Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрына – 84 жыл
«Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер»
Ғабит МҮСІРЕПОВ
Театр – ол бір орында тұрмайтын, үнемі қозғалыс үстінде болатын органикалық, эстетикалық өнердің түрі. Бұны сан түрлі өнердің синтезі деп те жатады. Бірақ, қазір театр өзгерді. Оның сипаты өзгерді. Сөздің орнын психологиялық әсер ету жағы басып барады. Оған бүгінгі заман адамының яки көрермендердің тыңдау қабілетінің, тыңдауға деген шыдамдылығының азайғандығы себеп болса керек. Сөз тыңдау қабілетін айтамыз. Жылт еткенге жалт назар аударып, тарс еткізіп қорытындысын шығара салуға әуеспіз. Не нәрсенің де байыбына баруға асықпаймыз. Бүгінгі театр да осыған «бейімделіп» келе жатқандай ма?..
Өткен жолы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында «Қуыршақтар» атты моноспектакль сахналанды. Пьесаның авторы – көкшетаулық жас драматург Қолғанат Мұратұлы. Шығарманың өзіндік тарихын «зерттей» келе, бұған дейін 2018 жылы Қазақстанның Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловтың «Дат» театрының шымылдығы ашылған кезде, одан бөлек Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында қойылғанын білдік.
Жалғыз актердің театры. Жанры – психологиялық монодрама. Ал, Махамбет бабамыздың атын иеленген қара шаңырақтағы «Қуыршақтардың» қоюшысы – Атырау жастар театрының актері Сағыныш Әлиханұлы. Ол бұл қойылымға өзіндік ойымен, пайым-парасатымен келген. Сахнада – басынан аяғына дейін қуыршақтар ұстасы рөлінде жалғыз актер.
Спектакль аңыз әңгімеден басталады. Аңыз бойынша, өткен замандарда жер бетінде адамдармен бірге қуыршақтар да өмір сүріпті, мыс. Олардың өзіне тиесілі жерлері, салт-дәстүрлері болған екен. Жылда күн тұтыларда олар салық есебінде адамдарға өздерінің балаларын өткізіп отырған. Бірақ, сол перзенттерінің ешқайсысы тірі қайтпаған. Сол кезеңде қара сиқырмен айналысатын бір әйелдің беті жоқ, мүгедек қызы болыпты. Күндердің бір күнінде әйелге әлгі жалғыз қызын салық ретінде адамдарға тапсыратын күн де туады. Ал, ол болса өзімен тағдырлас қуыршақтарға анасынан үйренген қара сиқырдың құпиясын жайып салған деседі. Содан бастап адамдар елінде сәби өлімі көбейген. Бұған ашулы адамдардың ызасын аңғарған Жаратушымыз бүкіл қуыршақтар халқын өзге ғаламшарға көшіріп жіберген көрінеді.
Адамнан қулық артылған ба? Олар енді жансыз қуыршақтарды жасап алатын болыпты. Бірақ, сол қуыршақтардың ішіне беті жоқ қыздың елесі кіріп, әлі күнге зұлымдығын жасауын тоқтатар емес. Ол мына біздер – адамзат баласы!..
Бұндағы ұстаның қолынан түрлі қуыршақтар жасалған. Алғашқысы – Актриса. Ол Актрисаға өлердей ғашық еді! Бұл кезде кейіпкер театр суретшісінің көмекшісі болатын. Актриса оның идеалы болды. Тұла бойынан бірде бір кемшілік көрмейтін. Актриса – суретшінің көмекшісі үшін қол жетпес биік, асқақ арман. Сол Актрисаның жұлдызы жарқырап тұрған, түкірігі жерге түспеген кез. Өнерсүйем қауымның бәрі бұған Құдайындай табынады. Күндестік деген ауру бар емес пе? Қауызын енді ғана ашып келе жатқан оны шауып тастауды көздейтіндер көбейеді. Сондай күндердің бірінде Актрисаның ылдидан арқамен түсетін сахнасы болған. Кенет арқан «абайсызда» үзіліп түсті де, Актриса оңбай құлады. Әйтсе де, ол рөлін жалғастыра берді. Сол сәтсіз күннен кейін Актриса арбаға таңылды да қалды. Соңында ол ұстаның қиялындағы алғашқы қуыршаққа айналды…
…Рахымжан ағамыздың бір сөзі бар. Күнделігінде келтіріледі: «Бір жарық жұлдыз туса, міндетті түрде қарсы жұлдыз туады. Бұл аспан әлемінде дәлелденген шындық. Осы қарсылықты өмірде де көп көрдім…».
Бұның түйіні осы.
Шебердің қолынан шыққан тағы бір туынды – Шенеунік. Шебердің сөзінше, оның өмірін алғашқылардың бірі болып құртқан да – осы шенеунік. «Келіссең болды, жасаған қуыршақтарыңды Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем білетін болады. Ұлттық бренд қалыптастырған адам ретінде тарихта қаласың» деп алдап-арбап, ақыр аяғы бар ақшаны алғаннан кейін бұның өзін қуып шығады.
