Рух!

 

«Көңілінің кірі бар адамның қолына

қалам ұстатып, алдына ақ қағаз жаюға болмайды.

Өйткені, ол ақ қағаздың бетіне

көңілінің кірін төгеді, ол елге жұғады».

Р. ОТАРБАЕВ

 

Рахымжан аралы. Бұл ұғымға сондай ынтызармын. Осы сипаттағы оңаша кеңістікті іздеймін де тұрамын. Және табамын да. Тапқан сайын көңілімді мөлдір мұң билейді. Тіпті, сол қиял аралында бұрын әлденеше рет болғандай қызық күй кешемін. Өзге түгіл, өзімді өзім түсіне алмай, дегбірім қашып, кісімсігендерден баз кешіп кететұғын сәттер жиі орын алады. Ал, бар саналы ғұмырында параллель екі әлемде өмір сүріп, өң мен түстің ортасында жүріп дүниеге шедевр шығармалар әкелген, қазақ қоғамы әлі де болса танып-түйсінуі тиіс дара драматург, сөз зергері Рахымжан Отарбаевтың жалғыздығы қандай еді? Мені осы толғандырады… 

«Біз біреуге жақпасақ мінімізбен емес, мінезімізбен жақпадық» дейді Рахаң бір сөзінде. Мінді – басқалары тағатыны түсінікті. Сол үшін де ол қай-қайсымызда да жетіп артылар. Мінезді ше? Мінезді қоғамға қарай түзеп-күзейтін адам баласының өзі, мына біздер. Рахаң олай етпеді. Ол ішкі мінезін сақтап қалды. Онысын сыртқа шығарарда жұртқа ұқсап кейіп ойлап тауып әуре болмады. Қалай бар, солай ұсынды. Қолындағысын. Ойындағысын. Бойындағысын. Бәрі-бәрін ішкі сезімдерін тудыра отырып, сыртқы күштерге тізгін берместен шынайы жазды. Риясыз, алғаусыз сөйледі. Ішкі жалғыздығын қызғыштай қорыды. Сонысымен де ерекше еді. Ішкі жалғыздығымен…

…Мен де біреудің кіндіктен жалғызы едім… Сондықтан да болар, Рахымжан десе – бірден жалғыздық тақырыбы ойға оралатыны… Мен таныған Отарбаев әуелі ішкі жалғыздығымен құнды.

Кейіпкер етіп алған кесек тұлғамның кескінін көз алдыма елестете бергенде әлгі портреттің өн бойынан сұсты байқаймын. Сұс болғанда да шаршап, шалдығып, асарын асап, жасарын жасаған қалжыраңқы сұс емес, отты көзі жанарыңызды тесіп жіберердей, жалғанның сан сұрақтары мен сұмдығы санасына сыймай, әбден сергелдеңге салына-салына шыңдалған тегеурінді сұсты көремін. Адамның көңілін оқысам, дүниеге басқаша бір көзқараспен қарасам деген пендешіліктен ада терең түсінікті аңғарамын. Бұл – мен таныған Отарбаевтың портреті тұрғысынан алып қарағандағы екінші қыры.

Портрет… Ол да жалғыз. Ол да жалғыздықты білдіреді емес пе? Солай…

Аңғарсақ, кей кезде жүректің айтқысы келгенін тіл құрғырды дұрыс жеткізе бермейді, иә? Бұған талай рет куә болып та жүрміз. Шекспирдің былай өкінгені бар-ды:

«Әттең, Тәңір, берсе дағы көз маған.

Жүрегіңді бір көруге жазбаған…».

Бірақ, көз жүректі көрмегенімен, жүрек көзі, көңіл көзі бәрін де көру мүмкіндігіне ие. Ал, Рахаң жазары мен айтарын жүрек көзімен көріп, көңіл сүзгісінен өткізіп барып оқырманның яки тыңдаушының назарына ұсына білген қырағы қаламгер. Оқиғаларының кейіпкерлеріне жүрек көзі, көңіл көзімен қарай білу – мен таныған Отарбаевтың тағы бір қыры.

Мәселен, ол Бейбарысты қалай көрді? Жазушы-драматург кір жуып, кіндік кескен туған елінен жырақтап, Мысыр жеріне құл болып барып, билеушілікке дейін жеткен батыр бабамыздың бейнесін қалай ашты? Бір ғана «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген жалғыз ауыз сөздің бітім-болмысын пьесаның тұла бойына сыйдырып жіберген жоқ па? Анасының «Барысым» деп маңдайынан сипағанына зар болуы, сағыныш шөбі – Ақжайықтың жусанына деген сағынышын суреттеуі тіпті бөлек әңгіме. Әйелі Тәжібақыт, балалары Ахмад пен Саид төртеуі Каир төрінде қазақтың киіз үйін құрғандағы көріністен алатын әсерді жеткізу мүлде қиын. Бұл – қойылымның шарықтау шегі (кульминациясы). «Көтерілген шаңырақ – жәй шаңырақ емес. Ол көтерілген қазақтың рухы» деп өзі де айтып кеткен еді. Көбіне орыс тілінде қойылып жүрсе де, «Бейбарыс Сұлтан» – Р.Отарбаевтың шоқтығы биік шығармаларының бірі екендігі даусыз.

Жалпы, Рахаңның драматургиясы позитивті юморға толы болғанымен, бет алды күлкіге шақырмайды. Күле отырып таңғалу, таңғала отырып жылап жіберуге дейін жеткізеді. «Актрисаның» бір өзінде сан түрлі өнердің синтезі саналатын театр психологиясы қандай керемет жақсы берілген десеңізші?! Ал, «Нашақор жайлы новелласы» жайында не айтуға болады? Жалғыз ұл… Сол жалғыздықтан сабақ алмаған баланың бір теріс әрекеті әке мен шешені өмірден біржола бездіріп жібереді.

Бұдан бөлек, автор көптеген тарихи, трагедиялық драмаларды да жазғанын білеміз. «Мұстафа Шоқай», «Бас», «Жәңгір хан», «Сырым батыр» және басқалары. Осылардың ішінен «Абай: сотты» бөліп алғым кеп тұр. Мыңмен жалғыз алысқан Абайды Рахымжан Отарбаев сахнада қалай көрді? Қоржынына халқының мұңы мен зарын арқалап, мына біздің заманға тап болған Абай сол қоржынды аманаттап табыстап кетер адам таппай қиналады. Соңында, амалсыз ескерткішке айналып кете барады. Трагедия ма? Трагедия…

Бір білеріміз, ұлы данышпан секілді Рахаң да сөз – кие деп ұқты. Сол киесінен қорықты. Әйтсе де, ол драматург ретінде өзіне дейін ешкімнің батылы бармаған үлкен тарихи тақырыптарды жазуға жүрексінбеді. Оның аталмыш «театралды» қыры – мен таныған Отарбавтың кезекті феномені екендігіне күмәнім жоқ.

Сөзімнің басында «Рахымжан аралы» жөнінде қозғап едім ғой. Жоғарыда айтылғандардың бірде біреуінің маған дәл осы ұғымдай жақындығы жоқ.

Жалғыздық…

Саналыға, Р.Отарбаев бұл ұғымды соңғы жылдары жалпыадамзаттық деңгейге көтерді десем артық айтқандығым емес. Азғантай ғана 4-5 беттің көлеміндегі реквием. Ал, режиссер Мұқанғали Томановтың «Жалғыздығы» қандай?! Кез келген пьесаның сахналық шешімі табылмаса, одан жөнді спектакль шықпайтыны әмбеге аян. Бұл тұрғыда Мұқан ағаға бас иемін! Камералық нұсқадағы форматының өзі ерекше. Высоцкий мелодиялары. Өзеннің арғы бетіндегі мұны тоса-тоса тозаң боп кете жаздаған анасының моласына жете алмай қиналған ұлы…

«Жалғыздық» алмаған асу бар ма? Республиканы да бағындырды, түрік ағайындарды да тамсандырды. Ана мен бала арасындағы сүйіспеншілік – ол мәңгілік тақырып. Анаң тірі кезінде сені қалай қорғап жүрсе – өмірден өткен соң да шырылдап рухы жаныңда жүрері сөзсіз. «Жалғыздықты» өрге сүйреген, сүйрей де беретін осынау ана рухының қамқорлығы болса керек…

Әлгінде, Рахаңның жалғыздық ұғымы жалпыадамзаттық деңгейге көтерілді дедім бе? Иә, солай! Оны көтерген Мұқанғали Томанов! Адамзаттық деңгейдегі Жалғыздықтың прототипі – Рахымжан Отарбаев!

Ол – жалғыздығы жарасқан жазушы…

 

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Атырау қаласы

Анталиядағы халықаралық театр фестивалі, «Жалғыздық» шері, 2021 жыл