Ақұштап – қазақ поэзиясына алпысыншы жылдардың басында өзіндік нәзік үнімен келген лирик ақын. Туған халқының талантты ақыны, жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру жолында жас ұрпақтың бойына қайтсем ұлттық рухты, халқымның салты мен санасын, имандылығын, дәстүрін, өнерін, әдебиетін дарыта аламын деп жанын жалдап жүрген қайраткер.

Ақұштапты оқырманы лирик ақын деп таныды. Ақын лирикасының негізі – адамның жанының нәзік сезімі, ақ сөйлейтін пәктігі мен адалдығы. Жайдары мінезі, жарқын өмірге меңзейтін философиялық ой иірімдеріне толы лирикалық кейіпкерін жібектей есілген нәзік жырларымен мүсіндейді. «Сіңліге сыр» өлеңінде:

          …Алдымен қызға керегі пәктік адалдық,

Одан соң , жаным, жаз мінез керек жарасқан.

Салиқалы мінез бен парасатты ақылдың алдында табынбайтын пенде болмайтынына иландырады. Ақын жырларындағы лирикалық кейіпкерлері – өз замандастары, аналық мейірім, ана махаббаты, жар сүю, ұрпақ тәрбиесі, замана ағымына, пенделік көріністерге деген аналық көзқарас пен ақындық пайым.

Елдің еңселі азаматтарының айнымас серігі, адалдық пен пәктікті  өзінің нәзік те назды қылығымен айналасына нұр шашып жүрген жаз жайдарлы сұлу бейнесін «Жеңеше» өлеңінде көркем кестелей біледі:

  Не десем екен, не десем?

Жанымды жырға бөле сен.

Аға мен дала бағына

Жайраңдап тұрған жеңешем.

  Қазақ халқының салты мен дәстүрін, тілі мен ділін, мінезі мен қылығын бір ғана лирикалық кейіпкердің бойына жинақтаған типтік образ. Дала төсіндегі абзал ағалардың сенімді серігі ақ жеңгенің образы.

Халқымыз осындай қылықты әйел аналармен келешекті, ұлтымыз осындай аналармен болашағы зор болатынына сенімді. Аналық мейірім мен нәзіктікті өлең жолдарына сыйғызған ақын жүрегі енді өзінің ақындықтың азабын да шынайы суреттей біледі. «Өзім туралы» өлеңінде:

Оңай деп пе едің, қарағым,

Ойлардан жүдеп қажалу.

Ұрпаққа мұра болатын

Өшпейтін жолдар жаза алу.

Домбыра тартып тойларда

Бесікті тербеп ойлану,

Әйелдің жүгін қойғанда

Ақынға қайта айналу, – дейді.

Бесік тербетіп отырып, өлең ойлаған ас үйдегі қым-қуыт тірліктің үйлесімін келтіріп жүріп, жүрегін өлең тербеген ақынның азапты да бақытты сәті көз алдыңа елестейді.

Көміліп ойға дір етпей,

Өшпейтін жолдар таба алу,

Қайтадан сүйген жүрекке

Махаббат болып оралу.

Ақын өзінің бақытты сәтін ана болуымен бағалайды. Дүниедегі барша әйел затына, анаға бақыт тілейді. Бірақ ақындық тағдырды тілемейді.

Сәулесіне шырша шам шәй қайнатып,

Мендей болып отырмай ойдан қатып.

Тілемеймін сендерге ақындықты

Ана болып жүрсеңдер қандай бақыт, — деп барлық дүниедегі аналар бақытына тілекшісі болады.

Ақынның аналық жүрегі келер ұрпаққа аманат тапсыруды да ұмытпайды, ұлтының дәстүрі, халықтың рухы мен ділі, тілі, ұрпақтың инабаттылығы, патриоттық тәрбие туралы ойларын ортаға салады, болашақ жаһандану процессіне күдікпен сезіктене қарайды. Ұлтымыздың ұрпағына қалай әсері боларына күмәнді. Оған айтар уәжі де баршылық. Ана тілінен безінген бүгінгі «жаңа қазақтар», көзін жәудіретіп балалар үйіне тастай салған жас ана, еркін өмір сүру осылай екен деп ашық-шашық тым жалаңаштанып кеткен бүгінгі жасөспірімдер тағдыры ақын жүрегіне қатты әсер ететіні байқалады.

Жолықсаңдар тағдырдың ызғарына,

Тілектеспін ел салтын бұзбауыңа.

Абай атты армандай ұл өсіріп ,

Ат қойыңдар Тоқжан деп қыздарыңа, – деп  аманат жүктейді.

Еркіндіктен, тым асыра еркінсуден жүрегі секем алған ақын:

Шаршатпаған пәк сезім болып қайғы,

Сендік жүрек сүюден қорықпайды.

Махаббатың «еркіні» еш ғасырда

Өз жолында бақытқа жолықпайды, – дей келіп өмірдегі келеңсіз көріністерді, ащы шындықты ашық айтады. Анасына жазған хаттары циклді өлеңдерінен  анық байқалады.

Енді ешкімге келмейді еркелегім,

Тірі болсаң саған сыр шертер едім.

