Қазақтың аяулы ақын қыздарының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың «Қазақты жамандама, қазақ бала, Халық қой, қазақ деген аз-ақ қана. Мәңгілік ай астында, жер үстінде, Қазақтың жанашыры – қазақ қана…» деген өлең шумағы еске түсіп отыр. Дәл қазір барша қазаққа әлеуметтік желіде бір-біріне ғайбат сөз айтудан гөрі ұлт данышпаны Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейтін тәмсіліне көңіл аудару қажет секілді.

Тегінде бұқара мен биліктің арасына басты дәнекер болатын мемлекеттік қызметшілердің болмысы мен бітімінен осы үш қасиет табылып жатса, әлеуметтік теңсіздік пен араздыққа жол берілмес еді. Алайда, бұқара таптың санасында билікті жерден алып, жерге салардай өшпенділік қалай бүршік жарды? Мұның түп-төркіні мемлекеттік қызметтің ауылына ат шалдырғанның бәрі бірдей болмағанмен, кейбірінің әлеуметтің мұңына құлақ түрмеуінен туындаған жоқ па? Өйткені, қалың бұқарамен жүре сөйлесетін, әлеуметтің қордаланған мәселесіне көңіл аударуды емес, жылы орынтағынан «аунап» қалмаудың қамымен жүретіндер әлі де бар.

Мұны әсіресе, мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлық қылмысының жиі бой көрсетуіне байланысты айтып отырмыз. Дәлел керек пе? Мәселен, Атырау облысында 2020 жылдың 9 айында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 95 құқық бұзушылық, ал, былтырғы 9 айда 58 дерек тіркелген. Оның ішінде 41 парақорлық, 15 ұрлау мен алаяқтық дерегі бар. Қу құлқынның қамы үшін жемсауы бүлкілдеп, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар құқық бұзушылықты жасауға бейім тұратын үштікті құқық қорғау органдары, әкімдіктер мен салық саласы құрап отыр. Тіпті Атырау облысы әкімінің үш орынбасары мен облыстық екі басқарманың басшысы жемқорлық күдігіне ілінді.

Жақында облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында бірнеше тәртіптік іс қаралып, лауазымды тұлғалар жазаланды. Мәселен, Махамбет ауданы әкімі аппаратының басшысы еңбекке уақытша жарамсыз парағын аштырған екен. Бірақ, соған қарамастан қызметтік автокөлігін заңсыз пайдаланған. Шенеуніктің бұған дейін алынбаған тәртіптік жазасы болғаны анықталды. Мұның бәрі – заңнама талаптарын бұзу. Сол себептен Әдеп кеңесінің ұйғаруымен әкім аппаратының басшысын атқаратын лауазымынан босату туралы ұсыныс енгізілді.

– Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының басшысы өзі басқаратын ұжымда өзара іскерлік қарым-қатынасты орната алмауы салдарынан сынға ілікті. Оған «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысына қарамағындағы қызметкермен қарым-қатынас орнату кезінде дөрекілікке жол бергені үшін «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды, – деп хабарлады облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Индер ауданы әкімдігінің лауазымды шенеуніктері Есбол ауылдық округі әкімінің тәртіптік жазасын мерзімінен бұрын негізсіз алып тастаған. Онымен қоймай, «жақсылық» жасағыш атқамінерлер округ әкіміне 656 609 теңге көлеміндегі сыйақыны заңсыз бергені анықталды.

Мемлекеттік қызметкерлер тарапынан болатын заң бұзушылықтарды облыстық тексеру комиссиясы да анықтапты. Аталған комиссияның мүшесі Аслан Құмаровтың мәлім етуінше, заң бұзушылықтардың астарында не бар? Біріншіден,  бюджеттен бөлінген қаржы мақсатсыз жұмсалады. Екіншіден, еңбекақыға қарастырылған қаржы жымқырылады. Үшіншіден, сатылған жер учаскесінің қаржысы бюджетке толық түспейді.

– Мәселен, бюджет әкімгерлері тарапынан республикалық қазынадан бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдалану дерегі анықталды. Кейбір басшылар бюджеттің игерілмеуіне байланысты жауапкершіліктен құтылу үшін қулыққа барады. Сөйтіп, қаржыны игеру көрсеткішін 100 пайызға жеткізу мақсатында жалған ақпарат беріп, жергілікті бюджеттің есебінен кететін шығындарды республикалық қазынаның есебінен жабуға тырысады. Бұған бюджет шығыстарын дұрыс жоспарламау мен жоспарлаудың формальды болуы ықпал етеді. Тағы бір жиі орын алатын заңсыздық – бюджет қаржысын жымқыру. Мұндай заңсыз қадамға көбінесе есепшілер барады. Осындай заң бұзушылық жасаған есепшілер өзінің материалдық жағдайын жақсартуды көздейді, – дейді А.Құмаров.

Оның айтуынша, былтыр уәкілетті органдарға шара алу үшін жолданған аудит материалдары негізінде 256 әкімшілік іс қозғалған. Соның нәтижесінде 120 жеке және заңды тұлғаға 16 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған. Тағы да дерекке жүгінер болсақ, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы мен есепшісі еңбекақы, іс-шаралар мен іссапар шығындарына бөлінген бюджет қаражатын өзінің, тіпті туысқандарының банктік картасына аударып, 112,8 млн теңгені жымқырғаны анықталды.

Ал, Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылдық округі әкімі аппаратының есепшісі қызметкерлердің атымен өзіне тиесілі есепшотқа 18,4 млн теңгені аударып жіберген. Сондай-ақ, Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің есепшісі спорттық іс-шара мен іссапарларға бөлінген қаржыны дәлелді құжаттарсыз, тиісті бұйрықта көрсетілген сомадан артық көлемде аударған. Заңсыз аударылған қаржы көлемі 2,6 млн теңгені құрапты. Атырау қаласындағы №26 «Жұлдыз» балабақшасының есепшісі де бюджет қаржысын жеке мүлкіндей оңды-солды шашқан. Сөйтіп, 25,6 млн теңгені құраған бюджет қаражатын өзінің, қала берді туысқандарының банктегі картасына аударып алған.

Жас ұрпақты білім нәрімен сусындататын М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектептің директоры жемқорлық күдігіне ілінді. Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мектеп директоры мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адамға теңестiрiлген жауапты тұлға бола тұра, пайдакүнемдік ниетпен ресми құжаттарға көрінеу жалған мәлімет енгізген. Оның қылмыстық ісі Атырау қалалық №2 сотында қаралды.

Сонда мектеп директоры не істеген? Ол 2018 жылғы қыркүйектен былтырғы шілдеге дейін қызметтен босаған және жұмыс істеп жүрген мүғалімдерге табель толтыру, бұйрық шығару арқылы ел заңнамаларында белгіленген тәртіппен және куәландырылған ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізіп, бюджет қаражатының негізсіз есептелуіне жол берген. Сотталушының іс-әрекетінен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері және мектептің қалыпты жұмысы бұзылып, 6 099 904 теңге көлемінде мемлекеттің заңмен қорғалған мүддесіне елеулі түрде зиян келген. Директордың кінәсі сот отырысында сотталушымен дауланбаған, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезіндегі жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, сараптама, маман, аудит қорытындыларымен толықтай дәлелденіп отыр.

«Жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының жас баласының болуы, кінәсін толық мойындауы және қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген мүліктік залалды ерікті түрде толық өтегені танылған. Осыған байланысты сот сотталушыға процестік келісімге сай, мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Іс бойынша азаматтық талап қойылмаған, келтірілген 6 099 904 теңге залал сотқа дейін толық өтелді», деп мәлім етті облыстық соттың баспасөз қызметі.

Міне, осындай жұмыртқадан жүн қырқатын пысықайлар мемлекеттік қызмет саласындағы кадрдың қадірін кетіріп, Әдеп кодексіндегі талаптарды аяқасты етеді. Тегінде мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – әлеуметтің тұрмысын жақсарту. Бұқара мен биліктің арасын жақындатуға алтынкөпір болу. Бірақ, жемқорлық күдігіне ілінгендер елдің, ұлттың емес, өз қалтасын толтыратын материалдық мүддені ойлайтыны өкінішті-ақ. Олар әкенің қанымен, ананың сүтімен даритын ұлтжандылық мінезді жемқорлыққа әуестікпен алмастырып алғандай әсер қалдырады.

Заманның, әлде адамның өзгергенінің көрінісі ме, бүгінгі кейбір мемлекеттік қызметшілердің мінезінің қалыптасуына отбасындағы тәрбиеден гөрі, араласатын ортасы мен атқаратын лауазымдық қызметі ерекше әсер ететіні анық байқалып отыр. Мінезге байланысты ұлыларымыз не деп еді? «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық…» дейді ұлы Абай. Ал, Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның ұстанымы – «Ұлтқа қызмет – білімнен емес, мінезден».

Естілерден қалған осындай есті сөзді ескермей, ұлтқа қызмет етуді емес, қалта қамын көксейтіндердің дені – өз қазағымыз. Олардың мінезі мемлекеттік қызметке орналасқаннан кейін күрт өзгеретіні-ай. Басыбайлы баспанаға қолы жетпей, пәтер мен сарай жалдап, тапқанын соған беріп жүрген қазаққа жанашыр болудың орнына мемлекеттік қызметтегі мансабын қазынаның қаржысынан қарпып қалудың ұрымтал сәті деп түсінетін секілді.

Осындайда тағы да дана Абайдың «Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңіл бөл. Егер сәулең болмаса, Мейлің тіріл, мейлің өл, Танымассың, көрмессің, Қаптаған соң көзді шел» дейтін нақылға бергісіз өлең жолдарына көңіл аударып көріңіз. Бұл – бүгінгі қазақ қоғамының айқын болмысы. Мансаптың буына масайраған шенеуніктерде үлкенге құрмет, кішіге ізет танытатын қарапайымдылық, кішіпейілділік, ұстамдылық қасиеттер жетісе бермейтіні даусыз. Олардың тарапынан көбінесе даңғойлық, жалтарма жауап басым түсіп жатады. Әлдебір шаруасымен алдына келген жасы үлкен адамның «Пәленше Түгеншеұлы» деп жарамсақтана амандасып, жағымпазданғанын мәртебе санап тұрады. Бұл қолындағы мансабын шоқпар етіп көрсетуге, қара аспанды төндіре әкіреңдеуге бейім шенеуніктердің қарапайымдылықты қарабайырлық деп қабылдауының дәлелі емес пе? Бәлкім, өздері ерсі қылығын паш ететін әпербақандығын байқамайтын шығар. Дара данышпан «Пайда ойлама, ар ойла» деп өсиет еткендей, шенеуніктер атқарып отырған қызметінен жеке мүддесі үшін көлденең табыс табуды емес, алдымен абыройының төгілмегенін, адамдық айнасына дақ түспегенін көздегені қажет-ақ.

Әрине, жаңа Қазақстанның келешегіне қызмет ететін бар қазақтың тасы өрге домалап, парасатты, абыройлы болғанын қалаймыз. Осы орайда билікті бұқарамен жақындататын мемлекеттік қызметшілер мансаптың буына мастанбай, бір сәт Абайдың: «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой…» дейтін даналығын есте ұстаса дейсің. Әсіресе, лауазымды қызметке қолы жеткен жастар осынау бес асыл істің астарына үңіліп, мағынасын жадына түйсе, аспандаған арынын тежеу салып, «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!» дер ме еді?!

 

Бек МҰСТАФА,

Атырау облысы