Кешегі жылжып өткен жылдар тізбегі – бүгінгі ел тарихы. Терең тарих қойнауынан асылын зерделеп, барын бағалау және оны бүгінге жеткізіп, дәріптеу қазіргі ұрпақтың борышы. Облыс орталығына іргелес орналасқан Қайыршақты ауылдық округінің құрылғанына биыл тоқсан жыл толып отыр.

Кәрі Каспийдің бойын жағалай қоныстанған шаруашылық ауыл тұрғындарына жайлы қоныс, қолдағы малына шүйгін жайылыс болды. Сол жердегі шаруашылық «Теңдік» колхозы болып біріктірілді. Тұрғындардың негізгі кәсібі – егін егу, мал бағу, балық аулау. Кейін 1937 жылы «Теңдік» колхозы Жайық жағасына қоныс аударып, тұрғындар Томарлы жеріне шоғырланып, бұрынғы кәсібін жалғастырды. Сонау ел басына қиындық түсіп, азаматтары ел қорғауға аттанған, Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдары ауылдағылар еңсесін түсірмей, Жеңіс үшін аянбай еңбек етті.

1957 жылы  бұрынғы ұжымдық шаруашылық ірілендіріліп, «Теңдік» кеңшары болып қайта құрылғанда мұнда 435 адам еңбек етті. Кеңшарда үш мыңның үстінде ірі қара, он сегіз мыңдай қой, алты жүзден астам жылқы мен түйе малы бағылды. Сөйтіп, «Теңдік» облыстағы іргелі көкөніс-сүт шаруашылығы болып қалыптасты. Қала халқын сапалы, әрі табиғи таза мал және егін шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде сүбелі үлес қосқан ұжымда белсенді маман жұмысшы кадрлар өсіп шықты. Кезінде олардың еңбектері лайықты бағаланды. Жылқы өсірудегі жетістіктері үшін Тәжі Сәуіровке Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ерен еңбектің арқасында осындай дәрежелі атаққа Айман Ермағанбетова, Себен Құтқожин қол жеткізді.

Томарлы топырағының түлегі, Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың майдандағы өшпес ерлігі бүкіл қазақ еліне жайылды. Қазақстанның халық әртісі Қуат Төлеков, атақты мұнайшылар Балғымбаевтар әулеті, белгілі ғалым Құсиын Шаукенов, қарымды қаламгер-журналист Теңдік Жауыров, дәрігер Болат Ермұханов, ұлағатты ұстаз Тынышбай Жұмағазиев, Республикаға танымал дирижер Орақ Жауыров, әнші Маржан Төрехановалар – Томарлының төл перзенттері.

Кеңес үкіметі кезіндегі ел есімін асқақтатқан Еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Жұмағазиев Саулен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, сауыншы Мағрипа Жұмағазиева, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкерлері Ақжаңыл Сарсенғалиева, Жаймақ Құлмағамбетов сынды ауылдастар ел мақтанышына айналды.

Қазір ауылдық округте он екі мыңнан астам адам бар. Оларға екі орта, бір негізгі мектеп, саз мектебі, «Шағала» «Жұлдыз» балабақшалары, орталықта байланыс бөлімшесі, аурухана мен екі кітапхана қызмет етеді. Округ аумағында «Алау Құрылыс», «Атыраугидрогеология» ЖШС  жұмыс жасайды. Қайыршақты ауылдық округі күннен-күнге кең қанат жайып келеді. Сәулетті әсем ақшаңқан үйлер, халыққа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету нысандары ауылды ажарландырып, бүгінгі келбетін айшықтап тұрғандай. Көшелеріне асфальт төселген, әр үйде көгілдір отын маздайды.

Бұрынғы кеңшар ізінде мұнда 40-қа жуық шаруа қожалығы құрылды. «Орын», «Ата-қоныс», «Ерасыл», «Жас жігер» шаруа қожалықтары түйе шаруашылығын дамытып, қала халқын шұбатпен, «Нұртаза», «Тарбаев», «Шапиков», «Есқалиев», «Шаданова» шаруа қожалықтары ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Ауылдық  округ  қалаға  қарасты  округтердің  ішіндегі  ауыл  шаруашылығы  жақсы  дамыған және көрсеткіштері жоғары салаға ие. Округте 51 шаруа қожалығы тіркелген. Аталған шаруа қожалықтардың 21-і егін және 30-ы мал шаруашылығымен айналысып отыр.

Егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары егістік алқаптарында қолданатын жаңа технологияларды пайдалана отырып, жыл сайын жиналатын өнімдердің үлесін арттыру арқылы халықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Округте жылдан жылға жылыжайлар саны артуда. Бүгінде көлемі 3 гектар болатын 7 жылыжай жұмыс жасайды. Шаруа қожалықтары тарапынан 240 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен егін егілді. Жылыжай өсіретін үш шаруа қожалығына 5,4 млн. теңге, екі шаруа қожалығына минералды тыңайтқыштар алуға кеткен шығынның 50%-ы субсидияланып, 952 мың теңге төленді. Жыл қорытындысымен округтегі «Балмұханова» шаруа қожалығының жетекшісі «Үздік ауыл шаруашылығы қызметкері» атағына ие болды.

Бұдан бөлек, көгалдандырумен айналысатын «Аяулым» шаруа қожалығы 2015 жылы құрылған. Шаруа қожалығының иесі Жұмекеева Назгүл 10 жылдан бері орман дақылдарын өсірумен шұғылданады. Ол 1973 жылы Индер ауданы, Кулагино селосында туған. 1997 жылы Алматының Казақ ауыл шаруашылығы институтын орман шаруашылығының инженері мамандығы бойынша бітірген.

Назгүл Құрманбайқызы бұл кәсіпті әкеден балаға жалғастырып әкеле жатқан, өз ісін сүйетін, нағыз шаруаның адамы. Қазіргі уақытта Қайыршақтыда бірінші болып орман шаруашылығын қолға алғандардың бірі ретінде ағаштың қылқан жапырақтыларының мыңнан аса түрін, соның ішінде кәдуілгі қарағайды отырғызған. Бұл ағаштар қазір Талғайран ауылының сол жақ бөлігінің сәнін кіргізіп тұр.

«Аяулымда» қылқан жапырақты, қарапайым жапырақты, қарағай, қайың, үйеңкі, күл, терек, шырша, т.б, сондай-ақ, жеміс ағаштары, бұталар, гүлдер бапталып, өсіріледі. Облыста сәндік-ландшафты көгалдандыру жұмыстарын қолға алғандардың алғашқыларының бірі осы қожалық. Мұнда өсімдіктердің 60-тан аса көшеттері (екі, үш, бес, он жылдық) отырғызылған.

Ауылдық окургке қарасты Томарлы, Талғайраң, Бесікті ауылдары, Көктем, Жұлдыз, Жұлдыз-3  ықшам аудандырының  барлық жүзге жуық көшесіне асфальт жол төселді.

Өңірде жүзеге асып жатқан үдемелі индустриялды-инновациялық даму жобалардың бірі – Жұлдыз ықшамауданындағы «АтырауАгроФеликс» ЖШС-нің  көкөніс өңдеу қоймасы мен екі көкөніс өңдеу цехы мен Томарлыдағы бекіре балығын өсіретін «Каспиан Ройал Фиш» ЖШС заман талабына сай жұмыс жасауда. Биылғы жылы «Дастан» шаруа қожалығының көкөніс қоймасы, мал сою цехы және ауыл шаруашылық өнімдерін сататын азық-түлік дүкенінің құрылысы аяқталып, пайдаланылуға берілді. «Жұлдыз» мейрамханасы, «Арман» супермаркеті, «Ақ жол» дүкендері халық игілігіне қызмет көрсетеді.  Жалпы округте екі жүзге жуық шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

Көпшіліктің көңілінен шығып, көзайымына айналған, елдің елеулі, халықтың қалаулысы болып, тәуелсіз  ел игілігіне шексіз үлес қосқан азаматтардың қолтығынан демеп, жүрегіне жалын берген, бойына өнегелі де үлгілі  тәрбие мен білім нәрін сепкен ордалы орта Қ.Смағұлов атындағы орта мектебінің орны ерекше.

1992 жылдан бастап білім шаңырағына Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың есімі берілді. Мектепте бүгінгі заман талабына сай жабдықталған компьютерлік сынып, мультимедиялық кабинет бар. Сонымен бірге биология кабинеті де  соңғы үлгідегі компьютерлік құралдармен жабдықталған.

