Күй тарихы

Күй тақырыбында қалам тербей бастағанымызға жарты ғасырдан астам уақыт өткен екен. Өзімізге тонның ішкі бауындай жақын тақырып болған соң, батыс өңірінің қандай күйшісі туралы әңгіме, күйін тыңдасақ та елең етіп, тіпті бұрын естімеген шығармаға ерекше құлақ түріп, қызыға түсетініміз бар. Біз үшін сондай қызығушылық тудырған өнерпаздың бірі – Қауен күйші болатын. Оның екі түрлі себебі бар. Алғашқысы – өткен ғасырдың жетпісінші жылдары өңіріміздегі белгілі күйші, әке, аталары Құрманғазымен замандас, шәкірт болып, тізе қосып күй тартқан, кейін 1937 жылы әкесімен бірге Алматыға барып, қазіргі Құрманғазы атындағы академиялық оркестрдің негізін қалаған Хисмет Меңдіғалиевпен қайта-қайта кездесіп, астанаға сапары жайлы әңгіме-дүкен құрғанымызда, ол кісі «Дина шешей, әкем, мен, жол бастаушымыз Смағұл Көшекбаев және Ишанғали Жанханов болып, Ганюшкиннен Астрахан, одан темір жолмен Орбах, Орал арқылы Алматыға бағыт ұстадық. Жолай Оралға тоқтап, сонда тұратын белгілі «Сәнау» күйінің иесі Қауенге жолығып, оның астанаға жүруін сұрадық. Ол өзінің бұл күнде бас қаралы, жүрек жаралы, ертерек дүние салған жалғыз баладан қалған немере де қайтыс болып, бұл күнде кемпірі екеуі тізе құшақтап, сопайып қалғанын, Алматы түгіл ауылдағы тірліктерінің өзі адам қызықпайтын дәрежеде екендіктерін айтып, ұзақ жолдан бас тартты» дегені бар-ды.

Екіншісі – өткен жүз жылдықтың тоқсаныншы жылдары жұмыс бабымен Атыраудың Қызылқоға ауданын аралап жүргенімізде Тайсойған бойы күйшілері, соның ішінде Тазбала – Есбайға көбірек көңіл аударған едік. Сонда күй білем деген көнекөздердің кейбірі ХХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген белгілі күйші Қауен Қалниязовтың атын атап, Тайсойған, Бүйрек, Қаратөбе бойында аталған өнерді дамытуға қосқан үлесінің молдығын қаперімізге берді. Осыған орай біз оның оқта-текте республикалық радиолар мен теледидарда, салтанатты сахналарда «Сәнау» күйі орындала қалса, еріксіз ден қоятынбыз-ды. Содан соң оның шығармашылығы жайлы да білгіміз кеп тұратын. Уақыт өте көкейдегі көп сұраққа жауаптар да табыла бастады. Оларды жүйелеп, қағазға түсірсек, былайша сабақталар еді.

Қауен Қалниязов 1880 жылы Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылында дүниеге келеді. Руы – Ысық, оның – Ақсарысы, Төлеке бөлімінен. Жастай күйге әуес болып, кейін өңірдегі белгілі домбырашылардың бірі атанады. Тек Қаратөбе бойы емес, көршілес Ойыл өңірі, оның Көкжар базары, Тайсойған, Бүйрек құмдары, Базаршолан, Нарынға да шығып кетіп, өнер көрсетеді, өзгелерден үйренеді. Кейбір әңгімелерде ол отызыншы жылдардың басында ел іші көркемөнерпаздарының Алматыда өткен республикалық додаларында күй тартып, алпыстың үстінде шығарма орындапты деседі. Бірақ, оның қаншасы өзінікі және кімдердің күйлері, оны дәл басып айтып жатқан ешкім жоқ. Әйтсе де бір шындық бар, ол – өзі шығарған және ел танып, аса жоғары бағалаған «Сәнау» күйі. Оны Алматыға, үлкен ортаға алғаш боп жеткізген жерлесі, атақты Мұхит салдың ұрпағы, ұзақ жыл Алматы консерваториясында домбырадан сабақ берген белгілі күйші Лұқпан Мұхитов. Нотаға түсірген тағы да бір туысы, консерватория профессоры Құбыш Мұхитов.

