Медициналық оңалтудың пациент денсаулығын қалпына келтіруде атқаратын рөлі зор. Жарақат алған немесе созылмалы аурумен ауырып тұрған пациенттің күнделікті өмірге оралып, қалыпты тіршілік етуіне септігін тигізеді. Бұрын көпшілік жағдайда ақылы түрде көрсетілетін оңалту бүгінде сақтандырылған азаматтар үшін қолжетімді болып отыр.

Біздің тілшімізге берген сұхбатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Газизов осы мәселе жайлы егжей-тегжейлі ақпар берді.

Медициналық оңалту кімдерге көрсетіледі?

Реабилитациядан:

— негізгі немесе созылмалы ауруды емдеу қажет болғанда;

— қатты ауырсынудан кейін;

— хирургиялық операциялардан кейін;

— жарақат алғаннан кейін;

— сырқат салдарынан адамның қимыл-қозғалысы шектелген жағдайларда өтуге болады.

Медициналық оңалту қай кезде тегін көрсетіледі?

Қалпына келтіру шараларын ақысыз негізде өтуге болады:

Пациент бұрын оңалтудан өтпеген. Неден бастаған жөн?

  1. Ең алдымен тұрғылықты жеріндегі емханаға барады.
  2. Емдеуші дәрігер реабилитолог маманға немесе мультидисциплинарлық топ мамандарына жібереді.
  3. Олар аурудың пайда болуы мен күшеюі, сырқаттың денсаулық жағдайына байланысты мәліметтерді ескере отырып, оңалтуға деген қажеттілікті айқындайды. Бастапқы реабилитациялық диагноз қойып, пациент денсаулығын қалпына келтіру жоспарын, курстың мерзмін т.б. анықтайды.
  4. Егер кешенді тексеру нәтижесінде реабилитация тиімді деп табылса, пациент оны амбулаторияда, стационарда, стационарды алмастыратын емдеу мекемесінде, үйде немесе санатория-курорттарда өте алады. Жоспарлы түрде ем қабылдайтын пациент стационарға «Ауруханаға жатқызу бюросы» порталы арқылы жатқызылады.

Оңалтудан бас тартуға мынадай жағдайлар себеп болуы мүмкін:

* көп қан кету;

* дене қызуының көтерілуі және ұзақ уақыт бойы қалыпты жағдайдан асып кетуі;

* өткір жұқпалы аурулар;

* өткір остеомиелит;

* көктамыр тромбозы

* жүрек жеткіліксіздігі;

* эпилепсия талмасы ұстаған кезде;

* қатерлі ісік, туберкулез, қант диабеті, тиреотоксикоз, бауыр қызметі тапшылығы, ІІІ деңгейлі ұйқы безі тапшылығы, адамның көңіл-күйі мен мінезінде ауытқулар тудырған психикалық аурулар, іріңді және жұқпалы тері аурулары, 2-3-дәрежелі анемия, 3-дәрежелі дистрофия сынды аурулар себеп болуы мүмкін.

Оңалту пациенттің өз өтініші бойынша тоқтатылуы мүмкін. Сонымен қатар, ем-шаралардан кейін сырқаттың жағдайы нашарлаған жағдайда немесе негізгі, қосалқы аурулары күшейіп кеткен жағдайда дәрігер ем-шараны тоқтату туралы шешім қабылдайды.

Медициналық оңалту үш кезеңнен тұрады:

Біріншісі ауруы асқынып тұрған науқастарға, хирургиялық операция жасатқан, жарақат алған адамдарға арналған. Ол стационарлардың құрылымдық бөлімшелерінде жүргізіледі.

Егер ауруханаға жатқызу қажет болмаса, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін және негізгі ауру емделіп болғаннан кейін пациент оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жіберіледі.

Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйымдары, мамандандырылған оңалту орталықтары мен көпбейінді стационарлар базасында өтеді. Бұл кезең ауру басталған сәттен бастап тоғыз ай ішінде жүргізу қажет. Курстың ұзақтығы мен жиілігі нозологияға, науқасты денсаулық жағдайына тағы да басқа факторларға байланысты болмақ.

Үшінші кезеңде медициналық оңалту емхана-амбулатория деңгейінде, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында, санаторийлер мен курорттарда, үйдегі стационар жағдайында, сондай-ақ қашықтықтан жүргізіледі. Курстың жиілігі мен ұзақтығы пациенттің денсаулығына қарай белгіленеді. Оңалтудан алынған нәтиже міндетті түрде ескерілуі тиіс.

Медициналық оңалту қызметі қай жерде көрсетіледі?

Медициналық сақтандыру қоры халық үшін оңалтудың қолжетімділігін арттыру бағытында жан-жақты жұмыс істеп жатыр.

Оңалту қызметтерін көрсету үшін 2024 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Атырау облыстық филиалы аймақтың 37 медициналық ұйымымен шарт жасасты, оның ішінде 16 жеке медициналық ұйым, 21 — мемлекеттік. Оңалту бойынша медициналық қызмет көрсетушілер саны артып келеді. Салыстыру үшін, 2020 жылы олардың саны 24 болды.

Қор жеткізушілерінің тізімімен fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады («Байланыс ақпарат» – «Клиника таңдау»).

Биыл медициналық оңалтуға қанша қаражат бөлінді?

2023 жылы оңалту көмегіне 1,6 млрд. теңге бағытталды. Ағымдағы жылы оңалту қызметтерінің бюджеті әзірге 1,7 млрд. теңгені құрап отыр.

Егер сіздің тағы да сұрақтарыңыз болса, өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгініңіз. Ал ол жерде мардымды жауап ала алмасаңыз, Қордың өзіңізге ыңғайлы арналары бойынша өтініш-шағымдарыңызды қалдыра аласыз:

fms.kz ресми сайты

Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы

Telegramдағы SaqtandyryBot

1414 Бірыңғай байланыс орталығы