Көне радио. Қабырғаға ілулі телефон. Комсомол көшесінде орналасқан қызыл қабырғалы үйге кіріп келгенде алғаш көзге түсетіні осы дүниелер болды.

«Балалар шошымасын деп, телефонды кіреберіске қойдық» деген ер адамның дауысын келесі бөлмеде баланың сөйлеген сөзі бөледі. «Бүгін анам жылады. Себебі, радиодан соғыс туралы хабар айтылды. Мен де, бауырларым да ештеңені түсінбедік. Бірақ, анам қатты жылады. Әкем үндемеді».

Бұл сонау алыста қалған 1941 жылдың 22 маусымы күнгі оқиға. Сол кездегі фашистік Германия әскерлерінің Кеңес Одағына ашқан соғысын еске салатын бұл үй әрі қарай сізді жарылған снарядтардың, зеңбіректер оғының ортасына түсіреді. Ресей Федерациясына қарасты Астрахан қаласындағы «Жауынгерлік даңқ музейіне» кіргенде бастан кешірген сезіміміз еді бұл.

Иә, миллиондардың қанымен келген Ұлы Жеңістің алда 75 жылдығы аталып өтпек Осынау айтулы күнге орай Астраханға арнайы сапармен барған біздің делегацияға «Ерлік даңқы музейі» ерекше әсер сыйлады. Сегіз экспозициялық залдан тұратын музейде өздері «Погружение» деп атап кеткен мультимедиялық кабинеттен көзге жас алмай шығу мүмкін емес. Қазақшалағанда өткенге саяхат немесе тарихқа ену деген мағынаға келетін залдың ерекшелігі сол, мұнда қанды қырғын соғыс сіздің көз алдыңызға келеді. Бір отбасындағы жағдайдан басталатын оқиға әрі қарай соғысқа ұласады. Сіз жарылған снаряд пен тас-талқаны шыққан үйіндінің ортасына тап боласыз.

Жауынгерлік даңқ музейінің меңгерушісі Нина Кадничанскаяның айтуынша, ерекше мультимедиялық зал 2015 жылы ашылған. «Ондағы мақсатымыз соғыстың ақ пен қарадан тұратынын жас ұрпаққа жеткізу болды» дейді ол.

Анжелика ТРАПЕЗНИКОВА,

Ресейлік  «Север-Юг» саяси орталығының атқарушы директоры:

Бұл іс шара «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері журналистерінің медиатренингі» аясында іске асырылды. Басты мақсат – журналистерді тарихи деректерге қанықтыру. Соғыс тақырыбы – ортақ тарихымыз. Демек, Жеңіс те ортақ. Осы тақырып медиа кеңістікте қозғалған кезде журналистер өзгенің көзқарасын емес, архивтік құжаттарды негізге алса деген ұсынысым бар.

Музей Астрахан бағытындағы кезіндегі 28-ші армияның ерлік жолындағы күресіне арналған. «Біз музей экспонаттарын он жыл уақыт жүріп жинақтадық. Тұтас музей арналып отырған бұл армия туралы көп нәрсе айтуға болады. Оның құрамына кезінде 34-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы, 248-ші атқыштар дивизиясы, 152-ші, 52-ші, 159-шы атқыштар бригадасы, 76-шы гвардиялық минометтік полк кірді. Сонымен бірге, 28-ші армияның қарамағына 8-ші әуе армиясының 289-шы шабуылдаушы әуе дивизиясы берілді. Сол кезде 28-ші армияға Астраханды жаудың басып алуынан қорғау, Қалмық астанасы Элистаны жаудан азат ету, Сталинградқа су және темір жол көлігі арқылы көмек жеткізіп отыру міндеттелді.

Осылайша, 1942  жылдың 31 желтоқсанынан 1 қаңтарға қараған түні Элиста қаласы жаудан азат етіліп, 21 қаңтарда Қалмық жері толықтай тазартылды. Аталған армия Дондағы Ростав, Украина, Беларусь, Польша, Балтық маңы елдері, Шығыс Пруссия жеріндегі кескілескен ұрыста, Берлин үшін шайқаста алдыңғы сапта болды. Біздің мақсатымыз – бейбіт өмір жолында күрескен 28-ші армияның ерлігін насихаттау» дейді «Жауынгерлік даңқ музейінің» меңгерушісі Нина Кадничанская.

Астраханға сапарымыздың басты себебі Каспий маңы елдері журналистерінің «Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында» атты медиатренингіне қатысу еді. Ресейлік «Север-Юг» саяси орталығы ұйымдастырған бұл екі күндік медиатренингке Қазақстан, Әзербайжан және Ресей елдерінен барлығы 100-ге жуық делегат қатысты. Дәстүрлі және электронды медиа редакторлары, жас журналистер, медиа қауымдастық өкілдері және студенттер қатысқан медиатренинг барысында Ұлы Отан соғысы тақырыбын медиакеңістікте ақпараттандыруда архивтік мәліметтерге сүйену мәселесі талқыланды.

Медиатренингтің алғашқы күні Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің доценті Сергей Кондратенко, Ресей мемлекеттік кинофотоқұжаттар архивінің директоры Ольга Белякова, Political.kz жобасының бірлескен авторы, «AINCitadel» қоғамдық қорының президенті Ассоль Мирманова (Қазақстан), Астрахан мемлекеттік университетінің доценті Юлия Кудряшова, Бакудегі славян университетінің профессоры Шелале Гасанова, Ресей Журналистер Одағының хатшысы Юлия Загитова және қазақстандық блогер Денис Кривошеев лекция оқып, өзіндік ой-пікірлерімен бөлісті. Медиа іс-шараның екінші күні қатысушылар «Победили вместе» телебағдарламалар мен деректі фильмдер  халықаралық фестивалінің бас директоры Валерий Рузинмен, «Говорит Москва» радиостанциясының бас директоры Владимир Мамонтовпен, «Просвещение» телеарнасының бас директоры Владимир Косенчукпен кездесіп, еркін форматта пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды.

Ал, Ресей қоғамының АИРО-XXI зерттеушілер қауымдастығының халықаралық кеңесінің төрағасы Геннадий Бордюговтың жетекшілігімен өткен «дөңгелек үстел» шарасы Жеңіс мерекесінің қазіргі және болашақтағы мәні туралы толымды пікірлерді ортаға салды.

       Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау – РФ Астрахан – Атырау.