«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының өкілдері облыстағы барлық медициналық ұйымдарды аралап, қызметкерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтары мен оны жүзеге асыру тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында Қор филиалының бөлім басшысы Алмаз Кәрімжанұлы ақ желеңділерге МӘМС жүйесінің принциптері мен мақсат-міндеттері туралы мәлімет беріп, егжей-тегжейлі түсіндірді.

МӘМС жүйесі азаматтарға қажетті медициналық қызметтерді алу кезінде қаржылық қолдау көрсетуді мақсат етеді. Бүгінгі таңда Атырау обысында 23 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемесі қызмет көрсетеді. Оның 16-і мемлекеттік медициналық ұйымдар. Емханаларға тіркелген халық саны 693009 — адамды құрайды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жалпы 92 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Емдеу мекемелерінің барлығы МӘМС шеңберінде медициналық қызметті жеткізуші болып саналады және тұрғындарға соның аясында сапалы қызмет көрсетуге міндетті.

Кездесу барысында дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге МӘМС жүйесін тиімді пайдалану, пациенттердің сақтандыру мәртебесін тексеру, сақтандыру жарналарын қалай төлеу керектігі түсіндіріліп, медициналық көмекті дер кезінде және сапалы көрсету бойынша ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, азаматтардың медициналық қызметтерді алу кезінде туындайтын сұрақтарына жауап берілді.

Атырау облысы филиалы тарапынан мұндай түсіндіру жұмыстарын облыстағы барлық медицина ұйымдарының ұжымдарымен өткізу көзделген.
Жалпы МӘМС жүйесінде сақтандырылу мәртебесі тұрғындар үшін жоғары технологиялы медициналық көмек, профилактикалық тексерулер мен оңалту шаралары, консультациялық-диагностикалық қызмет пен есепте тұрған науқастардың дәрі-дәрмекпен қамту аясын да кеңейткен. Азаматтар осылайша ай сайынғы жарна есебінен медициналық көмектің кеңейтілген спектріне ие болуда.

#фсмсатырау #фсмсатырау