Атырауда өткен түркітілдес халықтардың Халықаралық домбыра фестивалі осылай аталды. Үш күнге созылған домбыраға арналған салтанатты шараның кіріспесі Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың сөзімен ашылды. «Нағыз қазақ — қазақ емес, Нағыз қазақ —  домбыра» деп Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Қадыр Мырза-Әлі жырлағандай, бұл күндері Ақ Жайықтың жағасы күймен толқыды. Аспанға өрлеген әуендер, түркітілдес халықтарға ортақ домбыра аспабының тарихы мен тым әріден жеткен көне саздың ырғағы көрермендерді тебірентіп, жан-дүниелерін әуезге толтырды.

«Атырауға барсаң, күйшімін деме, Арқаға барсаң әншімін деме» деген қанатты сөзді айтқан да, ойлап тапқан да біз емес. Оны көнекөздерден естіп, қағып алып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген – халық, қалың бұқара. Нарында туған наркескен ақындар мен дәулескер домбырашылар аз емес. Тоғыз перне, екі ішектен небір күй құйынын туғызған саф асылдардың өздері болмаса да, көздері жүр осынау топырақта. Оны аталған фестиваль баршаға танытты да.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, күйші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Айгүл Үлкенбаева төрайымы болған қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, күйші, композитор, Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Айтқали Жайымов, КСРО халық әртісі, Тоқтоғұл Сатылғанов атындағы Қырғыз КСР-нің Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Самарбүбі Тоқтахунова, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Башқұртстанның халық әртісі, қурайшы, дирижер, Мифтахетдин атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Рамиль Байзуллин, Әзербайжанның еңбек сіңірген әртісі, ұлттық консерваторияның «Аспапты мугем» кафедрасының меңгерушісі, доцент Малик Мансуров, Ыстамбұлдағы Түрік музыкасы мемлекеттік консерваториясының профессоры Аднан Коц, дәулескер күйші, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Құттыгерей Дүйсеевтердің болуы байқаудың маңыздылығын арттыра түскені ақиқат.

ТМД елдері кеңістігінен, Түркия мен Индонезиядан келген фольклорлық ансамбльдердің қатарында Атыраудан «Сармат», Алматыдан «ХасСақ» фолклорлық-этногафиялық ансамбльдері өнер көрсетті. Күй додасына еліміз аймақтарынан және шет елдерден өнер ұжымдары және алтайлық топшууршы, түркімен дутаршысы, өзбек дутаршысы, қырғыз қомызшысы, түрікбағламашысы, хакас хомысшысы, әзірбайжан таршысы қатысты.

Түбі бір түркі елдерінен ат арытып жеткен өнерпаздар Тұран жеріне, кәрі Каспий жағасына келіп, домбыра мен қобыз сазына елтіп, өзгеше бір күй кешті. Көнеден бебеу қағып жеткен сарын Ақ Жайықтан ескен саумал самалмен үн қосқандай. Бір кездері Мұрат ақын айтқандай «жеті жұрт көшіп, жеті жұрт қонған» киелі Атырау жерінің, жеті хан жатқан Сарайшықтың иісі түркі жұртына ортақ Отан болғанын еске алып, көздеріне жас толған, толқып-тебіренген осынау ағайынның ақжарма сөзі, ақ пейілі асып-төгіліп жатты. Сондай-ақ, Алтай-Тарбағатай, Арқа, Жетісу, Қаратау мектептерінің, Сыр, Қазанғап, Маңғыстау өңірлерінің дәстүрлі мектептерінің өкілдері Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Н. Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында, «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінде шеберлік сыныптарын өткізді.

Фестиваль аясында Ресейдің Хакасия жерінен келген «Хазыр суг»,  Әзербайжанның «Наз-назы», қырғыздың «Мурас» ансамблі, Түркиядан, Индонезиядан келген фольклорлық-этнографиялық өнер ұжымдары және Эр Рияд қаласында өткен «Worldfolk vizion» әлемдік этномузыка сайысының «Этномузыка» аталымы бойынша бас жүлдеге ие болған «ХасСақ» ұжымы қатысқан концерттік бағдарлама Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында көрермендер көңіліне жол тапты.

Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің қатысуымен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Айгүл Үлкенбаеваның күй-альбомының тұсаукесері күй анасы ескерткіші алдында өткізілді. Қазақтың күй өнерін насихаттауда бастауын Динадан алатын қазақ қыздарының күйшілігі бүкіл әлемге өзін мойындатқаны ақиқат. Күй-ананың ізін жалғап, бүкіл қазаққа оның көзіндей болып көрінген дәулескер күйші Бақыт Қарабалинаның туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Аталған шара осыған орай да өткізіліп жатқандай көрінгені рас.

Фестивальдің бас жүлдесін өнер бәйгесіне қатысқан 22 үміткердің ішінен Әзербайжаннан келген өнерпаз Аяз Имранов қанжығасына байлады. Бірінші орынға қызылордалық домбырашы Абылайхан Ысқақов лайық деп танылды. Екінші орынды Қырғызстаннан қатысқан Айзада Қасаболатова мен ыстамбұлдық Дениз Гунеш бөлісті. Үшінші орынды Талдықорғандық Ботагөз Дүнгенбаева, Нұр-Сұлтан қаласынан келген Эльвира Бошымова, Атыраулық Темірбек Қайдаровтар еншіледі. Атыраулық Нұргүл Хинекина, Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан өнерпаз Айымгүл Бекбаева, Өзбекстандық Улугбек Юнусов, Тәжікстандық Анваржан Норматов фестиваль дипломанттары атанды. Шетел аспабында үздік өнер көрсеткені үшін номинациясымен Түркияның Стамбул қаласынан келген Дениз Гунеш марапатталды. Айгүл Үлкенбаева атындағы арнайы жүлде талдықорғандық Ботагөз Дүнгенбаеваға бұйырды.

Р.S. Түркітілдес халықтардың Халықаралық «Saz perneli Saraishyq» атты домбыра фестивалі мәресіне жетті. Көңілдерде әсем әуен, күмбірлеген күй сазы қалғаны шындық.

«Домбыра бұл үнсіз қалып көрмеген,

Қайғы-мұң да, қуаныш та кернеген.

Үзіледі, үзіледі, үзіледі әуендер,

Ғасырлардың көз жасындай пернеден» деген жыр жолдары оралады санаға.

    Иә, ғасырлардың көз жасы, бабалардың аттың жалы, түйенің қомында жүріп жиған мұрасы, алаулаған ақындардың мұң-зары, жалаулаған батырлардың ерлігі домбыра шанағында дауыл тұрғызып, арқыраған арғымақ екпінімен жүйткіп жүргендей. Оны бізге қарт Каспийдің толқындары айтады. Оны бізге құм Нарынның жал-жал құмтаулары жеткізеді. Оны бізге ұланғайыр сахараның желі ызыңдайды. Ол жайлы бізге ерке Жайық сыл-сылқ күліп жеткізеді. Домбыра аман болса, қазақ өнері болашаққа жететініне сенді жүрегіміз осы күндері. Бабалар аманатына адалдық, өткен күндерге деген сағыныш, болашаққа деген бір күдік пен бір үміт жетелеген домбыра сазы Ұлы Далада кетіп барады. Сіз оны естідіңіз бе?

                                                                                               Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,

Атырау қаласы