Өнер өміріңе айналғанда ғана – өнер. Олай болмағанда, жәй ғана кәсіп. Өнер адалдықты талап етсе, қолдауды қажет етеді. Оның ең көркем формасы музыка екендігіне кім талас келтіре алады? Би де музыка, күй де музыка, ән де музыка. Адамзат барда – музыка да бар. Музыканың негізгі құралы аспап екендігін білеміз. Ал, сол аспаптардың салыстырмалы түрде ең қиыны қайсы дегенде, ойға бірден фортепиано оралады. Себебі, фортепиано – классикалық аспап. Ондағы орындалатын шығармалардың да жанры ауырдың үсті, жеңілдің асты деуге келмейді. Осынау классика жанрын таңдауға екінің бірінің батылы бара бермейтіні белгілі. Есесіне, біздің 14 жасар кейіпкеріміз – Ақжан АСЫЛБЕКҚЫЗЫ болашағын Бах, Бетховен, Моцарт сынды әлемдік классика корифейлерінің туындыларымен байланыстырады.

Ол күні бүгін Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы дарынды балаларға арналған Кіші өнер академиясының 9 сынып оқушысы. Мұндағы тереңдетілген білім бағдарламасына сәйкес, мектеп табалдырығын аттаған 2012 жылдан бастап «фортепиано» мамандығында оқуын жалғастыруда. Сәті түсіп, академия тек сол жылы бірінші сыныптан оқуға қабылдап, кішкентай қыздың өмірінде өнер осылайша өз орнын қалыптастыра бастады.

Өнерде шекара болмайтыны, керісінше, өнер шекараларды жалғайтыны даусыз. Соның ішінде, ішкі жүрек қылын шертетін тебіреністерді айтпағанда, сыртқы қолданыстағы қолдың да, аяқтың да жұмысын бірдей қажетсінетін фортепиано аспабында ойнау кез келгеннің маңдайына жазыла бермейді. Ақжанның бұл тұрғыда жолы болды. Төрт жасқа толғанда ата-анасы балаларының қарым-қабілетін дәл бағамдай алғаны сол – фортепиано сатып әпереді. Орта мектепке қадам басқаннан-ақ музыкалық білім алуына мүмкіндік туады. Фортепиано сыныбында оқи жүріп, жоғарыда келтірілген Бах, Гайдн, Моцарт сынды әлем музыкасы алыптарының таңдаулы туындыларын жаттап өсті. Тіпті, олардың портреттерін өз бөлмесіне ілдіртіп те қоятын көрінеді. Жап-жас, нәп-нәзік қыздың бүкіл дүние жүзіне әйгілі, құрылымы күрделі композициялардың негізін салушылардың әуен ырғағына қалай қызығушылығы туған деп таңқаласың. Таңқаласың да, таңданысың оның он саусағынан тамырыңа дейін тараған жеті нотаның құдыретіне жеткен жерден рухани ләззатқа ұласады.

Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы дарынды балаларға арналған Кіші өнер академиясының 9 сынып оқушысы, фортепианодан халықаралық байқаулардың жеңімпазы Ақжан АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Қазір Ақжанмен бірге академияға алғаш бір сыныпқа түскен 20 ұл-қыздан 3-ақ бала қалыпты. Бұл – фортепианоның жоғары матемика екендігінің, үнемі ізденісті қажет ететін құрылғы екендігінің тағы бір дәлелі. Күніне кемі 3-4 сағат аспапта ойнап жаттықпаса, қол мен аяқ лезде жатырқап, жабырқап кететінін бүлдіршініміздің өзі де айтып отыр. Өрімдей қыз ағымдағы жылы Молдова мемлекетінде өткен Халықаралық «Juniors hope onIine 2020» фестивалінде топ жарып, басты жүлде – Гран-Приді жеңіп алды. Екі кезеңнен тұратын онлайн форматтағы сайыста 70 қатысушы арасынан іріктелген финалдық кезеңдегі үздік жиырмалыққа ілігіп, кейін сол жиырмалықтың арасында оза шапты. Литва, Ресей, Молдова, Украина, Польша, Румыния, Греция, Болгария және Германия мемлекеттерінің өнер майталмандарынан құрылған комиссия мүшелері Ақжан орындаған Александр Затаевичтің «Айнамкөз» және Игорь Шамоның «Румуньска» шығармаларына ең жоғарғы бағасын беріп, оңды пікірлерін айтты. Барлығы 10 мемлекеттен қатынасқан халықаралық жобада жерлесіміз Ақжан Асылбекқызы ел абыройын асқақтып, Кишинёв қаласы арқылы тараған тікелей эфирде әлем елдерінің қазақ қызының талантына тәнті болуына себепкер болды.

