Балықшының еңбегі – етек-жеңі кепкенше.

Қазақ мақалы.

        ӨМІРДЕРЕК

Орынғали Мырзашұлы Ахметов «Тілекші» ЖШС-нің директоры.

  Балықшы отбасында 1958 жылы дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң еңбек жолын балықшылықтан бастады.

 Арнаулы оқу орнын бітіріп, 1995 жылы балық аулап, өңдейтін серіктестік құрды.

  2016 жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласында «Жыл адамы» атанды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

  2014 жылы «Қазақстанның үздік тауарлар өндірушілер» кітабына есімі енгізілді.

  Былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің, Қазақстанның үздік тауарлар республикалық көрме-конкурсына белсенді қатынасқаны үшін Инвестициялар және даму министрлігінің Алғыс хаттарына ие болды.

 Астана күніне арналған көрмеде «Халық таңдаған сапа» маркасымен марапатталды.

 Орынғали Мырзашұлы – Балықшы аумағына көптен таныс, адал еңбегімен, байсалды мінезімен, сабырлы да салиқалы сөзімен, балықшының қатерлі де қиындығы мол сәттерде төзімділігімен, темірдей тәртібімен, құрыштай қайратымен танылған азамат. Қашан көрсеңіз де, бір қалыпты дағдыдан ауытқымайтын, көп сөзге жоқ, жылы шырайлы кейпі, табиғатынан төзімділік дарыған жігіт болып өсті.

 

Арғы аталары да балықшы болған

Арғы аталары жиырмасыншы жылдардың басында мұнайлы өңірдің халқын аштықтан сақтап қалған Жем өзенінің сағаларын қоныс еткен.

Ал, 30-шы жылдары алғаш балық артелін ұйымдастырушылар да осы Орынғалидың аталары Қалқаш қарт бастаған азаматтар болатын.

Жылдар өтіп, заманына сай түрлі амалдар жасалды. Сол кезеңдерде теңіздің тартылуына байланысты Жемнің балықшы артелдері Жайық бойына көшірілді.

Туған жерін тастап Жайық бойындағы елді мекендерге қоныстанған балықшылар әулетінің кіндік қаны тамған ел-жұртын сағынғанда арнап айтқан «…Он сегіз колхоз едік Жылыойдағы» — деп басталатын өлеңдерін көнекөз қарттар жағы әлі күнге ұмытпаған.

Қайыршақты өңіріндегі шаруашылықтарда еңбек еткен Орынғалидың әкесі Мырзаш ағамыз Орал ауыл шаруашылығы институтында оқып жүріп, алпысыншы жылдардың басында дүниеден өтті.

Анасы Аққыз апа – еті тірі, үлкенге де, кішіге де қайырымды, ақжарқын, абзал ана. Ол балаларын жетілдіру үшін ағайындарын сағалап, Дамбы ауылына қоныс аударды. Осында жаңадан ашылған ауруханада өмір бойы аспазшы болып еңбек етті, өзінен өрген ұлдары мен қыздарын жетілдірді. Айнаш апасы мен Нұрғали жездесі де, әкесінің інісі Кенжебай ағасы да бауырларының жетілуіне қамқоршы болды.

 Өткенді еске алғанда

— Әкемнің Қабдрахман, Оңдасын деген екі ағасы Ұлы Отан соғысы майданынан оралмады. Біз әкеміздің немере інісі Бисекенов Түсіп ағамыздың қамқорлығын көп көрдік.

Кезінде Түсіп аға, қарындастары менің бауырларым Жамал мен Жемісті оқытуға көмектесті. Менің де оқып білім алуыма, еңбектен қол үзбей жүріп мамандық иесі атануыма бағыт-бағдар берді. Мектеп бітірген соң еңбекке араласа жүріп, мамандық алуға оқыдым. Электрик, кеме механигі, кеме жүргізуші, балық техникумында оқып, мамандық иесі атандым. Орта мектепті 1975 жылы бітірген бойда еңбек жолымды Аманкелді атындағы ұжымшарында балықшы болып бастадым. Алғашқы тәлімгерлерім Шаңбаев Шарапиден, Ситешов Мұхси, Әзбергенов Жақсылық, Хамзаев Карапиден, Құспанов Бабаш ағаларым болды, — дейді Орынғали өткен өмір соқпақтарын еске ала отырып.

Каспий теңізінен балық аулау Жақсылық Әзбергенов басқаратын комсомол-жастар бригадасының мойнындағы шаруа еді.. Сексенінші жылдардың басында күзгі балық аулау науқанында теңіздің жағалауларынан түрлі балық аулау құралдарымен, моторлы қайықпен балық ауланатын.