Тастандылар үйі бар сәби толы,

Бүгінгі махаббаттан жиіркенемін, – дейді. Ана жүрегінің, ақын жүрегінің ерекше ауыратын тұсы да осы,  Елдің, ұлтының болашағын ойлайтын азамат ақынның толғанысын өз жүрегіңізбен сезінесіз:

…Апа, сенде Тәңір бар, Жасаған бар,

Ал біздерде алаяқ, асаған бар.

Тас көше бар, тас үй бар, темір қақпа,

Айқайласаң ашпайды-ау тас адамдар,  – дейді.

Бақилық болған анасына шағып отырған ақынның   жан сыры, өмірден көріп түйгені, мұңы. Адам жанының нәзік сезімталдығы арқылы лирикалық кейіпкер, адам бойындағы рухани дүниенің байлығын, пейілдің кеңдігін, көңілдің дархандығын, ұлттық болмыстың сақталуын аңсайды, онысын оқырманға айтпай-ақ ұғындырады.

Алпысыншы жылдардың басында Ақ ерке Жайықтан қанат қаққан өрімтал ақын қыз бұл күнде жеті асудан асып қоғам қайраткері атанды. Өзі жырлағандай:

«….Депутатыңмын қашанда,

Дауыссыз даусыз сайланған», — деп қай қоғамдық қатынаста өмір сүрмесін, ақындық таным мен болжам, көріпкелдік, ақындық айтқыштық қасиет екінің біріне дарымайды. Ол-Ақұштаптай ақынның маңдайына жазған бақ. Қарапайым пенделер байқамаған, сезінбеген құбылысқа қоғамдық қатынасқа, әлеуметтік жағдайларды сезіну, баға беру, түрін түстеп айта білу – айтқыш ақынға ғана тән қасиет. Күнде көріп жүрген өмірдегі пенделік пен періліктен асылды аршып алып, оқырманына ойлы өлеңмен өрнектей жеткізе білу таланттың ғана маңдайына жазады.

Ақынның өз оқырманына тарту сыйы, тәлімі мен тәрбиесі деп таныңыз. Оның соңғы жылдағы жазған жырларынан «Ерлікті көзбен көрген күн» шығармасы ақын Жұбан Молдағалиевтың рухына арнайды. Жұбан ағаның толы жұрттың алдында мінбеден сөйлеген сөзінен шырылдаған шындықты тайсалмай айтуын толғаныспен суреттеген өлең жолдарынан бар қазақты ұйқыдан оятқандай сырлы суретті поэзия полотносына салып береді.

….Жұбан – бөрі, өзгелер қояндардай.

Колбин жүр сәл қанға боялғандай

Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етті.

Ұйқысынан бар қазақ оянғандай.

Ақұштап поэзиясының оқырманның жүрегінен орын алатыны – суреткерлігінде. Көркем поэзияны сырлы да, сұлу суреттер арқылы безендіреді, оқырманын селт еткізеді, ойландырады. Өзегіңді өртер шындықты көркем суретпен жеткізе біледі. « Көк дөненнің кісінеуі» атты сюжетті өлеңін қазақтың классик ақыны Қадыр Мырза Әлі рухына арнапты.

Ауылдан білім іздеп аттанған жетім бала «Ой орманға кірген Қадыр, көп жүрді қайта шығар жол таба алмай…» деп ақынның азапты өмір жолын суреттей келіп, «…Әлпештер өз анасын уақыт таппай, тербетті ол қазақ деген Ұлы Ананы…» дейді. Тапқырлық текті талантқа ғана  тән қасиет.

Ақын қай заманда да халқының мұңын жоқтаушысы болған Ақұштап та солай, ел халқының тағдырын, ұзақ жылдар бойы сынақ алаңы болған Азғыр елінің мұңы мен мұқтажын алқалы жиындарда тайсалмай айтып, қоғамдық пікірдің қалыптасуына ұйытқы болуда, ежелгі екі елдің телемгені атанған бүгінгі Жайық өзенінің тағдыры да ақын жанын толғандырады. Ақын өзінің туған өлкесінде бүгінгі өскелең ұрпаққа өзі алған өнегені, тәлім мен тәрбиені, ұлттық болмыс пен рухты дарытам деп жанын салуда. Елі де оны түсінеді, талантты ақынын қадірлей біледі.

Тәуелсіз елдің тұғырлы азаматтарының қатарында Үкімет наградасын иеленді, әдеби ортадан алыста жүрсе де, туған төл әдебиетті насихаттаудағы өнегесі мен қазақ поэзиясын қалыптастырудағы қажырлы еңбегі бағаланып, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атағын алды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы және «Құрмет» орденімен марапатталды.

Қазақ поэзиясындағы аналар тақырыбын келістіре жырлаған лирик ақын жиырмаға жуық жинақтың авторы. Әйел-Ана, Ақын-Қайраткер ретінде танып, жыр сүйер қауым «Жайықтың Ақшағаласы» ретінде құрметтеп, ақын шығармаларын Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп таниды.

 

                         Жеңіс Аронов,

 Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

 ақын, ҚР Мәдениет қайраткері.