Аталмыш  байқауда Кіші өнер академиясынан хор ұжымы да алдына жан салмай, Гран-Приді қанжығаларына байлады. Бұдан бөлек, Ақжанмен қатар жеке орындаушылық бойынша қатынасқан Аружан есімді аруымыз I орынды иемденді.

Сайысқа қазылық жасаған – Еуропаның музыка мен мәдениет саласының маңдайалды тұлғалары. Мәселен, олардың қатарында Music talent league телевизиялық жобасының директоры, литвалық Аста Багдонавичене, молдовалық радио және телевизиялық бағдарламалардың продюсері Мару Петрова-Белоконная, суретші Ирина Ковач, ресейлік «Непоседы» музыкалық жобасының педагогы Светлана Келиналарды атап өтпеуге болмайды.

Финалдық кезеңнен соң Украинадағы өнер мектебінің педагогы Наталья Казымова «Сенің жоғары орындаушылық шеберлігіңнің артында жақсы пианистік мектептің бары сезіледі. Пьесаң эмоцияға толы болды, жарқын естілді. Шығарма мазмұнының тереңдігін, ондағы оқиғаның даму динамикасын көрсете алдың. Дыбысты меңгеруің де, әуен қарқынын ұстауың да өте жақсы. Нотадан нотаға ауысуың да тиянақты. Бүгінде музыкалық білім алу үстіндесің. Сонымен бірге, сауатты репертуарыңды да қалыптастырудасың. Маған қатты ұнады, сәттілік тілеймін!» деген лебіз білдірді

Ақжанның жанұясына келер болсақ, әкесі Асылбек Абулғазиев 20 жылдың үстінде мемлекеттік қызметкер болғанымен өнерден құр алақан емес. Өлең жазып, баритон дауыста ән айтатыны бар. Анасы Надежда Хайроллақызы Маңғыстау телеарнасында диктор қызметін атқарған.

Өз кезегімізде біз де буыны қатпаған бұла шағынан алыстағы биік армандарды мақсат тұтқан қарындасымызға үлкен сахналарды бағындыруын тіледік.

Жетістіктері:

  • 2015 жыл, II облыстық жасөспірімдерге арналған «Шаттық» конкурсы фестивалінде 2-ші дәрежелі диплом;
  • 2016 жыл, XIII Республикалық жас таланттарға арналған «Ақ Көгершін» фестивалінің 1 дәрежелі лауреаты;
  • 2017 жыл, IV облыстық жасөспірімдерге арналған «Шаттық» фестивалінің 2-дәрежелі диплом иегері;
  • 2018 жыл, IV Халықаралық «Ақ Сұңқар» фестивалінің Гран-При иегері;
  • Халықаралық «JUMEIRAH SOUNDS» фестивалінің 2 орын иегері, Дубай;
  • 2019 жыл, X «Звездочки юга Россий» конкурсының арнайы дипломанты;
  • 2020 жыл, Республикалық «Жас музыкант» фестиваль-байқауының 2 дәрежелі дипломы, жеке орындаушылар арасындағы жеңімпазы;
  • Халықаралық жас таланттарға арналған «JUNIORS HOPE» onIine фестивалінің Гран-При иегері, Кишинёв.

 

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТ,

Атырау қаласы