Неміс тұтқынында жүріп, өнерімен жаудың жүрегін елжіреткен қазақ кемде-кем. Құдіретті скрипкасы оның қорғаушысы болды. Қазақтың маңдайына біткен үш алыбын дүниеге әкелген, кие қонып, құт дарыған Шыңғыстаудай шежірелі өлкенің перзенті, еуропалық аспапта кәсіби деңгейде ойнаған тұңғыш қазақ Әйткеш Толғанбаевтың өмірі баршамызға үлгі-өнеге.
Моздок (Солтүстік Осетия) концлагері. Жұлқына арсылдаған неміс иттері. Тұтқынға түскен жас қазақ. Адам төзгісіз қорлық. Тірі қалу немесе қашу үміті жоқ. Жаралы әрі аш тұтқындар күн сайын көз жұмып, педикулездан (битшеңдік) азап шегуде. Сағым боп қалған асқақ армандар. Әйткештің бейнесі «Адам тағдыры» фильміндегі Бондарчукті еріксіз көз алдыңа әкелері сөзсіз.
Түн жарымы… Неміс коменданты шақырады дегенді естігенде Әйткештің жүрегін үр ей билеп, зердесіне ауыр ойдың салқыны білінді. Бар болғаны оны тұтқындардың бірінен скрипкада ойнайтынын естіп шақыртса керек. Ол мандолина тиекті ескі скрипканы Әйткештің қолына ұсынады. «Бәрібір өлім» деген ол аспапты қолына алып, Венявскийдің мазуркасын скрипканың сиқырлы үнімен сызылта жөнеледі. Одан кейін екіншісін, тағысын тағы басқа… Үстел үстіндегі тағам иісінен басы айналып, қолы дірілдеген скрипкашының денесіндегі биттер де жылы казармаға келген соң жан кіріп оған тап бергендей.
— Тамақ ішесің бе? – деп сұрады комендант орыс тілінде. Оны үстелге жақын отырғызды. Жанында отырған неміс жиіркенгеннен одан әрірек ығысып кетті. Үстел үстінде нан, шұжық, ірімшік дейсіз бе, бәрі бар… Әйткеш асыға-аптыға тағамды жұтар-жұтпастан аузына тыға берді. Қызыл шарап та құйылды. «Не болса, о болсын. Ақыры өлемін» деген ол оны да сылқита жұтып алды. Бір мезетте Әйткешті ауладағы жанулы ыстық оттың жанына алып келіп, шешінуін бұйырады. «Жеткен жерім осы болар, мені тірідей отқа жағатын болды» деген үрейге шомған сәтте есін жияр-жимастан, алаулы отқа жыртылған киімі жанып та үлгерді. Қарауыл күзетші музыкантқа жаңа киім беріп, қайтадан лагерь комендантына алып барады.
– Сен жақсы ойнайсың, — деді комендант. Бірақ, Венявскийді емес – ол еврей музыкасы.
— Музыкада ұлтына қарамайды, — деп жауап берді қайсар Әйткеш.
Иә, ақиқаты керек, көрер жарығы болар, оны бұл азаптан өнері құтқарады. Комендант Әйткешке скрипка ойнатуды әдетіне айналдырады. Лагерьдегі неміс офицерлері мен рейх эмиссарларына батыстың классикалық музыкаларынан үзінділер ойнап, Бах, Моцарт, Гайдн, Бетховен шығармаларын аса шеберлікпен орындап, немістердің таңдайын қақтырады.
Орта Азия мен қазақстандық тұтқындарды Варшавадан 18 шақырым жердегі Түркістан легионына жіберетін кезеңде, оған барудан бас тартады. Сол үшін де оны немістер азаптап түрмеге жауып, өлім лагеріне жібермек болады. Алайда, Түркістан ұлттық комитетіндегі қандастарымыз оны құтқарып, үгіт взводын басқаратын М.Бақтыгереевтің көмегімен Әйткеш түрмеден босайды. Тұтқындардан құралған мәдени взвод құрамындағы түрлі ұлт өкілдерімен бірге Польша, Германия, Франция, Австрия жерлерін аралап, концерттер қояды. Ол атамекеніне, туыстарына деген сағыныш жүрегін сыздатқан сәттерде, жасқанбай өз халқының әуендерін ойнайтын көрінеді. Бірде «Айнамкөзді» тартып болғанда, отырғандардың бірі: «Осы сіздерде гимн бар ма?» деп сұрағанда, қапелінде не айтарын білмей қалған Әйткеш «Елім-айды» еңірете жөнеліпті. Тілі бөлек әуеннің Еуропа жұртының жүрегіне жол тапқаны соншалық, әнді «Гимн» деп қабылдаған екен. «Қандай талантты халық, ұлттық музыкасы осындай болғанда, классикасы қандай болғаны?» деп таңдай қағысады. Азия адамының скрипканы аса шеберлікпен, жете меңгерген сауаттылығына тәнті болады.
