Ұлмекен Дүйсембайқызы ШƏУКЕНОВА 1993 жылы 20 қаңтарда Атырау облысының Махамбет ауданы, Таңдай селосында дүниеге келген.

Аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға өлеңдері жарияланып келеді. Республикалық «Жауқазын жылда гүлдейді» мүшайрасынан 3 орын алып, жинаққа топтама өлеңдері енеді. Республикалық Жұмекен Нəжімеденовке арналған мүшәйрада, облыстық «Алаш арыстары» байкауынан бас жүлде, аймақтық мүшәйрада 3 орын иемденді.

«Алаштың айбоз Әбіші» республикалық сайысында «Фариза Оңғарсынова атындағы» арнайы сыйлықтың иегері атанды (2020).

Өлеңдері «Сезім», «Алаужыр» атты Атырау жас ақындарының жинақтарына енген.

 

***

Мен

Қылышымды кезедім кеңдігімді көп көрген дұшпанға,

Азаттығымды тұсаулап, дүбәраланған тұстарда.

Маңдайымда борыш боп бабаларымның қаны жүр,

Намысымды тік ұстап, арым деп өлемін қара жерді құшқанда.

 

Мен

Сары даланың бөтенге басқызбан әр қырын,

Көзінде көк түріктің ойнаған жарқылмын!

Шемен боп жиналған Ақтабан шұбырындыдан,

Көз жастың өтеуін қайтарам деп шарқ ұрдым.

 

Мен

Дуалы ауыздан шыққан сөз, төрелікті құптадым,

Бауырымды басқаның бұғаулауына жықпадым.

Ұрпағым ұран сап бейбітшіліктен бақ тапты,

Ұлылық деп осы екен ұққаным, ұтқаным.

 

Мен

Шегі жоқ, шеті жоқ киелі жерденмін,

Қасық қанымды қарындасымның қамы үшін бергенмін.

Ел үшін, жер үшін мың рет тіріліп, өлгенмін,

Боз жусанымның иісіне дерт жисам емделдім.

 

Мен

Топырағы үшін жан қиған пендеге бас идім,

Қандасымның жеңісін көргенде тасимын.

Жабының жалына жармасып күн кешкен,

Жағымпаздығына ерлердің жасимын.

 

Мен

Қылышымды кезедім кеңдігімді көп көрген дұшпанға,

Азаттығымды тұсаулап, дүбәраланған тұстарда.

Маңдайымда борыш боп бабаларымның қаны жүр,

Намысымды тік ұстап, арым деп өлемін қара жерді құшқанда.

 

***

Дертке дауа мендегі жалғыз аяқ жол еді,

Мен не көрсем тағдырдан ол да бірге көреді.

Көкірегімде түйдек боп, көлеңкемдей еріп жүр,

Сенің салған әнің мен оның жазған өлеңі.

 

Қара бұлттың көбесі сөгілместен тарады,

Сен ұнатқан Құдай-ау әуен неге бағалы?

Көп қабатты үйлердің қабырғасындай түнердім,

Әлем бүгін тым-тырыс, әлем бүгін жаралы.

 

Сетінемей қайғысы қара жердің сыйқы-мұң,

Баурап ала қоятын бар ма еді сиқырың?

Жалқы күнге тоналып отырғаным, содан да,

Осы өмірді сүйемін, құрметтеймін дейтінім.

 

Қасіретімді құшақтап, жаныма ерттім қаншама ой,

Сенің салған әніңді анау құстар салса ғой.

Сосын, сосын ақырын, ең әдемі – ұлылық,

Шіркін, жаңбыр жауса ғой…

 

***

Жаңбырлы күн

(Бейіт басында)

Үнсіз төбелер, үнсіз көреді ел сендерді,

Жазық даланы жайлағансыңдар, өр белді.

Өздеріңе кеп кеуде күйіктен шерленді,

Қанша жүректер тербелді.

Үнсіз көреді ел сендерді.

 

Үнсіз келеді ел, бүгін қайтады бүгін кеп,

Біреуі жылап, біреуі сөйлеп дірілдеп.

Құдіретіне қараша құны жетпейтін,

Құдайдың сөзін айтады сосын күбірлеп.

 

Мен де үнсіз келгем, аспанның жасы қосылды,

Бастан кешпеген мейірім еді тосын бұл.

Қоп-қоңыр атам, сап-сары әжем топырағына,

Тәтті тамшылар тәтті тіршілік көшірді.

 

Тіршілік жүріп жатқандай мұнда не түрлі,

(Гүл мұңаяды ол дағы мендей жетім гүл).

Ата-анасының жанына келіп жан әкем,

Сәби қалпында еркелеп алған секілді.

 

Жаз ғой бұл, әке, жаз ғой бұл үш жыл бұрынғы,

Суынды қызың сұрқайы ойлардан суынды.

Күн батқанында жол қарап жоқтан дәметіп,

Жаңа ай туғанда жылынды.

 

Тозды күн сағат сартылыменен, озды күн,

(Қайғысын күйттеп сүйрейді дүние өз мұңын).

Қап-қара түнде сағынышымды жыр қылып,

Жалғызсырағанымды сезді кім?

Сен де жалғызсырайсың ба, әке?

 

***

Тағдырға таңың бар ма түбі бір тоғысады із,

Табылдың әні айтылып, жыр оқыр жарыса қыз.

Ұмытып кетсек дағы, ол күні бірге отырып,

Тағы да шай ішеміз, тағы да танысамыз.

 

Жанарым жалт етеді жанымда жүр дегендей,

Сағыныш үдер ме екен жүрген соң күнде көрмей.

Көзімнен сезім оқып жүрегің дір етеді,

Бұрын да сезбегендей, бұрын да білмегендей.

 

Алдымнан өте шығар өткен күн тізбектеліп,

Жаныңның айдынында аққудай жүзбек болып.

Көңілім түсіп үйге қайтармын содан кейін,

Мұң ғана есік қағар соңымнан іздеп келіп.

 

Жалғыздық күтіп алар жүзінде наласы бар,

Жақтауға сүйенемін оның да жарасы бар.

Айтылмай сол үстелде сырлар бар қалып қойған,

Ертесі мұң ішуге жөнелем, тағы асығам.

 

Кінәлау, жек көру мен біздерден алыс айып,

Қаперсіз ештеңеден қалғандай қауышайық.

Тек қана сол кафеден елемей таң атқанын,

Тағы да шай ішейік, тағы да танысайық…