иелеріне әлемдік деңгейде мойындалған кәсіпкерлердің кітаптары табыс етілді. Ал, А.Дәрімов көптеген сұрақтардың ішінен Исатай ауданының тұрғыны Перизат ??? Астана қаласына барып, жеке бизнес мектебімен танысу мүмкіндігін сыйлады.

Айта кету керек, мұндай кәсіпкерлікке бағытталған перспективалық жастар форумы алдағы уақытта облыстың бес ауданында өтеді деп жоспарлануда.

Алтынай СӘЛІМГЕРЕЙҚЫЗЫ,

Атырау қаласы