Кеңес дәуірі кезінде де, тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихымызда да ұлт мақтанышына айналған тұлғаларымыз туралы тың деректер білуге құштарлық толастаған емес. Халқымыздың даңқты ұлдарының бірі, қазақтан шыққан тұңғыш генерал, белгілі әскери басшы деп мақтан етіп жүрген аяулы адамымыз Шәкір Жексенбаев жайында бірер сөз қозғауды жөн көрдік.

ХХ ғасыр басындағы небір алапат соғыс, аласапыран дәуірде өмірге келген ұрпақтың өкілі – қазақтың тұңғыш генералы Шәкір Айтәліұлы Жексенбаев болатын. Тағдыр оған сол бір дүлей дәуірді басынан аяғына дейін көруді жазыпты. Ол 1901 жылы 28 ақпанда қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында, Шоңай ауылында мал баққан шаруаның отбасында өмірге келеді. Шәкірдің аталары Маңғыстау жерінің қазақтары, Адайдың Қосай-Байбол бөлімінен тарайды.

Шәкір Жексенбаев өзінің өмірбаяндық кітабында арғы атасы Қолөткен Маңғыстау жерінде туып-өскенін айтады. ХІХ ғасырдың 50-жылдарындағы Маңғыстаудағы жұттық кезінде Қолөткен үш ұлы мен екі қызын ертіп, Жайық бойындағы туыстарына жол тартады. Кенже ұлы Жексенбай жастайынан шаруа жайын жетік білетін шаруақор адам болды. Жексенбайдың Айтәлі, Орынбай, Шанабас деген үш ұлы болған. Айтәлісі жастайынан Басқұншақтағы тұз өндірісінде еңбек етеді.

Атасы Жексенбай мен әжесінің қолында тәрбиеленген Шәкір ержүрек, қайсар болып өсті. Тұрмыс қамымен әкесінің қасында Басқұншақтан тұз өндіріп, онысын теміржолға апарып, сатушыларға өткізумен айналысты.

1917 жылы орта мектепті бітірісімен педагогикалық училищеге қабылданады. Мақсаты – ұстаз болып, ел ішіндегі сауатсыз жастарды оқыту. Алайда, Қазан төңкерісінен кейінгі өзгерістер, азамат соғысы Шәкірдің бұдан былайғы тағдырын мүлдем басқа арнаға бұрып жібереді. 1918 жылы Басқұншақ тұз өндірісінде жұмысшы одағының төрағасы, кейін қызыл әскер атқару комитетінің Бөкей ордасы бойынша депутаты болып сайланады. 1919 жылдың 20 маусымына дейін  атқару комитетінің хатшысы қызметін атқарады.

Сол жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, Бөкей облысында құрылған қазақтың 1-атты әскер эскадронына қабылданады. Қараша айында Шәкір Борисоглебск қаласындағы Кеңестік кавалерия курсын бітіреді. Сөйтіп, ұстаздықты армандаған жас жігіт қысқа мерзімде әскери қызметкер болып шығады. Алғашында взвод командирі, кейін эскадрон командирінің көмекшісі болып әскери өмірдің алғашқы баспалдақтарына қадам басады.

Әскери қызметінің бастапқы кезеңінде-ақ білімі мен біліктілігі, әскери тәртіпті мүлтіксіз сақтауы, соғыс қаруларын қолдану әдістерін меңгеруі, ат құлағында ойнаған шабандоздық қасиеттері оны командирлердің көзіне түсіреді. Жасы жиырмаға да толмаған жігіт болашағынан үлкен үміт күттіреді, Кеңес өкіметінің қорғаныс қуатын арттыратын әскери қолбасшы шығатынына сенім арттырады.

1920-1924 жылдары Шәкір Жексенбаев Мәскеудегі  Қызыл Армияның  Бас штабы, әскери қолбасшылар даярлайтын академиясында оқып, қолына дипломын алады.  Академияны үздік бітірісімен Приволжьенің 34-атқыштар дивизиясы құрамындағы 100-атқыштар полкінің рота командирі болып тағайындалады.

