Өнер – қашан да қолдауды керек етеді. Ал өнер адамы – қанаты қанша қатты болса да, айналасындағылардың оны қорғаштап, шашбауын көтеріп жүруіне бейіл келеді. Бұл жазылмаған заңдылық десе болады. Қоғам мен шығармашылық тұлғаларының арасына дәнекер болып жүрген сондай жандардың бірі – маңғыстаулық өнер насихатшысы, «Сөз бен саз» бағдарламасының авторларының бірі әрі жүргізушісі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бердіхан ӘЛМЕНМЕН сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Алдымен қазақ ақын-сазгерлерінің ән-жырлары мен күйлерін насихаттайтын «Сөз бен саз» бағдарламасының құрылу тарихын білсек дейміз. Білуімізше, негізін қалаған – әнші-сазгер Баймұрат Жолдасбаев. Идея неден туындады? Бағдарламаның алғашқы қадамдары қандай болды?
- Биыл – аталмыш бағдарламаға 10 жыл. Осынау аралықта еңбегі ескерілмей жүрген авторларды елге таныту бағытында жасалған жұмыстарға мейлінше толығырақ тоқталып өтсеңіз.
- Астанада өткен Талғат Атшыбаев, Қыдырбай Тұрмағанбетұлы, Сағынғали Нұрғожаев, Көмек Ыбырайұлы сынды ақын-композиторлардың шығармашылығына арналған ән кешіне қатысты не айтасыз?
- Маңғыстаудан өзге өңірлермен әріптестік байланыс жайы мен алдағы жоспарларыңызды білсек. Нендей іс-шаралар күтілуде?
- Сөзімізді сәл әріден бастасақ, 2013 жылдың желтоқсанында ақын, сазгер, Қазақстан Журналистер Одағының және авторлар қоғамының мүшесі, бірнеше телебағдарламалардың авторы әрі жүргізушісі Талғат Атшыбаев дүниеден өтті. Танымал әншілер Мақпал Жүнісова, Ақсұлу Құдабаева, Ұлықпан Жолдасов, Тұрғанбай Жайлаубаевтардың еншісіндегі «Шалқымалы», Жоламан Көшкіннің орындауындағы «Ақ көйлегің етегі бүрмелі еді» және Тоқтар Серіков шырқаған «Сағыныш» сияқты белгілі әндердің авторы Талғат Әскербайұлының өмірден озуы қазақ руханияты һәм Маңғыстау мәдениетіне оңай тиген жоқ. Осыны ескерген әнші, Табылды Досымовтың және Маңғыстаудың жергілікті сазгерлерінің әндерін орындаушы Баймұрат Жолдасбаев марқұм мені шақырып алып:
«Бердіхан, өзің білесің, Талғат та, Табылды да мына фәни тірлікте лайықты құрмет көрместен, ең болмағанда бір рет болсын ән кештерін бере алмастан арманда кетті. Тым құрыса арамыздағы Шамшадин Сабытаев, Көмек Ыбырайұлы, Данияр Аралбайұлы, Ерекен Қорабаев, Сағынғали Нұрғожаев, Ибрагим Алтыбаев, Қуантқан Ванов, Марат Ордабаевтарға материалдық игіліктермен көмектесіп, кітаптарын шығарысып, ән кештерін Алматы, Астана, Ақтауда ұйымдастыра алмасақ та, қолымыздан келетіні – «Маңғыстау» телеарнасынан бағдарлама ашып, көзі тірісінде хит әндердің авторы екенін дәлелдеп, жазып алу керек» — деген тапсырма берді.
Ауылдас ағам, ұстазымның айтқаны мен үшін заң. Еш талқылаусыз жоба жасақталып, бағдарлама дайын болды. 2013 жылдың желтоқсан айында басталған жоба 2016 жылдың 1 қазанына дейін қолдау таппай үш жылға жуық уақыт қаржы іздеу, ақын-сазгерлерді түгендеу және әндерді орындайтын әншілерді жазып алу деген сияқты жұмыстармен жүріп қалдық.
Ең болмағанда Маңғыстау сазгерлерінің мол мұрасын шашауын шығармай сақтап қалайық деген бастапқы ниетіміз де бірден жүзеге аса қоймады. Құзырлы мекемелер тарапынан қолдау таппай сандалдық. Сөйтіп жүргенімде «Маңғыстау» телеарнасы директорының орынбасары Аманбек Ахметов «Өзің ашып, ұйымдастырып, өзің неге жүргізбейсің?!» деген ұсыныс тастады. Мәселені басшы Жанахмет Ағыбаев ағамызға айтқанбыз, ол ісі бірден қолдай кетті. Бірақ бірден айтты: «Бізде қысқарту көп. Саған жалақы төлей алмаймын. Егер шынымен жасаймын десең студия және құрал-жабдықтармен, эфирмен қамтамасыз етейін» — деді. Басында келіспей кетіп қалғанмын. Кейін Баймұрат ағам жол-көлік оқиғасына түсіп, арбаға таңылып қалды. Денсаулығы оңалып болғасын «Біздің бағдарлама не болды өзі?» — деп сұрамай ма? «Ақша жоқ, айлық төленбейді. Менің де бұл жобаға зауқым соқпай қалды» — дей беріп едім, ұрыса жөнелді. Сөздері сүйектен өтті білем, дереу жұмысты бастап кеттік. (Ақын мен сазгерді құрметтеу керек деп жанұшыра қызмет қылған Баймұрат ағамның өзі бір концертін бере алмай өмірден өтті).
