Тарихтан тәбәрік
Биыл наурыз айында бүкіл әлем жұртшылығына танымал тарихи тұлға И.В.Сталиннің дүниеден өткеніне 70 жыл толды. Ресейде Сталинград шайқасының жеңісіне 80 жыл толуына орай өткен мерекелік шарада Волгоградта Сталиннің бюстісі ашылды. Ресей қоғамында қаланың атауын Сталинградқа өзгерту туралы мәселе күн тәртібінен түспей келе жатқаны да жасырын емес. Ал туған жері Грузияда да бұл датаға байланысты іс-шаралар өтті.
И.Сталиннің екінші дүниежүзілік соғыстағы рөлі туралы сандаған кітаптар, мемуарлар, естеліктер мен мақалалар жарияланды, бүгінгі күндері де жарияланып келеді. Әлем жұрты 1941 жылы соғысты кім бастап, оған адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген қандай қатер төніп тұрғанын сезе білді. Бұл алапат, қатал да жойқын соғыс тарихы туралы көптеген әскери мемуарлар, тарихи, деректік еңбектер, оқулықтар, кинотуындылар жарыққа шықты, алдағы уақытта да шыға беретіндігі де даусыз.
Осы соғыстың тарихы КСРО-ның көсемі атанған И.Сталиннің есімімен тығыз байланысты. Соғыс алдындағы бейбіт жылдары елдің миллиондаған азаматтарын жаппай қуғын-сүргінге ұшыратып, қырып салған адамның данышпандығына күмән келтіретін күнде келіп жеткенімен, кейіркеріміздің кешегі сұрапыл соғыстағы ең ұлы жеңімпаз ретіндегі тұлғасы тіпті де солғын тартқан жоқ, жұрттың көз алдында сол күйінше сақталып қалғаны да рас.
Біз бұл мақаламызда Сталинді мақтап не ақтап алғалы отырған жоқпыз. Тек соғыс жылдарындағы оның жеңіске қосқан үлесі мен халықты бір мақсат пен мүддеге жұмылдыру, мемлекет пен партия талабына сай іс жүргізудегі роліне қысқаша ғана шолу жасау. Қай жағынан болмасын Сталиннің тарихтағы ролін ешқашан жоққа шығара алмаймыз. Оның есімі кезінде өмір сүрген социалистік қоғаммен тығыз байланысты. Тарихи «мұрасы» әлі де өмір сүріп келеді.
1960 жылдары Ұлы Отан соғысы тарихы жазылған еңбектерде И.В.Сталиннің есіміне байланысты дәйексөздер тек Ставка деп атап өтілгені де шындық. 2008 жылы Ресей тарихындағы көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлерінің тізімін анықтау барысында жүргізілген бүкілресейлік сауалнама нәтижесінде И.В.Сталин есімінің алдыңғы орынға шығуының өзі біраз жайтты аңғартса керек-ті. Жеңіс мерекесіне орай Мәскеу көшелеріне арнайы ілінетін тақтада Сталин бейнесінің көрініс табуы біраз дабыра туғызды. Бұл жөнінде сол кездегі қала мэрі Ю.Лужковтың өзі дәйекті түрде жауап берген болатын.
Кеңес заманында «Қазақстан коммунисі» журналында қазақтың аты аңызға айналған батыры Бауыржан Момышұлының бұрын жарық көрмеген жазбалары жарияланған-ды. Батыр өз естелігінде «адамзат тарихында екі алапат соғысы болып өтті, бірі қара дүрсін қару-жарақ соғысы, оның атақты қолбасшысы Шыңғыс хан да, келесісі соғыс техника соғысы, ал оның атақты қолбасшысы Сталин» деген болатын. Қазір Сталиннің айтқандарын бұрмалауға жиі жол беріліп жүр. Сұрапыл соғыстың қашан болсын болатындығын білді дей отырып, өзінің әскери қызметте жүріп елдің батыс шекарасындағы (Украина) қалада кездескен майормен екеуара әңгімесін келтіреді. Соғыс бұлтының үйіріліп келе жатқанын әскерилер жақсы түсінді дейді.
Соғыс алдындағы жағдай және басталуы туралы әңгіме болғанда, ылғи да Сталиннің кінәсі мен жауапкершілігі айтылатыны сөзсіз. Бәрін бір адамға жабу мүлдем дұрыс емес, әділетсіздіктер осындайдан басталады. Онымен бірге жауапкершілікті айналасындағы В.Молотов, С.К.Тимошенко, Л.М.Каганович, Г.М.Маленков, тағы басқалар алуы қажет. Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков та жауапкершіліктің көп бөлігі әскерилерге тиетінін мойындайды.
Соғыстың алғашқы күндерінде Сталин абдырап, стратегиялық, тактикалық ойларынан айырылып қалды. Бір апта бойы ешкімді қабылдамады деген пікірлер де баспасөзде жарияланды. Дегенмен архив қорында сақталған тарихи құжаттарда оның көмекшісі А.С.Поскребышев жүргізген журналда сол күндері оның көптеген адамдарды қабылдағаны туралы жазбасы сақталған. Мысалы соғыс қарсаңындағы 21 маусымның кешінде В.М.Молотов, К.Е.Ворошилов, Л.М.Каганович, Г.К.Жуков, В.И.Кузнецов, С.К.Тимошенко, Сафонов, Н.Н.Вознесенский, С.М.Буденный, Л.З.Мехлис, Л.П.Берияны қабылдаса, 22 маусым күні 5 сағат 45 минутта В.М.Молотов, К.Е.Ворошилов, Л.М.Каганович, Г.К.Жуков, Н.Г.Кузнецов, С.К.Тимошенко, А.И.Микоян, Л.М.Каганович, А.Я.Вышинский, Д.З.Мануильский, Г.Димитров, Б.М.Шапошников, С.М.Буденный, Л.З.Мехлис, Л.П.Берия, Н.Ф.Ватутин, Г.И.Куликті қабылдады («Известия» ЦК КПСС журналы, №6, 1990).
Соғыстың алғашқы күндерінде Сталин мен Бас штабқа анық ақпараттар түспеді. Шекарадағы ауыр жағдайдан хабарсыз болды. 29 маусымда Белоруссия астанасы Минск қаласының жау қолында қалғанын Қорғаныс Халық комиссары С.К.Тимошенконің Сталинге баяндамауын қалай түсіндіруге болады?! И.Сталин оған «Сендер бізге шындықты айтуға қорқасыңдар, Белоруссия жау қолында қалады. Украина, Прибалтикада не болғанын білмейсіңдер. Сендер майданды басқарудың орнына жау қолында қалғанды тек тіркеумен отырсыңдар» деп ащы шындықты айтты.
И.В.Сталин туралы Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатынасқан кеңестік әскери қайраткерлер, маршалдар мен генералдардың естелік кітаптары және көптеген жазушылар мен ғалымдардың, сонымен қатар шетел ғалымдарының еңбектері жарық көрді. Кеңес Одағының маршалдары Г.К.Жуков, А.М.Василевский, С.И.Конев, К.К.Рокоссовский, И.Х.Багрямян, генерал С.М.Штеменко, авиаконструктор А.С.Яковлев, жазушы К.Симонов, тарихшылар Р.Медведов, Д.Волгогонов, американ тарихшысы Г.Вайберг, венгр жазушылары Л.Белади, Т.Краус т.б. кітаптарында Сталин туралы деректер көрініс тапты.
Г.К.Жуков өзінің «Воспоминания и размышления» кітабында: «И.В.Сталин жігерлі де батыл, қорқақтар қатарынан емес. Оның ұнжырғысының басылып қалғанын тек бір рет қана көрдім. Ол да соғыстан қашып құтыламын деген сенімінің күйреген кезі 1941 жылдың 22 маусымының таңсәрісінде еді. Бұдан соң И.Сталин соғыс жылдарының өне бойы Бүкілодақтық коммунисттік партиясының Орталық Комитеті және Кеңес үкіметімен бірлесе отырып, неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста және халықаралық мәселелерді шешуді сенімді түрде қолға алды деп жазды». Одан әрі былай деп еске алады.
«И.В.Сталинді мен әскери қайраткер ретінде жан-жақты қарастырдым, себебі мен онымен бүкіл соғыс жылдарын бірге өткіздім. Ол майдан мен майдан топтарының операцияларын өте жетік меңгерді, басшылық жасай білді, үлкен стратегиялық мәселелерді жақсы шешті. Ол сөз жоқ, Бас Қолбасшыға лайықты болды».
Маршал И.Х.Багрямян «Так шли мы к победе» атты кітабында: «Соғыс жылдарында зор өкілетілік пен қатал билікті қолына жинақтаған И.В.Сталиннің басқару тәсіліне таңғаламын. Ол әрдайым қысқа да нұсқа бұйрықтар береді. Мен майдан қолбасшысы ретінде онымен жиі кездесіп тұрдым. Сонда байқағаным, ол барлық жағдайда да өзінің қарамағындағылардың пікірін соңына дейін тыңдайтын. Дәлелді пікірлермен әрдайымда келісіп, өзінің пікірін өткізуге тырыспайтын» деп жазады.
Соғыс жылдарында Бас штабта болған генерал С.М.Штеменко «Генеральный штаб в годы войны» атты әскери мемуарында: «Ставкада қандай да болмасын мәселенің талқылануы, әдетте, байсалдылылық және іскерлік жағдайында өтетін. Әркімнің өз пікірін іркіліссіз айтуға толық мүмкіндігі болатын. Сталин ешкімді де жеке-дара бөлмейтін және кімді болса да фамилиясымен атайтын, тек Молотовпен ғана «сен» деп сөйлесетін. Ал оның өзіне байланысты қаратпа сөздің «жолдас Сталин» деген бір ғана түрі болатын. Жоғарғы Бас қолбасшының өзі Ставкаға шақыртқан қаншама кісілердің фамилиясын ұмытып немесе жаңылыс атаған кезін кездестірген емеспін».
1941 жылы 30 маусымда Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті құрылып, мемлекет ішіндегі бүкіл өкімет билігі түгелімен соның қолына өтіп, төрағалығына И.В.Сталин тағайындалды. Отанға төнген аса қауіп-қатерді, жау қатал, рақымсыз екендігін 1941 жылдың 3 шілдесінде кеңес халқына, Қызыл армия мен флоты жауынгерлеріне арнап сөйлеген сөзінде ашық айтты. Алғаш рет оның ауызынан бауырларым мен қарындастарым, достарым деген сөз шықты. Ол Кеңес өкіметі фашистік Германиямен келісім жасауда қателеспегенін, бір жарым жылдай уақытта еліміз бейбітшілік жағдайда жау шабуылына тойтарыс беруге өз күшін дайындағанын атап өтті. Сонымен, бұл соғыс таразысында кеңес өкіметінің не тіршілік етуі, не құрып кетуі және кеңес халқының не ерікті болуы, не құлдыққа түсуі тұрғанын жеткізді. Оның 3 шілдедегі тарихи сөзі соғыстың толық бағдарламасы болды.
Тарих шындығы үшін мына фактіні де естен шығармау керек. Кеңес өкіметі орнаған (1917-1941жж.) 24 жылда халық елдегі оң әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің алғашқы жемісін көре бастады. Сондықтан, бүгінгі кейбір саясаткерлер, саясаттанушы және тарихшы ғалымдар қалай айтса да, елдің басым көпшілігі өз өкіметінің жүргізіп отырған саясатына сенді және өмірге оптимизммен қарады. Сонымен бірге елдегі болып жатқан жаңа өзгерістерге тікелей қатысушы болғандықтарын мақтаныш етті. Ұлы Отан соғысы жылдары кеңес жауынгерлері шабуылға «Отан үшін», «Сталин үшін» ұранымен көтерілді. Кеңес адамдары майданда да, тылда да жаппай ерен ерліктің, табандылық пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Себебі, мемлекет басшысына деген сенімдерінің жоғары болғандығы да тарихи шындық.
Ұлы Отан соғысының қайғылы беттерінің бірі – Харьков түбіндегі жиырмаға жуық кеңес дивизиясының қоршауда қалуы. Кеңес әскерлері Харьков түбіндегі ұрыста жеңіліске ұшырады. Оны кейін Сталин бірінші дүниежүзілік соғыста Шығыс Пруссиядағы Ранненкампф пен Самсонов армиялары ұшыраған апатқа теңеді. Ал 1941 жылдың 6 қарашасында Мәскеуде Қазан төңкерісінің 24 жылдығына арналған дәстүрлі салтанатты мәжілісте сөйлеген сөзінде «Неміс басқыншылары КСРО хлықтарына қарсы қырғын соғысты көргісі келеді. Мейлі, егер немістер қырғын соғысты көргісі келсе, олар көресісін көреді» деген болатын. Осы мәжілістегі сөзін «Біздің ісіміз әділ іс, біз жеңеміз» деп аяқтады. Бұл сөзі де Ұлы Отан соғысының ұранына айналды.
И.В.Сталиннің 1941 жылы неміс армиясы ел астанасынан 25 шақырым, кей жерде майдан шебінен 18 шақырым жерде қауіп төндіріп тұрған сәтте Қызыл алаңда 7 қараша күні әскери парад өткізуін А.Гитлер «Сталин ақылынан алжасты» деп сандырақтады. Сталин тікелей эфир арқылы сөз сөйледі. Оның сөзін әлем халықтары зор ықыласпен тыңдады. Әділдігін айтсақ, бұл парад сол кезеңде бүкіл кеңес халқының жеңіске деген сенімін арттырды.