Фашистік Германия жеңілгеннен кейін, одақтастарының көмегімен тұтқыннан босайды. Сөйтіп, ол Италияның Торонто қаласынан бір-ақ шығады. Ла Скала сахнасының танымал баритоны Тито Гоби секілді опера әншілерінің дауысына тәнті болған Әйткең: «Итальян шеберлерін көріп естідім, өмірдің сарқылмас шабыт көзінен нәр алғандай болдым» деп жазады естелігінде. Ол Римдегі Кеңес елшілігі қарамағында күзетші болып жұмыс жасап, қолы бос уақытында Римнің Адриано театрының симфониялық оркестрінде жаттығады. Тіпті, Мәскеудің Үлкен театр оркестрінде ойнауға да сәті түседі. Осы тұста Кеңес елшісі М.Костылевтің көмегімен елге қайтуға мүмкіндік алады. Әйткеш 1946 жылдың қарашасында туған елге оралады.
«Тағдыр маған арман мақсаттарыма жетуге жазбапты, сұм соғыс өмірімді кері айналдырды» дейді ол. «Елім» деп еңіреп келгенде «Отанын сатқан», «ағылшын шпионы», «шетелдік барлау органдарының құпия өкілі», «Халық жауы» деген айып тағылып, оның өмірінің екінші азапты кезеңі басталады. Ақыры 25 жылға бас бостандығынан айырылып, әуелі Новосібір, одан соң Иркутскі түрмесінде, одан Қиыр Шығыстағы Ванин шығанағы, әрі қарай Находка, Магадан лагерлерінде жүріп, тұтқындардан ұйымдастырған джаз, симфониялық оркестрлерде скрипкада, орыс ұлт аспаптар оркестрінде мандолинада ойнайды. Осы кездерде ол қазақтың халық әндері мен күйлерін аспапқа лайықтайды. Намысын қорғап, бас көтергені үшін Якутияға қатаң тәртіпті лагерьге аударады. Мұнда музыкант емес, көп тұтқынның бірі бола жүріп К.Е. Ворошилов жарлығы шыққанша (1955) көрмеген қиындығы, жасамаған жұмысы қалмайды.
Қайран тағдыр десеңізші, 8 жыл Колымада сергелдеңге түсіп, ақыр соңы 1956 жылы бостандық алып, Алматыға қайтады. Оның алдағы бар арманы – бітіре алмай қалған консерваториядағы оқуын жалғастырып, халқына қалтқысыз еңбек ету. Осылай Ахмет Жұбановтың көмегімен консерваториядағы оқуын жалғастыруға мүмкіндік туды. Ол доцент В.С.Хесс пен ҚазКСР-не еңбегі сіңген әртіс И.Коганның класында білім алады. Соңғы курстың дипломдық жұмысына П.И.Чайковскийдің скрипка мен оркестрге арналған концертін ойнауға бел буады. Осы бір тың концертін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрімен сәтті ойнап шығады. Осы бір кезеңді Өнер академиясының профессоры Түркістан Өзбеков былай деп еске алған болатын:
«Біз — бір кезеңнің ұрпағымыз. Мен де балалар үйінде тәрбиелендім. Бірақ, Әйткеш көрген қорлықты мен көрген жоқпын. Сол бір азапты жылдардан, концлагерьден кейін адамның қолы, саусақтары қандай күйде болатынын білесіздер. Алайда, Әйткеш соғысқа дейін түскен консерваториясын жалғастырып, «Чайковский» концертімен аяқтауы адам сенгісіз, ғажайып құбылыс. Ол – асыл адам. Мінезі, таланты жағынан біраз Нұрғиса Тілендиевке ұқсататынмын. Ешкімнің алдына тізе бүкпейтін, бірбеткей, қайсар мінезді, қашан да әділдігін айтатын, адамгершілігі жоғары адам еді».
Әйткеш консерваторияны тәмамдағаннан кейін, Құрманғазы атындағы өнер институтында ұзақ жыл қызмет етеді. Сол тұстарда «Скрипканы оқып-үйрену» атты скрипка аспабын меңгерудің әдістемелік құралын, «Скрипка мен фортепианоға арналған транскрипция» атты оқулық жинақтарын жарыққа шығарады. Музыкант дүниежүзінің ең күрделі классикалық, қазақтың халықтық және атақты сазгерлерінің шығармаларынан 200 ән-күйді өңдеп, өзінің репертуарына кіргізді. Өкініштісі, солақай саясаттың кесірінен әлемдік байқауларға қатысуға бір де бір жолдама ала алмады.
«Тар жол, тайғақ кешу» құрбанының әр басқан ізі аңдулы еді. 40 жыл, 33 күн бойына әділетсіздікпен күрескен абзал жан тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасына өзінің саяси қуғын-сүргін құрбаны екенін, азаматтық құқығын қорғауға үмітін үзбеген соңғы өтінішін береді. Көп ұзамай талантты қазақ скрипкашысы ақталып шықты.