Соның нәтижесінде «MAŃǴYSTAÝ» телеарнасынан қазақ ақын-сазгерлерінің ән-жырлары мен күйлерін насихаттауға арналған, олардың есімдерін әйгілеп, елге таныстыру, шығармашылығына талдау жасап, көрерменге жеткізу, ән-жырлар мен күйлердің сөзі мен сазын бұзбай орындалуына ықпал жасауды мақсат еткен «Сөз бен саз» бағдарламасы 2016 жылдың қазанынан бірінші эфиріне шықты. Әуелде ел ағалары, кәсіпкерлер қол ұшын созды. Қасымда өзім деген інілерім бағдарламаны аяққа тұрғызу үшін бес жылдай тегін қызмет жасады. Ең алғашқы бағдарлама «Сен келерсің бір күні…» деген атаумен композитор, Мәдениет саласының үздігі Марат Ордабаевтың әндеріне арналды.
Осылай Маңғыстау ақын-сазгерлерін көтермелеуге арналған бағдарламада бір жыл өтпей жатып республиканың түкпір-түкпірінен сазгерлер шақырып, шығармашылық тобымыз облыстардағы телеарналармен келісе отырып, белгілі әндердің белгісіз авторларын жазып алуды жолға қойды.
- Биыл желтоқсанда – бізге 10 жыл, ал эфирге шыққанымызға 7 жыл толады. Осы жылдар ішінде бағдарламаның үзіліп қалмауын қамтамасыз етіп, жанашырлық танытып келе жатқан Жанахмет Ағыбаевтан бастап «Маңғыстау» телеарнасының басшылары Жалғас Алтаев, Меруерт Құмарова, Бекзат Жүсіп және Әнуар Бимағанбеттер еді. Директордың орынбасарлары Гүлнұр Қалдыбаева, Аманбек Ахметов, Нұрбол Оқуовтармен қоса редактор Маржан Төкенқызының да еңбегі ерекше болды.
Осы бағдарлама арқылы Қуантқан Ванов, Әсет Ақниязов, Қыдырбай Тұрмағанбетұлы, Шамшадин Сабытаев, Ерекен Қорабаев, Айкүміс Досанова, Марат Ордабаев, Данияр Аралбайұлы, Жұмағали Ділжанов, Қанат Майлыбаев, Қаракөз Кемерова, Қаржаубай Рейімбайұлының Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Шетпе, Маңғыстау ауылдарында жеке шығармашылық концерттері ұйымдастырылды.
Жалпы, «Сөз бен саздың» екі айдары бар. Олар: «Сөз бен саз сұрайды» және «Сөз бен саз сыйлайды». Бірінші айдардың негізінде көптеген шаралар атқарылды. Атап айтқанда, композиторлар Марат Ордабаев пен Қондыбай Шалабаевтың, жыршы Жүзімгүл Рейпназарова мен күйші Әзірбай Өскінбаевтың Мәдениет саласының үздігі атануына, Маңғыстау өнер колледжінде 2017 жылы «Жыршы» мамандығының, былтыр Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы университетте «Дәстүрлі музыкалық өнер» мамандығының ашылуына тікелей ықпал жасадық. Сонымен қатар, қала әкімдігі арқылы Маңғыстау өнер колледжінің жаңа ғимаратын салу үшін жаңа шағын ауданнан 3 га жер телімін алып бердік.
Ал «Сөз бен саз сыйлайды» айдары бойынша әнші-сазгер Әсет Ақниязовқа, халықаралық «Мен қазақпын» мегажобасының жыр-терме аталымының бас жүлдегері Оспан Құлсымаққа, Тараздың талантты ұлы, әнші-сазгер Қанат Елікбаевқа, айтыскер ақын, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі Райымбек Түзеловке, халықаралық «Мен қазақпын» мегажобасының дәстүрлі ән аталымының бас жүлдегері Алпысбек Оңайбайұлына, Адайдың бес жүйрігінің бірі, ақын-жырау Қашаған Күржіманұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық жыршылар байқауында 1 орын алған жыршы Құрманғазы Меңдібайға және тағы да басқа ұлттық өнердің өкілдеріне құны 500 мың теңге тұратын қазақтың қасиетті домбырасы тарту етілді. Бірнеше айтыс ақындары мен жыршы-термешілерге және дәстүрлі әншілерге құны 150-300 мың теңге тұратын ұлттық киімдер сыйға берілді. Белгілі жыршылар Бақдәулет Толыбекұлы мен Эльвира Есназарға демеушілер тарту арқылы үй алуға қол ұшын создық.
