Өңірде классикалық өнерді насихаттап жүрген ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Мақыш Зәйітқызы Гайсина ¬– өз жанының қалауын, арманын, кәсібін ұштастыра білген майталман хор дирижері. Оның есімі еліміздің және шетелдің кәсіби музыканттарына жақсы таныс. Хормейстер бірнеше рет аймақтық, республикалық, халықаралық шараларда 200 және 500 адамдық, ал, биыл 1500 студенттің хорына дирижерлік етті.

Мақыш Гайсина Индер ауданының Өрлік ауылында дүниеге келген. Музыкалық қабілеті мен табиғат берген вокалдық талантымен қоса ерекше полифониялық есту мен жадысы бар жас  ән айтуға құмартты. Он жеті жасында облыстық әншілер конкурсының жүлдегері болады (фотосы бар). Жергілікті музыка мәдениетінің дамуына үлес қосқан Нұртас Оңдасынов қалаға концертімен келген атақты әнші Роза Жамановаға Мақышты жетектеп апарып, әнән тыңдатқызады. Роза апасы болса, «дауысың жақсы екен, келесі жылы консерваторияға оқуға келсең өзім көмектесемін» деген уәдесін береді.

Мектеп бітірген өнерлі қызға танымал сазгер Сейілхан Құсайынов себепші болып, ол қаладағы музыкалық училищенің хор дирижерлау класына түседі. Бәріне ұнай бермейтін музыка теориясы, гармония, сольфеджио, полифония сияқты күрделі сабақтарды жақсы меңгерді. Мамандықтан берген Л.И.Черная деген жібек мінезді, келбетті, сұлу ұстаздың бар болмысы Мақыштың  хорды жақсы көруіне әсер етті. Жасы жиырмаға әлі толмаған студент облыстық фестиваль, мерекелік іс-шараларға қатынасып, облыстық радиоға бірнеше әнін жазып үлгереді. Студент қыздың хоры облыстық фестивальде бірінші орын алды.

Осындай жетістігі бар Мақыш Гурьев музыка училищесіне мұғалім боп жұмысқа қалған ширек ғасырда өзі сүйетін мамандық бойынша адал еңбек етіп, талай биіктерден көріне білді. Республикаға танымал музыкамен әрлеуші, композитор, көптеген музыкалық жобалардың продюсері Ринат Гайсин мен республикалық және халықаралық «Жахан дала», «Жас қанат» конкурстарының жеңімпазы Хамиль Сүйекбаев – Мақыштың шәкірттері. Хормейстердің «ЖасSTAR» дуэті Ақтоты Асқар мен Аслан Ертілеуов халықаралық «Многоголосье народов мира» атты Санкт-Петербургтегі фестивальде, Ялтада «Қара теңіз жағалауында» атты ХІV халықаралық конкурсында үш күрделі әнді орындап, Бас жүлде иегері атанды.

Бүгінде ұлағатты ұстаздың шәкірттері елімізде және одан тыс Бостон (АҚШ) Музыка академиясын, Мәскеу, Санкт-Петербург, Саратов консерваторияларын бітіріп, дүниенің әр түкпірінде дирижер, вокалист әнші, композитор, мұғалім болып қызмет етіп жүр.

…Сексенінші жылдары Гурьевке келген білім сапасын тексеру комиссиясы құрамында болған Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының оқытушылары Р.Базанова мен Қ.Үсенова Мақыш Зәйітқызының сабақтарына қатысып, консерваторияға оқуға шақырды. 1985 жылы консерваторияның хор дирижерлау мамандығына қабылданып, оны үздік бітіреді.

М.Гайсина шығармашылығында өзінің музыкалық өңдеулерінің орны айтарлықтай табысты. Ол Естайдың «Қорланы», Р.Елебаевтың «Жас қазақ», Н.Тілендиевтің «Өз елім» секілді көптеген әндерді төрт дауысты хорға лайықтап түсірді. Бұл туындылар алыс, жақын шет елдерде орындалып, жоғары бағасын алып жүр.  Ол – облыстағы алғашқы хор фестивалін өткізген бірінші дирижер-хормейстер, күрделі хор шығармаларын дирижерлаған сирек дарынды  маман.

М.Гайсина ұйымдастырған Атыраудағы Кіші өнер академиясының балалар хоры еліміздің қалаларында және шет елдерде өнер көрсетті. Олар қазақ, орыс, латын, итальян тілдерінде акапелламен де орындады. Хорды тыңдаған кәсіби мамандар әр кезде жоғары деңгейдегі шеберлікке тәнті болып, тамсанған. Балалардың пианиссимосына, дыбыс тазалығына, дыбыс алудың жоғары мәдениетіне қайран қалған.

