Мені «сағыныш» сөзі көптен бері мазалайды. Мүмкін оны жүрегімде оятқан бала кезден жаттап өскен марқұм ақын Төлеген Айбергеновтің осы аттас өлеңі шығар. Байқасаңыз, өмірде сағыныштың түрі көп. Бірақ, өзімді көбірек алаңдататыны кіндік кесіп, кір жуған топырақ, соның табиғаты, суы, ауасы, көк майса шөбі. Мөлдір аспаны, жазира жазығы мен салқар белі. Соларға деген сағыныш.
…Бірде қазақ радиосын тыңдай отырып, сурет саласында біраз жыл тер төгіп, кейін шетелге қоныс аударған қандасымыздың әңгімесі ерекше елеңдетті. Ол өзге жұртта өз өнерің, шеберлігіңмен айтарлықтай абырой, атақ, құрметке бөленуге, керек десеңіз сол арқылы тұрмыстық қажеттілік – әжептәуір қаражатқа да иелену мүмкіндігі барын айта келіп, «Оның бәрі туған жерге деген сағынышты өтемейді екен. Мен бұдан былай өзімнің туған топырағымнан алысқа ұзай алмайтындығыма көзім жетті де, амалсыз елге оралдым. Сөйтсем адам үшін атамекеннен артық ештеңе жоқ екен» деді.
Тағы бірде туған ауылына келіп жүрген Будапештте тұратын қандасымыз, түркітанушы венгер ғалымы, профессор Иштван Қоңыр Мандокидың жұбайы Оңайша Мақсымқызына «Сіздің Қазақстаннан кетіп мажар еліне келін болғаныңызға да жарты ғасырға жуық уақыт болыпты. Әйтсе де, атамекеніңізге жиі келесіз. Өзіңізді осы аймаққа тартатын сағыныш па, әлде, жұмыс бабы, төркініңіздегі түрлі шаралар, ағайынға араластық міндеті ме? Жалпы, сіз елді сағынасыз ба?» дегеніміз бар. Алғашқыда ол бетімізге бажырая қарады да, содан соң «Сіздер өз атамекендеріңізде жүргесін оған деген сағыныштың не екенін білмейсіздер. Туған жерін мал екеш мал да, тіпті құс та сағынады. Нанбасаңыз, жазушы С.Санбаевтың «Аруанасын» алып көріңізші. Болмаса, кешегі немістермен соғыста майдан даласынан туған Алатауына қашып барған қырғыздық айғырдың сезімін алыңызшы. Бұның бәрі түптеп келгенде туған жерге деген сағыныш қой. Ал, мен адаммын. Менің де сезіну түйсігім бар. Тіршілік иесімін. Жұмыр жүрегім өзінің жаралған топырағын іздейді емес пе?!
Өз басымдағы жағдайды айтайын. Кей кезде елді сағынатыным сондай, басымнан ауыл қазан-ошағының тезек исі, адамдары, олардың қазақы қалжыңы кетпей қояды. Тіпті не істеп не қойғанымды білмей қалатыным да бар. Ондайда басым қатты ауырады, ұйықтай алмаймын. Ақыры қасыма баламды алып, айналайын Атырауыма құстай ұшамын. Бір ғажабы, табаным туған жерге тигенде кеудем ашылып, әлгі шығып бара жатқан басым сап тиылып, кең тыныстай бастаймын. Міне, сағыныш деген осындай. Оны бұл әлемде ештеңе де жеңе алмайды» деді.
Осыған ұқсас тағы бір әңгіме.
Ал, бір жылдары дарабоз күйші Қаршыға Ахмедияров бүйрегі ауырып, оны емдету үшін қытайлық дәрігерлерге жүгінеді. Олар жерлесіміздің бұдан былайғы тірлігін өзге адамның бүйрегімен ауыстыру керек деп тапты. Ол үшін айлар бойы кезекке тұрып, күтуге тура келеді екен. Күндер зулап өтіп жатыр, бірақ қолға түсіп жатқан бүйрек жоқ. Сары жамбас боп күтудей-ақ күтіп, оның үстіне ауру меңдеген күйшінің жүйкесі тозып, әбден қалжырайды. Басы қатты ауырады, ұйқы жоқ және ол бір күн емес, талай уақытқа созылған. Оның үстіне, танымайтын жер, біреулермен сөйлесейін десе, тілін де білмейді. Теледидар қарап аз-мұз сергуге тағы да мүмкіндік жоқ. Ақыры бәрінен күдер үзіп, тұщы өмірдің соңын күтеді.
Ал, сәл-пәл кірпігі айқасып, мігір тапса, түсінде не көреді дейсіз ғой – өзінің туған ауылы – Таңдай, ауыл жанынан жылжи ағатын Боқсақ өзені. Ертемен өріске бағытталған сауын сиырлар мен қой-ешкі. Соларды айдап бара жатқан анасы. Одан қалса, ауыл сыртындағы көне зират. Онда жатқан ата-анасы. Сақалы алдын жапқан әке, ақ шарқат орамалды ана. Солар қайта-қайта түсіне енеді. Бұл болса, өзі туған Таңдайының топырағын иіскеп, құшырлана сүйеді. Исі қандай тәтті еді.
