_amt8346Молдаш БЕРДІМҰРАТОВ, «Хан Ордалы Сарайшық» мұражай-қорығы­ның директоры, «Қазақстанның Мәдениет қайраткері», «Қазақстанда туризмді дамытудың Құрметті қызметкері», «Махамбет ауданының Құрметті азаматы».

 

– Мәке, Атырау өлкесіне аяқ басқандардың Алтын Орда дәуірінде астана болған Сарайшық қаласының тарихи орнына табан тіремей­тіні кемде-кем ғой. Мұнда тарихшы-зерттеушілер, еліміздің өзге де аймақтарынан ат басын бұратындардан басқа алыс-жақын шетелдерден арнайы келетін қонақтар да аз емес. Бәрі Сіздің айтқан әңгімеңізді ұйып тыңдап, үлкен рухани ләззат алып жатады. «Хан Ордалы Сарайшықтың» ежелгі тарихынан терең мағлұмат берген Сізге деген риза көңілдерін білдірушілер қатары жыл сайын көбеюде. Бұның сыры неде? Көне Сарайшық қаласының тарихына қызығушылық өзіңізде қашан, қалай пайда болып еді?

– Менің бүкіл саналы ғұмырым осынау киелі де қасиетті өңірде өтіп келеді. Оған да тура жарты ғасыр болған екен. Сарайшыққа келіп орта білім алғаныма еш өкінбеймін. Мектепте ұлағатты ұстаздар сабақ берді. Сүйікті ұстазымның бірі – тарих пәнінің мұғалімі Бисенғалиев Жаролла ағайымның сабақ түсіндіруі, әрбір тақырыпқа жасалған талдауы, әсіресе, қазақ тарихына байланысты түсінік беруі тым бөлек-тұғын. Кейде ортағасырлық қалаларды атап, оның ішінде, Сарайшық Қасым ханның кезінде астана болған қала деп түсіндіргенде біз таң қалатынбыз.

«Көне Сарайшықтың тарихын зерттеу мақсатында, Жайықтың жағасында қазба жұмысы жүріп жатыр, оның басшысы атақты ғалым Әлкей Марғұлан деген ағаларың. Барып көрулеріңе болады, бірақ, бір заттарын шашып, бүлдіріп жүрмеңдер» – деп ескертетін ол кісі.

Сол күннен бастап мен Жайық жағасында қазба жүргізіп жатқандардың қасына жиі барып, қолымнан келгенінше көмектесіп жүретінмін. Әрбір қазбадан табылған көне тарихи жәдігерлерді көріп, таңырқайтынбыз.

Ауыл іргесінде қазба жұмыстарын жүргізуге келген ғалым Әлкей Марғұлан бірде маған келіп: – «Әй, бұйрабас, күндердің күнінде Сарайшықтың тарихына сен жауап беретін боласың» – деп, басымнан сыйпағаны есімде.

Міне, сол кезден бастап Сарайшық тарихына деген құмарлығым естен шықпай қойды. 1953 жылы осындағы орта мектепті бітіріп, әр салада жұмыс жасадым. Гурьевтің пединститутын 1962 жылы бітіріп, Ембі ауданындағы Гагарин атындағы орта мектепте мұғалім, кейін мектеп директоры болдым. Мектептегі жұмысым, халық арасындағы беделім елеулі бола тұрса да, Сарайшық үнемі есімнен шықпай қойды.

Бір ыңғайы келгенді пайдаланып, 1970 жылы Сарайшық мектебіне мектеп директоры болып жұмысқа ауыстым. Мектепті қабылдап, жұмысымды жалғастырып, әрбір сыныпқа сабақ беруге кіргенімде терезелердің алдында, парталардың астында көне заттар, құмыралар, ыдыс-аяқтың түрлері тұрады. «Бұлар сыныптарға неге қойылған?», – деп сұрағанымда, «Мектептің тарих пәнінің мұғалімі Мұстажап Намазғалиев ағамыз, Жайық өзенінің жары құлаған сайын балалар тауып алған көне құмыра, ыдыс-аяқтарды сыныптарына әкеліп қояды» – деді.

