Айгүл Үлкенбаева – заманымыздың ірі өнер қайраткерлерінің бірі. Оның шығармашылық жолы мен ұстаздық қызметіндегі жетістіктері ұлт мәдениетінің дамуына салмақты үлес қосып келеді.
Айгүл Нариманқызы Исатай ауданының Тұщықұдық аулында өнерімен танымал болған Үлкенбаевтар отбасында дүниеге келді. Төрт жасынан домбыраға үйір балдырған ол 1-сыныпта оқып жүргеннен-ақ мектептегі оқушылар оркестрінің белсенді мүшесі болды. Талапты жеткіншек он жасында алғашқы жүлдесін алып, үлкен сахнаға қадамын басты.
Ол Құрманғазы мен Дина, Махамбет пен Дәулеткерей, Абыл, Есір секілді күйші-композиторлар мұрасын дәріптеген дәстүрлі ортада, небір күй саңлақтарының тартқан саздарын құлағына құйып өсті. Айгүл ізденіске толы кәсіби өнер жолында Т.Бәділов, А.Жайымов, Ш.Қажығалиев, Қ.Ахмедияров, Р.Ғабдиев сияқты күй қағандарынан тәлім алды. Болашағынан зор үміт күттірген шәкіртті сирек кездесетін қабілеті мен еңбекқорлығы үлкен жетістіктерге жетеледі.
Аға буын «екінші Дина» деп бағалаған күйші қыз үшін 80-ші жылдар жаңалыққа толы кезең еді. Осы жылдары жас орындаушылардың республикалық ішекті аспаптар конкурсында (1981), республикалық Құрманғазы атындағы конкурста (1983), Бүкілодақтық «Жігер» фестивалінде (1985), Каспий маңы елдерінің У.Гаджибеков атындағы халықаралық конкурсында (Баку, 1986) үздік өнер көрсетіп, лауреат атанды. Композитор Айтқали Жайымов шетелдегі конкурсқа қатысушы Айгүлге арнап домбыра мен фортепианоға арналған «Шалқыма» күйін жазды.
А.Үлкенбаева – музыка әлеміне жаңалығымен, тың бастамалар алып келген жаңашыл музыкант. Ол «Арай» ансамблінде күйді эстрадалық әрлеумен алғаш рет халыққа ұсынды (1991), жаңа форматтағы «Керулен» этно-тобын құрып, қазақ эстрадасына тың үрдіс әкелді (2007). Оның домбыра тартысы әдеттегі бізге таныс түсінік ауқымына сыймайды. Күйшінің орындаушылық шеберлігі, сезімінің нәзіктігі, түсінігінің тереңдегі, таным көкжиегінің кеңдігі оның дарынының ерекше қолтаңбасындай қабылданады. Бай репертуары, тыңдарман алдындағы жауапкершілігі мен өзгеше өрнекті сахна мәдениеті өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай.
Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық өнерінің мақтанышы Айгүл Үлкенбаева – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры.
АЙГҮЛ-КҮЙДІҢ ӘУЕНІ
Қазақтың күйшілік өнерінің алтын арқауын өскелең ұрпаққа жалғастырушы кәсіби күйші Айгүл Үлкенбаева өз шығармашылығынан бес күй-альбомын ұсынды. Альбомның тұсаукесері өнер саңлағының туған өлкесі – Атырау жерінде өтті. Дина Нұрпейісова ескерткіші алдында осы топтама көрерменге шашу боп таратылды.
Айгүлдің 1-2-күй-альбомдарда XIX-XX ғғ. күй маржандары жүйеленіп ұсынылған. Күйші тыңдап, қабылдауға жеңіл болу үшін альбомдарға екпіні мен техникалық күрделілігі жағынан, әуендік сипаты жағынан төкпе стилінен «Кеңес», «Ел айрылған» секілді халық күйлерінен бастап, Құрманғазы, Баламайсан, Дина, Дәулеткерей, Махамбет, Мәмен, Әлікей, маңғыстаулық Абыл мен Есір, Есбай күйлерін, Сыр бойынан Мырза, Қазанғаптың, шертпе стилінен Сүгір күйлерін және ХХ ғ. М.Әубәкіров, Қ.Ахмедияров, Ш.Әбілтаев, Н.Үлкенбаев кәсіби күйші-композиторларының шығармаларын екі күй-альбомға тең бөліп енгізген.
А.Үлкенбаева – қазақ эстрадасында домбыраны джаз-рок тобымен импровизация жасаған тұңғыш музыкант. Бұл бағыттағы алғашқы ізденісі 1991 жылы «Арай» ансамблінде басталған еді. Есір мен Есбайдың, Қазанғап пен Сүгірдің күйлерін джаз-рок тобымен орындауы топтаманың 3-күй-альбомында берілді. Сондай-ақ, 3 СD-дегі күйлер рояльдың қостауымен және бірқатары домбыра күйлерінің ырғағын айқындап, эффектісін күйшейте түсетін ұрмалы кахон аспабының сүйемелімен орындалған. Осы альбомдағы барлық туындылар домбыраның өзге де аспаптармен үндестігін, мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жасалған шығармашылық ізденістерінің сәтті жемісі боп табылады.
Бұл альбомдағы аудиоматериал толығымен 4-күй-альбомда сандық бейнеформатта (DVD) ұсынылды. Сонымен бірге 4-альбомда өнер қайраткерінің Астана қаласында берген «Айгүл-күйге бар әлем тамсанады» (2013) атты жеке концерті де енді.
«Мен үшін ең маңыздысы – асыл мұрамыз күйшілік
дәстүрді сақтап, оны одан әрі дамытуға қызмет ету»
А.ҮЛКЕНБАЕВА
Соңғы 5-бейне альбомда (DVD) музыканттың шығу тарихын әңгімелей отырып тартқан күйлеріне арналған ұлттық телеарнаның «Інжу-маржан» атты жобасының екі хабары енді (2017). Осы бейнеальбомда Анкара опера және балет театрының симфониялық оркестрі және Қазақстан Республикасы мемлекеттік симфониялық оркестрлерімен тартқан күйлері жинақталып ұсынылып отыр.
Шебер музыкант А.Үлкенбаева орындауындағы бұл топтамадағы туындыларды тыңдау – үлкен ғанибет.
Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА,
өнертану ғылымының кандидаты