Тарих тағылымы

Атам қазақ аттың жалы, атанның қомында қойын айдап, биесін байлап жүріп-ақ әрісі анау Алтай, арқасы Орал таулары, батысы Еділге дейін ендеп, көшіп-қонып, жалғыз оқ шығындамай, мәмілегерлікпен мынау менің жерім, кең байтақ елім деп ғасырлар бойы күн кешті. Салт-дәстүрінен жаңылған жоқ, өнерін өгейсітпей, өркендетті, қазақ деген ұлтты жоғалтпады. Байтақты біріктірген тілі, сәждеге басын игізіп, адамгершілікті ардақтаған діні болды. Бір қарағанда осындай елде туып, ес біліп, етек жапқан соң соның жерін, өзен-көлін, тау-тасын, көршілеріне көз салып, бәрін де көрсем, білсем, танысам екен дейсің. Ол асылында адам бойындағы табиғат, қызығушылық нышаны болса керек және бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін санаңды оятып, жаныңа жақындай түсті.

Кейінгі төрт-бес жылдың бедерінде Атырауымызға іргелес жатқан Ресейдің Астрахан облысына жиірек бардық. Анау Басқұншақтан облыс орталығына, одан күнгейіндегі Құмөзек, батысында Қалмақ даласын кесіп өтіп, астанасы Элистаға да екі рет ат ізін салып едік-ау. Кешегі екінші дүниежүзілік соғыстың батыры, кейін бейбіт еңбек майданының майталманы атанған «Даңқ» ордендерінің толық иегері, Кеңес дәуірінің «Октябрь революциясы» орденін де өңіріне таққан қандасымыз лабайлық (Азғыр бойы) азамат Сақып Қызыловтың ізін кесіп, Басқұншаққа да жол түсті. Шекарада шұбап, шөккен нардай тым алыстан нарт қызыл боп көрінетін Боғда тауы жатыр (Сол арада соғыстан соң Сақып аға қой баққан). ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде осы таудың шығыс алабындағы бір қуыста ұлы күйші Құрманғазының ұстазы Ұзақ болса, Ұзаққа күй үйреткен Боғда бабамыз анау Атыраудың Жем бойындағы 28 үй Алашаның бірі болып, Бөкеймен бірге көш түзеп, осы жерді қоныс етіпті. Ақыры өзі күй тартып, ел аралап кеткенде Еділ қалмақтарының қалың қолы тау бөктеріндегі қазақтар ауылын тонап, келін-бала, немерелері мен мал-жанын айдап алып кетсе керек. Жасы жетіп, сақалы кеудесін жапқан жалғыз қария не дәрмен қылады, ақыры жалғыздық тек Құдайға ғана жарасқан деп тірі тұрғанда кіндік кесіп, кір жуған тарихи отаным – Қаратөбеме жетіп алайын деп елге қайтыпты деген сөз бар.

Үлкен Боғда тауы. РФ, Астрахань облысы, Қазақстан-Ресей шекарасы

Сондағы Боғда мен мына Боғданы (Боғда тауы) байланыстыратын бір-ақ із бар. Ол екеуінің тек аттас екендігі ғана және ана Боғданың мына Боғданың қойнауында аз ғана уақыт күн кешіп, өмір сүргендігі ғана. Әйтпесе бөгде ұқсастық жоқ. Жақсы, солай-ақ болсын. Ендеше мына Боғданың – Боғда тауының қандай сыры бар. Шығысын қазақтар, батысын қалмақтар жайлаған бұл таудың нендей ерекшеліктерін білеміз? Біз бұл арада болғанда осынау сұрақтарға жауап іздедік. Оның мынандай құпиялары бар екен. Алдымен, бұл арада тағы да екі Боғда бар. Бірі – қазіргі Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы ауданындағы абсолютті биіктігі +64 метр, негізінен шашыранды шағын төбешіктерден тұратын ұзындығы 3,5 км. Кіші Боғда тауы. Жергілікті халық оны көбіне-көп «Жамантау» деп атайды. Өйткені көктемгі жылымықта қыстайғы ұйқыдан оянған жерасты жыландары таудың күнгей бетіне шуақтап, жарқырап жалпақ жон жатады екен. Одан қаймыққан адамдар, тіпті малдың өзін жотаға жақындай алмай «Қой, ол жыланы көп жаман тау» деп атаған дейді. Тау іргесіндегі жерасты сулары жер бетіне жақын орналасқандықтан мал баққан тұрғындар жайлаулыққа осы таудың маңайына кеп шоғырланған. Тау арасында үңгірлер мен шұңқырлар көп кездеседі.

Екіншісі – осы тауға іргелес Ресей территориясында орналасқан Үлкен Боғда тауы. Боғданың тым ерте дәуірдегі атауы қайдам, Еділ қалмақтарының осы араны жерсініп, ғұмыр кеше бастағанынан бергі таудың аты – Боғда (Богдо). Әрине, тау атаулының бәрі де әрдайым сол араны мекендеген тұрғындар қиялының арқауы, мифтық болмысы екені сөзсіз. Боғда да солай. Богдаула – Богдо – әулие, ула – тау, «Әулиетау» деген сөз. Ол осы аймақтың жер кіндігі, құдырет иесі сияқты. Қалмақтардың бұл араны бауыр басып, өмір сүргеніне төрт ғасырдай уақыт өтіпті. Содан бері олар өздері алып тасбақаның үстінде тұрған әлемдік Сумер ула тауының тіршілік иесіміз – Ғажайып таудан айнала жұлдыздар қозғалады. Жоғарыда олардың жаны бар деп есептеледі. Қалмақтар Боғданы, яғни осы арадағы жылғыз ғана биіктікті өзіміздің қасиеттіміз, ұлымыз, сондықтан ол әрдайым біздің бақытымыз үшін ән салып тұрады деп қастерлейді. Бір қарағанда аталған таудың «ән салатыны» да рас. Өйткені тау гипстің жалпақ жаңқалары мен яшша, кварц түйіршіктерінен тұрады. Оларды түрлі түсті балшықтар біріктіреді. Жел тұрғанда әлгі құранды минералдар түрлі әсем әуендер шығарады. Кезінде Алтын Орданың қолөнер шеберлері таудың сан түрлі балшықтарынан тұрмысқа қажетті қабырғалық бояулар жасаған. Оны кейіннен жаңа қоныстанушы қалмақтар да пайдаланған. Әсіресе қызыл сары түсті охра бояулар күнделікті тұрмыста өтімді болған. Олар туралы кезінде Боғда тауының құпияларын зерттеуге келген Ресей, басқа да елдердің ғалымдары жарыса жазып, еңбектер қалдырған.

Қалмақтар Боғда тауын осы күнге дейін қасиетті санайды. Онда жер иесі Цаган Ава немесе көпті көрген Ақ абыз, шөп пен құс, аңдардың қорғаушысы мекендейді деп есептейді. Көктем туа тау жоталарына жаңа туған малдың уыздары мен сүт тағамдарын шашады. Тағы да ұсақ ақшалардан нияз байлап, тастарға түрлі түсті шүберектер іледі (Л.Терещенко «Дешті Қыпшақ іздері»). Мұның өзі тауға табыну, яғни осы таудың өзі жоқтан бар болған жоқ, оны будда монахтары күн шығыстан иықтарына салып, көтеріп келді, әкелді. Оны Далай Ламаның өзі бағзы заманда аспаннан күн, астынан құм қуырған медиен далада тірлік еткен адамдарға көлеңке болсын деп осы тауды жаратты және Будданың өзі де осы Боғдада өмір сүреді, тұрады деп есептеген.

Тағы бір аңыз. Қытай беттен үш ағайынды әулие жігіт алып тауды арқалап, Атырауды асып, Азғырды басып, Еділге иек сүйейді. Бірақ, орта жолда ортаншысы қателікке жол береді де сүрініп, тау астында қалады. Одан аққан қызыл қан табиғаттың көз жасымен араласып, қызыл саз боп еңіске сорғалайды. Қалған екеуі тұтас тауды көтеріп, діттеген жерге жақындайды. Үлкені жақпар таудың жартысынан көбін алып, жолда қалады (Ол Үлкен Боғда). Ең кішісі «Мен алға кетем» дегенде сүрініп, ол да таудың астында қалады. Ол Кіші Боғда немесе «Жамантау».

Кіші Боғда тауы (Жамантау). БҚО, Бөкей ордасы ауданы

Қалмақтардың аңызында осы Боғда тауы ішінде алтын мүйізді айдаһар мекендейді деген де ұғым бар. Сондай-ақ, осындағы тау үңгірлерінің бірінде тау иесі Цаган – Эбугени өмір сүреді деп сенеді. Керек десеңіз сол Ақ қарияның ақырған даусы кей-кейде құлаққа да жететін сияқты. Өз еңбектерін француз тілінде жазатын поляктың белгілі саяхатшы-этнографы, жағыраф-археологы Ян Потоцкий 1797 жылы өңірді аралап, Төменгі Еділ алқабын түгел тамашалайды. Сартаудан Астраханға дейін қоныс еткен татар саудагерлерімен танысады. Тұрғылықты қарақалпақ, түркімендерді көреді. Осы Боғда тауын аралап, қазақтар мен қалмақтардың үйінде қонақ болады. «Қалмақ князі Тюменнің төрінде отырып, қалмақтың тақта шайын іштім. Қазақтың киіз үйін көрдім, қыз ұзату тойын қызықтадым, атшабысын тамашаладым. Бие сауып, ән салып отырған княгина тыңдадым. Олар мені қызықтырды. Мұндағы өмір біз көрген еуропалықтардан әлдеқайда өзгешерек. Тегінде қалмақтар тау атаулыға құрметпен қарайды екен. Олардың түсінігінде құз басында қалмақтың ақылман данагөйі тұрады. Олар жердегілерді қандайма бір қиындық, қауіп-қатерден қорғайды деп сенеді» деген кейін өзінің «1797 жылғы Астрахан және оның аймағындағы елдерге саяхат» атты еңбегінде. Ол осы кітабында Астраханда болғанда кемелер айлағынан үндістерді көріп «Міне, менің дәл қазір нағыз Азияға келгеніме еш күмәнім болған жоқ» деп жазыпты.

Ал, Петербур Ғылым академиясының академигі Георг Гмелин 1768-74 жылдары Дон алқабы мен Волганың төменгі тұсын зерттегенде қалмақ тауап етушілерінің тауға ақша, қару, киім әкеліп, жалбарынатындығын жазады. XVIII-ХІХ ғасырларда Төменгі Еділ бойына қызығушы ғалымдар көп болды. Солардың біразы Басқұншақ тұзды күмбезінің құпиялары, Боғда тауының карстық қабаттары, Бесшоқы тауының толып жатқан үңгірлерін зерттеуге ден қойды. Тіпті флорасы мен фаунасын да тізбелепті. Аталған кезеңдерде Басқұншақта тұз өндіруші жұмысшы қазақтар көп болды. Олар ащы суды жалаң аяқ кешіп жүріп, өнім өндірді. Жұмыс өте ауыр, азапты еді. Әйтсе де күн көру, бала-шағаны асырау үшін бәріне де шыдауға тура келді. «Басқұншақ» сөзі тура аударғанда қалмақтың «Итбасы көлі» деген мағынаны береді. Оның өзі сол баяғы Далай Лама осы жақта ел кезіп, көшіп жүріп, кезекті түстік асында тым ащылау көжесін ақыр аяғына дейін ішпей, тостаған түбінде қалған жұғынын жанындағы еңіске төге салады. Кейін әлгі жерде аумағы ат шаптырым үлкен ащы (тұзды) көл пайда болған. Ол осы күнгі Басқұншақ деп аталатын көл екен деген аңызға тіреледі.

Ресейдің Астрахан облысында, Еділ өзенінен шығысқа қарай 50 км жерде орналасқан Басқұншақ көлі

Кейбір аңызда тұзды көлдің пайда болуын Степан Разин атымен байланыстырады. Ол бір кездері осы жақта болғанда парсы патшасының ғажайып уатқыш келісін алып қойып, соған тұз түйеді де оны өзінен аулақтағы кең даланың адамдары да пайдалансын деп шашып жібереді. Артынша тұз шашылған аймақта тұзды көл пайда болады. Өкінішке орай, аталған көлдің жаратылысында Степан Разиннің еш қатысы жоқ, есесіне орыс халқының оған деген жүректегі сүйіспеншілігі мен құрметі ғана бар. Соған сай ойдан шығарылған аңыз ғана болатын. Ғалымдардың айтуынша, Каспий маңы ойпатында, керек десеңіз Ресейдің барлық жазығында Боғда құрылымы жағынан өте күрделі қырат, тіпті жағырапиялық және геологиялық тұрғыдан жаңалыққа толы десе де болады. Таудың жарқабақ шатқалдарының беткі қабаттарындағы жыныстарынан тым ертедегі қосмекенділер қалдықтары табылған. Яғни бұл құрылым палезой кезеңінің соңы мен мезозой эрасының басқы кезеңін бейнелейтін анық дәлелдер.

Ресейдің Астрахан облысында, Еділ өзенінен шығысқа қарай 50 км жерде орналасқан Басқұншақ көлі

Бұл арада Боғда тауымен (дұрысы таулары) Басқұншақ тұзды көлін бір-бірінен бөлуге болмайды. Аталған таудың (қырат десе де болар) биіктігі 150 метр болса, тұзды көлдің тереңдігі 20,5 метр ғана. Екеуі бірігіп, Басқұншақ тұз күмбезі құрылымын құрайды. Сондықтан оны екі алып тұз күмбезінен тұрады десе де болады. Алғашқысы диаметрі 100 километр шамасындағы қалың жерасты тұз қабаты болса, екіншісі оның үстіңгі бетіндегі ойпаңда шалқып тұзды көл жатыр. Боғда жер бетіндегі жыныстар күмбезі. Ғалымдардың пайымдауынша, аталған тау әр жылда аз да болса өседі. Бірақ, оны көзбен байқап, пайымдау мүмкін емес. Өйткені аталған жағдай өте жай, баяу жүреді. Кейінгі кезде қазақстандық ғалымдар Жамантау аумағында республикалық Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің (екі), құстардың (төрт), сүт қоректілердің (бір) түрлері мекендейді. Соған сай Жамантау төңірегі ерекше қорғалатын табиғи аймақ деп есептеп жүр.

Қош! Сонымен біз кешегі күні сіздікі-біздікі деп бөліп-жармаған Ресей мен Қазақстанға ортақ жатқан Боғда таулары мен Басқұншақ көлін ғана сөз еттік. Олардың Басқұншақ тұз күмбезіне жататын бір құрылым екенін де қаперге бердік. Сайып келгенде бұл өңірді территориялық жағынан бірін Ресей, екіншісін Қазақстан аймағында жатыр десек те олар – тұтас Азғыр бойы, Шоңай, Торғай көлі, қазақ ұғымындағы айдынды сорлар, карстық қабаттардың қай-қайсысы да сол Басқұншақ күмбезіне тиесілі. Сондықтан оларды қанатын кеңге жайған бір күмбездің түрлі телімдері мен қабаттары деп қараған дұрыс шығар.

 

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЙҰЛЫ,

жазушы-өлкетанушы,

Қазақстанның Құрметті журналисі