Қытайдың әлемге әйгілі «Мен әншімін» байқауында бақ сынап жатқан Димаш Құдайбергеннің есімі бүгінде мұхиттарды шарлап кетті. Небәрі 22 жасында әлемдік олимпті бағындырып үлгерген талантты жасты бәйгеге баптаған бірден бір тұлға, оның әкесі Қанат Айтбаевпен арадағы сұхбат оқырман көкейінде жүрген көптеген сауалдарға жауап берді…

Қанат АЙТБАЕВ, белгілі әнші, сазгер:

ДИМАШТЫҢ ТАНЫМАЛДЫЛЫҒЫ — ӘРІ ҚУАНЫШ, ӘРІ ЖАУАПКЕРШІЛІК

— Қазақ халқының ғана емес, миллиардтаған әлем тыңдармандарының жүрегін жаулаған Димаштың балалық шағы туралы айтып өтсеңіз. Тұтас қазақтың маңдайына біткен, мақтанышына айналған бала күнгі Димаш қандай қабілеттерімен ерекшеленіп еді?

— Димаш бала күнінен менің әкем Құдайберген мен анам Миуаның бауырында өскен бала. Барлығымыз бір үйде тұрамыз, ол ата-әжесін «папа, мама» деп атайды. Үлкен кісілердің бауырында болғандықтан да, еркін, ерке өсті. Мейірімге қанып өскен бала ойын да ашық айтатын. Кішкене Димаш жан жақты бала болды. Жасынан футболды қатты жақсы көрді. Таэквондо, жүзумен де айналысты. Бес жасынан бастап музыкалық студияның фортепиано класына барды.

— Ұлыңыздың бойындағы ән айту қабілеті қалай ашыла бастады?

— Кезінде Ақтөбеде «Айналайын» атты балалар арасындағы халықаралық музыкалық байқау өтетін. Алты жасында  ол осы байқауға қатысып, фортепиано бойынша лауреат атанды. Димаш ән айтуға да құштар болды. Облыстық филармония жанындағы «Саз» балалар студиясының хорының құрамында ән айтты. Ұлымыз кәсіби өнер жолын қууына осы хордың да көп әсері тиді деп ойлаймын.

Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе облыстық музыкалық колледжінің академиялық вокал бөлімін бітірді. Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінің «Эстрадалық өнер» факультетінің үшінші курсында оқиды.

— Қытайда өтіп жатқан халықаралық «Мен әншімін» жобасы Димаштың диапазоны кең талант екендігін танытты. Оның осы сайысқа қатысуына нендей жағдай себеп болды? Толығырақ айтып өтсеңіз…

— Қытайда өтіп жатқан ән байқауына дейін де Димаш көптеген конкурстарда бақ сынады. Яғни, ол бұл жобаға арнайы дайындықпен келді. Мәселен, 2012 жылы «Жас қанат» республикалық конкурсына қатысып, жеңімпаз атанды. Осы сайыстан кейін түрлі конкурстарға шақырту, ұсыныстар келіп түсе бастады. Соның бірі, Украинаның Қырымында өткен эстрадалық әншілердің «Шығыс базары — 2012» атты конкурсы еді. Жоғары деңгейде өткен конкурсқа 28 елден әншілер келіп қатысты. Осы додада бірінші орын иеленді. Одан кейін «Славян базарына» шақырту алды. Димаштың өнердегі талпынысын байқаған аталмыш фестивальдің Қазақстандағы ресми өкілі Қарлығаш Әбдікәрімова Астанаға арнайы іс-сапармен келген Витебсктегі «Славян базары» байқауының іріктеу тобына «Шабыт» халықаралық фестивалінің ашылу салтанатында қонақ ретінде өнер көрсеткен Димашты сырттай таныстырған екен. Белорусь тарапы жақсы бағалап, қызығушылық танытып, конкурсқа қатысуға ұсыныс жасады.

Ал, Қытайдағы конкурстың ерекшелігі — оның негізінен телевизиялық аудиторияға арналғандығы еді. Бірде маған кезінде «Қазақстан» ұлттық арнасында қызмет еткен Ертай Нүсіпжанов деген азамат хабарласты. Ол Димаштың әртүрлі конкурстарда орындаған әндерінің сілтемесін Қытайда өтетін сайыс ұйымдастырушыларына жібергісі келетінін айтты. «Тағы да бірнеше әншілердің әндерін ұсынудамын. Ол өте ірі шара. Қазақстандық өнерпаздардың да сол конкурстан көрінгенін қалаймын», — деген еді.

Нәтижесінде ұйымдастырушылар Димашты іріктеу турына шақырды. Іріктеу турында әншінің біліктілігін, интеллектуалдық деңгейін, музыкалық қарым- қабілетін, сахналық мәдениетін, диапазонын, түр келбетін де саралаудан өткізеді екен. Сөйтіп, желтоқсан айында іріктеуден өткен Димаш, қаңтар айының екісінде конкурсқа қатысуды бастап кетті.