 

Иә, сол бір күздің өктем желді қара суығы мен айсыз түндерде теңіздегі дауылды желмен арпалыса жүріп, ау құралдарын сақтап, ауланған балықты қабылдау бекетіне тапсыру ісі қаншама еңбек пен төзімділікті, күш-қайратты қажет етеді десеңізші. Әсіресе, дауылды толқынмен алыса жүріп еңбек етуге екінің бірінің дәті шыдамайды-ау өзі.

— Тәлімгерлерімнің өздері мен үшін үлкен мектеп болды. Балықшылар көп сөзге жоқ адамдар ғой. Табиғаттың тылсым күшімен тілдеседі, ауа-райының құбылуына қарап болжайды. Балықтың жүруіне, ау қоржынының балыққа толуына, күннің бұлттануына қарап, болжам жасай береді. Балықшы ағаларымның қайсылары да табиғаттың тамыршысындай көрінетін еді. Біз осындай аға ұрпақтың тәлімінен тәрбие алдық. Өмір жолынан оқыдық, ой түйдік. Соларға қарап бой түзедік. Бүгінгі қол жеткен азын-аулақ еңбегімнің жемісі болса, солардан алған тәрбиенің табысы.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында балықшы ұжымдық шаруашылықтары қиындыққа тап болғаны белгілі. Көптің маңдай терімен ауланған балық өнімдерін алыс-жақын шетелдерден әкеліп, әр түрлі тауарларға, құрылыс материалдарына, азық-түлікке айырбастап алып кетіп жатты.

1993 жылдардан бастап Орынғали өзінің жекеменшік моторлы қайығымен қасына інісі Төребай, Нариман, Қали деген жігіттерді алып, өз ау құралдарын жасақтап, бір мекеменің 40 тонна балық аулау лимитіне қол жеткізеді. Каспий теңізі мен Жайық өзенінің сағаларынан балық аулап, табыстың көзін таба бастаған олар келесі жылы осы жұмыстарды қайта жалғастырады. Орынғали қаражатын жинақтап, оған ау құралдарын, балық аулау техникаларын сатып алады. Сосын маусымдық тартым жұмысы біткесін, ауыл адамдары қарап отырмасын деген оймен 20 гектар жерді жалға алып, егін шаруашылығын да қатар дамытуды көздейді. Өзі балық аулау, оны ұқсату арқылы балық өнімдерін дайындау мақсатында жаңа бизнес жоспарын жасайды.

Сөйтіп, 1995 жылдан бастап «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылады. Алғашқыда жеке кәсіпкер ретінде жұмыс бастап, жинаған қаржысын кәсіпорынды дамытуға, ұқыпты жұмсауға ден қояды. Балық аулау, оның өнімдерін өңдеу, ұқсату арқылы Атырау қаласының тұрғындарына дайын өнімдерді сататын дүкендер ашады. Тіпті дайындаған өнімдерге Қазақстанның өзге өңірлерінен, алыс-жақын шетелдерден де сұраныс, тапсырыстар түсе бастайды.

 Қолжетімді балық өнімдері

Қазір серіктестік балықшыларының сапалы «су маржандары» өнімдеріне деген сұраныс елімізден асып, шет елдерге тарап кетті. Балық өнімдері бірқатар ТМД елдеріне экспортталады. Сәйкестік сертификаттар халықаралық GSI жүйесінде пайдалануына және GSI KAZAKHSTAN қауымдастығының жұмысына қатысу құқығына ие болды. «Тілекшінің» базасында Жайық жағасындағы ау құралдарының қоймасы, балық аулауға қажетті кемелер мен техникалар сақталған. Орталық базасында түрлі мақсаттағы сегіз цех жұмыс жасайды. Атап айтқанда, балықты қабылдау, салқындату және тұздау; балықты ыстау; фарш жасау, балықты мұздатқыш камераларда сақтау цехтары қызмет етеді.

Мұнда сондай-ақ, балықты вакуумға салып, целлофан қапшықпен қаптау, котлет, қуырылған, ысталған балық цехтары бар. Балық өнімдерінің қалдықтарынан балық ұнын жасау да жолға қойылған.

Цехта өндірілген балық ұны                       Атыраудағы құс фабрикаларымен арадағы келісім-шартқа сәйкес «Атырау сауда үйі», «Құлсары газ» ЖШС-не жөнелтіледі. Балықтан дайындалған өнімдер өздеріне қажетті сертификаттарына сәйкес арнаулы ыдыстарға салынып, тауарлық-сауда белгісі жапсырылады.

