Фариза апталығы

Атырау аспаны ақынын аялап, қаламгеріне құрмет қылудан әсте кенде емес. Бұл жолы елінің ардақтысы, інжу-маржан жыр жазған Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығы республикалық деңгейде дүркіреп өтті. Мерейтой аясында «Патша сөздің Фаризасы» атты апталық ұйымдастырылып, халықтың руханият әлемі бір серпіліп қалды.

Қазақ қызының Әлия мен Мәншүк, Хыйуаздардан кейінгі бас портретіне айналған Фаризаның риясыз сезімге құралған лирикалық өлеңдерін ел-жұрт сүйсініп тыңдады, ақын болмысындағы кейде мұңы басым сұрғылт, бірде шаттығы басым әппақ бояуына қанықты.

Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен болған апталық алдымен ақын ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталып, артынан өзі оқыған қара шаңырақ – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Ар мен ақын» деректі фильмінің және оның өз дауысымен оқыған өлеңдері жазылған «Жыр – менің жалғыз тарланым» аудио-дискінің тұсаукесерімен жалғасты. Аталмыш рәсімді Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті жазушы Әнес Сарай мен аталған жоғары оқу орнының профессоры, филология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп өткізіп, көзкөрген, сыйласқан тұлғалар ретінде бірі студент Фаризаның қандай біркелкі кесек тұлға болғанын естелігі арқылы әңгімелесе, бірі азаматтық ұстанымы қалыптасқан ақын жырларындағы өткірлікке тоқталды.

«Патша сөздің Фаризасы»

Игілікті шара әрмен қарай осы тақырыптағы ғылыми-практикалық конференцияға ұласты. Бұған зиялы қауым өкілдерінен белгілі ақын, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан модераторлық етіп, қатысушы меймандарға сөз үлестірді. Бұлардың қатарында сөз сүлейлері, қоғам және мемлекет қайраткерлері – Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов, Мемлекеттік сыйлық иегерлері Қажығали Мұқамбетқалиұлы мен Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Мереке Құлкенов болды. Олар шығармашылық адамының талай «тар жол, тайғақ кешуде» тепе-теңсіздіктерге төтеп беру қабілетін таразылай келе, Фаризаны «өз дәуірінің көшбасшысы» деп бағалады.

Ал, арнайы қатысқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева аталмыш шараның маңыздылығына тоқталып, қазақтың нәзік жандыларының поэзия жанрында қалам тербеуіне қоғамда қалыптасқан кереғар түсінікті бұзып жарған Фариза бейнесі мен оның жалынды жырлары мәңгі жасайды деген өрелі сөз айтты.

«Ар мен ақын»

Апталықтың алғашқы күні Құрманғазы мәдениет сарайындағы «Ар мен Ақын» қойылымымен аяқталды. Мелодрамалық сахналық көріністі Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері сомдады. Пьесада әдебиет әлеміне жаңа қадам басқан жас ақынның отты өлеңдерінің өмірге көзсіз махаббатпен еніп, мөлдір мұңды иеленіп шыққандығын, сезім сергелдеңіне түскен кейіпкердің достық, адалдық ұғымдарына беріктігін ашып көрсетті. Бұл сол кезеңдегі жас поэзияшылардың пікірталасынан көрініс берді. Шығарма авторы, ақын Әлия Дәулетбаеваның да көздегені осы болатын – көрермендерді Фариза шығармашылығының қалың жұрт елең ете бермейтін психологиялық әсеріне көңіл бөлу, сол арқылы оның жан сарайына үңілу.

«Жыр жұлдызы Фариза»

Облыстық халық шығармашылығы орталығында екі күн айтысқан ақындардың саны республиканың әр өңірінен 22-ні құрады. Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Шапкенов қатысып, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан жылы лебізін білдірді.

Айтыскерлер өршілдік пен рухқа толы Фариза тұлғасының қазақ поэзиясына қосқан үлесімен қатар қазіргі қоғамның індеттерін, ел ішіндегі мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді көтеруге тырысты. Қазылар алқасына жазушы-публицист Мереке Құлкенов төрағалық жасады. Сайыс нәтижесінде бас жүлде мен 2 млн. теңге сыйақыны Орал қаласынан келген Талғат Мықи жеңіп алды. Бірінші орынға 1,5 млн. теңге ақшалай сыйлықпен Шалқарбай Ізбасаров тұрақтады. Нұр-Сұлтаннан келген Еркебұлан Қайназаров пен ақтөбелік Аруна Керімбек жүлделі екінші орынды иеленіп, 1 млн. теңгеден қанжығалады. Үздік үштікті семейлік Рүстем Қайыртай, алматылық Бекзат Асқаров және Нұр-Сұлтандық Қазірет Бердіхан қорытындылап, әрқайсысы 500 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал, Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы жүлде мен 400 мың теңге атыраулық жас ақын Фариза Жетпісбаеваға табысталды. Додаға қатысқан қалған ақындардың барлығына алғыс хаттармен қоса 250 мың теңге сыйақы бұйырды.

