Астанадағы «ЭКСПО конгресс-орталығында» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру және «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Бұл рәсімді еліміздің барлық өңірі телекөпір арқылы көрді.

Тікелей жүргізілген 11 көрсетілім арқылы Президентке Индустрияландыру картасының ең маңызды нысандары таныстырылды.

Рәсім барысында Қазақстан Президенті «Алтын сапа» байқауының сыйлықтарын тапсырды. Атап айтқанда, «Үздік индустриялық жоба» сыйлығы – «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлар кеңесінің тең төрағасы В.Литуевке, «Үздік инновациялық жоба» сыйлығы – «Recycling Company» жауапкершілігі шектеулі серістестігінің жоба жетекшісі А.Рябининге, «Сапа көшбасшысы» сыйлығы – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқармасының төрағасы М.Есеновке, «Үздік азық-түлік тауарларын немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын кәсіпорын» сыйлығы – «Абзал және Компания» толық серіктестігінің директоры М.Ералиевке берілді, «Парыз» байқауының гран-при жүлдесі Евразиялық топтың жетекшісі А.Машкевичке табыс етілді. Бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі өңірлер мен қалалардың рейтингі нәтижесі бойынша арнайы сыйлық Астана қаласының әкімі Ә.Исекешевке берілді.

Тарас Наурызәлі