— Білуімізше, Қытайда өтіп жатқан конкурстың кезекті турына сіздің барғаныңыз Димаш үшін «тосын сый» болыпты. Ұлыңыз сахнада ән орындап тұрған кезде, залда сіздің отырғаныңыздан бейхабар болған. Димаштың әніне қиқу салып, қолдау білдіріп отырған халықты көрген сәтте сіз әрі әке, әрі әнші ретінде қандай сезімде болдыңыз?

— Ұйымдастырушылар «сіздің келгеніңіз Димашқа тосын сый болсыншы» деп қолқа салды. Конкурс телевизиялық бағытты ұстанғаннан кейін де, олар Димаштың қуанған сәтін көргісі келген болуы керек. Сөйтіп, ол ән айтып болғанға дейін оған көрінбеуге тырыстым. Ән айтып болған кезде ғана, мені көрген Димаштың көзінен қуаныштың оты жалт ете қалғанын барлығы да аңғарды деп ойлаймын.

Әдетте, қобалжу мен қуаныш қосылған кезде, адамда өзгеше бір сезім пайда болады ғой. Оның үстіне, бала өзге жерде өнер көрсетіп тұрған кезде, үміт те, толқу да көп болады. Бұл да бір үлкен тебіреніс. Амандық болса, конкурстың алдағы турларына да баруды жоспарлап отырмын. Димашпен телефон арқылы күнде хабарласып, өзара кеңесіп отырамыз.

 

— Күні бүгінде Димаштың танымалдылығы сәт санап әлемдік деңгейде артып келеді. Тұтас елдің үмітін арқалап отырған талантымыз. Жалпы, миллиондардың сүйіспеншілігіне бөленіп, Қазақстанның намысын қорғап жүрген азамат ретінде Димаш қазір қандай сезімде?

— Танымалдылық дегеніміздің өзі бір жағынан қуаныш, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Өйткені, әрбір қадамың, әр сахнаға шыққан сәтің халықтың назарында. Сондықтан да, үнемі өзіңе үміт артып отырған халықты қуантуға тырысатындығың анық. Оны Димаш жақсы сезінеді. Және небәрі 22 жастағы жігітке мұның барлығы оңай деп те айтуға болмайды. «Елдің атын жақсы тұрғыда, әдемі істермен таныта түссем екен», — деген тілек бар Димашта.

— Елге оралған сапарларының бірінде, Димашты Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы қарсы алды. Сол бір керемет сәтте мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбек ағамыз Димашқа «осы танымалдылықты көтере біл» деген батасын берді…

— Бұл өте дұрыс нәрсе деп ойлаймын. Себебі, өскелең ұрпаққа қашанда үлкендер ақыл айтып отыруы керек. Ел алдында жүрген ағаларымыз жастарға жақсы тілегін арнап жатса, алғыстан басқа не айтуға болады? Мырзатай ағамыз «танымалдылықты жақсы жағынан көтере біліп, ақылдың шеңберінде ғана қызмет жаса» дегенді орынды меңзеді деп ойлаймын.

— Ақпарат құралдарынан біліп отырғанымыздай, талант иесіне жарнама агенттіктерінен, кино саласынан көптеген ұсыныстар келіп түсуде екен. Болашақта Димаш Құдайбергенді өнердің басқа да салаларынан көруіміз мүмкін бе?

— Ұсыныстардың түсіп жатқаны рас. Димаштың әншілігінің қандай екенін білгенімізбен, оның қаншалықты актер болатыны бізге беймәлім. Ұсыныстың барлығына бірдей кірісіп кету де оңай нәрсе емес. Оның барлығы өзіміздің сүзгімізден өтуі керек. Егер, оның шама-шарқына келетіндей, әншілік те, актерлік те қабысатындай дүние болса, ойланып көруге болады. Бірақ, қазіргі таңда біз үшін сайыстың аяқталуы маңызды болып отыр.

— Өзіңіз айтып отырған Қытай еліндегі конкурс барысында кездескен бейресми, қызықты сәттермен бөлісе кетсеңіз.        Сұхбатымыздың қорытындысы ретінде оқырмандарға айтар тілегіңізді білсек.

— Қытайда өтіп жатқан конкурстың басты ерекшелігі, ол елдің тыңдармандары дер едім. Себебі, Қытай халқы өте эмоцияға берілгіш, сезімтал келеді екен. Әншілерді жақсы қабылдайды. Ілтипаттары да ерекше. Әр концерттік шарадан кейін халық көптеп жиналып, жақсы тілектерін айтып, гүл шоқтарын ұсынып жатады. Мұның барлығы әрине, көңілге әдемі күй сыйлайды. Осы сәтті пайдаланып, Димашқа қолдау білдіріп отырған өзіміздің отандастарымызға да ерекше алғыс айтқым келеді.

Ең бастысы, өнердің қуатты тәрбие құралы екенін ұмытпауымыз керек. Тыңдарман сан қырлы болса — классиканы да,                 эстрадалық бағытты да, ұлттық, дәстүрлі өнерді де тыңдай білсе, жан жақтылық пайда болады. Әр түрлі дүниені саралап,  жүрегіне жақынын қабылдай білген тыңдарманның да талабы өседі. Сол кезде,  әншілердің де ізденісі артып, деңгейі өрлей түспек…

 

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.