Томарлы ауылдық клубы мен кітапханасында жоспарлы мәдени-көпшілік шаралар жиі ұйымдастырылады. Жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуге бағытталған тәрбиелік мәнге ие кездесу кештері, оқырмандар конференциялары өтіп тұрады. Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау мақсатында тақырыптық сазды бағдарламалар, ауыл жастарға патриоттық тәрбие беруде ауған соғысы ардагерлерімен дөңгелек үстел кездесуі, танымдық брейн-ринг интелектуалдық ойындары өткізіліп тұрады.

 

Округке қарасты елді мекен тұрғындарының денсаулығын сақтап, нығайтуда, түрлі аурулардың алдын алуда тындырылып жатқан игі істер де баршылық. Денсаулық сақшылары жоспар бойынша өз білімін жетілуде. Білікті мамандар  заманауи күрделі құралдардың көмегімен округ жағдайда жасалмайтын емдеу тәсілдерін меңгере бастады. Соңғы кезде аурушаңдық және демографиялық көрсеткіштері біршама жақсарды. Халық саны  өсіп, жаңадан ықшам аудандар бой көтерді. «Сәлімжан және К» ЖШС-не қарасты Томарлы ауылында бір емхана, Талғайраң және Бесікті ауылдарында фельдшерлік пункттер халыққа қызмет көрсетеді. Соңғы екі жылда үш дәрігер және бес орта білімді маманмен толықты.

Жұлдыз-3 ықшам ауданынан өз қаражаты есебінен жеке меншік «Айналайын» балабақшасы ашылып, халық игілігіне жұмыс жасауда.

Округте республикалық деңгейдегі түрлі жарыстардың гран-при иегері, «Халықтық оркестр» атағы бар, Ақсай, Геолог округтерінде бөлімшелері, 500-дің үстінде оқушылары бар Қайыршақты балалар саз мектебі жұмыс жасайды. Аталмыш мектеп өз шәкірттеріне музыкалық білім беріп, оларды  домбыра, қобыз, сырнай, фортепиано сыныптарында өнерге баулиды. Саз мектебі ұстаздарының облыстық, республикалық, халықаралық өнер байқауларынан жүлделі оралып жүрген шәкіртерімен де мақтануына болады. Округіміздегі жастар арасында салауатты өмір салтын  қалыптастыру  бойынша жұмыстар ұйымдастырылып, жастардың уақытын  тиімді  өткізуіне жағдайлар жасалып отыр.

Томарлыда жеңіл атлетикалық жүгіру жолы мен футбол алаңының құрылысы өткен жылдың аяғында пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ауылдарда шағын футбол алаңдарын салу мәселесі де күн тәртібінде тұр.

Ал, мәдениет қызметкерлері округ аппаратымен бірлесіп, барлық атаулы мерекелерге орай округ көлемінде мәдени шараларды өткізіп келеді. Өткен жылы Томарлы ауылында 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталып, биыл жазда пайдалануға  берілді.

Округ әкімі аппаратының жұмыс жоспарына сәйкес ақсақалдар алқасы, әйелдер кеңесі жұмыстарының қорытындысы тыңдалып, алдағы жоспарлары айқындалды.

Жұлдыз ықшам ауданында орналасқан Қ.Мұңайтпасов мешітімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасалып келеді. Рамазан  айында  ораза тұтқан жамағатқа ауыз ашар беріліп, Құрбан айт мерекесі кезінде аз қамтылған және көп балалы  отбасыларға қайырымдылық шарасы өткізілді. Округ бойынша орта мектептердің  жоғары сынып  оқушыларына  тағатты тәрбие және жастардың  теріс пиғылды  діни  ағымдардың  ықпалынан  сақтандыру  мақсатында  мектептердің жоғары сынып оқушыларына, округ тұрғындарына тақырыптық бейнероликтер көрсетілімі ұйымдастырылды. Терроризм және экстремизм мәселесі, діни сауаттылықты қалыптастыру және зайырлы мемлекетімізде ислам дінінің дұрыс жолмен насихатталуы бағытында Томарлы ауылы, Қ.Смағұлов атырдағы орта мектепте ауылдық округтің тұрғындары мен жастардың қатысуымен кездесулер өтіп тұрады.

Тәуелсіз елімізде халық игілігі мен ауылымыздың дамуы жолындағы жұмыстар алда да жалғасын таба бермек. Көтерілген мәселелер аяқсыз қалмай, кезең-кезеңімен шешілетін болады.

 

Бақытжан Наурызәлі