Сонымен бірге, ән кештері ғана емес, Қашаған Күржіманұлы, Айтуған Тайұлы және Қаби Таласбаевтардың шығармаларына арналған республикалық жыршы-термешілер сайыстарын ұйымдастырып, бас жүлдеге 1 000 000 теңге қаржылай сыйақы тіккен кездер де болды. Әсет Ақниязовтың, Ерекен Қорабаевтың, Жұмағали Ділжановтың Алматыдан 1000 данамен ән дискілері және Маңғыстау ақын-жырауларының жыр дискілері жарыққа шығарылды. Бұның барлығын атын атап, түсін түстеуіміздегі мақсат – мақтану емес, елге есеп беру деп түсінерсіздер.
Тағы бір айта кететіні, қазақ қоғамында, соның ішінде өнер әлемінде қайда барсаң – әншілердің жарнамасынан көз сүрінеді. Ал нағыз өнерді тудырушы тұлғалар көлеңкеде қалуда. Мәселен, елімізде «Азия дауысы», «Екі жұлдыз», «Қазақстан дауысы», «Жас қанат», «Ән мен әнші» т.б. көптеген бағдарламалар тәуелсіздік бедеріндегі 32 жыл бойы ылғи әншілерді көкке көтерумен айналысып келеді.
«Сөз бен сөз» – осынау олқылықтың орнын толтырмаққа республика аумағында ақын-композиторларды насихаттауды көздеп ашылған тұңғыш бағдарлама. Он жыл ішінде әр сенбі сағат 12:00, кешкі 21:00 және жексенбі 20:00-де «Маңғыстау» телеарнасынан және «Сөз бен саз» ютуб каналынан үзбестен хабар таратып жатырмыз.
Одан бөлек, сахнаға шығатын әншілер мен көрермендерді түгел ұлттық киіммен келуге үйреттік. Ақсақалдардың ұсынысы бойынша, концерттерімізде ешқандай би қойылмайды. Бұл да болса ұлттық болмысызды сақтап қалу жолындағы маңызды элементтер деп білеміз.
- Бағдарламаның екінші тынысы – біздің Астана қаласына қоныс аударуымыз. Ондағы мақсат еліміздің шалғайында жатса да әндері қазақ даласын аралап, әр қазақтың жүрегіне жетіп үлгерген ақын-сазгерлердің ән кештерін елорда төрінде ұйымдастыру еді. Қанша жерден жоғары деңгейде шара жасасақ та, Астанада өткізу ол ақын мен сазгердің шығармашылығына тың серпін беруге, әрі өзінің ауылы мен ауданында, облыс орталығында құрметтелмей жатқан сазгердің Астанадан әндері айтылып жатса кімге жаман? Осындай тұжырыммен 2022 жылдың 16 қазанынан бастап еліміздің бас қаласындағы жобамызды бастап кеттік. Тәуелсіздік күніне орай Қазақстанның батысын қорғап, басын берген батырларды жырлаған ақын-жыраулардың шығармаларына арналған «Жыр дария» атты «Сөз бен саздың» 69-шы кеші Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Жастар сарайында өтті. Ал, биыл қаңтарда Қорғаныс министрлігіне қарасты Ұлттық әскери орталығының қолдауымен Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шайыр ауылында туған республикаға танымал ақын-композиторлар Көмек Ыбырайұлы, Қыдырбай Тұрмағанбетұлы, Сағынғали Нұрғожаев және Талғат Атшыбаевтардың әндеріне арналған «Сөз бен саз» бағдарламасының 70-ші «Шалқымалы» атты ән кешін ұйымдастырдық. Көрермендер де жоғары бағасын берді.
- Маңғыстаудан басқа аймақтармен де қоян-қолтық жұмыс жасап келеміз. Қазіргі таңда 301 қазақ ақын-сазгерін насихаттаған (жазып алынған, алайда эфирдегі уақытын күтіп тұрған 100-ден аса сазгер қорымызда сақтаулы) бағдарлама Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Жетісай, Арал, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Атырау, Павлодар қалаларында сұхбаттар жүргізіп, 2019 жылы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен және 2022 жылдың 10 қазанында аққыстаулық ақсақал Тұқпатолла Ақмурзиннің ұйымдастырумен Атырау қаласында есеп беру концерттерін өткізді. Маңғыстау облысының бірнеше ауыл-қалаларында 72 рет ән мен жыр кешінің өтуіне ұйытқы болдық.
Біздікі – ардақтыларымызға өмірден өтіп кеткеннен кейін емес, қасымызда жүргенде, қолымызда тұрғанда құрмет қылып қалуымыз керек деген мақсат. Келешекте Ақтөбе облысының – 4, Түркістан облысының 4 сазгерінің біріккен ән кешін өткізу жоспарланып жатыр. Мұндай шаралар жүйелі түрде барлық өңірлердің ақын-сазгерлері бойынша жалғасын табады. Көбірек, тезірек, сапалы ұйымдастыру үшін әрине бірінші қаржы керек. Сол үшін әзірге билет сатып қана амалдап жатырмыз. Егер қолдаймын дейтін жомарт жандар болса – нұр үстіне нұр болар еді.
Сұхбаттасқан: Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі