Күні кеше қойнауы тарихи-мәдени жәдігерлерге бай Атырау өлкесінде Аралтөбеден кейінгі «Ұлы дала жауһары» атты тағы бір алтын адамның реконструкциясы жасақталды. Тұтас қазақ тарихы мен ғылымы үшін аса маңызды бұл жаңалық – соңғы үш жыл бойына Қызылқоға ауданының Миялы қорғанына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі. Түрлі сараптамалық зерттеулер табылған заттардың әйел адамға тиесілі екендігін дәлелдеп шықты. Реконструкция залының ресми ашылу салтанаты облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып өтті.

Шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен орынбасары Бақытгүл Хаменова, рестовратор, алтын адам құндылығын қалпына келтіруші Қырым Алтынбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев пен тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамбетқали Кипиев сынды көптеген зиялы қауым өкілдері қатынасты.

Ақжайықтың жер бауыры пайдалы қазбаларға ғана емес, тарихи көне жәдігерлерге де кенде еместігін көрсететін екінші алтын адам реконструкциясының шымылдығын ашу құрметі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов пен Махамбет Жолдасқалиұлына бұйырды. Алғашқы болып сөз кезегін алған аймақ басшысы:

«Аталмыш шараларды атқаруда түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туды. Отандық археологияның қарыштап дамуының себепкерлері – Қазақ елінің мәртебесін көтеруші археология саласының мамандары» дей келе, салтанатты шараның құрметті қонағы, «Қырым аралы» ғылыми-қалпына келтіру зертханасының негізін қалаушы Қырым Алтынбековке атыраулықтардың атынан арнайы Алғыс хатын табыс етті.

Залда көрерменге ұзын саны 250-ге жуық тарихи құнды жәдігер ұсынылды. Мәселен, олардың қатарында алтын жапсырмалар мен алтын сырғаның бөліктері, шар тәріздес төрт құлақты қола қазан, ат әбзелдері, жебе ұштары, құмыралар және басқа да артефактілерді атауға болады.

Қола жебе ұштары. Б.з.д. II-III ғғ.

Көрме барысында Миялы қорғандарына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов қазба жұмыстары арқылы қол жеткізген жәдігерлерді кеңінен таныстырды. «Сармат» этно-фольклорлық ансамблінің ұлттық туындылары да шараның мәнін аша түсті.

Қоса кететіні – биыл бұдан сәл бұрын тап осы Қызылқоға топырағында сармат тайпасы өкілінің ақсүйегі табылған еді. Бұл бағыттағы өткенді қайта жаңғырту жұмыстары жемісін берсе, әлі талай ұрпақ ата-бабамыздың өмірінен, мәдениеті мен этнографиясынан сусындауға мүмкіндік алатыны сөзсіз.

 

Өмірбек САЛАУАТҰЛЫ,

фото авторы Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ,

Атырау қаласы