«Неге бұларды бір жерге біріктіріп, бұрыш ұйымдастырмасқа» деген ой  келіп, мені мазалай бастады. Келесі жылы мектеп жанынан қосымша ғимарат салдырып, бір бөлмесін сол тарихи көне жәдігерлерді қоюға арнадық. Осылайша Алтын Орда тарихындағы Сарайшық туралы тарихи деректер мен құнды жәдігерлерді жинақтау жұмыстары басталды.

– Сонда тарих қойнауынан аршып алған деректер не дейді? Табылған қызғылықты жайттар мен құнды деректер аз болмаған ғой.

– Жалпы тарихшылардың айтуынша, Сарайшық қаласының іргесі Алтын Орда тұсында, нақтырақ айтсақ, ХІІ ғасырда қаланған. Қаланы Шыңғыс ханның немересі, Жошының баласы Бату хан салдырғандығы хақында деректер бар. Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған – арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута. Ол 1334 жылы келіп, шаһарды аралап, «Өмірлік саяхат» атты кітабына мынадай естелік жазып қалдырыпты: «Мен дү­ние жүзінің бәрін араладым. Сонда аңғарғаным, Сарайшық – Бағдаттан кейінгі ірі қала екен. Жер бетінде Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен. Қалада ханның салтанатты сарайы және төрт мешіт бар. Қонақ үйлердің есебіне сан жетпейді. Бірақ, мен оларды көріп таңқалған жоқпын. Менің таңқалғаным – жер шарын шарлап жүргенімде, көрмеген бір қызықты Сарай­шықтан көруім болды. Мұнда су әрбір үйге өзі барады екен».

Бұл жерде саяхатшының «су әрбір үйге өзі барады» деп тұрғаны – ХIV ғасырдың ортасында Сарайшықта кәріз желілері салынып, әрбір үйге су қыштан жасалған құбырлар арқылы жүріп тұрған.

Бұдан сонау ХIV ғасырдың өзінде-ақ, Сарайшықта өркениеттің дамығанын көруге болады. Сол уақытта қалада сәулетті сарайлар, мешіттер, моншалар, қонақ үйлер салынған. Мәселен, Сарайшық жөнінде жазба дерек қалдырған ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон былай деп жазады: «Батыста Парижді көру арман болса, Шығыста Сарайшықты көру таңсық екен. Сол құмарлықпен Сарайшыққа келіп, көлігімнің болмай қалуына байланысты бір ай тоқтап қалдым. Бұл жерге айына жеті жүзге дейін керуен келеді екен. Қала үлкен сауданың орны, іздеген затыңның бәрі бар», – депті. Яғни, Сарайшық – сол кездегі саудасы дамыған үлкен шаһар!

Сарайшық арқылы өтетін сауда жолы ХІІ-ХІV ғасырларда Шығыс пен Батысты жалғады. Осы жол Үндістан, Түркия, Қытайды, Моңғолияны Еуропа елдерімен байланыстырды. Қытайдан жібек артқан керуен Тараз, Отырар арқылы Сыр бойын жағалап, Пәкістан, Үнді, Араб елдерінен шыққан керуендермен бірге Сарайшықта тоғысып, Еуропаға асатын.

Сарайшықты 1580 жылы орыстың пат­шасы Иван Грозный казактарды жіберіп қираттырған. Қаланы басып алған казактар оны қиратуға қимайды. Бұны естіген Грозный қалаға арнайы келіп, 12 күн болады. Кетерінде Иван Грозный қаланың көркіне тамсанғанмен, «Мәскеуге ұқсайтын қала жер бетінде тұруға тиісті емес» деп қаланы тас-талқан етіп қиратуға бұйрық береді. Сөйтіп, бес ғасырға жуық уақыт өмір сүрген салтанатты Сарайшық жермен-жексен болады. Бір ғасырдан астам уақыт бойы тоналады.

Грозныйдың қаланы бұлай қирату себебі – өзіне дейін билік құрған Юрий Долгорукий Мәскеудегі Қызыл алаңның келбетін Сарайшықтан көшірген. Ал, Кремльдің келбетін Алтын Ордадан алған. Жұртшылықтың «Казанские, Ус­пен­ские соборы» деп атап жүрген Кремль­дің жан-жағын­дағы сәулетті соборлар – Қазан қаласының көшірмесі. Орыс­тардың «Москва построено по восточному стилю» деп сөйлейтіні осыдан. Грозныйдың әуелі Қазанды, одан кейін Сарайшықты құлатып тынғанда­ғының негізгі себебі – өздерінің осы «ұрлықтарын» жасырып қалу болатын.

