ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жақында Атырау облысына жұмыс сапарымен келіп кетті. Сапар барысында Үкімет басшысы аймақтағы мұнай-газ кәсіпорындарына арнайы барып,  жаңа өнеркәсіп нысандарының құрылысымен танысты. Сонымен қатар, жергілікті қамтуды дамыту, мұнай-газ машиналарын жасау және ҚР еңбек заңнамасын сақтау мәселелері бойынша кеңес өткізді.

«Болашақ «жасыл экономикада», ендігі мақсат – баламалы қуат көздерін іздеу» дегенімізбен, дәл қазіргі уақытта Қазақстан экономикасы үшін мұнай мен газ қорларының маңызы ерекше болып тұр. Себебі, әлемнің алпауыттарының өзі «жасыл қуат көздеріне» қадам басқанымен, қара алтынның тақырыбы бүгін-ертең жабыла қоймайды. Үкімет басшысы Асқар Маминнің басқа емес, алдымен Атырау мұнай өңдеу зауыты, «АтырауМұнайМаш» ЖШС, Атырау полиэтилен құбырлары зауытына барып, арнайы міндеттерді жүктеуінің басты себептері де осында. Сонымен бірге, Үкімет басшысы «Ұлттық өнеркәсіптік мұнай-химия технопаркі» АЭА жұмысымен де танысты.

Сапар аясындағы тағы бір маңызды элемент – Премьер «Теңізшевройл» ЖШС жүзеге асыратын Болашақ кеңейту жобасы аясында салынып жатқан Теңіз кен орнындағы үшінші буын зауытында да болды. Жоспар бойынша құрылыс 2022 жылы толықтай аяқталуы тиіс. Әзірге зауыттың құрылыс алаңында 25 мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдардың 3300-ге жуық қызметкері жұмыс істеуде. Асқар Мамин сондай-ақ, «Болашақ» зауытына тасымалданатын D аралын тікұшақтан бақылап өтті.

Сапардың тағы бір маңызды тұсы – Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен ТШО ғимаратында өткен мұнай-газ саласындағы жергілікті қамту мәселелері бойынша кеңес болды.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жергілікті қамтуды дамытудың негізгі жолы – отандық компаниялардың қызметтері мен тауарларын сатып алуды ұлғайту. 2018 жылы үш ірі оператор – ТШО, КПО және НКОК компаниялары – 245 млрд. теңгеге тауар импорттады, ал жергілікті тауарларды тек 19 млрд. теңгеге сатып алған. Министр қазақстандық тауарлардың, оның ішінде машина жасау өнімдерінің көрсеткіштері үшін өсудің негізгі әлеуеті мұнай-газ саласында шоғырланған деп есептейді.

Жиын барысында Үкімет басшысы Асқар Мамин ірі жобалар операторларының сатып алуларында жергілікті қамту үлесі өсімді байқатып отырғанын атап өтті. «Бірақ, қазақстандық машинажасаушылардың өнімдері толыққанды пайдаланылмай отыр. Бұл жағдай пәрменді шараларды қабылдауды талап етеді. Оның ішінде жобалар операторлары да қатысуы тиіс» – деді ҚР Премьер-Министрі.

Сондай ақ, бас спикер Асқар Мамин Үкіметтің «Машинажасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын» қабылдағанын мәлімдеді. Онда машинажасау кәсіпорындарын салықтық артықшылықтармен, қаржылық және шикізаттық қолдаумен, сондай-ақ білікті кадрлармен қамтамасыз ету бойынша мәселелерді пысықтау қарастырылған.

Кеңес қорытындысында Премьер ҚР еңбек заңнамасының сақталуы мәселелеріне назар аударды. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылар кәсіпорындарда жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуі тиіс. Және болашақта мердігерлер мен қосалқы мердігерлерге қатысты вертикальді бақылау енгізілуі мүмкін.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

 Сіз не дейсіз?

Ермек МАРАБАЕВ,

НКОК басқарушы директорының орынбасары:

        Қазақстанның машинажасаушылар Одағымен бірлескен жұмыстың негізгі мақсаты тапсырыстарды жергілікті компанияларда орналастыру болып табылады. Бастапқы кезеңде 12 тауар санаты бойынша 26 тауар өндірушілердің өнімімен таныстыру жұмысы ұйымдастырылды.

        Жергілікті қамтуды енгізу шеңберінде бірнеше мәселе анықталды. Біріншісі – жергілікті өндірушілердің тауарлары мен қызметтерінің халықаралық стандарттарға сәйкес келмеуі. Бұл сәйкессіздікті жою қажет. Екіншісі – үш оператордың тапсырыстарының өз жеке талаптары бар: олардың әрқайсысы бірлескен тапсырысты орналастыруға болатынын ескермей, өз талаптарына сай рәсімдеп, сатып алады. Үшіншіден, машинажасаушылар жобалау кезеңінен сырт қалып жатады.