Өткен жылдың ішінде Атырау қаласының экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуына үлес қосқан әр саланың үздіктері өз еңбегіне лайық бағасын алды.
Марапаттау рәсімі барысында Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов шара қонақтарын және марапат иелерін құттықтап, лебіз білдірді.
– «Өткен жыл қаламыз үшін ел өміріндегі маңызды оқиғалармен, жағымды жетістіктермен есте қалды, – деді Серік Жамбылұлы. – Еліміздің экономикалық-саяси, мәдени өміріндегі елеулі оқиға болған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өткізілуіне де атыраулықтар белсене қатысты. Әр салада өнімді жұмыс жасап, үлгі көрсеткен сіздердей еңбекқор жандар есімі әркез құрметке ие. Сіздерге алғысымыз шексіз. Сіздердің еңбектеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі».
Сөйтіп, жыл қорытындысымен Роза Жайымова«Жыл тәрбиешісі», Ермек Хамидуллин «Жыл құрылысшысы», Елжан Серғалиұлы «Жыл кәсіпкері», Азамат Дүйсенғалиев «Ауыл шаруашылығы саласының жыл қызметкері» атанды. Мәдениет саласына қосқан үлесі үшін Құралай Бүркітова «Жылдың мәдениет қызметкері», Ақманар Жиенқұлова «Жыл мұғалімі», медицина саласындағы озық еңбегі үшін Гүлжан Сайынова «Жыл дәрігері» атағын иеленді.
Ал «Жыл адамы» бас жүлдесі «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ерлан Күмісқалиевтің еншісіне тиді.