«Тілекші» ЖШС арқылы өңделіп, дайындалатын балық өнімдерінің түрлері төмендегідей:

  1. Жемдік балық ұны.
  2. Кептірілген табан.
  3. Кептірілген қаракөз.
  4. Мұздатылған балық фаршы. Ақмарқа.
  5. Мұздатылған балық өнімі. Сазан.
  6. Мұздатылған балықтың жон еті. Жайын.
  7. Мұздатылған балық фаршы. Көксерке.
  8. Мұздатылған балықтың жон еті. Ақмарқа.
  9. Салқындай ысталған жайын кеспесі.
  10. Салқындай ысталған кефал.
  11. Еленіп тұздалған, пастерленген шортанның уылдырығы.
  12. Салқындай ысталған табан.
  13. Салқындай ысталған сазан.
  14. Салқындай ысталған жайын еті.

 

Диқанның маңдай тері

Соңғы жылдары 10 га жерге бау-бақша дақылдары, көкөніс өнімдері егіліп,  жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту жұмыстары да табысты жүргізілуде. Өткен жылы егістік алқабының 4,8 гектарына көкөніс егіліп, 100 тоннадан астам өнім алынды. Бұдан басқа 6 тоннадай картоп, 40 тоннадай қауын-қарбыз жиналып, қала базарлары арқылы сатылды. Осы жұмыстарды ұйымдастыруда егін бригадирі Эльмира Жұманиязованың еңбегі ерекше екендігін айтуға тиіспіз.

 «Су маржанын» сүзгендер

Былтыр серіктестікке Каспий теңізінен балық аулауға 692,9 тонна лимит бөлініп, оның 559,7 тонна балық аулауға өтініш берілді. 9.674.871 млн.тг биоресурсқа төлемақы төленді.

Өткен жылы теңізден 554,2 тонна балық ауланды. Қиғаш өзенінің сағалық кеңістігіндегі «Птичий» балық аулау учаскесінен 165,43 тонна балық аулауға өтінім беріліп, оған тиісінше 2.482.439 млн.тг биоресурс төлемақысы төленді.

Балық аулау маусымы кезінде «Тілекші» ЖШС-не 250-300 адам жұмысқа тартылды. Ауланған балық серіктестіктің базасына тасылып, ұқсатылып, халықтың қажеттілігін өтеуге дайын өнім ретінде жөнелтілді.

 

Алға жетелейтін істер

Серіктестік жұмысшылары қысты күндері де қарап отырмайды. Қамыс шабу бригадасы ұйымдастырылды. Олар қамыстан арнаулы құрылыс материалдарын дайындауды қолға алды.

Жұмысшылар балық сақтайтын цехқа қажетті мұз дайындап, мұздатқыштарға толтырып қойған. Қысқы мезгілде цехта 50 адам жұмыс істейді. Арнаулы котлет жасау, балық қуыру цехтарынан дайындалған өнімдер сауда орындарына жөнелтіліп тұрады.

— Көктем шығысымен он гектар егістікке картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егіп, жұмыссыз отырған ауылдастарымызды диқандық жұмысқа тартамыз ба деген ойымыз да бар. Бұл – біздің жылдағы дағдылы ісіміз. Ал, Приморье каналының бойына балық өсіруге 71 гектар жер телімін алып, құжаттарын дайындап қойдық. Сөйтіп, тоған шаруашылығын ұйымдастырмақшымыз. Болашақта мал шаруашылығын дамыту да жоспарда бар. Шаруа қожалығын ашуға 500 гектар жерді алып сиыр, жылқы, қой шаруашылығын қолға алатын боламыз, — дейді Орынғали Мырзашұлы алдағы жоспарларымен бөліскенде.

 Іс тетігін шешіп жүргендер

Серіктестіктің сан қырлы шаруаларын үйлестіріп, ұйымдастыру, оңды шешу тек басшыға емес, оның төңірегіндегі кадрлардың білімі мен білігіне, қарым-қабілетіне де байланысты. Серіктестік директорының орынбасары Асқар Ғалимов, Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзені бойында балық аулау инженері Сайлау Жұбанышев, есепші Ғания Әліпова, балық өнімдерінің технологі Сұлушаш Қилымова, бас инженер Берік Ахметов, балық қабылдаушы Мереке Ізғалиев, балықты сақтау және ұқсату жұмыстарымен айналысатын технолог көмекші Қанапия Мұқашева, сонымен қатар, балық цехының жұмысшылары, балық аулау звенолары, операторлар, механизаторлар мен жүргізушілердің еңбектері бір төбе.

 

Жеңіс АРОНОВ,

Атырау облысы