Кейін Қазақ АКСР Біріккен әскери мектебінің басшысы ретінде қазақ жастарын Отан қорғау ісіне тәрбиелеумен айналысады.

general

Осынау Кеңес өкіметі кезіндегі соғыстың зұлмат жылдарында Шәкір Айтәліұлы бірқатар әскери қызметте болып, ерлігімен ерекшеленеді. Ол 1928 жылы Белоруссияда 37-атқыштар дивизиясының штаб бастығы, 1931 жылы КСРО Әскери-Теңіз істері Халық Комиссариатының  химиялық секторының басшысы қызметін атқарады.

1935 жылы Шәкірді Қызыл тулы Қиыр Шығыс әскери округы қарамағына  химиялық әскери қызмет басшысы етіп жібереді. Соғыс өртінің тұтанып кету қаупі күшті осы аймаққа қиын кезеңде келіп, Кеңес әскерінің жаңа қарулармен жарақтануына айтарлықтай еңбек сіңірді. Соның дәлелі, Шәкір Жексенбаевқа полковник әскери шені беріледі.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде Орталық армия құрамында химиялық қорғаныс бөлімінің бастығы қызметінде жүріп, жаңа өртегіш қарулар дайындау ісіне белсене кіріседі. Калинин қаласы түбіндегі шағын химиялық өнімдер цехы қысқа мерзімде танкке қарсы қолданатын жарылғыш қарулар дайындайтын зертханаға айналады. Брянск түбіндегі шайқаста өзі жасаған химиялық сұйықтық құйылған бөтелкелерді жау танкілеріне лақтырып, тікелей тәжірибеден өткізеді. Шәкірдің басшылығымен жасалған мыңдаған жарылғыш бөтелкелер жау танкілерін лезде от-жалынға орап тастайтын.

1943 жылдың 5 тамызында Юрий Левитан дауысы Совинформбюросы арқылы Ш.Жексенбаевқа техникалық әскердің генерал-майоры деген әскери шен берілгені туралы хабарлама таратты. Бұл қазақтан шыққан тұңғыш генералдың мерейлі сәті еді.

Шәкір Жексенбаев – бүкіл саналы ғұмырын әскерге арнаған жан. Өмірінің соңына дейін офицер деген мәртебелі атқа кір келтірмей өтті. Отан алдындағы  қалтқысыз қызметтері үшін ол жеті орденмен – төрт рет Жауынгерлік Қызыл Ту, бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, басқа да мемлекеттік марапаттармен ұлықталды. 1979 жылы бүкіл өмірін, соғыс жылдарындағы бастан кешкендерін баян етіп, «И горек дым войны» атты кітап жазып шықты.

Шәкең қызылордалық дәрігер Нина Ивановнамен 1926 жылы отасып, Олег есімді ұл тәрбиеледі. Мәскеудің дәрігерлік институтын бітірген Олег Шәкірұлы ұзақ жыл медициналық ғылыми-зерттеу институтында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан, медицина ғылымдарының докторы. Келіні Вера офтальмология саласының қызметкері. Немересі  Марина  Жексенбаева Мәскеудің энергетика институтын бітірген, қолданбалы математика саласының маманы.

Ал, Шәкірдің кіші інісі Сәтбай Айталиев Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып,  соғыстан ІІ топтағы мүгедек болып оралған. Орда ауданында ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарады. Сәтбайдың ұлы Ермек Айталиев қазір Ақтөбе қаласында тұрады. Ермек  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар және сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры болып қызмет жасайды, техника ғылымдарының докторы, профессор.

Генерал Шәкір Жексенбаев 1988 жылы 23 ақпанда қайтыс болды. Ол Мәскеу қаласындағы Кунцево зиратында жерленген.

 

Есберген ІҢІРБАЙҰЛЫ,
Қазақстан  Журналистер
Одағының мүшесі.
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.