Зырлап, зулап өтіп бара жатқан уақытайСахна түгіл қарапайым сөзінің өзінде арыстанның айбаты, күннің күркірі сезілетін мен үшін дара тұлға, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Орталық Азияның «Үздік ер бейнесі» талымының жеңімпазы, психологиялық, комедиялық және трагедиялық рөлдердің хас шебері, адуын актер, әкемнің ағасы, ақ көкем Төлеген Қыздарбайұлы туралы сөз етпекпін.  

Биыл осынау нар тұлғаның арамыздан кеткеніне он жыл толып қалыпты-ау!

Төлеген Қуанышев осыдан алпыс сегіз жыл бқрын Гурьев облысы, Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында дүниеге келді.

Әкесі Қыздарбай Ұлы Отан соғысының отты жылдарында майданға аттанып, елге аман оралды. Майданда көрсеткен ерліктері үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен және басқа да медалдарьмен марапатталған. 1957 жылдан бастап өмірінің соңына дейін ширек ғасырға жуық Қызылқоға аудандық мемлекеттік банкте меңгеруші қызметін атқарған. Банк басқару жүйесіндегі ерен еңбегі үшін «Кеңес үкіметі банкіне 50 жыл», «Ұзақ жылғы еңбегі үшін» медалдарының, «Үздік меңгеруші» төсбелгісінің және республикалық, облыстық әртүрлі мақтау қағаздарының иегері.

Анасы Қанзия тоғыз бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Ол аудандық статистика мекемесінде зейнеткерлікке шыққанша абыройлы жұмыс жасап, 92 жасына қараған шағында дүниеден өтті.

Төлеген Қыздарбайұлы баланың үлкені. Ал, ең кенже інісі Аманбай белгілі спорт маманы, самбо және дзюдо күресінен ардагерлер арасындағы әлем чемпионы, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы. Міне, осындай өнерлі де, өнегелі отбасында, қаймағы бұзылмаған киелі Қызылқоға топырағында дүниеге келген Төлеген Қыздарбайұлы – тумысынан ерекше, дара, құдіретті тұлға, қайталанбас құбылыс. Жұбайы Хадиша жеңгем де –  театр майталманы. Екеуі әні мен сәні жарасқан жандар-тұғын. Үкілеген екі қызы Гаухар мен Ләйлә бүгінде отбасылы. Меруерт, Мансур, Айша есімді жиендер ұрпақ ізін жалғастыруда.

Көкем оқу бітірісімен, ата-анасының қалауымен Алматы медицина институтына оқуға түсті. Алайда, өнерге деген құштарлық болса керек, дәрігерлік оқуын тәмамдамастан Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның театр факультетіне оқуға түсіп, оны сәтті аяқтап шықты.

Сол сәттен бастап бар өмірін өнерге арнайды. КСРО Халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Хадиша Бөкейқызының қырағы көзіне түсіп, «Қызу қанды, морт мінезді, өткір көзді, өрт сезімді «ә» десең «мә» деп тұрған ақ береніңнің нағыз өзі! Исатай мен Махамбет аталарының рухынан жаралғандай екен» деп кезінде ағамызға оң бағасын да берген еді.

Өнер әке мен шешеден дарыған болу керек. Ауыл ақсақалдарының айтуынша ата-анасы жиын-тойда ән салғанда әр отырысты әсемдеп, әрлендіріп жібереді екен. Жарықтықтар-ай…

Ол сахнада сомдаған әр кейіпкер бейнесіне кіру үшін көп еңбектенетін. Өнер адамы ғой, әрі бойында өзіне тән ерекшелігі бар кейде балаша ренжеп, кейде сәл нәрсеге қуанып отыратын сәттері әлі көз алдымда… Еліміз тәуелсіздік алған жылдары кім-кімгеде оңай соқпағаны анық. Сол тұста өнер ұмытылып, әртістерінің базар жағалап кеткені де ащы шындық еді. Осының бәріне оның көңілі ренжеп, қасиетті өнерге жаны ашитын. Әттең, қайраң Көкем-ау…тірі болсаң қазіргі өнер шыңын көріп, көңілің бір марқайып қалар ма екен… Ол қандай жағдай болса да, ешқашан өнерін тастаған емес. Оның өнерге деген махаббаты тым алаулы, барынша ыстық болды.

Өзінің еңбек еткен бүгінгі Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрында және кино саласында үлкен рөлдерді жарыққа шығарды. Соның ішінде қазақ, орыс, Еуропа классиктерінің спектакльдерінде ойнады. Атап айтқанда, М.Әуезов «Еңлік-Кебек» – Есен, «Түнгі сарын» – Жантас, Ғ.Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты» – Ақан, Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер» – Еламан, Н.Островский «Құрыш қалай шынықты» – Карчагин, В.Шекспир «Асауға-тұсау» – Петручио, Ш.Байбеков «Шойын қатын» – Қошқар, Р.Отарбаев «Сұлтан Бейбарыс» – Бейбарыс, Қ.Мырзалиев «Жаралы жолбарыс» – Баймаганбет сұлтан және басқа да көптеген сом-сом кейіпкерлердің бейнесін жоғары деңгейде шеберлікпен ойнап, өнер сүйер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Төлеген Қуанышев кино актер ретінде режиссер А.Айтуаров «Қауышу» фильмінде – Белес, «Дала экспрессінде» – Айдар, Пусырмановтың «Қайсарын» – Амантай, Д.Жолжақсыновтың «Біржан салында» – Азнабай рөлдерін асқан шеберлікпен сомдады.

Мемлекет сыйлығының лауреаты Әшірбек Сығай көзі тірісінде оған «Атыраудың Остужеві, Жайықтың жайсаңы – ер Төкең» деп баға бергенде Көкемнің көңілі көкке жеткен еді. Расында, қазір ойласам мына дүние тым шолақ екен-ау… Талай армандарың кетті-ау өзіңмен Ақ Көкем!

Өзің арқырап айтқан «Бұл менің театырым!» деген сексен жылдық тарихы бар академиялық драма театырына бара қалсам сол бәз баяғы көңілмен мен әлі сізді сахнадан іздеймін! Менің бала күнімнен көрген сол бейне ғұмыр бойы есімде қалмақ!

 Айгүл ҚУАНЫШЕВА