Алтын құрсақ Атырау елі – қашаннан талантты ұл мен қызды дүниеге әкелген қастерлі мекен. «Ереуіл атқа ер салып өткен» Махамбеттердің алмас жырына арқау болған Нарынның қоңыр шағылдарынан талай кесек тұлғалар қасқайып шығып, күллі қазақтың қажетіне жарады. Күй атасы Құрманғазы, аруана Дина, ұлт поэзиясының асқаралы биіктері Әбу, Хамит, Жұмекен, Фариза… Бәрі де Нарынның перзенттері еді. Осы құмнан қазақ сурет өнерінде өз мектебін қалыптастырған ерекше талант Шаймардан Сариев түлеп ұшты. Бекзат театр өнерінің тарланы кешегі өткен Чапай Зұлқашев та осы қасиетті қоңыр шағылдарға аунап өскен арманшыл ұлан болатын.

Тахауи Ахтановпен

Өнер жолын сонау өзі кәсіби білім алған Алатау баурайындағы рухани астанада, ару Алматыда 1962 жылы бастаса керек. Кино және театр сахнасында талай рөлдерді сомдап, ерекше дарынымен ел назарын өзіне аударған шақтары да сол жылдардан бастау алды. 1967 жылы Мәскеу сахнасындағы қойылымнан кейін өнертану ғылымдарының профессоры Мария Кнебель «Сіз айрықша дарынның иесі екенсіз. Әрдайым жолыңыз болсын!» деп алғысын білдірген екен. Кейінірек Чапай аға Мәскеудің Е.Вахтангов атындағы театры жанындағы П.Фоменконың шеберлік сыныбын тәмамдап келеді. 1975 жылы туған жеріне оралып, қазіргі Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының режиссері, кейінірек бас режиссері болып қызмет атқарды. Сексен жылдан астам бай тарихы бар еліміздегі аға театрлардың бірі ретінде Атырау театрының Чапай аға үшін орны бөлек болды. Кейінірек арнайы тапсырмамен Семей драма театрында қызмет атқарды. Абай топырағында өткізген ізденіске толы жылдарын семейлік көрермендер мен өнерпаздар ерекше жылылықпен еске алады. 1992-1998 жылдары Семей театрына көркемдік жетекшілік етті. Бұл театр Ашхабадта өткен халықаралық «Наурыз» фестивалінде бірінші орын алып, лауреат атанды. Сондай-ақ, Чапай Зұлхаш Абайдың 150, М.Әуезовтың 100 жылдық мерейтойларында бас режиссер болып, театрландырылған қойылымдар жасады. Абай мерейтойына арналған театр фестивалінде ол қойған «Құнанбай» спектаклі лауреат атанды.

Актер-режиссер, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Чапай ЗҰЛҚАШ

Оның тынымсыз еңбекқорлығы, хас таланттарға тән қарапайымдылығы мен намысқойлығы, діттеген мақсатына жеткенше тыным таппайтын еңбекқорлығы, ғажайып эрудициясы бөлек әңгіме. 1972 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалін қанжығалады. Бүкілодақтық театрлар фестивалінің (1977), Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты (1978) атанды, Қазақ ССР-ның Құрмет Грамотасына ие болды. Кейінірек Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері атағын алып, «Құрмет» орденін иемденді. ҚР Президенті стипендиясын, Махамбет атындағы республикалық сыйлықты жеңіп алды .

Ол талантты режиссер ғана емес, дарынды актер де болатын. Түрлі сахналарда ойнаған Ш.Айтматовтың «Арманым-Әселіміндегі» Ильяс, Ш.Құсайыновтың «Әл-Фарабиіндегі» Бурахан, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатындағы» Бүркіт, «Шоқандағы» бала Шоқан, М.Әуезовтың «Абайындағы» Ербол образдары оның есімін тамаша актер ретінде көрермен жүрегінде мәңгілікке қалдырды. М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегі» мен «Қараш-Қараш оқиғасын», Ш.Мұртазаның «Сталинге хатын», Ғ.Мүсіреповтың «Болашаққа аманатын», А.Жағанованың «Беймаза әйелін», О.Сүлейменовтың «Семей қасіретін», С.Жүнісовтың «Аласапыранын» және басқа да ірілі-ұсақты көптеген дүниелерге режиссерлік етті. Халықаралық, республикалық байқауларда топ жарды.

Өзі шәкіртім дейтін Тұңғышбай Жаманқұловпен

Чапай Зұлқашев өнерде өз жұлдызын ғана жарқыратқан жоқ. Ондаған жас дарындардың да жұлдызын жақты. Оның есімі аңызға айналғаны сол – көптеген жас режиссерлер, актерлер оны өзінің ұстазы тұтты. Кісілігі мен кішілігіне тәнті болды. Кәсіби шеберлігіне бас иді. Нағыз өнердің, соның ішінде сахнаның киесі барын ұқты. Мөлдірлік пен тазалық, кіршіксіз адалдық қана нағыз өнердің көзін ашатыны туралы естісеңіз, Чапай аға сол биіктен табылған жан еді. Соңғы күндеріне дейін өзінің екінші үйіне айналған сүйікті театрынан қол үзген жоқ. Өзі жанындай жақсы көрген, алдаспан ақын, баһадаүр батыр Махамбет атындағы киелі шаңырақтың бар жаңалығының жанынан табылды.

Егер қазақ өнерін алтындатқан, әбзел-жабдығы келіскен әсем де бай керуенге теңер болсақ, Чапай аға да сол тарихи көштің алдыңғы жағында маңдайы жарқырап келе жатар еді… Сонау алғашқы дипломдық спектаклінен бастап, соңғы қойған Р.Отарбаевтың «Көрген-баққан» әңгімесінің желісімен жасалған «Жаңғырығына» дейін ол алуан дүние сахналады.

Ұстазы Асқар Тоқпановпен

Талант Жаратушыдан берілген ғажап сый дер болсақ, нағыз адал өнерпаз ғана сол нұрды баршамен бөліссе керек. Нарынның науша таланты Чапай аға Зұлқашев замандасынан да, өзінен кейінгіден де, тіпті өміріндегі кездейсоқ жолыққан бейтаныстан да жүрек жылуын аямаған жан. Пәлсапашылар пәни мен бақидың арасын әр алуан шақырымды, қиылыс-бұрылысы көп, соқпағы мен даңғылы аралас үлкен жолға теңеп жатады. Шынымен солай болса, сол сапардағы Чапай Зұлқашев ең бір мейірімді жолаушы болса керек…

 

Ақылбек РЫСҚАЛИЕВ,

Атырау облыстық Мәдениет, архивтер және

құжаттама басқармасының басшысы