«Мерейлі мекен» – Атырау аймағында дайындалып, республиканың бірқатар аймақтарына тарайтын бірден-бір басылым. Қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтып, танымдық дүниелерді талғамы биік оқырман көкейіне жеткізуді мақсат тұтқан журналға биыл 5 жыл толып отыр.

Осы уақыт аралығында басылым жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру, тарих тағылымдарын насихаттау, Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігін дәріптеу бағытында біраз беймәлім мәліметтерді жарыққа шығарып, азаматтық ұстанымдарына адалдықтарын сөзбен емес, іспен дәлелдеп келеді.

«Мерейлі мекен» журналының шығармашылық ұжымына сәттілік тілеп, ақпарат саласындағы салмағы арта берсін дегім келеді.

Мағауия ШЫРДАБАЕВ,экономика ғылымдарының докторы, профессор

 

 

 

 

Қазір – ақпарат заманының нағыз дамыған кезеңі. Дегенмен, баспасөз – қай тұста да өзінің өміршеңдігін жоймақ емес. Бұған дәлел – соңғы бес жыл көлемінде үздіксіз басылып келе жатқан «Мерейлі мекен» журналының жүйелі жұмысы. Аталған басылым тақырыпты тиімді таңдай білуімен ерекшеленеді. Мұндағы танымдық материалдар жәй «өтті-кетті» бос хабарлауды емес, оқиғаны жан-жақты ашып көрсетуді көздейді.

Биылғы әл-Фарабидің туғанына – 1150, Ұлы Абайдың 175 жылдығына байланысты, басқа да айтары мол танымдық мақалалар оқырман қызығушылығын тудырарына сенеміз.

Ендеше, іске сәт, «Мерейлі мекен»!

 

Мұрат ӨТЕШОВ, Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы

 

 

Көркем безендіріліп, түрлі-түсті форматта мазмұнды да сапалы жарияланымдарымен оқырман көзайымына айналып келе жатқан жас басылым тәуелсіз еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі жаңалықтармен бірге экономика ертеңі, кәсіпкерліктің көкжиегі, тарих тұңғиығы, салт-дәстүр сабақтастығы, жастар тәрбиесі, мәдениет мәйегі, әдебиет әлемі мен өнер өрісі, қоршаған ортаны сақтау проблемасы сынды келелі мәселелерді көтеріп келеді.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай халқымыздың Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен қаһармандығы, тылдағы жанқиярлық еңбегі мен табандылығы жайлы жарияланған мақалалар жас буынды патриоттық рухта тәбиелеуге септеседі деп ойлаймын.  «Мерейлі мекен» мерейімізді өсіре бергей!

                           Серікбай ТӨЛЕТОВ, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы