Кез келген мемлекеттің басты байлығы – оның халқы және денсаулығы. Тәуелсіздік жылдарында еліміз көптеген табыстарға қол жеткізді. Әсіресе, әлеуметтік және экономикалық мәселелерге басты назар аударған мемлекетіміз аз ғана мерзім ішінде  Орта Азия кеңістігінің көшбасшысына айналды.

Жаңа тыныс

         Халық саулығын басты капитал деп танитын елімізде медицина саласын дамытуға бағытталған көптеген бағдарламалар қабылданды. Соның бірі «Денсаулық» десек, осындай нақты қадамдар еліміздің денсаулық сақтау саласын жаңа белеске көтеруде.

Әдетте, мұнайлы өлке ретінде ғана аталатын Атырау өңірі бүгінде дамыған медицинасымен де масаттана алады. Себебі, Атырауда қазір жүрек алмастыру сынды күрделі операциялар еш қиындықсыз жасала беретін деңгейге жетті. Атырау облыстық ауруханасы жергілікті тұрғындар саулығының сақшысына айналды.

Келмеске кеткен Кеңес Үкіметі тұсында яғни, 1967 жылы іргесі қаланған облыстық  аурухана бүгінде заман талабына толықтай жауап беретін алып ғимараттары мен медициналық персоналы бар үлкен ордаға айналды. Жылына орта есеппен ауруханада 17 мыңнан астам науқас ем қабылдап шығады. «Бүгінгі таңда ауруханамыз жоғары технологиялық медициналық аппаратармен жабдықталған. Қазіргі заманға сәйкес диагностикалық зерттеу шараларын жүргізу мақсатында  ауруханаға заманауи рентген, УЗДГ, УЗИ, электроэнцефалограф, МРТ, КТ, ангиограф, холтер, травматология саласында эндопротездеу, хирургия саласында эндоскопиялық отаға қажетті аппараттар және құрал жабдықтар бар. Ауруханада «Телемедицина орталығы» жұмыс жасайды. Яғни, телемедицина байланысы арқылы, аурухананың дәрігерлері аудандардағы науқастарға кеңес беру және диагностикалық қызметтер көрсетіп отырады. Сонымен бірге, республикалық ғылыми орталықтардың мамандарынан аурухана науқастарын емдеу жолдарына байланысты кеңес алу жолға қойылды» дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Сайын Шомыров.

Заманауи нейро-инсульттік орталық

         Атырау облысы ауруханасы базасында бүгінгі таңда отыз төсектік нейро-инсульттік орталық құрылды. Онда науқастарға емдік гимнастика, емдік-шынықтыру жаттығуы, кинезотерапия,  массаж, фонетикалық жаттығулар жасалады. Орталық науқастарды  ерте оңалту кезеңінен өтуге жағдай туғызып отыр. Басты нәтиже сол, ерте оңалтудан өткен науқастардың 80-90 пайызы өз-өзі қызмет ететін деңгейге жетеді.

Өндірістік қажеттілікке байланысты бүгінгі таңда орталықтағы төсек бейіні  50 бірлікке дейін ұлғайтылды.  Тағы бір жаңалық сол, инсультке шалдыққан науқастар тәулік бойына кідіріссіз компьютерлік томография тексерісінен өтеді. Өткен жылы орталықта іске қосылған ангиограф аппаратының жоғары технологиялық медициналық көмектің жаңа түрлері енгізуге мүмкіндік бергенін атап өткен жөн. Бүгінгі таңда инсультке шалдыққан науқастарға бас және мойын тамырларының эндоваскулярлық (жалпы) эмболизациясы, кіші жамбас қан тамырларының, жатыр артерияларының эндоваскулярлық эмболизациясы, бас және мойын ыдыстарының эндоваскулярлық стенттеу операциялары жасалуда.

Айта кетелік, Инсульттық орталықта жылына  мыңнан аса науқас ем алады. Олардың  80 пайызы ишемиялық, 20 пайызы  геморрагиялық  инсультқа шалдыққандар.

      ШОМЫРОВ Сайын Сиғуатұлы еңбек жолын 1989 жылы №2 Атырау қалалық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастайды. 1998-2005 жыл аралығында облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып еңбек етеді.

      2005 жылдың сәуір айынан бастап А.Сүндетов атындағы Атырау медицина колледжінде директор қызметін атқарады. 2006 жылдың ақпан айында облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұйрығымен облыстық аурухананың бас дәрігері болып тағайындалады.

      Сайын Сиғуатұлы әр жылдары Атырау облыстық ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, аталмыш аурухананың бас дәрігерінің хирургия жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

       Ол – жоғары  санатты дәрігер хирург, «Әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру» мамандығы  бойынша  жоғары  біліктілік санатына ие. Әр кезеңде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Алғыс хатымен» марапатталып, «Алтын дәрігер» медалін иеленген.