Мәскеу түбіндегі шайқастардан кейін есімі аңызға айналатын, жас партизан қыз Зоя Космодемьянскаяның ерлігін, оны фашистер қолға түсіріп азаптап, қинап, айуандықпен өлтіргенін естіген Сталин батыр қызды аяусыз қинаған жаудың 154-жаяу әскер полкінен бірде-бір адамды тұтқынға алмау туралы бұйрық берді. Бұның өзі әрбір кеңес адамының өз Отанының бостандығы жолында өмірін қиып, арпалысып жатқан тұста моралдық тұрғыдан олардың сеніміне деген зор жауапкершілік деп түсінген абзал-ау.
Жау елдің ішкі аудандарына ентелеп келген 1942 жылдың шілдесінде Сталинградқа шабуыл басталған кезеңде соғыс тарихындағы қатал №227 «Ни шагу назад» бұйрығына қол қойылды. Бұл бұйрық бойынша бір қадам шегінген жауынгерлер ату жазасына кесіліп, тосқауыл отрядтары құрылды. Бұйрық барлық әскери бөлімдерде оқылды. Өлім мен өмір арпалысқан тұста осындай қатал шаралардың нәтижесінде майдан шебінде жеңістерге жеткенімізге тарих куә. Әйтсе де, бұл жеңістер орасан зор адам шығыны арқылы болғанын да жасыра алмаспыз.
Аталған бұйрықтың қабылдануына Сталинді бір жақты кінәлау басым. Тарихи фактіге сүйенетін болсақ, бұйрыққа И.В.Сталин мен Г.К.Жуков қол қойған. Кейін шайқасқа «Сталинград неміс-фашист армиясының батар күні болды» деп баға берілсе, ал 1943 жылғы Курск иіндегі шайқасқа «Курск түбіндегі ұрыс немістерді апатқа ұшырайтын халге жеткізді» деп әділ бағалады.
Сталиннің бұйрығымен 1944 жылдың 17-ші шілдесінде қолға түскен 57 мың фашист жендеттері колонасын арнайы қарауылмен Мәскеу көшелерімен айдап өткізді. Бұл шара құпия түрде «Үлкен вальс» деп аталды. Бұл колонаның ішінде осында жеңіс парадына қатысуға дәмелі болған 23 генерал да бар еді.
Соғыс өрті Сталиннің де отбасын да шарпып өтті. Екі ұлы Яков пен Василий соғысқа қатынасты. Яков өзі сұранып, ерікті түрде соғыстың алғашқы айларында майданға аттанды, кейін ауыр жаралы күйінде тұтқынға түсті. Сталиннің немересі Евгений Джугашвилиге тұтқында болғандардың бірі Яковті маршалға ауыстыру жөнінде лагерьде немістер тарапынан үнпарақтар таратылып, радио арқылы хабарланады.
Кино режиссер Юрий Озеровтің «Освобождение» фильмінде қөрсетілгендей Сталин «Мен солдатты маршалға айырбастамаймын» деген фразаны айтпағанда болар, бірақ режиссер бұл көріністе Жоғарғы Бас қолбасшының ұстанған позициясы мен мінезін дәл көрсете білген. Сталин ұлын Жеңіс үшін, Отан үшін құрбан етуін қатігездік пен мейрімсіздікке жатқызуға болама?!
И.Сталиннің тарихтағы рөлі әрдайымда қызу пікір таластар туғызып келеді. Мұндай жайттар алдағы уақытта да бола бермек. Тарихтың ешуақытта бір орында тұрып қалмайтындығы ақиқат. Заман өзгерген сайын қоғамда сан алуан пікір қайшылықтары өрбіп, тарихтың ақиқаттары мен ақтаңдақ беттерін ашу үдерісі жалғаса бермек.
Сондықтан мақаламыздың түйінін де Сталиннің өзі туралы мына айтқан пікіріне назар аударсақ. «Міне, мен өлемін, ал сендер саяси бюрода да, үкіметте де ұлдар сияқты күресесіңдер. Сіз біздің ортақ қателіктерімізге кінәлі біреуді іздейсіз… Ия, қиындықтардың қателігі көп. Жалғыз мен ғана кінәлі боламын, ал сен менің бейітімді қоқыспен тырмалайсың… Бірақ тарихтың желі бұл қоқысты ақырында сейілтеді…».
Бұл сөзі ғаламторда бүгінгі күні желдей есіп жүргендігін де естен шығармаған жөн. Себебі бұл да біздің өткен тарихымыздың бір парағы.
Аққали АХМЕТ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор