Кезекті мәрте театр табалдырығын аттадым. Бұл жолы сахналанған – классика. Адамзаттың Айтматовын әлемге әйгілеген «Жәмиласы». Аталмыш жанрдың өміршеңдігіне тағы да көз жеткіздім. Біздің өңірде драмалық театр жалғыз-ақ. Оның үстіне академиялық. Былай қараса, сан жоқ жерде сапа да болуы екіталай тұғын. Бірақ, Махамбет бабамыздың атындағы қара шаңырақ, тәубе, биыл 84-інші маусым өз көрермендерінің сенім үдесінен шығып келеді. Олай деуімізге толық негіз бар. Бұны «театрал ағайындар» жақсы біледі…

«Жәмила». Шыңғыс Төреқұлұлының негізінен өз заманында алғашқылардың бірі болып «әйел теңдігі», «әйел мәртебесі» турасында небәрі отыз-ақ жасында жазған, әлемдік қауымдастыққа танылуына сеп болған шымылдық-шығармасы. Әрине, туындының бүкіл айтары әйел мәселесі емес. Десе де, дәл сол кезеңде аталмыш тақырып «құбыжық», тіпті «қылмыс» болып көрінгендіктен, басты назар осыған ауды да, бастапқыда жазушы бірнеше рет жұмсақ түрде айтқанда идеологтардан «сын» естіп, «қысым» көргенін бүгінде біреуі білсе, біреуі білмейді. Ал, шын мәнінде, повестің өзегінде Айтматовтың қалам қуатына тән адамзаттық құндылықтарды арқалаған ой-тұжырымдар жатқан-ды.

Кейін повесть бірнеше тілге аудырылды. Қаламгердің қолтаңбасы айрықша сезіле бастады. Оның шығармашылығы баспа өнімдерінен бөлек, кино және театр өнері арқылы кеңінен қолданыс тауып, дүниежүзілік деңгейге көтерілді. Бірақ, бәрібір де «Жәмила» өз тұғырынан түскен жоқ. Себебі, айтқанымыздай, Айтматов – дүние тұрғанша тұратын адами қарым-қатынас мәселелерін алдыңғы қатарға қойған ұлы суреткер.

…Жә, Адамзаттың Айтматовы біздің мақтауымызға мұқтаж емес. Одан да Атырау театрының тарихында екінші рет (алғаш 1964 жылы әйгілі Маман Байсеркеновтың режиссерлығымен) қойылып отырған «Жәмиланың» «жырына» кезек берейік. Режиссері – республикаға белгілі режиссер Мұқанғали Томанов. Ол драманы бұған дейін де Орал театрының қабырғасында көрермендерге ұсынған. Сол жеке тәжірибе ықпал етсе керек, осы жолы шығармашылық топпен бірлесіп төрт-ақ күнде дайындап шығарған екен.

Қойылымның өзіне келер болсақ, повестегідей оқиға суретті әңгімелеуден басталады. Суретте – екі жолаушы. Бірі – ғайыптан ғайып бөтен еркекпен тұрмыс құруға мәжбүр болған қырғыз жылқышысының қызы Жәмила. Енді бірі – жасынан жетім өскен, қазақ нағашыларының қолында тәрбиеленіп, кейін соғыстан соң ауылына оралған Данияр. Екеуінің жолы қалай қосылды? Келесі көріністер осы сұрақтан өрбиді.

Жәмиланы алып қашқан Садықтың шаңырағы өсіп-өнген әулет еді. Өзің өмір сүретін қоғамның заңдылығына бағынудан басқа амал бар ма? Жәмила бұл әулетке үйренісіп те кеткен-ді. Әйтсе де, отау құрғандарына жарты жыл толмай жатып еркек кіндіктілер түгел неміс фашистерімен қырғынға аттанады. Жаңа келін үйде ауылдың қадірменді бәйбішесі атанған енесі және қайнысы үшеуі қалды. «Барлық астық майдан үшін!» деген ұранмен бүкіл елдің таңнан қара кешке дейін еңбектеніп, соғыс шебіне қал-қадірінше өз көмектерін жіберіп жатқан кезі.

Сөйтіп, Жәмила да арбакештерге қосылып, биліктің астық жеткізу жоспарын орындауға атсалысты. Оның осы шаңыраққа келгелі жүрегіне жылы қабылдайтын адамының алғашқысы енесі болса, екінші жақын тұтар адамы – қайнысы Сейіт. Екеуінің арасы жақыннан да жақын. Олар жеңге мен қайны емес, сырлас құрбыдай болды. Кейін бұл жақындық біржақты ғашықтыққа ұласты. Бозбала өзінен азғантай жас үлкен жеңгесіне қалай, қашан ынтызар болып үлгергенін өзі де аңғармаса керек. Сейіттің үнемі Жәмиланы арам пиғылды еркектердің іс-әрекетінен қызғыштай қорғап жүруі, оған деген кіршіксіз пәк көңілі – түсіне білген көрерменге үлкен құндылықтарды дәріптеп, жанға жылылық сыйлай білді.

Махаббат деген тұрлаусыз түсінікке дауа бар ма? Жәмилаға бұл інілік қамқорлық аздық етті. Оған нағыз сүрінгенде сүйеу, жығылғанда демеу болатын ер адам қажет еді. Даниярды кезіктіргенде ол алғашқыда мойындағысы келмесе де, бара-бара одан артық жан-жүрегімен ұғысар жан таппайтынын сезінді. Ақыр аяғы майданнан келетініне көзі жетіп тұрса да күйеуі Садықты күтпестен өз махаббаты үшін күресуге шешім қабылдап, Даниярдың етегінен ұстап кете барды.

Сейіт болса Жәмиламен қоштасып тұрып нәресте махаббатымен ғана емес, ғұмырының тұтас кезеңімен қош айтысып жатқанына іштей таңырқаса да, дәрменсіз болатын…

Өз кезегінде диалогтар көп жағдайда повестегіден айтарлықтай өзгеріске ұшырай қоймаған. Бұл классикаға тән үрдіс десе де болады. Сол арқылы кейіпкерлердің мінезі дәлме-дәл берілген. Басты рөлдегі Жәмиланы жас та болса тәжірибелі актриса Әйгерім Силықова сомдап, қаншалықты нәзік, ерке, биязы болса – соншалықты өрлігі мен өжеттігі бар қырғыз қызының қилы тағдырын тамаша көрсете білді. Сағыныш Әлиханұлы аңғал әрі адал, өз махаббатына болаттай берік мылжың Сейіттің бейнесін жоғары деңгейде алып шықты. Үлкен Сейітті Аман Құмақов ағамыз ойнап, көптен бергі сахнасында сәтті өнер көрсетті. Қарақалпақ АССР-нің Халық әртісі, Мәдениет қайраткері Әдемі Сисекенова апайымыз жасы сексеннен асса да ененің рөлін шебер жеткізе білді. Бекет Зинуллин әдеттегідей өзіне берілген рөлді кәсіби шеберлікпен толық аша түсті. Осы жолы оған Даниярдың рөлі бұйырған-ды.

Ал, спектакльдің сценографиясына қатысты театрдың бас суретшісі Темірбек Мұхтаров «Бұндағы сахналық декорацияда негізгі колорит, тұтас композиция қызғылт-қоңыр түске негізделді. Ескі там, жер үй пеші, жарық шамдары, арбаға тиелген пішен, аттың тағасы, тағы басқа көмекші құралдар, барлығы да сол дәуірді бейнелейтін бутафориялық детальдар. Аңғарсаңыз, ең басты атрибут – мольберттегі портрет. Қойылымның шарықтау шегі де осынау портреттің үш бөліктен құралып біткен тұсына сәйкес келеді» деген келелі ой айтты.

 

Өмірбек САЛАУАТҰЛЫ,

Атырау қаласы