Күй тарихына келсек, өнерге бай болса да, малға жарлы, өмірде дүние-мүлік жинамаған тесік өкпе Қауен жазғы күннің шағырмақ ыстығында қиыр асып, қыр басып, ұзақ сапардан арып-ашып келе жатады. Түс ауған шақ. Елсіз медиен дала. Ұзақ жүріс, күн төбеден тесіп барады. Шөл қысып, тілі ауызға симайды. Өзін қойшы, астындағы арық, жадау аты да шөліркеген, аяғын санап басады. Түртіп қалсаң құлап кетердей. Алдарында Мұғаждар тауының соңғы сілемі –  Есенаман асуы көрінеді. Одан әрі асса, барар жері де қашық емес. Бірақ манадан бері митыңдап, биіктей түсетін еңселі асу әбден қажытты. Одан әрі асса, біртін-біртін еңіс. Онда жүріс те жайланып, иықтан жүк түсер еді. Әупірім, сәтін бер, деп жүріп келеді.

УҺ, көрінді-ау! Алдымен көзге іліккені, көрінім жерден мен мұңдалаған еңселі ақбоз үй. Бұл болса, соған тезірек жетсем дейді. Ауыл сыртындағы бұлақ жанында ыстықтан қозғалмай жатқан аздаған қой-ешкі. Қайнардан су алған жас әйел бұл жүріп келе жатқан жолды кесіп өтпек. Әйтсе де аралары әудем жер. Егер өтіп кетем десе, үлгеретін мүмкіндігі бар. Бірақ, қазақтың дәстүрлі ғұрпында әйел адам жүргінші еркектің алдын кесіп өтпейді. Сол негізде иін ағашпен су алып келе жатқан әйел бұл жолы да жолаушы алдын кеспеді. Екі шелегін жерге қойып, күтіп алды. Желегі желбіреген жас адам екен, басын иіп, тізе бүкті. Бет әлпеті келіскен, сүйкімді жас.

Жадау атты жолаушы жүрегінде жылылық ойнады, ризалық сезім пайда болды. Ұлттық салт, әдемі дәстүр. Үлкенге, шаңырақ тірегі, ел қорғаны – ер азаматқа деген құрмет. Осындай сыйластық ерді ертеңге, үлкен істерге, байыпты парасатқа жігерлендірмей ме?

Су алып, екі қанатын жайып келе жатқан аққу мүсін сұлу қыз бір сәт жерге қонып, сені күтіп тұр, тосуда. Тағы да тізе бүгіп, сәлем береді. Қандай салтанат, сән! Жолаушы сезімі жоғары. Қыз алдынан тездетіп өтіп кетейін десе, аяғына жем түсіп, болдырған арық ат адымын ашпайды, ілбіп келеді. Жадау атқа қамшы ауыр. Әйтеуір митыңдап өтті-ау! Басын изеп, «бар бол, балам!» деп рақметін айтты.

Сол сезіммен үйге де жетті. Отағасы да бұл сынды мосқалдау ересек жан екен, мұны күтіп алып, атын көлеңкеге байлады, өзін үйге бастады. Аман-саулық алысты, барыс-келіс сұрасты. Бірақ, жолаушы сол бір сұлу көріністен ойын арылта алмай, әлі алысып отыр. Санасында бір әуен, бір ұғым, әдемі сурет. Жаңағы су алып келе жатқан сұлу қыз, биязы бойжеткен. Мейлі желегі желбіреген жас қыз, болмаса келіншек-ақ болсын. Бәрібір көз арбаған керім сурет. Көз алдында қозғалмай әлі тұр, толқып, толықсиды. Қазақы қалып, ғажайып сыйластық. Сән-ау, сән! Сұлу салтанат.

Өз ойымен әуре боп отырған оның көзі бір сәт қабырғада ілулі тұрған үкілі домбыраға түсті. Жолаушы ешкімнен рұқсат сұрап жатпады. Ұшып тұрып қолына алды. Құлақ күйі келіп тұр екен. Қағып-қағып, күй шақырды. Орындаушының өзіндей кербез, сабырлы, салалы саусақтары перне теріп, әрлі-берлі жорғалайды. Есіп тұр, сән-ау, сән! Сән-ау… Жаңа бір әуен жалғасып, үй ішін кернеп кетті…

Міне, осылайша бұған дейін ешкім естімеген жаңа, тың төл туынды дүниеге келді. Оның аты «Сәнау» болатын. Аталған күйді алғаш үйренген сол үйдің иесі еді. Ол да домбырашы екен. Кейін ол елге кең тарады, өнерлілер саусағында кетті.

Орта жастан асқанда Қауен құйрық-жалдан айырылып, тек кемпірі екеуі ғана қалды. Серігі өнер, қураған қоңыр домбыра ғана. Сол домбырасын аялап Алматыға барды, Оралын да он орады. Ақыры Егінді көлін артқа тастап, облыс орталығына келді. Қолынан келері күй ойнап, домбыра тарту. Қағаз кеміріп, қу ағашқа құйрық басатынға сауатсыз, әліпті таяқ деп білмейді. Ақыры күнкөріс қамымен ол кездегі облыстық радиоға қарауылшы боп орналасты. Осы кезде оны Алматыдан Ахмет Жұбановтың тапсыруымен адамдар (С.Көшекбаев) кеп, жұмысқа шақырған, бірақ, алпысқа иек сүйеп, құйрық-жалдан айырылып, кемпірімен екеуі қалып отырғанда кіміне сеніп, ел шетіне асығады. Онан да туған жерінің бір пұшпағы – Текеде сүйегім қалсын деп келіспеді. Сөйтіп ол 1940 жылдың 17 қаңтарында Орал қаласында миына қан құйылып, кенеттен қайтыс болды. (Сол қағазы біздің қолымызда. Автор). Сөйтіп артында жалғыз күйі қалған, бірақ сол шығармасымен елге танылған ерен күйші Қауен Қалниязовтың да пәнилік ғұмыры аяқталып, екінші мәңгілік өмірі басталды. Бұл ретте оның атын алашқа танытуда ауылдастары Лұқпан, Құбыш Мұхитовтармен бірге, сол өңірдегі үлкен өнер иесі Ешмат Өсәлимов, көнекөз Хасан Төлегенов, Қыдырғали Құрманғалиев, оның ұлы Айсағали мен Қауеннің Орал қаласында тұратын немере інісі Некежан Меңжанұлы Қалниязовтың, белгілі айтыскер ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиевтің және Қауен күйшінің атын тірілтуге жатпай-тұрмай жұмыстанған әріптес ағамыз, белгілі өлкетанушы қаламгер, марқұм Қайыржан Хасановтың еңбегі зор еді.

Ал біз болсақ, аты тек өзі туған Қаратөбесінде ғана емес, көршілес Тайсойған мен Бүйрек, Жылой бойында, күллі қазақ күй өнерінде зор мақтанышпен аталасатын аққолқалық (туған жерінің аты) ақиық күйшінің атын ұмытпасақ деген ойда едік. Оған тағы бір себеп, өнерде 5-10 шығарманы дүниеге әкелсе де, солардың біреуімен ғана аты ардақталған ұлылар баршылық. Бірақ, біз кейде соларды орынды жерде ескеріп, есімін елей бермейміз. Мәселен, тіпті алысқа бармай-ақ өз өңірімізде «Шалқыма» күйімен Жантөре, «Баламайсаңымен» Баламайса, «Көңілашарымен» Түркеш, «Мерекесімен» С.Құсайынов, «Комсомолымен» Т.Құлтумиевтердің аты шықты емес пе? Қауен Қалниязов та солардың бірі. Ендеше, ерекше туындының иесін де естен шығармайық, ағайын!

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

өлкетанушы