ӨМІРДЕРЕК:

zhumirov1Аманбек Жұмыров – Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының  түлегі.  Алғашқы дәрігерлік жолын облыстық балалар  ауруханасында балалар хирургі  болып бастаған. Бұдан әрі №4 қалалық емханада хирург, облыстық балалар  ауруханасында  хирург-дәрігер  болып жасады. 2001-2010 жылдары Махамбет аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері, ауданның бас дәрігері қызметін атқарған. Ал, өткен жылдан бастап облыстық денсаулық сақтау  басқармасының  басшысы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Биылдан  бастап Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын  дамытудың  2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы  жүзеге асырыла бастады. Мемлекеттік бағдараламадан туындайтын шараларды жүзеге асыру бағытында  облыстық денсаулық  сақтау саласында нендей жұмыстар  жүзеге асуда? Осы ретте  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек ЖҰМЫРОВПЕН ой бөліскен едік.

— Өзге  жылдарды  айтпағанда, соңғы екі жылда аймақта медицина  саласында атқарылған жұмыстар аз болған жоқ. Осы мақсатта облыс  халқының мүддесі жолында 163 медициналық ұйым қызмет көрсетуде.  Олардың барлығы дерлік қуатты материалдық-техникалық базамен, қажетті  құрал-жабдықтармен жабдықталған озық медициналық технологиялары бар заманауи нысандар. Осы кезең ішінде халық денсаулығын сақтау ісіне 1245 жоғары білімді дәрігер, 4300 орта буын медицина қызметкерлері өз үлестерін қосты.

Мемлекет тарапынан бөлінген қаржының  көлемі 1,5 есеге өсті. Соның нәтижесінде көптеген емдеу мекемелерінің  материалдық-техникалық  базасы жақсара түсті. Ағымдағы жылы Исатай ауданының Жанбай селосынан ауысымына 25 келушіге амбулатория және Атыраудағы Геолог поселкесінде ауысымына 100 келушіге емхана салынып, пайдалануға берілді. Құрманғазы ауданы РТС елді мекенінде фельдшерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып,  жақын  күндерде  емделушілерге қызмет көрсетпек. Жылыой ауданында орталық аурухана, облыстық балалар тіс емханасына күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Емдеу орталықтарына республикалық, облыстық бюджеттерден жеткілікті қаржы бөлініп, көптеген медициналық аппараттар алуға қол жетті. Оның үстіне емдеу мекемелеріне ТШО жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Аджип,  КТК компаниялары тарапынан көрсетілген көмектер аз болған жоқ. Соның нәтижесінде облыс деңгейінде көптеген ауруларға тосқауыл қойылды.

— Емдеу  мекемелерінде науқастарға күрделі ота жасау жүйесінің жақсара түскенін естіп те, көріп жүрміз. Осы ретте дәрігерлердің  еңбектерін  айтпай  кетуге  болмас?

— Қазіргі күні облысымызда қандай сырқаттарға болмасын күрделі  оталар жасалатын болды. Солардың бірін айтар болсақ, туа біткен ақаулықтарды дер кезінде табу үшін биылдан бастап облыстық перинаталды орталыққа білікті генетик-дәрігер жұмысқа қабылданып, биохимиялық-генетикалық кабинет жұмысы жандандырылды. Облыстық балалар ауруханасы базасында туа біткен ақаулары, неврологиялық патологиялары бар науқас балалар арнайы мамандандырылған медициналық көмек алатын катамнестикалық орталық ашылып, жұмыс жасауда.

Сонымен  қатар, аймақ орталығында  сурдологиялық орталық та жұмыс жасайды.  Қажетті құрал-жабдықтармен және сурдолог, дефектолог, психолог мамандармен  толық қамтылған. Облыстық онкологиялық диспансері, балалар ауруханасы, кардиохирургия орталығы соңғы үлгідегі томограф аппаратымен жабдықталды. Кардиохирургия орталығына эксперт класты  УДЗ (УЗИ) аппараты, аритмологиялық ауруларды жоғары деңгейде  анықтауға мүмкіндік беретін ЭФИ лаборатория қондырғылары сатып алынса,  облыстық аурухана мен онкологиялық диспансерлерге де эксперт кластағы аппараттар мен ас қорыту органдарының ауруларын ерте анықтайтын қазіргі заманғы фибро-колоноскоп, цинктелген маммограф қондырғылары алынды.

— Осы орайда емделушілер үшін жоғары мамандандырылған медициналық көмектің алар орны аз болмас?

— Әрине, қазіргі уақытта облыс бойынша сегіз медициналық ұйым жоғары  мамандандырылған медициналық көмек түрлерін көрсетуде. Мұнда жүрек  қалқаншаларын, жамбас буындарын толығымен ауыстыру, жұлын-ми қабықтарының бүлінген жерлерін дитрукциялау, жамбас органы   тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы және басқа күрделі ота  түрлері жасалады. Бұған қоса, өткен жылдан бастап облыстық ауруханада  артық салмақтан арылу бойынша лапараскопиялық асқазанның рестриктивті отасы жасалуда.

Тағы бір айтар жәйт, аймақтағы 136 селолық жердегі мекемелерде ауыл-аймақ тұрғындарына кепілдік берілген тегін медициналық көмек шеңберінде  қызмет көрсетіліп, стационар алмастырушы бөлімшелер деңгейінде тегін  дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. Шалғай аудандарға жедел көмек көрсету мақсатында облыстық аурухана жанынан санитарлық авиация жұмыс жасайды.

eas-030

— Кадр мәселесіне тоқталып өтсеңіз. Бүгінде, көптеген емдеу орындарында маман-дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалады.

— Жасыратыны жоқ,  облыста жоғары білікті дәрігерлерге деген зәрулік басым. Күні-бүгін жүзден астам маман дәрігерді керек етеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін облыс әкімі, денсаулық сақтау басқармасы  М.Оспанов атындағы Ақтөбе, Алматы, Астана, Қарағанды мемлекеттік медицина унверситеттерімен келісім жасасып, облыстың емдеу  мекемелерінен 50-ге жуық жоғары білімді маман-дәрігер қызметке келді.

Облыста орта буын медицина мамандарын дайындауда да ұнамды істер жоқ емес. Жыл сайын Атырау медициналық колледжінде 381-ге жуық орта буын медицина мамандары дайындалып, олар қала, аудандардағы емдеу орындарында жемісті еңбек етуде. Осы оқу орнының жанында орта буын медицина мамандарының білімін жоғары деңгейде жетілдіру бөлімшесі  жұмыс істейді. Бөлімшенің негізгі мақсаты – облыстың денсаулық сақтау мекемелерінің ортабуын мамандарының білімін жоғары деңгейде жетілдіру. Бұл ретте емдеу ісі, гигиена және эпидемия, стоматология, мейірбике ісі, зертханалық, фармация ісі, акушерлік мамандықтары бойынша мамандар өз білімдерін жетілдіреді. Осы ретте орта буын медицина мамандарын дайындауда колледж директоры,  медицина ғылымының кандидаты Муса Ризуанұлы Өтепқалиев бастаған ұжым ұстаздарының еңбектерін ерекше атауға тиіспіз.

Ал соңғы жылдары республикалық клиникалар базаларында және көшпелі жүйе бойынша 390 маман қайта даярлықтан өтіп, біліктіктерін арттырды.Сонымен қатар Ресей, Израиль, Литва, Белоруссия, басқа да елдерде «көздің микрохирургиясы», «ультрадыбыстық  диагностика», «кардиохирургияның  даму бағдарламасы», «инсультологияның клиникалық аспектілері», «неонатология», «акушер-гинекология» және басқа да мәселелер бойынша  қайта даярлау, білімін жетілдіру курстарынан өтті.

Қазіргі уақытта облыстық ауруханада тәжірибе алмасу мақсатында дәрігер-хирург, анестезиолог-реаниматолог шетел мамандары жұмыс жасайды. Сонымен қатар, облыстық перинаталды орталықта соңғы алты жылдан бері жылына екі рет Литва Республикасынан тәжірибелі мамандар келіп, «акушерлік және неонатология» тақырыбында  семинарлар  өткізеді.

— Аманбек Қабдешұлы, емдеу орындарында медициналық қызмет сапасын қадағалау және пациенттерге қолдау көрсету бағытында  нендей жұмыстар бар?

— Медициналық қызмет сапасын қадағалау және пациенттерге қолдау  көрсету бағытында қалалық №7 емханада CaII-орталығы ашылды. CaII-орталыққа облыстық, қалалық және аудандық 37 медициналық ұйым қосылған. Былтырғы жылмен салыстырғанда  шағымданушылар саны  2,7 есе азайып отыр. Мекемелерде медициналық қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қадағалайтын арнайы «пациенттерді қолдау қызметі» бөлімдері құрылған. Құрамында ішкі аудит жүйесі дәрігерлері, эпидемиолог және  психолог бар.

Мәселен, «Пациенттерді қолдау қызметі» емхана жұмысын бағалау үшін сұрақнамалар пациенттердің сапалы және қауіпсіз медициналық қызметтермен қамтамасыз ету, пациенттердің  құқықтарын қорғау, этика мен деонтологияның сақталуына бақылау жүргізеді.

Ал, «Кезексіз емхана» қағидасын енгізу арқылы емханаға келушілердің кезекте күтіп қалмауына, яғни тұрғындардың уақытын үнемдеп, медициналық мекемеде қолайлы жағдай  туғызу.

Сондай-ақ, санаттар бойынша тегін медициналық дәрілік заттармен қамтамасыз ету бағытындағы сұрақтар әрқашанда өзекті. Әрбір емханада  тұрғындарға көрнекі жерлерде кімдерге, қандай тегін дәрілер тиесілі екені туралы толық ақпараттар ілінеді. Есепте тұрған созылмалы аурулары бар 5 жасқа дейінгі балалар, темір тапшылығы анемиясымен 0-18 жастағы балалар мен диспансерлік есепте тұрған ұрпақты болу жасындағы әйелдер, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық аурулары, бронх демікпесі, қант диабеті, эпилепсия, психикалық аурулар,  диспансерлік есепте тұратын науқастар тегін медициналық дәрі-дәрмектер, сонымен қатар жас аналарға нәресте қобдишасы, сүт қоспалары тегін беріледі.

eas-2210

— Өткен жылы Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жүйесін нақтылап, енгізуді жүктеген  болатын. Бұл жаңа жүйе кімге қаншалықты тиімді ?

— Келер жылдан бастап елімізде мемлекет барлық азаматтарды жарналар төленген-төленбегеніне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдік  берілген көмегімен қамтамасыз  ететін аралас жаңа жүйе болады. Бұған қоса  міндетті сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істемек. Бұл ретте экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарнаны  мемлекет төлейтінін атап өту керек. Азаматтардың 15 санаты жарна  төлеуден босатылады. Олардың ішінде, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау  органдарының қызметкерлері, мүгедектер, жұмыссыздар, көп балалы аналар, бала тууына немесе асырап алуына  байланысты демалыста жүрген адамдар және басқалары бар. Ал, жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін,  қызметкелер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады. Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен қамсыздандыруын жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді.

Азаматтардың  денсаулығын қорғаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз ету мақсатында сақтандырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында амбулаторлық  дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін  болады.

Аталмыш жүйе енгізігеннен кейін еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өспек. Сондай-ақ  дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болмақ. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтармен қымбат дәрі-дәрмектер ала алатын болады. Сақтандыру жүйесі адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда өз қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік береді.

— Әңгімеңізге көптен-көп рахмет!

 

Сұхбаттасқан:

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.