_amt8464

– Молдаш аға, 1999 жылдың 2 мамырында Сарайшық кешені құрылысы басталғаны, музей құрамына кіретін мешіт, Хандар кесенесі, музей үйлері қатар салынып, 1999 жылдың 3 қыркүйек күні ашылу салтанаты болғаны белгілі. Осынау тарихи маңызды шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы келіп қатысты. Ендеше, кешеннің ашылу сәтін де әңгімеңізге арқау ете отырсаңыз.

– Иә, сол кезде облысты басқарған Иманғали Тасмағанбетовтың ұйғарымымен «Хан Ордалы Сарайшық» мұражайының басшысы болып тағайындалдым. Музейдің ашылу салтанатына Мемлекет басшысының өзі қатынасуы – біз үшін үлкен абырой еді. Ұшақтан түскен бойда халықпен амандасып, бірден Хандар кесенесіне келді. Аруақтарға тағзым етіп, жерленген хандар жөнінде түсініктеме берілгеннен кейін атақты әулие ағашқа орамал байлады. Ашылған музей жәдігерлерімен танысу барысында жиі-жиі сұрақтар қойып, көне ұлттық тарихымызға үлкен мән берді. Музей жәдігерлерімен танысып болғасын Елбасына: «Мына естелік кітапқа қолтаңба қалдырыңызшы» – деп кітапты ұсындым. Нұрсұлтан Әбіішұлы кітаптың бетін ашып, «Тау шайқалса да тарих шайқалмайды – деген халқымыз. Осы мұражай – есімізді жинап, тәуелсіз ел болып, ата-бабамызды еске алудың белгісі. Жас ұрпақ тарихтан өнеге алып, халқын, тарихын сүйіп өссін. Баршаңызға жақсылық тілеймін!» – деп естелік қолтаңбасын қалдырды.

Музей ұжымы ашылған күннен бастап көрермендермен тығыз байланыс жасап, әрбір жәдігердің тарихын толықтай түсіндіру барысында жұмыс жасап келеді. Келушілер алдымен мешітке кіріп, аруақтар рухына бағыштап намаз оқытады. Одан шыққаннан кейін Хандар кесенесіне келіп, тарихымен танысады.

Кезінде Сарайшықта жүзге жуық хан хандық құрған. Солардың аруағын еске алу мақсатында он жеті метр биіктікте ескерткіш қойылды. Қабырғаларының аркасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып жасалған жеті құлпытас қойылған. Мұнда келушілерге Алтын Орданың хандары екеніне тоқталып, әрбіреуіне қысқаша түсініктеме беріледі.

– Мәке, музейді тамашалауға келгендердің зейін қойып тыңдайтындары ханның сұлу қызының аққу толы «Секер көлде» алтын қайықпен серуендеуі жайлы хикаяты. Расында да, бұл кім-кімді де қызықтырмай қоймайтын бір әсерлі әңгіме ғой өзі.

– Хан сүйікті қызына арнап Сарайшықтың күнбатыс жағынан жасанды көл жасатқан. Көлдің суын он бес-жиырма күн сайын ауыстырып тұратын болған. Суын ауыстырған сайын көлге секер себеді екен. Секер себетіні, су тәтті болса, аққу көп қонатын болған. Сондықтан, бұл көл тарихта «Секер көл» деген атақпен қалған. «Көлдің сәнін арттыра түсейік, халықтың келуін көбейтейік, бұл жердің атағын әлемге таратайық» деген ниетпен хан қызына алтын қайық жасатып берген.

Ханның қызы алтын қайығына мініп, анда-санда қыдыруға шығады екен. Ол кезде қала халқы көл жағасына келіп, ханның қызын, алтын қайықты көреді. Ханның қызы да өте кішіпейіл болған деседі, көрермендерді кезектестіріп, қайығына мінгізіп, келе жатып:

Сарайшықтың саздары,

Қаңқылдайды қаздары.

