«Теңізшевройл» ЖШС қаржылай қолдауымен салынған Атыраудың «Тұрғындар қалашығы» ықшамауданында орналасқан жаңа ретро-саябақ есігін айқара ашты. Бұл – еліміздің мұнайлы астанасы атанған шырайлы шаһардың туған күніне арналған тамаша тарту еді.

Үш мыңнан аса тұрғын жиналған теңдессіз сыйды тапсыру салтанатында сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындарды осынау қуанышты сәтпен құттықтады. Сондай-ақ, ол мұндай кешеннің бұрын-соңды болмағанын, осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты. Атап айтқанда, Жеңіс саябағы кеңейтіліп, тағы да жаңа демалыс орындары ашылмақ. Олардың қатарында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті маңындағы  учаске де бар.

– Бұл саябақ қала көркіне көрік қосқандай. Еліміздің өзге шаһарлары секілді Атырау да күн санап көркейіп келеді. Оның әлеуметтік, тұрғын үй және инфрақұрылымдық дамуында Астананың тәжірибесі негізге алынады. Бәрі де Елордаға қарап бой түзейді. Өйткені, халықаралық мәндегі маңызды шаралар мен басқосулардың бәрі де Астанада өтеді. Сондықтан, оның көтерер жүгі де ауыр болмақ. Осының өзі еліміздің әлемдік қауымдастықтан алар орнын айқын белгілеп тұрған жоқ па? Астана – Елбасының абыройымен іске асқан тамаша жобасы.

Бүгінде мемлекетімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешуде. Халық қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты қалайтыны анық. Мұнайлы өңірде де алаңсыз өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Осы орайда, қаланың сәулеті мен дәулетін арттыруда тұрғындардың тілектері, ұсыныс-пікірлері ерекше ескерілетінін қаперге бергім келеді. Мынау саябақты салу бастамасы да алғашында тұрғындардан келіп түскен болатын. Сол арман, бүгін, міне, ойдағыдай іске асты. Ендеше, бірлігіміз бекем, болашағымыз жарқын болсын десек, туған өлкеміздің өсіп-өркендеуіне «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып атсалысуға шақырамын, — деді Нұрлан Асқарұлы.

Осыдан кейін, «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тед Этчисон және еңбек ардагері, облыстың Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев саябақ лентасын кесті.

Рас, кейбір себептерге байланысты мұндағы құрылыс жұмыстарының қарқыны біраз баяулап та қалған болатын. Қалай еткенде де, ретро-саябақтың нақ осы жылы ашылуын атыраулықтар асыға күтті. Құрылыс алаңында жүзден астам адам тәулігіне сегіз сағаттан екі ауысыммен еңбек етті. Жиырма шақты арнайы техника жұмылдырылды. Сөйтіп, қиялдағы бақ та бой көтеріп шыға келді.

Саябақ өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы неоклассикалық үлгіде салынған. Оның негізгі аумағын парк аллеялары құрайды. Ол тұрғындардың Жайық өзенінің жағалауында демалыс сәттерін өткізуіне арналған. Көрмеге арналған павильон, амфитеатр, әуезді әуен мен түрлі түсті жарықпен әрленген су бұрқақтары, ретро стиліндегі 90 орындық дәмхана, жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер мен аралшықтары бар жасанды тоғандар және басқа да небір сәулет туындылары алыстан көз тартады. Алаңдағы 3,5 гектар аумаққа 750 түп ағаш отырғызылған. Сонымен қатар, мұнда заманауи бейнебақылау жүйесі орнатылып, радиохабар таратылады.

– «Теңізшевройл» серіктестігі құрылған күннен бері елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Келер жылы өзінің ширек ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған кәсіпорынның басты мақсаты – жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосу. «Игілік» бағдарламасының жүзеге асырылуы барысында 250 миллион АҚШ долларына жуық сома игеріліп, 130 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде, дәрігерлер, мұғалімдер мен техникалық қызметкерлер үшін мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Ретро-саябақтың Атырау қаласының ең көрікті жеріне және қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналарына жұбайым Сьюзан екеуіміз толықтай сенімідіміз, — деді «ТШО» ЖШС-нің бас директоры Тед Этчисон.

Осыдан кейін Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, белгілі сәулетші-мүсінші Бақытбек Мұхамеджановтың атақты «Досмұқасан» ансамблінің 50 жылдық мерейтойына арнап жасаған тамаша туындысының тұсауы кесілді. Соңында құрамында әйгілі әншілер Мұрат Құсайынов, Ақжол Мейірбеков және басқалары бар танымал өнер ұжымы әннен шашу шашты.

Дәулетқали АРУЕВ.