       — Инновациялық технология бағдарламасын  енгізу мақсатында Атырау облыстық ауруханасына көп функционалдық ангиографиялық «SIEMENS» аппараты орнатылды.  Аталмыш апарат жүрек-қан тамыр диагностикасы және эндоваскулярлық араласудың барлық көріністерінің  жұмысын орындайды, халыққа жоғары технологиялық және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді.

      — Бірінші кезекте ангиографиялық апарат инсультқа шалдыққан науқастарға шұғыл жоғары технологиялық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Қабылдау бөлімшесі жаңғыртылды

       Атырау облыстық ауруханасында қабылдау бөлімшесі жаңғыртылды. «Жобалық жұмыстар шұғыл көмек қажет ететін науқастар мен жоспарлы емдеуді қажет ететін науқастарды жеке дара қабылдауға жағдай туғызды. Сондай-ақ, жоба барысында диагнозы анықталған науқасты тез арада көмек көрсететін арнаулы бөлмеге орналастыруға, жағдайына қарай науқасты аз уақыт ұстайтын бөлмеге жайғастыруға, қажет жағдайда ота жасауға мүмкіндіктер ашылды» дейді мамандар. Жаңғыртылған қабылдау бөлімшесі аурухананың «екінші тынысын» ашты десек те болады. Себебі, жобалық жұмыстар компьютерлік тамография жасау, рентгенге түсіру, ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) жүргізуге небары 30 секунд уақыт жұмсауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге,  зертханалық және шұғыл емді қажет ететін науқастарға екі  минут ішінде ангиографиялық зерттеулер жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда, жаңғырту жұмыстарының алғашқы кезеңі — инфраструктуралық орналастыру өзінің тиімділігін көрсетті.

Қазіргі таңда аталмыш жобаның екінші кезеңі яғни, науқастарды қабылдау бөлімшесінің қайта құрылуы жүзеге асуда. Нақтырақ айтсақ, Атырау облысы ауруханасы дәрігерлер мен медбикелердің қызметтік құрамын шетелдік мамандар арқылы оқытуды қолға алды. Бұдан бөлек, қолданыстағы жабдықтарды жаңарту, жарақат пунктін интеграциялау, ағымдағы жұмыс барысы мен шаралар, соның ішінде науқастарды тіркеу, ауруханаға жатқызу, ауруханадан шығару сынды шараларды қалыпты жүйеге келтіру жұмыстары оңтайланады.

       — НСОС компаниясымен бірлескен жобаға сәйкес,  науқастарды қабылдау бөлімшесінің қызметкерлерін АВСДЕ жүйесі бойынша оқыту, BLS/ACLS, сол сияқты жарақат хирургиясы және интенсивті терапияның Халықаралық ассоциациясы аясында HTMC курстарын өткізу жоспарланып отыр;

       — Тренинг сабақтарға дүниежүзіне белгілі мамандар шақырылады. Олардың қатарында профессор Кен Боффард, Иоханнесбургтің Госпиталдық жарақаттар ауруы бойынша хирургиялық қызметінің жетекшісі, сонымен қатар хирург-трансплантолог Элмин Стейн бар;

       — Жаңаша оқыту жобасына Атырау облысына қарасты стационарлық мекемелердің медициналық қызметкерлері, АОА /ЦРБ/ және жедел жәрдем мекемесінің медициналық персоналы қатысады;

Аурухананың хирургиялық бөлімінде жоғары мамандандырылған ота түрлері тәжірибеге енгізілді:

       — БАС ЖӘНЕ МОЙЫН ТАМЫРЛАРЫНЫҢ ДИАГНОСТИКАЛЫҚ АНГИОГРАФИЯ-сы»

       — «ПАТОЛОГИЯЛЫҚ СЕМІЗДІК НЕГІЗІНДЕГІ АСҚАЗАНҒА ЛАПРОСКОПИЯЛЫҚ РЕСТРИКТИВТІ ОПЕРАЦИЯСЫН ЖАСАУ»

       — «ТІЗЕ БУЫНЫН ЭНДОПРОТЕЗДЕУ ӘДІСІ ЕНГІЗІЛДІ»

       — «ӨҢЕШ ЖАРАҚАТЫ КЕЗІНДЕ ӨҢЕШКЕ СТЕНТ САЛУ»

       — «АУЫР ДӘРЕЖЕЛІ БАУЫР ЖЕТІСПЕУШІЛІГІНДЕ «МАРС» ТЕРАПИЯСЫН ҚОЛДАНУ»

Кезек электронды түрде

       Жаңа технология дегеннен шығады, облыстық ауруханаға қарасты клиникалық-диагностикалық бөлімше жуырда «Электрондық кезек» бағдарламасын іске қосты. Ондағы мақсат та түсінікті. Яғни, емделушілерге медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, емханадағы ұзын-сонар кезекті қысқарту.

Енгізілгеніне екі-ақ ай уақыт өтсе де, жаңа жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеп берді. Мәселен, науқас кабинеттің  нөмірін, дәрігерге келетін күнді, кезек нөмірін және жазылу тәсілін таңдайды. Осы айтылған мәліметтер мониторға енгізілген соң, жүйенің өзі мағлұматтарды тексеруге шығарады. Содан соң дәрігердің қабылдау талоны шығарылады. Онда дәрігерге келетін мерзім мен уақыт көрсетіледі. Бұл мәліметтер бір мезетте қабылдаушы дәрігердің компьютеріне жеткізіледі. Яғни, ол қаралуға кім жазылғанын алдын-ала біліп отырады. Онлайн тәсілмен жазылу осылайша, дәрігерлерге жұмыс уақытын барынша тиімді пайдалануға жол ашып отыр.

Уақытпен санасуды білмейтін облыстық аурухана дәрігерлері осылайша, халық саулығын сақтаумен нығайту жолында нәтижелі еңбек етіп келеді.оррр

Ардагер дәрігерді 75 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз!

Атырау облыстық ауруханасының ардагер дәрігерлері

       ТЛЕСОВА Мауия Сисенқызы 1937 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданында туған. Бірінші санатты кардиолог.

Еңбек жолын Батыс Қазақстан облысындағы учаскелік аурухана меңгерушісі болып бастап, облыстық аурухана дәрігері.

1966 жылы Гурьев қаласындағы №1 емхана меңгерушісі, 1967 жылдан облыстық аурухананың дәрігер терапевті қызметін атқарды. Сол жылдардан бастап кардиоревматологиялық бөлім меңгерушісі, бас кардиолог болды.

1998 жылы – «Плазма» ЖШС-нің директоры.

Медицина саласындағы еңбегі үшін «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы (1941-1945) ерен еңбегі үшін», «Қазақстанның Тәуелсіздігіне – 25 жыл» медалдарымен марапатталған.

«Алтын дәрігер» құрметті атағының иегері.

       ҰЛДАҚАНОВА Күләш Жайлауханқызы 1941 жылы Талдықорған облысы, Ақсу ауданында туған. 1965 жылы Алматы медицина институтын бітірісімен Дамбы селолық ауруханасында учаскелік терапевт болып бастаған.

1967-1973 жылдары облыстық ауруханада терапевт-эндокринолог.

1979-1995 жылдары эндокринология бөлімі меңгерушісі, Облыстағы Бас эндекринолог.

Еңбек демалысына шыққаннан кейін 2007 жылға дейін Атырау қалалық перзентханасында эндокринолог-кеңесші.

«Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, облыстық әкімдіктің және денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

       ХАРАСОВ Басаролла Харасұлы 1943 жылы Исатай ауданында дүниеге келген. Жоғары санатты уролог.

1969 жылы Ақтөбе медицина институтын бітірген.

Еңбек жолын облыстық ауруханада уролог болып бастаған.

1972-1973 жылдары бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары.

1973-1986 жылдары облыстық қан құю станциясы бас дәрігері.

1986-1993 жылдары облыстық ауруханада бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары.

1993-2006 жылдары урология бөлімінің меңгерушісі.

2006 жылдан күні-бүгінге дейін уролог-ординатор қызметін атқаруда.

«КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері. 

       ЕРКІНАЛИЕВА Райса Жұбанқызы 1973 жылы Ақтөбе медицина институтын тәмамдаған.

1973-1977 жылдары Атырау қалалық №2 емхана учаскелік дәрігері

1977-1998 жылдары облыстық аурухана дәрігер-терапевті.

1998 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасында терапевт.

1999 жылдан кардиология бөлімінің меңгерушісі.

Зейнеткерлікке 2008 жылы шыққаннан кейін де дәрігер-кардиолог қызметіне кірісті.

Қазақ ССР Құрмет грамотасымен (1977), «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» (1988) төсбелгісімен және 2005 жылы «Жыл дәрігері» аталымы бойынша облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.

       НЕЙМАН Людмила Павловна 1956 жылы дүниеге келген.

1976 жылы Талдықорған медициналық училищесінде фельдшер-лаборант мамандығын алған.

1981-1988 жылдары кәсіподақ ұйымының төрайымы.

1988-1997 жылдары оттегімен емдеу бөлімшесінің аға мейірбикесі міндетін атқарды.

1997 жылдан Атырау облыстық ауруханасының аға мейірбикесі лауазымында жұмыс жасады.

«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» (1998), «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің қызметкерлері кәсіподағының үздігі» төсбелгілерінің иелері.

2016 жылы осы саладағы мерейлі еңбегі үшін мемлекеттік «Шапағат» медалімен марапатталды.

Ясмин ӘЛИ.