Су сұрасаң бал берет,

Біздің елдің қыздары – деп әндететін көрінеді. Он төрттен он беске қараған шағында бір айдан кейін тұрмыс құрады деп, тойына дайындық жасап жатқанда ханның қызы бір түнде қайтыс болады. Хан халқына «Қызымды бір айдан кейін жерлеймін» деп хабар береді. Бірақ, сол күні, өзіне деген сенімді жеті адамды шақырып, «Қызымды бүгін түнде апарып жерлеңдер, өзін алтын табытқа салыңдар, алтын қайығын, алтын жасауларын бірге апарып көміңдер. Сұрағым, көмген жерді адам білмейтін болсын. Сондай етіп көмсеңдер әрбіреуіңе алтын қайықтың құнындай сый сыйлаймын» – деп уәде берген екен.

Олар қызды сол күнгі түнде жерлеп, ертесіне келіп, «Тақсыр, аманатыңызды толықтай орындадық, ұшқан құс, жүгірген аң, ешқандай жан білмейтіндей етіп жерледік» деп хабар етеді.

Сол бойда хан жетеуінің де басын алдырған. Содан бастап, Сарайшықтың жерінде алтын қайық, алтын табыт, алтын жасаулар жатыр. 1880 жылы казактар қаланы қиратқаннан кейін он бір жыл қазып, іздеген. Бірақ табылу, табылмауы жөнінде ешқандай дерек жоқ. Бұл жөнінде көрермендердің сұрағы көп болады.

Музейдің бір қабырғасына XV ғасырдағы Хан сарайы, қала көрінісі, Секер көлдің, Алтын қайықтың суреті салынған.

_amt8552

– Қазір көне шаһардың тарихи орнын болашақ ұрпақтар үшін сақтап қалу маңызды болып тұр. Сарайшық қаласы Жайық өзенінің ең бір шұрайлы тұсында, әрі әжептәуір биіктеу жерде орналасқан. Бірақ, зерттеуші-ғалымдардың пайымдауынша, соңғы жүзжылдықта Жайық ежелгі арнасын өзгертіп, Сарайшық орнын қақ тіліп өтуі – көне шаһардың жұртын су астында қалуына әкеліп соқтырып тұр. Сарайшық әлдеқашан туризм ошағына айналып, аспанасты музейі болар еді. Бірақ, бұл әзірге шешімін таппай отырған мәселе болып тұр. Бұл жөнінде не айтар едіңіз? Сізді нендей ойлар мазалайды?

– ХV ғасырда батыста қатты су тасқыны болып, Жайықтың арнасы кеңейеді. Сол кезде қаланың алтыдан бес бөлігі су астында қалған. Оның үстіне жыл сайын су тасыған кезде қаланың 5-10 метрге дейінгі жерін ағыс құлатып кетіп жатыр. Өзенге бекініс салу керектігін талай биік мінберлерден айтып, Үкіметке де жеткізіп жүрміз. Алайда, әлі күнге дейін бұл шаруа бір шешімін тапқан жоқ,

Қаланы Жайықтың толқынынан қорғау үшін үш шақырым қашықтыққа дейінгі аралықта салынатын бекініске біраз қаражат қажет. Сарайшық қаласы жыл сайын археологиялық зерттеулер нәтижесінде қазылып келеді. Сондықтан, хан ордасы болған, Алтын Орданың ресми маңызды қаласы Сарайшық туризм тұрғысынан әлі де мыңдаған туристі өзіне шақырып, сан қырлы сиқырын ұсына алады. Ол үшін мемлекет басымдық берген «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында тұралаған Сарайшықтың туризм әлеуетін дамытып, күрделі жөндеуден өткізуге болады.

Көлемі төрт гектар болатын «Ортағасырлық Сарайшық» тарихи-мәдени туристік орталығының ғылыми жобасы әзірленді. 2018 жылдан бастап инвесторлардың көмегімен қолға алынбақшы.

– Мәке, мағыналы да әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет. Сексеннің сеңгіріне шықсаңыз да, елдің тарихына, ұрпақтар тәрбиесіне өзіндік үлесіңізді қосып келесіз. Ойлаған мақсаттарыңыз лайымда орындалсын деп тілейміз!

 

Әңгімелескен Бақытжан ЖҰМАТ.