Қазақстанның Халық әртісі, профессор Б.Жаманбаев «Ғажайып дыбыс тазалығы, репертуар алуандығы, барлық туындының керемет орындалуы ғажап! Хорыңызды тыңдап, көкірегім Сіз үшін және консерватория үшін қуаныш пен мақтанышқа толды! Биігіңізден түспеңіз! Сізде бәрі бар!» депті. Ал, осы балалар хоры Павлодарда өткен халықаралық фестивальды ашқанда КСРО Халық әртісі, майталман хор дирижері, профессор А.В.Молодов «Биік өнерге жасөспірімдерді тәрбиелеп жүргеніңізге рахмет. Сезімтал талғам, ән айтудың жұмсақ мәнері, репертуарды ұтымды таңдау, хордың нәзік түсінікпен басқаруы! Бала дауысына деген қандай жауапты қатынас, қандай ұқыпты жұмыс! Бұл хорды Батыс Еуропаның кез-келген сахнасында ұялмай көрсетуге болады» деп жоғары баға береді.

Адалдықты, еңбекқорлық пен шыншылдықты бағалайтын Мақыш Зәйітқызының өмірлік ұстанымы – «Өмірдің мәні — айналаңа қамқорлық жасап, жүрек жылуыңмен бөлісуде». Туыстарды айтпағанда, дирижердың үйін жататын жер таппаған талай студент паналады. Олардың арасында шалғай ауылдардан келген қаракөздерден басқа ресейлік әріптестері де бар. Олардың бірі, училище түлегі орыс қызы жұмысқа орналасқанша жарты жылға дейін апайдың үйінде тұрып, әрі кәсібилігін шыңдап, әрі сирек кітаптар қорын еркін пайдаланып, өзіне біраз пайдалы білім жинаған екен. Әңгіме барысында Мақыш апай қазір Орынборда, Мәскеуде қызмет ететін шәкірттерінен келген ыстық лебізге толы хаттармен таныстырды.

Мақыш Зәйітқызы өнерге жақын отбасында тәрбиеленді. Жас дарынға өнер нағашы жағынан келген. Анасы Әлиманың інісі Жәрдемғали Халмурзин облыстың мәдениетін өркендетуге еңбек сіңірген дәстүрлі әнші болды. Мұхит әндерін шебер орындайтын кең диапазонды өнер иесінің көркем дауысы (халықтық тенор) күні кешеге дейін көз көргендерінің жадында сақталды. (фотосы бар). Әкесі Зәйіттің домбырада шертіп ылғи айтатын «Шилі өзені» әлі күнге дейін оның құлағында тұр. Ән мен күйден ләззат ала білетін әке балаларының домбыра шертіп, ән шырқағандарына қарсы болмады. Бұл отбасындағы балалардың музыкаға қабілеті жоғары болды. Ағасы Бақытжан домбыраны еркін меңгерген күйші болса, сіңлісі әсем дауысты әнші, ал, бауыры Мұрат – сегіз қырлы, бір сырлы ортаның азаматы. Ол – әнші, күйші, көркемөнерпаздар оркестрін ұйымдастырушы, әрі велоспорт бойынша КСРО жерін аралаған жанкешті спортшы.

Мақыштың шәкірттері 2008 жылы Австрияға, Италияға арнайы шақыртулар алды. 2012 жылы АҚШ-та өтетін бүкіләлемдік хор олимпиадасына да жолдама алды. Мұндағы 26 номинация бойынша міндетті бағдарламаға сай дайындалған балалар хоры қаражат мәселесінің біраз қиындықтар тудыруына байланысты мұхиттың ар жағына бару бақыты бұйырмады. Ресейдің еңбегі сіңген қайраткері С.Казначеев балалар хорының өнерін Болгарияда тыңдағанда: «Сіздер қалайша классикалық, рухани, эстрадалық, халықтық әндерді бірдей түсінікті, әділетті, стильдерін  сақтап орындай аласыздар» деп таңдай қаққан еді.

Иә, Мақыш Зәйітқызы – өмірде өзін таба білген бақытты жан.   Жарты ғасыр өмірін балалар хорына арнаған ұлағатты ұстаз биыл 75 жасқа толып отыр. Ендеше, мерейлі жасыңыз құтты болсын, қадірлі ұстаз! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық табыстар тілейміз.

Бақыт Тұрмағамбетова,

өнертану ғылымдарының кандидаты,

музыкатанушы.