Күн өткен сайын ауру меңдей түсті. Төзімі таусылған бұл ауылдағы ағайындарына хабар салды: «Маған анамның басынан бір уыс топырақ жеткізіңдер және барынша тез, әйтпесе, мен өлетін сияқтымын» деді телефонда азар-азар сөйлеп.
Ғажапты қараңыз. Сол күні кеште қанша күн кірпігі айқаспаған Қаршыға таң алдында бірер сағат көз шырымын алды. Түсінде анасы зират басында жүр. Өз қабірінен бір шөкім топырақ алды да, оны аппақ орамалға түйіп: «Мынаны Қытайдағы қарғама жеткізіңдер, менен сәлем айтыңдар!» деп балаларының біріне ұсынып жатыр. Қаршыға оянып кетті. Қара суға түсіп терлепті. Қанша ұйықтағанын да білмейді. Бірақ, бәлен күннен бергі меңзіген басының сырқаты қайтып, шырайланған түрі бар.
Күйші түсін жақсылыққа балады. Сол күні кешке түсінде көрген анасының үшбу сәлемі де жетті. «Жарықтық-ай, елеп-желеп жатыр екен ғой» деп ойлады. Ақ орамалға түйген туған жерінің қара бұйра топырағын ерніне апарды, құшырлана сүйді. Иіскеп еді – жусан исі, бұрқырайды. Тура бала кездегі боздаланың суреті. «Айналайын, атажұрт, анам жатқан ақ төбе, әкем жүрген қоңыр қырат. Сендер екенсіңдер ғой менің екі иығыма періште қондырып, қолтығымнан демеп жүрген. Қанатымды қомдасам, кең аспанымды шарласам өздерің екенсіңдер-ау абыройым, асқағым» деп пора-порасы шығып жылады. Езілді, егілді. Тұла бойы бусанды, терледі. Бірақ бұрынғыдай шаршаған жоқ, қайта бойына күш бітіп, әлдене түсті.
Сол түні ол жақсы ұйықтады. Ертесіне донорлық бүйректің де сәті түсіп, ота үстеліне жатты. Ол да сәтті аяқталды, аман-есен елге оралды.
Тағы да ойыма туған жердің құдыреттілігі, оған деген сағыныш сезімнің бәрінен жоғары екендігі оралады. Тегінде мен қаламгер ретінде бұл тақырыпты өз шығармаларымда жиі қозғаймын. Егер оқырмандарымның есінде болса, 1993 жылы Америкада тұратын 79 жастағы Екінші дүнижүзілік соғыс тұтқыны Атабек (Тілеген Иманбаев) асқақал 54 жылдан соң Атыраудағы туған үйі орнын іздеп келгенде екі күн жанында болып, оның атажұртқа деген жүрек дүрсілін бірге тыңдадым, жанарынан үзілген мөлдір моншақтарын көрдім.
Сонда ол менің жанымда отырып: «Кейде менің Американың бір түкпіріне қазақ келді десе, соны көруге асығып ел жағдайын білгім келетін. Тамақ тоқ, көйлек көк болған соң талай жігіт «Аға, сізге елде не бар?» дегенді айтатын. Қайдан білсін, көкірегіңді кернеп, жүрегіңді сыздатып бара жатқан туған, кіндік қаның тамған, дәстүрің, ата-баба аруағының қалған жер екенін. Біз онда Американың азаматтығын алған күннің өзінде екінші сұрыптағы азамат болып жүрдік. Тағдырдың бізге жазғаны осы шығар. Енді кеңес өкіметі құлап, еліміз егемендік алды дегенде, қатты қуанып той жасадық. Міне, елді көрсек деп Атырауға да келдік. 54 жыл бұрынғы тұрған ескі үйлер, сол аула, бәрі де бар екен. Қатты толқыдым, жыладым» деп еді. Сонда менің де көзіме жас келіп толқығам…
Одан соң нәубет жылдарында қызыл коммунистерден бой тасалап, түркімен елінде отыз жылдай ғұмыр кешкен халық батыры Құныскерей Қожахметұлының өмірінің соңында Тайсойған, Бүйрек деп құсалықпен өлгендігін қызы Айманның аузынан естіп, өзімнің жаңа кітабыма арқау еттім. 1930 жылдары Иранға қоныс аударып, кейін елге деген сағынышын ауыл сыртына шығып, маң далада екі-үш күн бойы күңіренген Ұлбике әженің қасында болып, көзімен көрген бір кездегі ирандық, қазірде Қазақстанда тұрып жатқан отандас ғалым Ислам Жеменейдің аузынан естіп, жанымыз жылынған. Оны да қағазға түсірдік.
Мұндай мысалдар жетерлік. Қай-қайсысы да жан-жараңды тырнайды. Ойлап қарасаң тірі пендеге ең қымбат нәрсе – әр адамның туған жерге кіндігінен байланып, жүрегімен жалғаулы екендігі. Ендеше, бұл өмірде туған топыраққа ештеңе жетпейді.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
жазушы-өлкетанушы,
Қазақстанның Құрметті журналисі