Сол мезеттен бастап суретшінің көмекшісі ішкілікке салынып кетті. Әйелі болса үйдің бар ауыртпалығын мойнымен көтеріп, баласын бағып-қағады. Бірақ, жазмыштан озмыш бар ма? Ол отбасы деген құндылықтан бір-ақ күнде айырылды. Екі көзінің алдында екеуі бірдей өз үйінде отқа оранып, ажал құшты. Ал, бұл болса түк істей алмады. Бебеу қағып үйді айналып жүгіре берді. Жүгіре берді. Бір кезде балконның қатты қысымынан жарылған үйден әйелі мен баласының күл-талқан болған денелері шашылып, тура алдына түсті. Баласының жарты басының жанына кеп жақындаса қарақат көзінен мөлдіреп жас ағып жатыр. Сасқалақтаған ол жасты сүртеді кеп. Ол тағы ағады. Тағы сүртеді. Жас аға береді тоқтаусыз…
Бұл – мына бірін бірі алдаудан, қарғап-сілеуден, өсек сөздерден көз ашпайтын ит тірліктен ада, титтей де күнәсі жоқ жазықсыз періштенің көзінен емес, жаралы жүрегінен аққан тамшылар еді. Иә, ол тоқтамайды. Мына біздер, ересектер қауымы қашан Жаратушының әміріне айылымызды жимайынша… Баламен бала болып ойнауды, ересектермен есті әңгіме құрауды үйренбейінше…
Бұның түйіні осы.
Ұстаның ерекше персонаж-қуыршақтарының ендігісі – Дәрігер. Ауылда бірге өсіп, ажырамастай болған бала күнгі досы. Қойшыбай үшеуінің жарастығы бөлек тұғын. Бірақ, болашақ дәрігер мырза бала күнінен өте өзімшіл болды. Сол мінезінен Қойшыбай екеуінен талай таяқ та жеген. Кейін ол оқыды, тоқыды, беделді дәрігер атанды. Ал, Дәрігер мырзамыз сол жеген таяғын жылдар бойы ұмытпаған болып шықты. Бірде Қойшыбайдың жалғыз ұлы ауыл балаларымен төбелесіп жүріп ішіне темір кіріп, ауруханадан бір-ақ шығады. Әрине, Қойшыбай жалғызының тағдырын дәрігер досына сеніп тапсырады. Ол не істеді дейсіз ғой? Кейін белгілі болғандай, мына залым әкесіне кектеніп баланың сау бүйрегін алып сатып жіберген. Ота сәтсіз жасалған. Түбінде Құдай баласының да, әкесінің де ғұмырын ерте алып тынды. Қарғыс тиді ме, бұл да аурухананы басқарып ұзақ отырмады. Жаңа туған нәрестелер мен адамның дене мүшелерін сатқан деген айыппен сотталды…
…Абай айтқан адамның үш қасиеті қандай еді? Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Бірақ, үлкендерді былай қойғанда, дүниенің оң-солын танып білмеген бүлдіршіндерді оп-оңай өлімге қиятын, соларға қастандық жасайтын безбүйректердің жүрегі қайдан жылы бола қойсын? Олар да бала болған. Дейтұрғанмен, оның болмаған балалық шағын, теріс дүниетанымын қалыптастыратын – тағы да ересектер. Дүние дөңгелек…
Бұның түйіні осы.
Айналып келгенде, дөңгелек дүниеде жақсылық та, жамандық та жалғаса береді. Бұлар адамзатпен пайда болған. Адаммен аяқталады.
Бүгінде адам баласы сол дүние-дөңгелекте беті жоқ қуыршаққа айналдық. Бізді сатып алуға болады. Бізбен ойнауға болады. Бізбен бөлісуге болады. Біз – қуыршақтармыз…
Сіз не дейсіз?
«Қуыршақтар» – режиссер деуге келмес, актер ретіндегі жеке жұмысым, ізденісім, тырнақалды туындыларымның бірі. Гамлетті армандамайтын актер актер емес. Сол сияқты мен де академияны оқып жүргенде-ақ моноспектакльде ойнағым келді. Кейін пьесалардың арасынан таңдау осыған түсті. Өнер адамы ретінде көптен айтқым кеп жүрген ойларды осылай сахнаға алып шығуды жөн санадым. Бір жағы, өзімді сынап көргім келді.
Қойылымның негізгі мақсаты – адамның санасының қуыршаққа айналып бара жатқандығын көрсету. Жалпы, көп сәттерді пластикамен «шешкіміз» келген. Онымен, сахна хореографтық жұмысты аса талап етпеді. Нәтижесінде, хореографтың айтқан ұсыныстарын қоса отырып «төртінші қабырғамен» сөйлесу манерасын бере алдым деп ойлаймын. Тұтастай алғанда, 70%-дай өз көңілімнен шықты. Қалған бағаны көрермендер бере жатар.
ӨМІРДЕРЕК
Сағыныш Әлиханұлы МАҚСОТОВ – 2020 жылдан бастап Атырау жастар театрының актері.
2000 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Хиуаз ауылында туған. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітіріп, 2017 жылы Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түседі. Академияны Театр өнері факультеті, «Театр және кино артисі» мамандығы бойынша 2021 жылы тәмамдаған.
Өмірбек САЛАУАТҰЛЫ,
фототілші Ерлан АЛТЫБАЕВ,
Атырау қаласы