Ақын бейнесі – бояулар тілінде

Апталық кейін Ш.Сариев атындағы облыстық өнер музейіндегі республикалық суретшілер симпозиумында көрініс тапты. Бұған еліміздің әр қиырынан 14 суретші қатысты. Олар үш күн бойына Ф.Оңғарсынованың әр жылдардағы портреттерін, туған топырағының табиғатын бейнелеумен болды. Көрме нәтижесінде, барлық қылқалам шеберлеріне облыс әкімінің алғыс хаты мен 200 мың теңге қаржылай сыйлық берілді. Сондай-ақ, өнер музейінің галереясы Фаризаға арналған түрлі тақырыптағы 30 жаңа картинамен толықты.

Әншілер бақ сынады

Іс-шаралар қосынының тағы бірі – ақынның өлеңдеріне жазылған республикалық ән байқауы еді. Өңірлерден барлығы 17 өнерпаз бақ сынаған музыкалық байқау екі кезеңді қамтыды. Біріншісінде қатысушылар Фариза жырларына жазылған әндерді әуелетті. Екінші кезең патриоттық туындыларға арналды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сембек Жұмағалиев төрағалық еткен қазылардың шешімімен атыраулық Айбар Ғаниұлы бас жүлдені жеңіп алды. Ал, елордалық Мұратбек Хайролда бірінші орынды иемденді. Азамат Ізниев (Атырау) пен Таңат Жексенбаев (БҚО) екінші орынға лайық деп танылса, жамбылдық Ерболсын Қасымбеков пен атыраулық Миржан Қабдолов үздік үштікті түйіндеді.

Асқақтық пен нәзіктік

Саналы ғұмырын поэзияға арнаған Фаризаның ізін жалғаушы жастардың біразы бүгінде ортамызда жүр. Өлеңге қызығатын, прозаны пір тұтатын, өлеңді өнер емес, өмір деп ұғатын жас ақын-жазушылар бір алаңға топтасып, өңірдегі мәдени, әдеби шаралардың басы-қасында жүріп қана қоймай, басқа аймақтардағы жас қаламгерлермен әдебиет алыптарының мерейтойларында, форумдарында бас қосып жүргендігін естіп те, көріп те жүрміз. Мұндай белді ұйымдардың бірі – «Фариза жұлдыздары» жас ақын-жазушылар клубы. Топқа жергілікті ақындар Әлия Дәулетбаева мен Бақытгүл Бабаш жетекшілік жасауда. Құрамында Нұржан Өмірбай, Ұлмекен Шаукенова, Әділбек Өмірзақов, Асланбек Шығыров, Равиль Ашығалиев, Асылбек Есжан, Алмас Борис сынды жазған-сызғандарын жанына серік еткен қалам тербеуші жастар бар.

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өткен «Асқақтық пен нәзіктік» атты поэзия кешінде осы құрам театр әртістерімен бірге өнер көрсетті. Мұндағы кештің мән-мазмұны – Фариза жырлары мен болашақ зиялылардың өлеңдерін қатар оқу арқылы олардың талпынысына жаңа мотивация беру, көрермендерге бір ақынның бітімінде болатын асқақтық пен нәзіктік сынды антонимдердің үйлесімділік табуын көрсету.

Сонымен, төрт күнге созылған апталық алдымен ақынның туған жері Исатай ауданында, кейін Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында жергілікті өнерпаздардың концертімен қорытындыланды. ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов келіп, министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, ақынның жыр-шумақтарын жатқа айтқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев елдігімізді айшықтайтын мұндай іс-шаралардың көптеп болуына сендірді.

Олай болса, Фариза-жыр, Фариза-ән, Фариза-өлең әлі талай мінберден көрініп, менмұндалайды деген сәулелі үміттеміз. Оның аманатын арқалау – бізге де оңай тимес…

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,

Атырау облысы