Ол өзінің «Қатал тағдыр тәлкегі» атты естелік кітабында: «Мен өмірге, музыка әлеміне музыкант болып келгендеймін… Домбыра мен сыбызғының үні мені халқымыздың баға жетпес қазынасына жетелесе, өлеңі бабаларымыздың тарихынан сыр шертетін. Бәрінен де шешем Бибісараның айтқан әндерін сүйіп тыңдайтынмын» деп жазады. Иә, Әйткештің анасы Бибісара Өтелбайқызы халықтың лирикалық әндермен бірге Абай өлеңдерін де терең сезіммен тамылжыта орындайтын әсем үнді әнші, әрі домбырашы тұғын. Ұлы өнері Әйткешке ана сүтімен дарыған.
Әкесі Толғанбай да өнерді қадір тұтып, домбыра шерткен. Бұрынғы Семей облысына қарасты Қарауыл ауылында дүниеге келіп, музыканы жоғары бағалаған отбасында тәрбиеленген ол ауылға алғаш радио торабы тартылғанда Совет скрипка мектебінің шебері М.Полякиннің концертін алғаш тыңдайды.
Небәрі он жасында музыкалық аспаптардың барлығын еркін меңгерген Әйткешке скрипканың сиқырлы үні осы сәттен әсер қалдырып, скрипкашы болуды армандайды. Інісінің музыкаға қабілетін байқаған ағасы Балтақай Семейден арнайы скрипка сатып әкеледі. Талабы зор бала Әйткеш Семейде өткен жас көркемөнерпаздардың олимпиадасына қатысып, жеңімпаз атанады. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, оған ең алғаш Ілияс Жансүгіров «Колхоздың бәйге атындай аңыратып…» деп басталатын өлеңін арнап, мақала жариялайды (1 мамыр, 1936 жыл. «Екпінді» газеті).
Он екі жастағы дарын арнайы музыка мектебінде кәсіби білім алу үшін Алматыға аттанады. Сөйтіп, Әйткештің тұсауын жыр дүлділі кесіп, әйгілі композитор Л.Хамиди оның болашағына жол ашады. Скрипканы игеру оңай болмаса керек. Алғашқы ұстазы И.А.Лесманның қабылдау емтиханында іріктеп алған 22 бала арасынан жыл соңында екі оқушы ғана дараланады. Сөйтіп, ол академик-жазушы Мұхтар Әуезовтің қолдауымен композитор Ахмет Жұбанов басқаратын музыкалық училищенің скрипка класына қабылданады. И.Лесман, Л.Ауэр, И.Коган, Е.Брусиловский сияқты әйгілі музыканттардан дәріс алады.
Оқу жылдары Әйткештің жаныңды баурап алатын сиқырлы ойынын тыңдаған танымал скрипкашы М.И. Сквирский: «Иосиф, егер бірдеңе бөгет болмаса, мына бала әлемдік даңққа бөленеді» деген екен оның ұстазына.
«Әйткештің скрипкашы болмауы мүмкін емес. Дәстүр жалғасуда. Бұл Абай бастаған өнердің жалғасы. Әйткеш – дара тұлға. Өйткені, оның өмірінде сол азап болмағанда, ол немістің қолына түспегенде, төрткүл дүниені аралап шықпағанда, мұндай аты әйгіленбес еді. Бұл – бақыт» дейді семейлік жазушы Төкен Ибрагимов.
— Мен қазақпын. Оны мақтан тұтамын. Өзімнен кейінгі жастарға осыны аманат етемін, — деген өмірі өкінішке толы қайран талант, 1995 жылы дүниеден өтті.
«Артында бар оңалар» демекші, қызы Сәулет Әйткешқызы: «Алматыда қазақ өнерінің майталмандары біздің үйде жиі бас қосып, музыкалық кештер жасайтын. Күләштің, Қанабектің, Нұрғисаның өнерін ашық терезеден тыңдап тұрған халық ысқырып, ду қол шапалақтап жататын. Мен әкемнің өмір жолымен шұғылданудамын. Осы бір қорқыныш тудырарлық өмір кезеңіндегі әкемнің қайталанбас бейнесі – рухына кіріп алғандаймын.
Әкемнің өзінен кейінгі інісі Қоңыржай екеуінің Жарма, Жаңасемейдегі балалар үйіндегі (Шығыс Қазақстан облысы) бірге болған кездері жайында жазған кітабыма толықтырулар енгіздім, — дейді.
2012 жылы «Қазақфильм» студиясында Әйткеш Толғанбаевтың режиссер И.М.Гонопольскийдің «Музыкант» атауымен 7-сериялы деректі фильмі түсірілді.
Әйткеш Толғанбаев – қазақтың мақтанышы. Өмірінің соңына дейін әділдік туының желбіреуі үшін күресті. Оның өмірі — өр мінез бен қайтпас қайсарлықтың үлгісі. Оның есімі қазақ музыка өнерінің тарихында алтын әріппен жазылды.
Перизат АСЫЛЖАН,
ҚР Мәдениет қайраткері. Астана қаласы.