Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялап, онда алдымызда тұрған ұлы мақсатты жүзеге асыру үшін көптеген маңызды міндеттерді жүктеген болатын.

Жуырда Елбасы мақаласы аясында «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының қолдауымен «Қарой-Шейітсай-Қарой» автоэкспедициясы ұйымдастырылды. Автожорықты облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев басқарды. Экспедиция құрамында Исатай, Махамбет, Индер аудандық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары және тарихшы- ғалымдар мен БАҚ өкілдері болды.

Қазақстанның батыс өңірінде есімдері мәңгі сақталған біртуар перзенттер қатарында – 1836-1838 жылдары Бөкей ордасы мен Кіші жүзде қамтыған халық-азаттық көтеріліс басшылары – халық батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы аталады. Исатайтанушы-тарихшы ғалымдар И.Кенжалиевтің, Н.Көшекбаевтың, К.Есмағанбетовтың, А.Шамғоновтың, Л.Бердіғожиннің және ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Ә.Сарайдың ұзақ жылдарға созылған ғылыми ізденістері нәтижесінде баспадан шыққан көптеген еңбектері арқылы бүгінгі ұрпақ   Исатай- Махамбет бастаған көтерілістінің қыр-сырын терең білетін жағдайға жетті.

Қазіргі мезгілде бұл көтеріліс тәуелсіз Қазақ елі тұрғысынан зерттеуде. Мұның өзі осы оқиғаға байланысты жаңа деректердің ашылуына қол жеткізді. Солардың бірі – көтеріліс басшысы Исатай Тайманұлы жерленген жер – Шейітсай қорымы екендігінің дәлелденуі. Сөз жоқ, бұл жоғарыда аталған ғалымдардың жан-жақты зерттеулерінің жемісі.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мақаласында «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады. Біз халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек»,- деп жазған болатын. Сондай қасиетті жерлер қатарына Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Исатай батыр жерленген Шейітсай мен Атырау облысы Индер ауданындағы Махамбет батыр жерленген Қарой да  жататыны елге мәлім.

Міне, сондықтан да «Қарой-Шейітсай-Қарой» экспедициясының мақсаты – батыр бабалар рухын жаңғырту, солар бастаған азаттық көтеріліс туралы тың дереккөздерін жинау және топырақ алмасу болды.

Индер ауданындағы Қарой мекеніндегі Махамбет бабамыздың кесенісінен басталған шарада аудан әкімі С.Арыстан экспедиция мүшелеріне оң сапар тілеп, шығарып салды. Экспедиция Батыс Қазақстан облысы Ақ жайық ауданына келіп тоқтады. Мұнда оларды аудан әкімі Ә.Жоламанов және «Нұр Отан» партиясы Ақжайық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Нысанбаева қарсы алып, кейін қошеметтеп шығарып салды.

Автоэкспедиция Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы, Жымпиты ауылындағы музей ат басын тіреді. Аудан орталығындағы «Алаш» саябағы мен мұражайды аралап көрді.

Сол күні Орал-Ақтөбе автомагистралінің бойындағы Шейітсай мекенінен мәңгілік тыныс тапқан  Исатай кесенесіне барып, батырдың рухына тағзым етіп, Құран бағыштады. Экспедиция басшысы Н.Ожаев Қараойдағы Махамбет кесенесінен алынған топырақты Исатай баба кесенесіндегі топырақпен ұштастырды.

2 тамыз күні автожорықшылар Ақтөбе қаласынан жолға шығып, Индер ауданындағы Қарой мекеніне келіп, Исатай батырдың кесенесінен алынған топырақты Махамбет батыр кесенесіне салып,  Ұлы даланың қос батырының рухын  мәңгіге қосты.

 

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,

«Қарой-Шейітсай-Қарой» экспедициясының мүшесі.